ДДСҰ дабыл қақты: Еуропа халқы қауіпті дерт салдарынан жойылып барады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Еуропадағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Сарапшылардың айтуынша, құрлық алкогольді шамадан тыс тұтынудан туындайтын қатерлі ісік себебінен біртіндеп жойылып барады. Бұл туралы FAZ басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Еуропалық одақ – әлем бойынша алкоголь өнімін ең көп тұтынатын аймақ. Ал қатерлі ісік ЕО елдеріндегі өлімнің басты себебі болып отыр. 2020 жылы ДДСҰ алкогольмен байланысты 111 300 жаңа онкологиялық жағдайды тіркеген. Сол жылы осы дерттен 93 мың адам қайтыс болған. Бұл деректер сейсенбі күні жарияланған қатерлі ісіктің алдын алу жөніндегі ұйымның нұсқаулығында көрсетілген.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, алкоголь кем дегенде жеті түрлі қатерлі ісіктің негізгі себебі саналады. 2020 жылы ол көбінесе ішек-қарын ісігіне (36 900 жағдай), сүт безі қатерлі ісігіне (24 200 жағдай) және ауыз қуысы ісігіне (12 400 жағдай) әкелген. Науқастардың шамамен 70 пайызы – ер адамдар.
ДДСҰ дерегінше, алкогольмен байланысты өлімнің экономикалық шығыны 2018 жылы 4,58 миллиард еуроға жеткен. Бұл сомаға медициналық ем мен әлеуметтік шығындар кірмейді.
Ұйым сарапшыларының пікірінше, Еуропаны құтқару үшін жергілікті халықтың ойлау жүйесін өзгерту қажет. Еуропалықтар алкогольді мәдени мұра ретінде қабылдаудан бас тартып, сондай-ақ ішімдікті насихаттайтын жарнама мен насихатты едәуір қысқартуы тиіс.

