Жаңалықтар

Дархан Мыңбай: Тамырымыздан ажырамаудың амалы өз қолымызда екендігін сезінуге тиіспіз

22.11.2018 03:27 2385

Күні кеше Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялаған болатын. Мақала ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыттан бастап, тарихи сананы жаңғыртуға арналған бағыттарды қамтыған. Бір ел болып осы бастаманы межелі уақытта орындап, әлем дүр сілкінетін сенсациялық жаңашылдыққа қол жеткізсек, мәртебеміз асқақтайтыны сөзсіз.

Осы орайда Дархан Қамзабекұлы Мыңбай да мақалаға өз үнін қосып, пікірін білдірген болатын.

Д. Мыңбай – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутататы, экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі. 2017-2018 жж. – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарған.

«Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Астана», «10 жыл Астана» медальдарының, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарының иегері.

— Дархан Қамзабекұлы, төл тарихымызға үңілуге серпіліс тудыртып отырған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқып, таныс болған соңғы әсеріңіз қандай? Жалпы тарихты қалыптастыру кімдердің еншісінде?

— Тарихты  қалыптастыратын тек тариxшылар ғана емес. Қоғамның саналы азаматтарының түгелі дерлік атсалысатын пайдалы іс болмақ. Өйткені Елбасы өз мақаласында атап көрсеткен құндылықтар руxымыздың ұстанымын бекемдей түседі, әлем жұртшылығы алдында мерейімізді үстем етеді. Олардың әрқайсысы ғалымдарға да, өндірісшілерге де, мәдениет саласындағы мамандарға да, өнер адамдарына да, ұстаздарға да жеке дара кешенді бағдарлама іспетті.

Еліміздің басшысы «Есті кісіге ақыл айтпа, жөнін айт» деген қағиданы ұстанып, есті xалқына маңызды істің жөнін айтып, жолын нұсқағаны – қоғамымыздың әлеуметтік және руxани қатерлерге қарсы әлеуетін сақтап қана қоймай, оны заманға сай арттыра түседі.

— Мақала көне мен жаңаның арасын жалғағандай ма?

— Халық жазушысы Шерxан Мұртаза айтқандай: «Жаңаның тамыры – көне», сол тамырымыздан ажырамаудың амалы да ендігі жерде өз қолымызда екендігін сезінуге тиіспіз. Кеудені керіп, сөзбен ғана мақтанатындардың құлағына алтын сырға – өзімізге тиесілі жетістіктерімізді өркениетті елдердің тәсілімен, мәртебелі мемлекеттердің мәнерімен жалпақ әлемге мойындату абыройымызға абырой қосары хақ.

Түркі әлемі ғана емес, барша дүние жүзі мойынын ақиқатқа бұрып, құлағын дәлелге түрген заманның мүмкіндігін пайдалануға тәп-тәуір еп керек. Мұның байлауы да бүгінде білім мен озық теxнологияларда. Сондықтан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының біссмілдәсі мен аяқ алысын байқау іс жүзінде сыналмақ.

— «Ұлы даланың жеті қырын» таныту арқылы туризмнің дамуына қол жеткізе аламыз ба?

— Руxани жаңғыру қаласы – Түркістанды түлету, ежелгі Отырардың жұрнағын жаңа Отырарға жалғастыру – еліміздің туризмге қатысты бірқатар жоспарларын жүзеге асыруға бағытталған шаралар болып табылмақ. Оны құтты қадамға айналдыру нақты да қажырлы еңбекті талап етеді.

«Түбін білмеген түгін білмейді» деген мақалды айтып қою – аз. Әр ұлт пен этностың түп-тұқиянын, генезисін білу – солардың өкілдеріне деген, жалпы тарихқа деген құрмет. Осы тұрғыда Қазақстанды мекендеп жатқан отандастарымызға қазақтың төл тарихы да, ортақ тарихы да анық айтылып, дұрыс пиғылда қабылдануы тиіс. Сонда әдеп пен мәдениеттің көркем көрінісі орын алады.

Сонымен бірге, Елбасы «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу идеясын ұсынды. Бұл отандастырымыз үшін ғана емес, шетелдік меймандар үшін аса қызығушылық туғызатын мәдени орын болары сөзсіз. Өйткені ғылыми негізделген экспозициялар жасау мен жаңа зерттеулер жүргізу – қадым замандардағы инновацияларды көрсетудің ең оңтайлы әрі қарапайым әдісі. Осынау бағалы ұсыныс бағытында бір оймен бөліскіміз келеді.

Астана төрінде Ботаникалық бақ бой көтерді. Сол бақтың аумағында ботаникалық музей салып, Елбасы мақаласында ерекше айтылған Алматының алмасы мен Іле Алатауының баурайында өсетін қызғалдақтарын оның басты жәдігерлері ретінде қойса, жарасып кетпес пе еді?! Қазақстан аумағында ғана бар өзге де сирек өсімдіктерді жалпы халыққа таныстыратын мезгіл келген сияқты.

Біз өзіміздің рухани құндылықтарымызды, мәдени мұрамызды айқын көрсетіп, дамуына жұмыла кұш салсақ, қасиетті Қазақстан туристердің легінен арылмайтын құтты мемлекетке айналатыны сөзсіз. Өйткені адамзатқа лайым бір елдің тарихы, оның мәдениеті, өркениеті қызықты.

— Ұлы даланың ұлы тұлғаларын таныту іс-шараларын қандай деңгейде ұйымдастыру керек деп ойлайсыз?

— Ұлы дала тұлғаларын тану, насихаттау және өнеге ету бойынша айтылған жұмыстарда бұрынғы кемшіліктердің қайталанбағаны абзал. Яғни, ертеректе жарық көрген кітаптарды, белгілі деректерді қайта кітап етіп басып шығармай, тәуелсіз ел тұрғысынан жазылған дүниелерге жол ашылса, ескерткіш-мүсіндерге де мағыналық, эстетикалық жағынан жоғары талап қойылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Архив ісіне мемлекеттік іс ретінде қарап, жұмылдыру мен жетілдіру жоспарын жасауда білікті мамандардан арнайы топтар құрып, сонымен қатар әр түрлі салалардағы мамандарға архив материалдарымен жұмыс істеудің негізгі әдістерін үйретудің маңызы зор. Бұл жерде бірнеше тілді білу де үлкен рөл атқарады. Мәселең, Армения архивтері мен музейлеріндегі қыпшақтардың тарихына қатысты құжаттармен танысу үшін армян тілін меңгерген мамандар қажет болуы мүмкін. Жалпы, үкімет «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауда асығыстыққа ұрынбағанын қалар едік. Керісінше, тыңғылықты даярлық ауқымында әлемдік тәжірибелерді ескере отырып, әрбір архив жұмысының ерекшелігін, мамандардың тиімділігін анықтайтын өлшемдер қажет деп ойлаймыз. Мұның барлығы ел болып, бірлесе атқаратын қажырлы да қыруар жұмыс.

Тұтас алғанда, Қазақстанның Гимні мәтініндегі:

«...Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!» - деген сөздерді айғақтайтын істерімізді көрсетуге Президентіміздің өзі бастама көтеріп отыр. Осы мүмкіндіктерді ақыл-парасатпен, жүйе-жүйесімен, кезең-кезеңімен іске асыратын уақыт келді. Ендеше іске сәт, ағайын!

Нұргүл ШАТЕКОВА color:#3B3C3C">

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз. color:#3B3C3C">

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға