Жаңалықтар

Дәрігер тісті сақтап қалудың құпиясымен бөлісті

Тіс дәрігері, терапевт, хирург Мират Куралгалиевпен сұхбат
Дәрігер тісті сақтап қалудың құпиясымен бөлісті
Фото: El.kz 19.01.2023 18:00 4181

«Тәні саудың – жаны сау» демекші, бұл дүниеде денсаулықтан асқан байлық жоқ. Десе де оны екінші орынға ысырып қойып, немғұрайлы қарайтындар да жеткілікті. Соның кесірінен өміріне кері әсерін тигізетін түрлі аурудың қалай пайда болып, тіпті кейде асқынып кеткенін де аңғармай қалып жататын кездер болады. Қазіргі таңда адамдардың арасында өзекті мәселеге айналған дерттің бірі – тіс ауруы. Дер кезінде дәрігердің қажет емін қабылдамаса, іс насырға шабуы әбден мүмкін. Бүгін біз тіс ауруына қатысты сауалдарымызға жауап беретін білікті маман, тіс дәрігері, терапевт, хирург Мират Куралгалиевті кейіпкер еттік.

- Тіске күнделікті қандай күтім жасау қажет?

- Кез келген адамға тіс гигиенасын сақтай білу – өте маңызды. Себебі тіс ауруының барлығы гигиенаны дұрыс ұстанбағаннан пайда болады. Тіпті оны күніне 2 рет тазалауға ерінетіндер де баршылық. Болашақта түрлі ауру пайда болмас үшін тісіңізге таңертең және кешкі уақытта кем дегенде 5 минутыңызды арнауыңыз қажет.

- Ауыз қуысындағы жағымсыз иіспен қалай күресуге болады?

- Алдымен бұл мәселенің шығу себебіне тоқтала кетейік. Ауыз қуысынан  иіс шығуына әсер ететін түрлі фактор бар. Ол асқазан ауруларынан да, тістің өзінен де пайда болуы мүмкін. Мұндай мәселемен көмекке жүгінген емделушілерді терапевтке, гастроэнтерологқа жолдаймыз. Дәрігердің қабылдауынан өтіп, анализдерді тапсыру нәтижесінде өзінің проблемасын анықтай алады.

Бұл мәселеден арылу үшін тек ауыз қуысын шайқап, сағыз шайнап қана жүре беру жеткіліксіз. Оның түпкі шығу себебін анықтай отыра емдеу қажет. Сол кезде ғана ауыз қуысынан иіс шықпайтын болады.

Дәрігер тісті сақтап қалудың құпиясымен бөлісті

- Тісті жылына неше рет емханада тексерістен өткізген жөн?

- Негізі тісті жылына кем дегенде 2 рет тексертіп тұру қажет. Сонда олар енді басталып келе жатқан аурудың алдын ала алады. Қазір кез келген емханада дәрігерден тегін кеңес алуға мүмкіндік бар. Сондықтан тістеріңізді уақытылы көрсетіп тұруға кеңес беремін.

- Қазіргі таңда адамдар тісін ағартып, әдемі көрінуге құмар. Оны жасату процесстері денсаулыққа зиян емес пе?

- Жалпы адамның тісінің табиғи түсі сарғыштау болып келеді. Оны ағарту не сол күйінде қалдыру туралы шешімді емделушінің өзі қабылдайды. Тіске зиян келтіріп алмас үшін тәжірибелі тіс дәрігерінің көмегіне жүгініп, оның профессионалды аппараттарды қолданып жатқанына көз жеткізу керек.

Ал дәрігердің көмегенсіз арнайы түрлі тіс пастасы мен жапсырмаларды қолдану тіске кері әсерін беруі мүмкін.

Дәрігер тісті сақтап қалудың құпиясымен бөлісті

Дәрігер тісті сақтап қалудың құпиясымен бөлісті

- Емделушілеріңіз сізге көбіне қандай диагнозбен көмекке жүгінеді? Тіс ауруының қай түрі жиі кездеседі?

- Тіс дәрігері ретінде балаларды да, ересектерді де қабылдайтын болғандықтан көбі маған кариесті емдетуге келеді деп айта аламын. Бұл тіс ауруының көзге көрінетіні де, көрінбейтіні де болады. Оны рентген аппаратымен түсіру арқылы анықтаймыз. Егер кариес асқынып кететін жағдайға дейін жетсе, артынан пульпитке айналады.

- Өміріңізде сізге қандай тіс ауруын емдеу қатты қиынға соқты?

- Адамның денсаулығына кері әсерін тигізетін күрделі тіс ауруының бірі – периодонтит. Ол инфекцияның тістің түбірінен өтіп, зақымдануына алып келеді. Тіпті кейде емге келмей, оны жұлдыртып тастауға тура келетін жағдайлар да кездеседі. Егерде тістегі инфекция таралып кетсе, созылмалы остемиелит ауруын туғызады. Яғни тістегі ірің сүйекке қауіпті шауып, оның кемуіне дейін жеткізеді. Ол өте қауіпті ауру.

- Байқауымызша, қазір ересектерден бөлек, балаларда да түрлі тіс ауруы жиі пайда болып жатады. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

- Қандай ауру түрін алып қарасақ та оның жастарда пайда болу мүмкіндігі ұлғайып бара жатыр. Бұрындары адамның 50-60 жасында шығатын ауру түрлері қазір 30-40 жасында шалдығуына әкеліп соғуда. Мұның стоматологияға да қатысы бар. Менің қазір жасым 25-те болса да бірде-бір рет тіс дәрігеріне барып, емделіп көрмеппін. Ал маған тісін емдетуге келетін балалардың жасы небәрі 3-4-те. Олар тіпті бір емес, бірнеше тісін қатарынан көрсетіп жатады. Тіс ауруының жастайынан пайда болуы күнделікті жеп-ішіп жүрген тағамдарына да байланысты. Кейде ата-аналар балам жыламасын деп шектен тыс тәттіні бере береді. Соның кесірінен баланың тісі аурады. Өзіме кеңес алуға келген әрбір ата-анаға айтар бір ақыл-кеңесім бар: «Балаңызға тәтті мүлдем бермеңіздер деп айтпаймын. Тек шамадан асырмай, белгілі бір мөлшерде ғана беріңіз. Бүлдіршін тәттіні жеп біткеннен кейін міндетті түрде тісін щеткасын сулап тазалап шығыңыз. Егерде жеген тәттісі тісінде 1-2 сағат жабысып тұрып қалатын болса, ол ақырындап тістің эмалін құрта бастайды» деймін.

- Балалардың тісі шыға бастаған кезден бері оған қандай күтім жасау керек?

- Тіс енді шыққан сәттен бастап оны сумен тазалап отыру қажет. Бұл жерде мен өз баламды мысалға келтіре аламын. Ол бір жаста ғана. Баламның қазір 8 тісі бар. Әйелім екеуміз күнделікті бос уақытымызда тісін жай сумен ысып, тазалап отырамыз. Сіздер де баланың тісін үнемі тазалау арқылы оны құртпай, сақтап қалуға мүмкіндік жасай аласыздар.

Дәрігер тісті сақтап қалудың құпиясымен бөлісті

- Тіс емдету құны неліктен қымбат тұрады?

- Біріншіден, емделуішінің еміне төлейтін қаражаты – дәрігердің еңбегінің ақысы. Себебі қаншама жыл бойы алған білімінің арқасында сіздің тістеріңізді құтқарып қалу үшін жұмыс істейді. Екіншіден, тісті емдеуге арналған сапалы аппараттардың құны өте қымбат. Емге қажет аппараттар Қазақстанда жоқ болғандықтан, оның басым көпшілігін шетелден алдыртуға тура келеді. Сондықтан біреуінің бағасы бір миллион теңгеден де асып кетуі мүмкін. Яғни тіс емінің бағасын белгілеген кезде жоғарыда атап өткен жайттар ескерілетін болады.

Дәрігер тісті сақтап қалудың құпиясымен бөлісті

Біз емханаға келген емделушілерге көмек көрсетпестен бұрын алдымен бағасын айтып, ақылдасып аламыз. Себебі әр адамның жағдайы, мүмкіндігі әртүрлі болады. Ондай кезде түсіністікпен қарауға тырысып, бұл мәселені шешудің түрлі жолын ұсынамыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға