Жаңалықтар

Дәстүрлі ән конкурстары керек пе?

Дәстүрлі әндерді дәріптейтін конкурстар
Дәстүрлі ән конкурстары керек пе?
27.11.2018 16:12 9064

Біз кейде «Дәстүрлі әндерді, әншілерді керек қылмаймыз. Оларға насихат жоқ» деп асыра сілтеп жібереміз. Мүмкін теледидарда насихат аздау шығар. Бірақ, аймақтарда дәстүрлі әндерге, дәстүрлі әншілерге арналған республикалық конкурстар өтіп тұрады. Атап айтсақ, Жүсіпбек Елебеков атындағы, Мәди Бәпиұлы атындағы, Нартай Бекежанов атындағы, Тайжан  Қалмағамбетов атындағы, Әсет Найманбаев атындағы, Әміре Қашаубаев атындағы, Мұхит Мерәліұлы атындағы, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы, Естай Беркімбайұлы атындағы  және тағы басқа  республикалық конкурстар өз кезегімен өткізіліп тұрады. Бүгінде үлкен өнер сахнасында жүрген біраз әншілер сол конкурстардан түлеп ұшқан болатын. Олардың алды музыкалық білім беретін оқу орындарда дәріс беріп, қаншама талантты  шәкірт тәрбиелеп, баулып шығарды.  Бұл конкурстардың барлығының мақсаты бір. Атадан балаға мұра болып қалатын ән өнерімізді келесі ұрпаққа жеткізу, ән өнеріндегі тұлғаларымызды насихаттау және халыққа жаңа есімдерді, жас таланттарды таныстыру. Біз бүгін дәстүрлі ән төңірегіндегі  ән конкурстарына қысқаша шолу жасап өтпекшіміз.

Әміре Қашаубаев атындағы республикалық  конкурсы. Бұл конкурсты дәстүрлі ән өнеріне арналған конкурстардың ең алғашқысы десек те болатын шығар. Себебі,  конкурстың бастауы 1980 жылда жатыр. Айтпақшы, аталмыш конкурстың ең алғашқы лауреатының атын білгіңіз келеді ме? Онда, мына жолдар тек сіз үшін жазылып отыр. Әміре Қашаубаев атындағы ән конкурсының алғашқы жеңімпазының есімі – Бақыт Үдербаева. Бұл кісі қазіргі таңда дәстүрлі ән төңірегіндегі беделді тұлғалардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Биыл, яғни, 2018 жылы, қазан айының 17-21 аралығында Өскемен қаласында Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестиваль өткен болатын. Атақты әншінің 130 жылдығына арналған бұл фестиваль көп дүниелерді қамтыды. Жұртшылыққа «Әміре» көркем фильмі көрсетіліп, фильмде ойнаған актерлермен кездесу өтті. Фестиваль аясында дәстүрлі әншілер конкурсы да қалыс қалмады. Бәсі жоғары бұл байқаудың бас жүлдесіне 1 млн теңге тігілді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сөзді дана халқымыздың бекер айтпағанын дәлелдеген жетісулық әнші Асқар Мұқият конкурстың бас жүлдегері деп танылды.  Ал, негізі Әміре атындағы ән конкурсы Астана қаласында тұрақты түрде өтіп отырады.

 

Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық конкурс. Көптеген республикалық ән конкурстары әуелі облыстық дәрежедегі конкурс ретінде бастау алған. Мұхит бабамызға арналған конкурстың тарихына көз жүгіртсек, алғаш рет 1981 жылы облыстық конкурс ретінде  ұйымдастырылған екен. Дәстүрлі ән конкурстарының бір ерекшелігі әр үш жыл немесе әр бес жыл сайын аталып өтіп отыратындығында. Мұхит Мерәліұлы атындағы конкурс әр бес жыл сайын ұйымдастырылады. Мәселен, 2016 жылы Орал қаласында Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған республикалық конкурс өткен болатын.

Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық конкурс. Дәстүрлі әншілердің айтуына қарағанда Қарағанды қаласында өтетін бұл конкурс -  ең бәсі жоғары конкурстардың бірі. Себебі, бұл конкурсқа аймақтарының байқауларында оза шапқан, жүлдеден жүлде қоймаған, кілең ығай мен сығайлар қатысады екен. Солай болса солай шығар. Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Аркенов, Құрмаш Ыбышев, Ержан Базарбеков, Ардақ Исатаева, Қарақат Әбілдина секілді танымал әншілер осы конкурстың алғашқы қарлығаштары десек қателеспейміз. Бұл конкурстың да негізгі бастауы облыстық конкурс дәрежесінен басталған. 1994 жылдан 1998 жылға дейін облыстық байқау болған бұл конкурс, сол кездегі Қарағанды облысы Мәдениет басқармасының басшысы Рымбала Омарбекқызының ат салысуымен, 1998 жылы Мәдениет комитетiнiң шешiмiмен Республикалық деңгейде өткен екен. Бұл конкурстың алғашқы Гран при иегері – Сержан Мұсайын.

Тайжан Қалмағамбетов атындағы конкурс. Басқа конкурстарға қарағанда «жас» конкурс деп айтуымызға әбден болады. Әуелгіде аймақтық деңгейде ұйымдастырылатын бұл конкурс, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында Сәтбаев қаласында бірінші мәрте республикалық дәрежеде аталып өтті. Жалпы, Тайжекең жайлы аз-кем сөз айтпай кетуге болмас. Себебі, тағдыры бізді бей-жай қалдыра алмайды. Тайжан ақын 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігінде өнер көрсеткен үлкен өнер иесі. Ол кісі домбырамен де, сырнаймен де ән салатын керемет өнер иесі болған. Кейін, «халық жауы» атанып, 1938 жылы атылып кеткен деседі. Тайжан бабамыздың мұрасының бүгінге жетуіне тікелей мұрындық болып жүрген бірден бір адам, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин ағамыз.

Естай Беркімбаев атындағы республикалық конкурс. Махаббаттың символына айналған «Қорлан» әнінің авторына арналған бұл конкурсты Павлодар қаласы дәстүрлі түрде 2004 жылдан бастап өткізіп келеді. Қандай конкурс болса да, үміткерлердің ішінен бір таланттың суырылып шығары анық.   Мәселен, былтыр бесінші мәрте өткен конкурстың жеңімпазы Өзгеріс Шерікбай атты жас талантты бүгінде республикамыздың түкпір-түкпіріндегі ән сүйер қауым жақсы таниды.

Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық конкурс. Қарағанды қаласында өтетін бұл конкурс талай әншіге трамплин бола білді. Аталмыш байқау 2005 жылы Мәди Бәпиұлының туғанына 125 жыл толуына орай, ең алғаш рет республикалық дәрежеде ұйымдастырылған. Конкурстың алғашқы бас жүлдегері – Құрмаш Ыбышев.

Әсет Найманбаев атындағы республикалық конкурс. Шығыс Қазақстан  облысында өтетін бұл конкурстың  дәстүрлі әншілер арасында алар орны ерекше. Шығыстан шыққан талай әншілердің елге танылуына тікелей әсері бар конкурс. Қаншама жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан конкурстардың бірі.

 

Бұл тізімдегі ән конкурстары дәстүрлі әндерді дәріптейтін әндредің басы мен соңы емес. Болашақта бұл конкурстардың аясы одан әрі кеңейіп, телеарналардан көрсетілмесе де, басқа ресурстар арқылы конкурс барысын тікелей эфирден тамашалау мүмкіндігіне де ие болып қалармыз. Не десек те ғылым мен технологияның дамып жатқан заманында өмір сүріп жатырмыз ғой...

Сурет ашық интернет көзінен алынды

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға