Жаңалықтар

Дәрігерлер онкологияға шалдыққан науқасқа 3D технологиямен операция жасады

Дәрігерлер онкологияға шалдыққан науқасқа 3D технологиямен операция жасады
Фото: ҚР ПІБ 02.10.2024 14:40 648

Елорданың уролог дәрігерлері онкологияға шалдыққан пациентке 3D технологиясымен лапароскопиялық операция жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2 қазан – Халықаралық уролог күні. Біздің дәуірімізге дейінгі төртінші ғасырда Ежелгі Грекияда «урологияның бастауына» жатқызуға болатын мамандық пайда болған. Ежелдегі хирургтар пациенттердің қуығындағы тастарды алып тастауға көмектескен. Әрине, грек полисінің науқас азаматтары урологқа емес, ол кезде «тас үгіткіш» деп аталатын маманға жүгінген. Оны адам ағзасындағы тасты үгіткені үшін солай деп атап кеткен көрінеді.

Қазіргі заманның «уролог» дәрігеріне айналу үшін, «тас үгіткіш» екі жарым мың жыл бойы эволюциялық даму жолынан өтті. Өзінің ежелгі прототипіне қарағанда, 21-ғасыр маманы адамның несеп-жыныс жүйесі туралы жетілген білімді меңгерген, оған қоса заманауи технологиялармен, оның ішінде роботтандырылған технологиялармен «қаруланған».

Мереке қарсаңында Аурухананың урология, проктология, іріңді хирургия бөлімінің басшысы, білікті уролог дәрігер Бахтияр Қасымов 3D технологияны пайдалана отырып бүйрекке лапароскопиялық операцияны сәтті жасап шықты.

Мұндай технология дәрігерге қажет ағзаны анық көруге көмектеседі. Яғни олардың арақашықтығы, байланысы, көлемі мен тереңдігі де анық болады. Мұндай тәсіл пациенттің сырқатын дәл анықтап, соған қарай ота жасауға мүмкіндік береді.

Бүгін бала көтеруге қабілетті жастағы әйелге операция жасадық. Бұған дейін сүт безі ауруымен онколог-дәрігерде емделген. Бізге өңірден келді. Онкологиялық дертке шалдыққан пациенттің бүйрегінде үлкен ісік болған. Бөлімшедегі әріптестерімізбен бірге зақымдалған бүйректі лапароскопиялық жолмен алып тастадық. Мұның бәрін біз озық технология арқылы 3D сапада көре отырып, жасадық. Ешқандай қиындық туындаған жоқ, бәрі ойдағыдай өтті. Мұндай күрделі операциялар ҚР ПІБ МО ауруханасында 3D сападағы озық технологияны қолдана отырып тұрақты түрде жасалады, - деп түсіндіріп берді Бахтияр Қасымов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға