Дастан Сәтпаев әлемдегі ең үздік жас ойыншылар тізіміне енді
«Қайрат» және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Дастан Сәтпаевқа беделді британдық басылым The Guardian назар аударды. Журналистердің бағалауынша, қазақстандық футболшы әлемнің ең үздік 60 жас дарынды ойыншысы қатарына енген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ағылшын басылымы әлемдік футболдағы ең үздік жас таланттардың тізімін жариялады. Бұл рейтингке «Пари Сен-Жермен», «Барселона», «Бавария» секілді алпауыт клубтардың ойыншыларымен қатар, алматылық «Қайраттың» өкілі де кірді.
The Guardian-ның пікірінше, «Челси» клубы Сәтпаевты 4 миллион еуроға сатып алу арқылы тамаша келісім жасаған:
Челси қаңтар айында Сәтпаевты 4 миллион еуроға сатып алғанына қуану керек. Себебі оның нарықтық бағасы алдағы уақытта едәуір өседі деп күтілуде. Ол жылдамдық пен жоғары техникалық шеберлікті жастайынан қалыптасқан ойын ойлау қабілетімен ұштастыра біледі және 2026 жылдың тамызында «Стэмфорд Бриджге» келген соң Премьер-лигада өзін көрсетуге ниетті, – деп жазады басылым.
Басылым жасаған тізімге 2008 жылы туған жас ойыншылар енгізілген. Transfermarkt порталының мәліметінше, олардың ішіндегі ең қымбаттары – «Баварияның» Леннарт Карл (20 миллион еуро) және «Пари Сен-Жерменнің» Ибрагим Мбайе (15 миллион еуро). Ал The Guardian бұл тізімді қандай нақты критерийлермен құрғанын ашып айтқан жоқ.
Дастан Сәтпаев кім?
Еске салайық, 17 жастағы Дастан Сатпаев – қазақстандық ең танымал жас футболшылардың бірі. Өткен маусымда ол «Қайраттың» жастар құрамасында ойнап, негізгі команда сапында да дебют жасаған.
Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде 17 жастағы Сәтпаев жеті ойында үш гол соғып, «Қайраттың» топтық кезеңге шығуына үлкен үлес қосты.
Айта кетсек, Дастан Сәтпаев әлем чемпионатының іріктеу матчтарына жарақатына байланысты қатыса алмады. Оның жоқтығында ұлттық құрамамыз төрт ұпай жинап, Лихтенштейнді (4:0) ойсырата жеңіп, Солтүстік Македониямен (1:1) тең түсті.

