Жаңалықтар

Дәрі-дәрмек бағасы 30%-ға қымбаттаған

Дәрі-дәрмек бағасы 30%-ға қымбаттаған
Фото: gov.kz 10.02.2023 17:41 2134

Еліміздегі дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуін тежеу үшін Көтерме және бөлшек сауда нарығы жылына екі рет дәрі-дәрмектердің шекті бағасын бекітеді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ол дәрілік заттарға шекті бағаны қалыптастыру үшін тетіктер көзделгенін атады.

«Көтерме және бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмектердің шекті бағасына келетін болсақ, Денсаулық сақтау министрлігінің ағымдағы жылғы 10 қаңтардағы бұйрығымен 6 715 дәріге шекті баға бекітілді. Бұл ретте, қолданыстағы 4 296 дәрі бойынша өткен жылдан бері шекті баға өзгерген жоқ. 1 918 дәріге өндіруші зауыт бағасының өсуіне байланысты бағалар орта есеппен 30% өсті. 501 дәрі бағасы орта есеппен 7% төмендеді», - деді вице-министр.

Дәрілік заттарға белгіленген шекті бағаны көтергендер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын бақылау шеңберінде 2020-2022 жылдары 243,3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бағасының шекті бағадан асып кетудің 911 факті анықталғанын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға