Жаңалықтар

Дәрігер – мейірімділік пен ізгілік жаршысы

Елордалық балалар бас дәрігері: «Науқастың жанын қинаған ауруды табу ең қиын шаруа»
Дәрігер – мейірімділік пен ізгілік жаршысы
14.06.2019 16:48 17841

Жыл сайын маусымның үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі болып есептеледі. Бұл  – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мейрамы. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен. Мереке қарсаңында елордалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Досмаилов Біржан Серікбекұлымен тілдескен едік. Ол жауапты қызметті жиырма жылдан бері адал атқарып келеді.

Фотода: Біржан Досмаилов

Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден  бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға  ем-шаралар көрсетуден бөлек,  аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен Біржан Досмаиловты адам жанының инженері десек  артық айтқанымыз емес. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген жан адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Алматы қаласының тумасы Біржан Серікбекұлының өмір жолына келсек, оның дәрігерлік жолды  таңдауы да кездейсоқтық емес екендігіне көз жеткізесіз.

– Мен дәрігерлер отбасында дүниеге келдім. Ата-анам қызмет бабымен Жамбыл облысының Шу ауданына қоныс аударып, сол жақтың аудандық ауруханасында бірнеше жыл бойы дәрігер болды. Бала күнімде дәрігер  ата-анама қатты қызығатынмын. Үстіне киген ақ халаттарынан олардың жүректері таза, пейілдері кең, көңілдері кіршіксіз екенін байқауға болатын еді. Міне, сондықтан да балалық шағымнан медицинаға құмар болып өстім. Әлбетте, жаны қиналып тұрған адамға қуаныш сыйлау үлкен бақыт деп санаймын. Сол себепті ақ халат киіп жүргенімді мақтан тұтамын, - дейді бас дәрігер.

Осылайша дәрігер болуды бала кезден армандаған Біржан Досмаилов мектепті тәмамдаған соң, 1994 жылдан бастап С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алады. Ал 2000-2001 жылдары осы жоғары оқу орнында «Хирургия» бойынша интернатураны  ойдағыдай аяқтайды.

– Алғаш еңбек жолымды 2001 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң, ата-анам еңбек етіп жүрген Жамбыл облысындағы Шу аудандық мекемеде жалпы хирург дәрігер болып бастадым. Ал арада төрт жыл өткен соң, яғни 2004-2007 жылдары бас шаһарда орналасқан травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында «Травматология және ортопедия» бойынша аспирантурамды тәмамдадым, - дейді  Б.Серікбекұлы.

Осылайша,  тәжірибесі мен білімі әбден толысқан маман 2017 жылдың қараша айынан бастап, астанамыздағы 350 төсек орны бар №2 балалар ауруханасының бас дәрігері болып қызмет етеді. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласындағы балаларға хирургиялық және травматологиялық шұғыл медициналық көмек көрсететін жалғыз аурухана. Гиппократ антын берген балалар бас дәрігері мұнда елордалық тұрғындардан бөлек, Қазақстанның басқа да аймақтарынан дертіне шипа іздеп келетін балалардың денсаулығына, олардың аяғынан тік тұрып сауығып кетуіне тікелей жауапты маман.

Күнделікті Біржан Серікбекұлының жұмыс күні сағат таңғы 7.00-ден басталады.

– Күн сайынғы жұмысым таңғы 7:00-ден аурухананың бөлімшелерін аралаудан басталады. Әсіресе тәуліктік жарақат пункті мен шұғыл хирургия қабылдау бөлімшесіне аса мән беремін. Ал бір жарым сағаттан кейін, яғни сағат 8:30-да таңғы жиналысымыз болады. Мұнда ем алып жатқан балалардың жағдайын талқылаймыз. Жиналыстан соң мен жансақтау бөлімшесінде жатқан балаларға барып, олардың  жағдайын   көріп, бақылап қайтамын. Түстен кейін түрлі сұрақтармен келген азаматтарды және  ата-аналарды қабылдаймын. Апта бойынша бөлінген уақытқа сәйкес құрылымдық бөлімшелермен бірлесе жұмыс атқарамыз. Осы басқосуларда ауруханамыздың медициналық, шаруашылық және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету және қаржы секілді өзге де мәселелер бойынша жұмыстармен айналысамыз, - дейді мекеменің бас дәрігері.

Күнделікті жұмыс барысын баяндаған кейіпкеріміз әр науқасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілімен қамқорлық таныту өте маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі, денсаулық адам  өміріндегі ең қымбат байлығы болғандықтан, оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер  қателігін ешкім де кешіре қоймас. «Бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созуға дайын болу керексің» деген Біржан Серікбекұлы әсіресе кішкентай науқас балалардың көңілін табу қиынға соғатынын жасырмады.

– Ең бірінші кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табу керек. Сосын жанын қинаған ауруды дөп басу – ең қиын шаруа. Әсіресе, дертіне шипа іздеп келген адам – бала болса, тіптен қиын. Өйткені ол өзінің дәл қай жері ауырып тұрғанын наақты айта алмайды. Сол себепті  дәрігермен қоса психолог болуға да тура келеді. Әрине, өз ісінің маманы осы айтқан дүниелерді оңай іске асырады деп ойлаймын, - дейді білікті маман.

Бүгінде балалар дәрігері мамандығын екінің бірінің таңдауға батылы бара бермейді. Себебі, білікті дәрігер болу үшін тек жоғары оқу орнын бітіру аздық етеді. Сезімталдық, үлкен жауапкершілік, ұқыптылық әрі күн сайын жаңа нәрсені білуге, үйренуге асық болу арқылы бұл мамандықты меңгеріп, шыңына шығуға мүмкіндік бар.

Жүрегі мейірім мен шапағатқа толы ізгі жан дәрігерлік қызметінен бөлек, түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырып, солармен  айналысуға да уақыт табатынын айтады.  

– Мұндай шаралар ең бірінші кезекте халыққа барынша көмек көрсетуге бағытталған. Ашық есік күндерін өткізу, қоғам алдында дәрігердің имиджін көтеру, аурухана аймағында ағаш отырғызу, ауруханамызда болып жатқан соңғы жаңалықтарға қатысты  бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беру сынды басқа да шаруалармен айналысамыз. Сонымен қоса, ауруханамыздың дәрежесін көтеру мақсатында белсенді серіктестерді іздеу жұмыстарын да қатар алып жүреміз. Біздің емделушілерге медициналық аса маңызы көмек көрсетуге өзінің сүбелі үлесін қосатын шетелдік әріптес-мамандарды шақырып, шеберлік сағаттарын ұйымдастыруға да ерекше мән береміз, - дейді бас дәрігер.

Мыңдаған науқастарды кеселінен айықтыруға өзіндік үлес қосып келе жатқан елордалық дәрігер алдына көмек сұрап барғандардың бетін қайтарып көрмепті. Өзінің қоғамға қызмет етуде ең әуелі қарапайым адамгершілік ұстанымдарын жоғары қоятындығынан ақ халатты дәрігеріміздің  қандай қызметкер екенін байқауға болады.

Өзінің көп жылғы еңбегінің нәтижесінде Біржан Досмаилов  көптеген марапаттауларға ие болып келеді. Бүгінде ол – медицина ғылымының  кандидаты, травматология және ортопедия бойынша жоғары санаттағы дәрігер. Оған қоса, МВА бойынша іскер әкімшілік магистрі мен «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бірінші санаттағы білікті маман. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты атынан түрлі алғыс грамоталарымен, «Қоғамдық денсаулық сақтау үздігі» медалімен марапатталған. 

Адам денсаулығының сақшысы елордалық Біржан Серікбекұлы өзінің ақ адал еңбегімен көпшіліктің қошеметіне бөленіп жүр. Қаншама жанның өміріне арашашы, дертіне дауа табушы маман иелеріне әрқашан сенім артамыз! Ақ жүрек пен аялы алақан иелерінің алдағы кәсіби төл мерекесі құтты болсын!

(Суреттер   Біржан Серікбекұлының  жеке мұрағатынан

 алынды)

Осыған ұқсас қызықты материалдар:

Аса қажетті анализдер мен екпелер тізімі 

Бала жүрегінің "емшілері"

Сау жүрек - салауатты өмір кепілі

Медицина - мемлекеттің мық шегесі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға