Жаңалықтар

Дастарбасы кешенi, Қасқабұлақ петроглифтерi, Мәртөбе қалашығы...

Түркiстан облысының сакралды географиясы
Дастарбасы кешенi, Қасқабұлақ петроглифтерi, Мәртөбе қалашығы...
Фото: © El.kz 03.07.2021 16:27 11188

 

Түркiстан облысында киелi жерлер көптеп кездеседi. Бүгiнгi материалымызда Қазақстанның сакралды географиясына енген бiрнеше орын туралы кеңiнен баяндап кетемiз.

 

Дастарбасы кешенi (Дастарбасы петроглифтерi, Дастарбасы үңгiрлерi)

 

Дастарбасы кешенi Түркiстан облысы Арыс ауданы Дастарбасы тауында орналасқан. Дастарбасы үңгiрлерi – тас ескерткiштер. Үңгiрлер табиғи жолмен пайда болған, бертiн келе оны адамдар өз тұрақтарына айналдыра бастаған. Үңгiрлердiң негiзгi немесе орталық тобы бiрнеше арна бойында орналасқан. Жыраның алдынан қарағандағы жалпы ұзындығы 450-500 метрге жетеді. Осы аралықтағы жыраларда үлкендi-кiшiлi 30-дан аса үңгiр бар. Олардың бiразының кiрер аузын тас басып қалған. Олардан тас болып қатып қалған ежелгi белгiсiз жануарлардың сүйектерi, тiстерi табылған. Кей үңгiрлер алдында тегiс алаңдар мен қоршаулар жасалған. Су бағыттаушы ретiнде қоршаулар үңгiрлер үстiнде де салынған. Үңгiрлердiң бiрiнiң алдынан неолит-энеолит дәуiрiнiң кремний құралдары мен шамамен қола дәуiрiнiң керамикасы табылды. Дастарбасы туралы аңыздарда, Қазақ атаның iзi осы тау үстiнде делiнедi. Қазақ-қаһанның табаны тиген үңгiрде ата-бабаларымыз зиярат жасап, ас берiп отырған.

 

Оқсыз қалашығы

 

Оксыз қалашығы Отырар ауданы Маяқұм ауылының солтүстiгiнде, Ақжар деген жерде орналаскан. Оқсыз, Зернук, Весидж — Қазақстанда   I-ХV ғасырлар аралығында болған, ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келген қала. Қала алғашқыда Весидж болып аталған. Ал ғылыми әдебиеттерде Оқсыз қаласы ретiнде белгiлi. ХIII ғасырдан бастап Зернук деген атқа ие болды. Зернук қаласының атауы алғаш рет армян патшасы Гетумның ХIII ғасырдың ортасында Қарақорымдағы Мөңке хан сарайына келген елшiлiгi туралы жолжазбаларында хатқа түскен. Кiшi Армения патшасы Гетум I (1227-1269) патшалық билiктi әкесi Константин Ламброн және ұлдары Левон мен Торосқа тапсырып, қазiргi Қазақстан жерi арқылы 1254 жылы Қарақорымдағы ұлы хан Мөңке ордасына елшiлiктi өзi басқарып келген. Ол сапар барысында жазған жолжазбаларында Қазақстанның сол кездегi тарихы мен географиясына қатысты мәлiметтер қалдырған. Әбу Абдаллах Хорезмидiң жазбаларына қарағанда, «Зернук» сол заманғы су көтеретiн шығырлардың бiр атауы. Қала орнында жүргiзiлген зерттеулер мұнда дамыған шығырлы егiншiлiк жүйесiнiң, бiрнеше шығыр шұңқырларының болғанын анықтады. XIII-XIV ғғ. цитадель зират ретiнде пайдаланылғаны белгілі болды. Жоғарғы қабатта бес мұсылман мүрдесi аршылды. Керамикадан мөлдiр және жасыл шыңылтырмен көмкерiлген тостағандар сынығы бар.

 

Xанқopған қалашығы

 

Xанқopған қалашығы Сайpам ауданы Мәдени ауылында opналасқан. Xанқopған Түpкiстан мен Көкшетау аpалығындағы жoлдың тopабында жатыр. Xанқopған – X ғасырда ipi аpxитектуpалық ескеpткiш, Oңтүстiк Қазақстанның сан ғасыpлық таpиxын баяндайды. IX-XII ғғ. қалалаpдың opталығында мiндеттi түpде мешiт бoлған. Қалалаp Ұлы Жiбек жoлының бағытындағы сауда мекендеpi pетiнде пайда бoлған, сoндықтан базаpлаp үлкен pөл атқаpған. X-XII ғғ. Oңтүстiк Қазақстан қалалаpында мoншалаp пайда бoлды. Үлкен қалалаpда oндаған мoншалаpға дейiн салынған. Қoғамдық құpылыстаp қатаpында мoншалаp маңызды opынды иеленген. Мысалға Oтыpаp paбaтында XI-XII ғғасырға жататын екi мoнша табылған. Oсыған ұқсас мoншаны аpxеoлoгтеp Xанқopғаннан да тапты. Өзiнiң құpылымы, кoнстpукциясы және табылған заттаpы бoйынша oл қалалық мoншаға ұқсайды. Xанқopғанның таpиxы сoнау Ұлы Жiбек жoлы дәуipiнен басталады.

 

А.Н. Подушкиннiң айтуынша, Ханқорған Арыс мәдениетiнен кейiнгi кезеңде Қарахандар мемлекетi дәуiрiнде (942-1213 жж.) тұрғызылған дейдi. Қорғаннан Қарахандар дәуiрiнiң керамикалық бұйымдары табылған және қамал қорғанының ертедегi құрылыс нысаны болғанын көрсетедi. Ханқорған металл ерiтетiн ошақтың табылуы, онда отпен ататын қару жасалды деген болжамды туғызады. «Ханқорғанның соңғы ерлiк шайқасы» кезiнде үш мыңнан астам адам опат болыпты. Абылай хан Ханқорғанның ерлiгiн есiткен, оны мақтаныш еткен дейді ғалымдар.

 

Мәртөбе қалашығы

 

Мәртөбе қалашығы Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабынан шығысқа қарай орналасқан. Қазақ тарихында Мәртөбе қалашығы – төбесi дала парламентiнiң рөлiн атқарған орын ретiнде белгiлi. Қазақ даласында төбелер көп, бiрақ Мәртөбе – бiреу ғана. Мұнда ең алғашқы құрылтай өткiзiлiп, қазақтың ру, тайпаларының ақсақалдары көшi-қон мәселелерiн, жайылым алқаптарын, халықаралық қатынастардың маңызды мәселелерi талқыланған. Ташкент және Түркiстан сияқты iрi қалаларға жақын орналасқандығы мен табиғи жағдайының қолайлы болғанына байланысты қазақ билерiнiң жиналып жиналыс өткiзетiн орны болған. Әбiлқайыр ханның өлiмiнен кейiн қазақ халқының ұйымдасуы мен бiрiгуi де осы Мәртөбеде өткен болатын. Тәуке ханның «Жетi жарғы» – ең алғашқы дала заңына мөр де осы жерде басылған болатын. Кейбiр зерттеушiлердiң пiкiрiнше, бiздiң дәуiрiмiздiң басында арнайы қолдан үйiлген үлкен төбе. Қалашық екi бөлiктен тұрады. Ескерткiштiң ең алғашқы жобасының цитаделi мен рабадының маңызды бөлiктерiнiң бұзылуына байланысты қалпына келтiру мүмкiн емес. XVIII ғасырдың екiншi жартысында елдiң iшкi саяси өмiрiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Мәртөбе жотасына Үш жүздiң игi жақсылары жыл сайын мәслихатқа жиналып отырған. Онда ел тыныштығын сақтау, жаудан қорғану, көшi-қон тәртiбi, қоныстарды бөлу, реттеу, тайпа, ру араларындағы дауларды бiтiстiру жайттары қаралып, талқыланған.

 

Шымкент қалашығы

 

Шымкент қаласының oңтүстiк бөлiгiнде, Бадам мен Қoшқаpата өзендеpiнiң аpасындағы биiк жеpде opналасқан. Бiздiң заманымызға жеткен жазба деpектеpде Шымкент алғаш pет елдi мекен pетiнде паpсы таpихшысы Шаpаф ад-Дин Әли Йаздидiң (1425 ж.) бiздiң жыл санаyымыз бoйынша 1365-1366 жылдаpдағы Әмip Темipдiң әскеpи жopықтаpы тypалы жазған «Зафаpнаме» атты («Жеңiс кiтабы») кiтабында кездеседi. Шымкент қаласының аймағы жүздеген жылдаp бoйы көптеген таpихи oқиғалаpдың кyәсi бoлған. Қала бipнеше pет басқыншылаpдың жoйқын шаyылына ұшыpаған. Шыңғыс хан жopықтаpға жасақтаpымен қала аpқылы өтiп, ақыpында Шымкент Шыңғыс хан ұpпақтаpының қoл астына өткен. Ақ Opда және Алтын Opда хандаpы жүpгiзген сoғыстаpдың нәтижесiнде қала Әмip Темipдiң қoл астына кipедi. XV ғасыpдың басынан Шымкент XVIII ғасыpдың жаpтысына дейiн Жoңғаp шапқыншылаpының тoнаyына ұшыpайды. Сансыз сoғыстаp мен өзаpа таpтыстаp жеpгiлiктi халықтаpдың өмipiне қайғы-қасipет әкелгенiмен, Сайpам oазисi жеp өңде y мен баy-бақша және қoлөнеp өpкендеген аймақ бoлып қала беpдi.

 

Қасқабұлақ петроглифтерi

 

Қасқабұлақ петроглифтерi Түлкiбас ауданы Ақсу-Жабағылы мемлекеттiк қорық территориясында орналасқан. Теңiз деңгейiнен 3300 метр биiктiктегi қатты тотыққан iрi кесек тастардың бетiне салынған. Суреттерi бар территорияның барлығы дерлiк көрiнетiн бұл жерде сол кездегi әлеуметтiк өмiрiнiң шарықтаған кезеңдерiндегi әр түрлi дiни-ғұрыптық iс-шаралар iске асырылса керек. Деректер бойынша, осы жердегi ең көне суреттер қола дәуiрiнде пайда болған. Көгiлдiр-қара тотықпен жабылған осы дәуiр петроглифтерiнiң қашалу техникасы iрi нүктелi. Қашалған суреттердiң шеттерi көп жағдайда жырым-жырым болып келедi. Ерте темiр дәуiрiнiң петроглифтерi ерекшелiктерiне қарай жасалған сараптаманың негiзiнде анық ерекшеленедi. Олар скиф-сақ аң стилiнде орындалған тау текелердiң, арқарлардың, бұғылардың қозғалыстағы бейнелерi. Петроглифтердiң көне қабаты аң аулау, адамдардың ғұрыптық би билеп жүрген көрiнiстерiмен берiлген. Көне қабат петроглифтерiнiң iшiнен дөңнiң оңтүстiк баурайындағы жартылай қарға көмiлiп жатқан (шiлденiң басы) көп қырлы тас кесегiнiң шығыс жақ тiк беткейiне бала туу көрiнiсi кескiнделген. Көрiнiстiң сол жағында алып адам, оның жанында бұрымдары бар адамның (әйел болса керек) бейнелерi қашалған. Барлығы осы тегiстiкте сегiз адамның бейнесi кескiнделген. Жалпы Қасқабұлақтағы тасқа салынған суреттер дәстүрлi болып келген.

 

Шамет ишан сәулет кешенi

 

Қарт Қаратау ежелден адам баласының мекен тұтқан қасиеттi орны. Қаратаудың бауырында орналасқан Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында да көптеген ортағасырлық тарихи ескерткiштер табылып, тарихымызды байытып отыр. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Қарнақта 27 мешiт және 5 медресе жұмыс атқарғандығы айтылады. «Шамет ишан» мешiт-медресесi XVIII ғасырдың соңында, яғни 1789 жылы жергiлiктi халықтың сауатын ашу мақсатында салынған. 1789 жылы — Кiшi Ақсарай, 1876 жылы Үлкен Ақсарай салынады. Кiшi Ақсарайдың астында жерасты ғибадатханасы бар. Жаздың ыстық күнiнде сол ғибадатханада Аллаға құлшылық жасайтын болған. Ал үлкен Ақсарай мешiт рөлiн атқарумен қатар шәкiрттер алғаш сол жерде сауатын ашқан. Үлкен Ақсарай мен Кiшi Ақсарайдың ортасын дәлiз бөлiп тұр. Үлкен Ақсарайдың iшiн шығыстық сәулет өнерiнiң тамаша өрнектерiн пайдалана отырып, безендiрген. 1896 жылы қосымша дәрiсханалар салынып, жалпы ғимарат құрылысы толығымен бiтедi. Медреседе оқу 1917 жылға дейiн жалғасады. Кеңес өкiметi кезiнде ғимаратты әр түрлi мақсаттарда пайдаланып келген. Халықтың айтуынша, Түркiстаннан Қарнаққа келетiн жолда жайылып ағатын Қарашық өзенi бар. Сол өзен суға толған кезде өзеннiң арғы бетiнен бергi бетiне өту өте қиын. Бiрде ишан бабамыз шәкiрттерiне дәрiс берiп жатқан кезiнде екi-үш шәкiртiне: «Тез арада Қарашық өзенiне барыңдар, ол жерде бiр әйел кiсi баласымен өзеннен өте алмай әуре болып жатыр» дептi. Сенiмсiздiкпен өзенге барған шәкiрттерi шынымен де өзеннiң арғы бетiндегi әйел кiсiнi көрiп таңғалған екен. Шамет ишан сәулет кешенi Кентау қаласы Қарнақ ауылының орталығында орналасқан.

 

Ноғай ишан мешiтi

 

Ноғай ишан мешiтi Созақ ауданы Созақ ауылының орталығында орналасқан. Мешiт құрылысы 1876 жылы басталып, 1896 жылы аяқталған, үш бөлмеден тұрады. Жұртқа Ноғай ишан деп танылған шайх Ахмет аталмыш мешiттiң салынуына ұйытқы болған. Ел аузындағы аңыз бойынша шаһардағы орталық мешiттiң татар имамы түс көредi. Түсiнде «Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың әулетi шайх Ахметтi ұстаз тұт» дейдi. Таңертең имам мешiтке барып намазын оқып болғаннан кейiн жамағатқа көрген түсiн баян етедi. Имам дарияның өткелiне қарай барады. Оның соңынан бiраз қауым ередi. Бұл өзен тасып арнасынан шығып жатқан мезгiл екен. Өзеннiң арғы бетiнен аттылы адам көрiнедi. Ол өзеннiң қарсы бетiндегi адамдардың үрейленiп шулағанына мән бермегендей болып тасып-тулап жатқан дарияға атымен жайбарақат түсiп, қиындықсыз өтiп кетедi. Жүзiнен нұр төгiлген, көзiнен ақылдылық пен мейiрiмдiлiк сезiлген жасы жиырмалар шамасындағы жас жiгiт өзiн күтiп тұрған қауымға келiп сәлем бередi. Қоржынының екi басы толы кiтап екен. Мешiт имамының көрген түсiн естiген және тасып жатқан дария суынан ойланбастан қайықпен жүзгендей өткен кереметiн көрген қауым бұл адамның тегiн еместiгiн сезiп байқайды. Имам: «Құрметтi ұстаз, келуiңiзбен!» деп, аттан түсiрiп, құрмет көрсетедi. Осы жерге келгендер шайх Ахметтi өздерiне ұстаз тұтады. Мешiт имамы өзiнiң Шәрiпжамал атты қызын берiп, батасын алады.

 

Георгий Победоносец шiркеуi

 

Георгий Победоносец шiркеуi Төлеби ауданы Көксәйек ауылының орталығында орналасқан. Ең ескi шiркеулердiң бiрi. 1880-1890 жж. Сырдария облысы бойынша орыстардың ауылдары үшiн салынған. Шiркеу жобасын 1896 жылы мәскеулiк сәулетшi Вильгелм Соломонович Гейнцельман жасаған. Шiркеу 1937 жылға дейiн халыққа қызмет етiп келдi. Ғимаратты тұрғызу сәулетшi Р.И. Зарано-Зарановскийге тапсырылды. Шiркеу белгiлi технологиямен салынғандықтан, қанша жыл өтсе де, сол қалпында сақталып келдi. Құрылыс жұмысшылары 40 күн ауыз бекiтiп, ақ жейделерiн киiп, жұмысқа кiрiскен. Өткен ғасырдың 30-жылдары шiркеу жабылды, ал есiмi беймәлiм дiн қызметшiсi азаптанып өлген. Шiркеу ғимараты бiрнеше рет талқандалды, қабырғалары шынжыр табанды трактордың көмегiмен бұзылған. Бiрақ барлық әрекеттер пайдасын бермедi. Бұл ғимарат астық сақтайтын орын ретiнде пайдаланылып, кейiн училищеге берiлiп, соңында өлкетану мұражайы болып қалды. Шiркеу тек 90-жылдары ғана қолға алынып, жандана бастады. 1991 жылы Қазақстан Үкiметi басшылығының шешiмiмен ғимарат орыс православиелiк шiркеуiне қайтарылды. 2001 жылы ұлы азап шегушi Георгий Победоносецтiң құрметiне аталды. Бүгiнгi таңда шiркеу көпшiлiк үшiн есiгiн қайта aшты.

 

Қазы Байзауи кесенесi

 

Бұл ғимарат ХIХ ғасырдың орта кезiнде тұрғызылған. Шын есiмi – ишан Қожа. Ол IХ-Х ғасырда өмiр сүрген. Ол өз заманының көптеген ғылыми жетiстiктерiн, Құран Кәрiмдi, хадистердi жас кезiнен бiлген. Байзауи ел арасында билiкке араласып, көптеген даулы мәселелердi әдiл шешуiне байланысты қазы атанады. Байзауидiң қазы аталуына қарап-ақ əдiлдiгiмен халықтың құрметiне бөленгенiн көруге болады. Ол әдiл төрелiк жасап, көптеген дауларды дұрыс шешкен. Сондықтан оны әдiлеттi iздеушiлер мен билiк айтушы, үкiм шығарушылар арнайы iздеп келедi екен. Ел арасындағы әпсаналарға қарағанда, ғұлама бiрде Сайрам патшасының мәселесiн Құран Кәрiм негiзiнде шешiп, патшаның сенiмiне кiредi. Адал қызметi үшiн патша оны күллi Исфиджаб елiндегi қазылардың басшысы етiп тағайындайды. Ол шариғат заңдарын терең меңгерген ғұлама болса керек. Қазы Байзауидiң «Құран тәпсiрлерi» деп аталатын екi бөлiмнен тұратын кiтабы дүние жүзiндегi ең танымал тәпсiрлер болып саналатындықтан, кейбiр мұсылман елдерiнде әлi күнге дейiн оқу құралы ретiнде пайдаланып келедi. Ислам әлемiнде Құран Кәрiмнiң тәпсiрiн жасап, он екi томдық етiп бастырған данышпан ақтық сапарға аттанар алдында: «Жарандарым, өлiм хақ. Бұл дүниеде жаратылғандардың ешқайсысы мұқым қалып қойған емес. Тәңiрiнiң үкiмiмен күнi бiткен кезде бәрде ақырет сапарын шегетiнi рас. Мен де бұл дүниедегi несiбемдi алып болған сияқтымын. Егер мен өлсем, жерлеген кезде бетiмдi құбылаға қаратып, тiземдi екi бүгiп, отырған күйi жерлендер» деп өсиет еткен екен. Қазы Байзауи кесенесi Шымкент қаласы Сайрам тұрғын үй алабында орналасқан.

 

Көктан ата бұлағы және Есенаман қалпе кесенесi

 

Қазығұрт өңiрiнде «Көктен ата» деп аталатын ерекше бұлақ бар. Қаржан тауының баурайынан тасты жарып шығып жатқан бұлақ суы өте суы шипалы, мөлдiр, жұмсақ, оның емдiк қасиеттерi туралы халық арасында әңгiме көп айтылады. Әр түрлi ауруларға ем болады. Бұлақ жағасында, биiктеу жерде Есенаман қалпе бабаның кесенесi орналасқан. Ертеректе Ясауи iлiмiн уағыздаушы Марғұзи (Марқозы) деген имам осы өңiрге келген екен. Ол үстiне үнемi көк түстi киiм киiп жүрiптi, сондықтан халық оны «Көк тонды ата» деп атап кеткен деседi. Жұртты имандылыққа уағыздаған осы адам тау баурайындағы бұлақ басына түнеп, оның шипалық қасиеттерiне ризашылығын бiлдiрiптi, көкжөтелге, басқа да түрлi ауруларға ем болсын деп батасын берiптi деп айтылады. Сол кездерден бастап бұлақ «Көк тонды ата», келе-келе «Көктен ата» деген атауға ие болған. Өзiн мазалаған дерттен осы бұлақ суын iшiп айыққан адамдардың әңгiмесiн қазiр де көп естуге болады. Қазiргi күндерге дейiн жеткен деректерге қарағанда, Есенаман қалпенiң өзi Марқозының iсiн жалғастырушы, халықты имандылыққа, бiрлiк пен ынтымаққа, отырықшылық өмiр салтына шақырған емшi-көрiпкел болған. Кеңестiк кезеңнiң өзiнде оның басына кейбiр балаға зар болып жүрген ерлi-зайыптылар да келiп зиярат ететiн. «Көктен ата» бұлағының суы ешқашан тартылған емес, ол шамамен бiр шақырымдай жерден Жiгерген өзенiне барып құяды, одан барып Келеске қосылады. Қазығұрт ауданы Тесiктөбе ауылының шығыс жағында, тау бөктерiнде орналасқан.

 

Кәлен баб әулие жерленген жер

 

Кәлен баб әулие Сайрам ауданы Қарамұрт ауылының солтүстiк-батысындағы ағайынды Полатовтар көшесiнiң бойындағы ауыл қорымында жерленген. Қорымды «Кәлен баб ата қабiрстаны» деп атайды.Ел аузында «Ең үлкенi – Кәлен баб» деп айтылғандай, ислам дiнiнiң қазақ жерiндегi ошағы, туын тiккен, рухын сепкен, мұсылмандық жолын уағыздаушы әулиелердiң өсiп-өнген жерi Сайрам. Исi мұсылманның мәслихат ордасы Мәртөбе де осы Сайрамда. Шариғат заңдарын, дiни шешiмдер қабылдайтын бабтардың Мәртөбедегi кеңесiн де Кәлен баб басқарған деседi. Сайрамдағы әулиелердiң көшбасшысы Кәлен бабтың аруағына жаңа тiрлiктi бастаған, iсiне ақ жол тiлеген, мақсат-мұратым оңғарылсын дегендер сиынып барады. Жаңа тiрлiгiн де әулие басына барып, бата алғаннан кейiн бастайды. Бұл кiсiнiң шын аты Халиддин ибн Уәлид екен. Әкесi Уәлид өте қатал кiсi болыпты. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар тұсында Халиддин 14-15 жаста екен. Кейiннен осы өлкеге жасалған жорықта 70 мың кәпiрдi мұсылман етуге қатысып, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сенiмдi серiгiнiң бiрi әрi бiрегейi болған деседi. Ел iшiндегi әңгiмеге қарағанда, араб әскерiнiң мыңбасшысы болған, iрi денелi, батыр тұлғалы болуымен қатар, Ислам шарттарын өте жақсы меңгерген. Сондықтан да осы өлкеге исламды уағыздауда үлкен көрiпкелдiк танытып, елдiң ризашылығы мен құрметiне бөленген. Кейiн келе шын аты ұмытылып, ел арасында «Кәлен баб ата» деп аталып кеткен. «Кәлен», «Қалан» сөздерi «үлкен» мағынасын бередi. Яғни «Үлкен баб» деген сөз. Ел әңгiмесiнде «Сайрамда бар сансыз баб, Түркiстанда түмен баб, Отырарда отыз баб, Бабтардың бабы Арыстан баб, Ең үлкенi Кәлен баб» деген сөздер осы ойды растай түседi.

 

Жуас баб әулие кесенесi

 

Жуас баб әулие өз заманында халықты имандылыққа ұйытып, жергiлiктi халықтарды ақиқатқа тәрбиелеген. Бала оқытып, сауаттарын ашқан. Өмiрден озғанға дейiн ислам дiнiн насихаттаушылардың бiрi болған. Емшiлiгiмен де елге танылған. Тарихи деректерге сүйенсек, хижраның 150 жылы (771 жылы) Әзiретi Әлiнiң шөпшегi Ысқақ баб, немересi Әбдiрахым бабтар 100 мыңнан астам әскермен келiп, Қашқарды, Сайрамды алады. Олармен бiрге бес сахаба келген. Солардың бiрi Жуас баб ерiктiлерден құралған жүзмыңдықты басқарып келедi. Сол кезде Ысқақ баб аса бiлiмдар, ғұлама, әдiлеттi Жуас бабқа Шаштан (Ташкент) Таразға дейiнгi жерде бас қазының қызметiн атқаруды тапсырған екен. Жуас баб бұл кiсiнiң мiнезi мен қасиетiне байланысты қойған аты екен. Шын атын ел ұмытқан. Бойы ұзын, денелi, иманжүздi кiсi болыпты. Түйеге мiнгенде аяғы салбырап, жерге тиiп жүредi екен. 1966-67 жылдары Жуас баб кесенесi маңынан дыбыс естiледi. Адамдар барса, Жуас бабтың жатқан жерiндегi ордан жалы бар жыланның ысқырып жатқанын көрiптi. Жуас баб әулие кесенесi Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауыл әкiмшiлiгiне қарасты Құрлық ауылының қорымында орналасқан.

 

Ердәуiт және Шәймерден әулиелер кешенi

 

Ердәуiт баба — темiр ұстасы. Ердәуiттiң үйi артында Түркiстанға шығатын жерасты жолы болған. Сол жерасты жолмен Ташкенттен, Наманганнан, Қоқаннан өтiп Түркiстанға шығады. Ердәуiт баба шығыс беткейiндегi екi қырдың астында бес бұлақ бар. Шәймерден ата мешiтiнiң төрiндегi қуыс жол (үңгiр) осы қазынаға тартылған жол екен. Шәймерден әулиенiң күншығыс-батыс жағында бiрнеше төбе бар. Солардың бiрiн ел Тақиятөбе деп атайды. Тақиятөбенiң күншығысындағы қатар жатқан екi төбенi Жалғыз төбе деп атайды. Аңызға қарағанда, Тақиятөбенiң астында бiр кездерi елдiң қазынасы – жақұт, маржан, алтын сақталған болса керек. Елге, малға тиiскен алып айдаһар ордалы жыланмен келiп осы қазынаны басып алған. Қазына иесi қартты айдаһар шағып өлтiрген. Емшектөбе қарттың кемпiрi екен. Жалғызтөбе қызы деседi. Қазынаны басқан ордалы жыланның

 

бiрi – қыздың анасын, ендi бiрi қызды шағады. Шәймерден ата палуан, батыр кiсi екен. Ол келiп бiр уыс тас-топырақты алып Тақиятөбедегi қазынадағы жыландарға лақтырады. Екiншi уыс топырақты қыздың анасына тиiскен жыландардың үстiне тастаса, үшiншi топырақты Жалғызтөбе қыздың үстiне тастайды. Содан жыландар мерт болыпты. Ердәуiт және Шәймерден әулиелер кесенесi Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылында орналасқан.

 

Иса ата (Ыстық ата) әулие кесенесi

 

Иса ата - Самарқан қаласында тұрған дiн таратушы ғұлама. Сарыағаштың суын Иса ата тапқан деседi. Иса ата бабамыз осында келген соң елдiң алдында тұрып, қазiргi шығып жатқан 56 градустық 14 түрлi ыстық емдiк судың орнын қолмен нұсқама жасап, «Қадiрлеп, қастерлеп, таза ұстаңдар, келешекте ұрпақтарыңа ем болады» деген. Су 1946 жылы шыққан. Екi жылға жуық 12-15 метр биiктiкте буы бұрқырап атқылап ағып жатқанда ары- берi өткендер бетi-қолын жуып, судың майлы, дәмдi қасиетiн елге жайып, неше түрлi жарақаттары бар түрлi кеселдер өз бетiмен келiп емделiп, жазылған. Иса атаның осында жерленгенiне үш ғасырдан асты. Ол дiн уағыздап, оны таратып, халықты дiнге бет бұрғызған. Емделуге келген кiсiлердiң дертiнiң түрiне қарай табиғи тесiк тасты таңдап алып, оған дұға оқып, науқасты үш рет тастан өткiзiп емдеген екен. Иса ата (Ыстық ата) әулие кесенесi Сарыағаш ауданы Көктерек елдi мекенiнде орналасқан.

 

Бекасыл әулие кесенесi

 

Бекасыл Биболатұлы өз кезiндегi iлiм-бiлiмге жетiк, жұлдызшылық өнердi меңгерген, тәпсiрлер жазатын әдетi де болған, аузы дуалы, айрықша ғұлама болған кiсi деседi. Ол кезiнде өзi салған Қарасора ауылында медресе ашып, бала оқытқан. Аңыздарда, анасы Бекасылды Қарамұрт ауылындағы молдаға оқуға бередi. Бiрақ та балалардың iшiнде қара танымайтыны Бекасыл болып шығады. Молда оның арқасын жалаңаштап, көк шыбықпен ұрады. Сонда да әлiптi таяқ деп бiлмейдi. Молданың таяғынан қашқан Бекасыл үйге де келмей, жалаң аяқ, жалаң бас, ебiл-дебiл күйде әулие-әнбиелердi аралап, олардың басына түнеп, медет сұрап, бiрде тоқ, бiрде аш жүрiп, диуаналық өмiр кешедi. Бiр жолы Қарамұрттағы Кәлен баб әулиенiң басына қонғанда түс көредi. Түсiнде жалаңаяқ, жалаңбас қара жердi басқандай боп дариядан өтiп барады екен. Қолындағы кiтабы оттай жанып, қызыл жалынның бiр ұшы аспанға көтерiлiп, екiншi ұшы жер бауырлап қалықтайды. Бекасыл ұйқысынан оянып, көрген түсiн қалай жорырын бiлмейдi. «Молданың алдына барып, ырзалық алайын, ендi қой бағайын» деп ойлайды. Сөйтсе молдаға да аян берiптi. Ол тәлабаларына: «Алла Тағала Бекасылға оқу дарытты. Оған күлмеңдер, ендi ол сендерден де озық болды» деп айтып жатыр екен. Бұл сөздi есiткен Бекасыл босағада тұрып қалады. Оны байқап қалған молда: «Бекасылжан, кел, жоғары шық» деп ең құрметтi жайға отырғызады. Ал тәлабаларына: «Орындарыңнан тұрып, Бекасылдың қолын алыңдар» дейдi. Барлығы да оның қолын алады. Одан кейiн молда: «Шырағым, Бекасыл, мына кiтапты оқышы» дегенде, ол мүдiрместен заулатып оқи берген екен. Содан Бекасыл өзiне жұмбақ тылсым жайларды сырын оқып қанығуға, iлiмге құмартып, келе үлкен ғұлама молда болған көрiнедi. Бекасыл әулие кесенесi Төлеби ауданы Қасқасу ауыл әкiмшiлiгiне қарасты Кеңсарай ауылы iшiндегi қорымда орналасқан.

 

Түркiбасы әулие кесенесi

 

Түркiбасы әулие Түлкiбас ауданы Тұрар Рысқұлов ауылынан екi шақырым – Азаттық ауылы аумағында орналасқан. Аңыздарға сүйенсек, Арыс пен Құлан өзендерiнiң түйiскен тұсындағы қос өркештi тау мен қазiр бұрмаланып Түлкiбас аталып жүрген ауданның ежелгi аты – Түркiбасы. Атақты академик В.В. Бартольд өз еңбегiнде Түлкiбас жерiне 1893 жылы iссапармен келiп, бұл жердi аралап көрiп, Түлкiбас топонимi жасанды әрi жаңылыс айтылған аталым екенiн, оның дұрысы Түркiбасы екендiгiн ғылыми дәлелдеп әрi VII ғасырда Түрiк қағанының резиденциясы болғанынан хабар бередi. Тағы бiр аңыздарда, өте ерте заманда Түркi деген ұлы ел болыпты. Бұл елдiң о шетi мен бұ шетi теңiздерге барып тiреледi екен. Жаугершiлiк өте жиi болған. Бiрде түркiлердiң бас қолбасшысы мерт болып, жол бойында ерекшеленiп тұрған төбенiң басына жерлейдi. Ол кезде ұлы хандар мен қолбасшыларды биiк-биiк, өзгеше жерлерге жерлеу салт болғаны белгiлi. Содан Азаттық ауылы жанындағы төбе ежелгi заманнан берi Түркiбасы аталып кеткен. Бiр деректе «Түркiбасы деген сөз кейiннен дыбыстардың өзгеруiне, үндестiк заңына байланысты Түлкiбасы, Түлкiбас болып өзгерген» десе, екiншi деректе «Арыс пен Құлан өзенi құйылысындағы қос өркештi тау, қазiргi кезде бұрмаланып Түлкiбас аталып жүрген аудан ертеде Түркiбасы аталған. Қытай деректерiнде түркiлердi «түкiлер» деп жазған, оның себебi қытай әлiппесiнде р әрпi жоқ» делiнедi.

 

Нұр ата әулие кесенесi

 

Нұр ата көне түркi тайпалар одағынан құрылған Қарахан мемлекетiнiң билiк құрған кезiнде өмiр сүрген. Ол – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бастаған iстi жалғастырушылардың бiрi. Нұр ата Аллаға құлшылықтан танбаған, жаны таза, аса дiндар, пәк адам болған. Сондай-ақ әр нәрсенi болжай бiлген, айтқаны айнымай келген жан. Жақсылықты да, жамандықты да жұрттан бұрын сезген. Бата-тiлегi табан астында қабыл болған. Сондықтан оның атағы көп жерге тараған. Дұшпандары жергiлiктi халық арасындағы оның осындай беделi мен абыройын күндеп, өлтiруге бiрнеше рет әрекет жасаған. Бiрақ халық оны қорғап отырған. Нұр ата баба өз ажалынан қайтыс болады. Ел оны ақ жауып арулап, өзi өмiр сүрген мекенге қояды. Нұр Ата өлгеннен кейiн де дұшпандары тыныштық бермеген. Оның өлгенiне сенбей, кәпiрлер бастығы: «Өлiгiн қалайда тауып, алдыма алып келiңдер!» деп жендеттерiне бұйырыпты. Қабiрiн қазып көргенде, ол кiсiнiң сүйегiн таппайды. Сосын жендеттер «Нұр ата жерлендi» деп күдiктенген жердiң бәрiн аралап, қазып көредi. Бiрақ ешқандай адам сүйегiн таппайды. Бұған дұшпандары аң-таң болып, әуре-сарсаңға түскен екен, қаншама жердi қазса да, қабiр бос шыға берiптi. Кейбiр әңгiмелерде «Халық Нұр атаның сүйегiн дұшпандары тауып, қорламас үшiн басқа жерге жасырып, жерлеген екен» деп те айтады. Нұр ата әулие кесенесi Төлеби ауданы Майбұлақ ауылы аумағында орналасқан. Әулие сағанасы түбiнен емдiк қасиетi бар 12 бұлақ көзi ағып жатыр. Олардан шығып жатқан су адамның 12 мүшесiне ем. Бұлақ 7 тармақтан ағып шығып, бiр арнаға тоғысады.

 

Қажымұқан Мұңайтпасов кесенесi

 

Қажымұқан 1871 жылғы 7 сәуiрде Ақмола уезiне қарасты Сарытерек болысының Жәдiк елдi мекенiнде дүниеге келген. Кейбiр деректер бойынша, Қажымұқан 1883 жылы туған. Уақыт өте келе күрес жолына түсiп, той-жиындарда халықтың назарына iлiгiп, бала балуан атанады. Қажымұқан – қазақ елiнiң мақтанышы, алып күш иесi, теңдесi жоқ кәсiпқой балуан. Күрес өнерiнiң бiрнеше түрiн жетiк меңгерiп, бәсекелестерiнен басым түскен ол – әлем чемпионы атағына қол жеткiзген тұңғыш қазақ батыры. Дүниежүзiнiң 28 мемлекетiн аралап, сол жерлердiң саңлақтарымен белдесiп, қоржынына 56 медаль салған. Көршi жатқан Ресей жерiнiң өзiнде де Қажымұқанға тең келетiн балуан жоқ едi. Ең алғаш рет iрi табысқа Қажымұқан Харбин қаласында өткiзiлген халықаралық турнирде қол жеткiздi. Мұнда ол бiрiншi орынға ие болып, өңiрiне алтын медаль тақты. Кейбiр деректерде бұл турнир 1905 жылы өттi делiнедi. Балуанның алып күштiң иесi ретiнде алғаш танылуы О. Масляков деген орыс саудагерiнiң үйiнде жүрген кезiнен басталады. Бiрде боранды күнi даладан шөп алып келе жатқанда шанасы қарға тiрелiп, аты тарта алмай тұрып қалады. Шанадан қарғып түскен Қажымұқан атына көмектеспек болып, шананың артынан бар күшiмен итерiп қалғанда, шана сырғып кетiп, болдырған ат астында қалып, өледi. Басқа амалы қалмаған ол атының денесiн шөптiң үстiне тастап, өзi ат орнына жегiлiп, шананы қалаға сүйреп әкеледi. Оның бұл iсi қала тұрғындарының арасына аңыз болып тарайды. Қажымұқан Мұңайтпасов кесенесi Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылында орналасқан.

 

Қуғын-сүргiн құрбандарын еске алуға арналған «Қасiрет» мемориалдық кешенi

 

«Қасiрет» мемориалдық кешенi Шымкент қаласында орналасқан. Мемориалда баласын көтерiп, алыс көкжиекке телмiре, ойлана қарап тұрған ана мен бала ескерткiшi бейнеленген. Бұл жерде 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргiн кезiнде ату жазасы орындалған. Тарихқа көз жiберсек, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргiнге ұшыраған. Олардың арасында әсiресе мәдениет және қоғам қайраткерлерi көп болды. Кей деректерде саяси қуғын-сүргiн жылдарында Оңтүстiкте 2500-дей азамат ату жазасына кесiлгенi айтылады. Сол арыстардың сүйегi жатқан орын бүгiнде «Қасiрет» мемориалы деп аталады. Мемориал аумағындағы терең сай ел аузында «Албастысай» деп аталып кеткен. Өйткенi мұнда өткеннiң қасiретi, халықтың қара тарихы бар. Репрессия заманында көзқарасын, пiкiрiн бiлдiрген көзi ашық азаматтарды «халықжауы» атандырып, 1930-1938 жылдары репрессияның қанды шеңгелiне iлiнген боздақтарды аяусыз жазалап, осы маңдағы ұзыннан ұзақ созылып жатқан сайға әкелiп атып, бiр шұңқырға көмiп тастай берген. Жендеттiң атқан оғынан бiрден жантәсiлiм болмай, шала-жансар күйiнде өмiр мен өлiмнiң арасында қаншама уақыт азап шеккен құрбандардың дауыстары қозыкөш жерден талып жеткен деседi. Тән жарақатынан жаны қиналған дауыс айналаға естiлген. «Қасiрет» мемориалының аумағына кiрген жанды бiр күш әрi-сәрi күйге түсiрiп, мұңға бөлейдi. Қазiргi таңда жыл сайын 31 мамыр – саяси қуғын- сүргiн құрбандарын еске алу күнiнде қала тұрғындары мемориал түбiнде жиналады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға