Жаңалықтар

Дархан Қыдырәлі: Арандатушылардың түпкі ойы белгілі

Ведомствоның хабарлауынша, видеоның Қазақстанда түсірілгеніне дәлел жоқ.
Дархан Қыдырәлі: Арандатушылардың түпкі ойы белгілі
Фото: ашық дереккөзден 13.10.2022 23:00 1825

Қазақстан қалаларының бірінде түсірілген ер адамды ұрып-соғудың видеосы жарияланды, деп хабарлайды EL.KZ.

Зардап шегуші – Ресей Федерациясынан келген мигрант, ал шабуылдаушылар – Қазақстан азаматтары екен. Видео бойынша жанжалға ұлтаралық алауыздық себеп болған. ҚР ІІМ бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

Ведомствоның хабарлауынша, видеоның Қазақстанда түсірілгеніне дәлел жоқ.

Қазіргі уақытта ішкі істер органдары осы видео бойынша тексеру іс-шараларын жүргізуде. Сонымен қатар полицияға өтініш түскен жоқ, – деп түсіндірді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Осыған байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де өз пікірін білдірді.

Соңғы кездері ашық арандатушылық бағыттағы, манипуляция ақпараттар көбейіп кетті. Қазақстанда болмаған оқиғаны осы жерде болды деп көрсету, фейк ақпаратты таратудың түпкі мақсаты белгілі. Қазір елімізде өтіп жатқан халықаралық іс-шаралар мен көптеген елдің лидерлерінің келуі, халықаралық деңгейдегі түрлі тарихи маңызды шешімдердің қабылдануы Қазақстан имиджіне оң әсер етері белгілі. Ал әлгіндей жалған, әдейі жасалған ақпараттық шабуылдар уыздай ұйып отырған ұлттың берекесін кетіру үшін әдейі жасалатыны анық. Сондықтан әсіресе, әріптестеріме әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпараттарға сергек қарап, тек қана дәйекті мәліметтерге сүйенуін сұраймыз - деді министр.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға