Коллаж El.kz

«Дәрігер бір күнде 1400 адамды қабылдаған». Депутаттар МӘМС туралы мәлімдеме жасады

30.01.2026 12:25

Қазақстанда әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өрескел заңбұзушылықтар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саладағы жемқорлық пен қаржы жымқыру деректерін ашық айтып, жауапты органдарға нақты тапсырмалар берген еді. Соның нәтижесінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына кешенді тексеру басталды.

Тексеру нәтижелері саладағы күрделі проблемалардың барын көрсетті. Мәселен, Астанада бір дәрігердің бір күнде 1400-ден астам науқасты «қабылдағаны», ал басқа бір медицина қызметкерінің бір айда шамамен 5 мың адамды тіркегені есептерде көрсетілген. Бұдан бөлек, қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілді деп рәсімделген жағдайлар, пациенттің жынысына сәйкес келмейтін скринингтер, тіпті ер адамдарға жасалған маммографиялар да тіркелген. Осыған байланысты халық қалаулыларынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қазіргі ахуалы туралы пікір сұрадық.

Оқи отырыңыз: 

Бұл жағдайға қатысты Мәжіліс депутаты Айдос Сарым медициналық есептің ақылға сыймайтынын атап өтті:

Бір дәрігер күніне 1400 адамды қабылдаған дейді. Сегіз сағат жұмыс істесе, әр адамға бірнеше секунд қана тиесілі болады. Кабинеттің есігін ашып-жауып үлгермейсің. Бұл – жүйедегі оңбағандықтың нақты көрінісі, – деді депутат.

Ал депутат Ермұрат Бәпи медициналық сақтандыру жүйесіндегі түйткілдер бір күнде пайда болмағанын айтады. Оның сөзінше, бұл – соңғы он жылда толық реттелмей келген мәселе.

Бұған дейін де күмәнді ұйымдар болды, тіпті олардың басшылары елден кетуге мәжбүр болған жағдайлар кездесті. Қазір медицина саласы реформадан өтіп жатқан жүйе. Дәрі-дәрмек бағасы, дәрігермен қамту мәселесіне байланысты қоғамда наразылық көп. Сондықтан сала басшылығының ауысуы – қалыпты процесс, – деді ол.

Депутат Ардақ Назаров бұл жағдайды тек саладағы жауапсыздықпен байланыстырады және қатаң құқықтық баға берілуі тиіс екенін айтады:

Мұндай жемқорлық пен қаржы жымқыру – азаматтыққа сай әрекет емес. Бұл – жауапкершіліктің жоқтығынан. Прокуратура тексеріп, кімнің басында тұрғанын, ақшаның қайда кеткенін толық анықтауы керек, – деді депутат.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы қаржылық қитұрқы әрекеттер әшкереленгенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімді қолдады. Тиісті тексерулер басталып кетті, кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады, – деді премьер-министр.

Сондай-ақ қордың ақпараттық жүйесі 1 шілдеге дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялануы тиіс. Бұл қадам бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтар ай сайын өз табысының 2 пайызы көлемінде, ал жұмыс берушілер 3 пайыз мөлшерінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарна аударады. Ал халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін жарнаны мемлекет төлейді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)