techxplore.com

Дауысынан айырылған әйел ЖИ көмегімен сөйлеу қабілетіне ие болды

Британиялық суретші Сара Эзекииль қозғалыс нейрондарының ауруына шалдыққан соң сөйлеу қабілетінен айырылған еді. Араға 25 жыл салып ол өзінің дауысын қайта есту мүмкіндігіне ие болды. Оған сегіз секундтық ескі отбасылық бейнеролик пен жасанды интеллект көмектескен. Бұл туралы techxplore.com сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлады.

Сараға 34 жасында бүйірлік амиотрофиялық склероз (БАС) диагнозы қойылған. Сол кезде ол екінші сәбиіне жүкті болған. Ауру біртіндеп жүйке жүйесін зақымдап, ақыр соңында әйелді толықтай сөйлеу мүмкіндігінен айырды.

Ұзақ уақыт бойы Эзекииль компьютер арқылы дауысты генерациялайтын технологияны қолдану арқылы сөйлесіп келді, бірақ ол дауыс өзінің табиғи үніне мүлде ұқсамайтын. Әйел компьютер курсоры арқылы сурет салуды да жалғастырған. Алайда оның балалары Авива мен Эрик туғаннан бері ешқашан анасының шынайы дауысын естімеген екен.

Соңғы жылдары ғалымдар адамның өз дауысына ұқсас компьютерленген нұсқасын жасауға жиі жүгінуде.

Бірақ әдетте ол үшін ұзақ әрі сапалы жазбалар қажет болатын. Оның өзінде жасанды дауыс бірсарынды, жансыз естілетін, - дейді британдық Smartbox компаниясының өкілі Саймон Пул.

Пулдың айтуынша, әуелде компания Сарадан бір сағаттық жазба ұсынуды сұраған. Қазір БАС-қа шалдыққан адамдарға дауысын барынша көп әрі ерте жазып қалдыру ұсынылады, себебі бұл – олардың «жеке болмысын» сақтап қалудың жолы.

Алайда смартфондар дәуіріне дейін мұндай мүмкіндік кез келгенге бұйыра бермейтін. Сараның 1990-жылдардағы үй видеосында тек 8 секундтық жазба қалған – ол да теледидардың фонында жазылған екен. Пул Нью-Йорктегі ElevenLabs компаниясының жаңа технологиясын пайдаланып, осы қысқа үзінді негізінде оның дауысын қалпына келтірді және оны «жанды» етіп жасады.

Нәтижесінде дауыс Сараның нағыз үніне, тіпті оның аздап сақауланып сөйлеуіне және лондондық акцентіне дейін ұқсас шыққан.

Мен оған үлгілерді жіберген соң, ол маған электронды хат жазып, бұл дауысты естігенде көз жасын әрең тыйғанын айтты, - деді Саймон Пул.