ашық дереккөз

Дауыспен құжат рәсімдеу: eGov-та жаңа сервис пайда болады

31.03.2026 10:30

Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу тәсілі өзгеруі мүмкін – енді құжаттарды дауыс арқылы рәсімдеу қолжетімді болады. 2026 жылдан бастап eGov жүйесінде жаңа сервис іске қосылады.

Бұл туралы Цифрлық даму және жасанды интеллект вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді. Оның айтуынша, алдағы уақытта қазақстандықтарға қажетті қызметті алу үшін тек өз сұранысын дауыстап айту жеткілікті.

Жүйе қажетті қызметті өзі анықтап, құжаттарды автоматты түрде рәсімдейді. Барлық процесті AlemGPT жасанды интеллекті орындайды, – деді вице-министр.

Айтуынша, жоба арнайы суперкомпьютер базасында, жабық желіде жұмыс істейді. Сондай-ақ жүйе қазақ тілін түсінетін ірі тілдік модельге негізделген. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету кезінде адам факторын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, eGov Mobile қосымшасында жасанды интеллект кеңесшісі қазірдің өзінде іске қосылған. Ол азаматтарға қазақ және орыс тілдерінде қызметтерді түсіндіруге көмектеседі.

Вице-министрдің мәліметінше, бейнебайланыс арқылы жұмыс істейтін онлайн-нотариус бүгінде 19 мыңға жуық мәміле жасауға мүмкіндік берген. Ал жасанды интеллект негізіндегі терапевт еліміздің 38 клиникасында тестілеуден өтіп жатыр.

Жалпы, бүгінгі күні 8,7 миллион мемлекеттік қызмет проактивті форматта көрсетілген. Қазір 45-тен астам осындай қызмет қолжетімді, олардың саны алдағы уақытта арта береді.