Жаңалықтар

Дархан Кәрім: «Табандылық – табыстың кілті»

Ең бірінші адамға табандылық керек
Дархан Кәрім: «Табандылық – табыстың кілті»
29.03.2017 14:59 8640

Бүгінгі нарықтық экономиканың дамыған заманында көпшілік жеке кәсіпкерлікпен айналысуды қалайды. Дегенмен, мақсатын жүзеге асыру жолында сәтсіздікке ұшырап, бастаған ісін тастап кетіп жататындар қаншама?! Осы орайда, «Madeni express» ас көлігінің иесі, белгілі журналист Дархан Кәріммен бизнес әлеміне қадам басудың жолдары жөнінде әңгімелескен едік.

Дархан мырза, ең әуелі, бүгінгі қолға алған кәсібіңізге қалай келдіңіз, дәл осы бизнес түрімен айналысуға не себеп болды сол жөнінде айтып берсеңіз.  

— Қаламызда Қуаныш Шоңбай есімді кәсіпкер ашқан «Versus» қолданбалы жетістік академиясы бар. Сол академияның «Vertex» деп аталатын бір айлық курсына қатысуды жөн көрдім. Оқу барысында «мықты болсаң - өзіңді жең» деген ұранды негізге ала отырып, сан түрлі тапсырмаларды орындадық. Алғаш келгенімізде «жақсы нәтиже көрсеткен адам курс соңында «Foodtruck» жобасына ие болады» деп айтылған еді. Сол қатысқан он төрт адамның ішінен үшеуіміз финалға шығып, нәтижесінде бірінші орын маған бұйырды. Міне, осылай «Жылжымалы асхана», яғни «Foodtruck» бизнес-жобасына қол жеткіздім. Жалпы, мен үшін бұл курс үлкен мектеп болды.

Білуімше, бизнес-тренингтерге жиі қатысып жүресіз. Мұндай шараларға белсенді қатысуыңыз кәсібіңізді ілгері жылжытуға септігін тигізе ме?

— Стивен Кови есімді аты аңызға айналған белгілі бизнес жаттықтырушының  айтуынша адам үш түрлі жағдайда жедел дамиды екен. Оның біріншісі - жеті жасқа дейінгі бала, екінші – адам тығырыққа тірелген кезде және үшіншісі – осындай бизнес-тренингтерге қатысқан тұста. Сондықтан да адамның тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру барысында мұндай тренингтердің маңызы зор. Жалпы, бизнес ашу барысында қателікке ұрынбайтын  кәсіпкер болмайды. Бұл – заңдылық. «Қателіктен қорықпа, қателік жасамаудан қорық» немесе «қателеспейтін бір-ақ адам бар, ол – әрекетсіз бос жатқан адам» деген нақыл сөздер бар. Яғни қай сала болса да, қателесу - адамға тән құбылыс. Ал осы бизнес-курстар сол қателіктерді азайтуға көмектеседі әрі белгілі кәсіпкерлердің еңбек жолынан сабақ алып, мейлінше қысқа мерзімде жетістікке жетуді үйретеді. Яғни тренингті жүргізетін білікті мамандар бағыт-бағдарыңды анықтап, дұрыс жолды көрсетеді.

Жалпы, кәсіп ашуды ойға алған адам ең әуелі неден бастағаны жөн?

— Білімнен. Бір істі бастамас бұрын ең әуелі сол жөнінде көп мағлұмат алу керек. Біліміңді тереңдету керек. Дегенмен, білім қуып, курстан курсқа, тренингтен тренингке барып, біршама уақыт жүріп қалатын кездер болады. Міне осы тұста өзара тепе-теңдікті сақтай білген жөн. Жинақтаған теорияңды дер кезінде тәжірибеге асыра білу маңызды. Жалпы, адам ойына келген идеясын 72 сағатта жүзеге асыруы тиіс екен. Тым болмағанда бір қадам болсын жасап қоюы керек. Олай болмаған жағдайда адам сол идеясынан алыстай береді. Ал уақыт өткен сайын ол жоспары маңыздылығын жоғалтады.

Бизнес саласын игеруге ден қойдыңыз. Осы тұста тәжірибе жинақтап, нарық заңдылықтарымен танысудасыз. Сіздің ойыңызша Алматыда кәсіптің қандай түрлерімен айналысқан тиімді?

— Нақты мынадай кәсіпппен айналысу керек деп айтуға келмейді. Себебі, Алматы - нарықтың барлық түрлерін қамтыған ірі мегаполис. Еліміздің өзге қалаларына қарағанда ерекше қарқынмен дамыған бағыт ретінде сауда-саттық нарығы мен қызмет көрсету саласын атап өтуге болады. Жалпы бизнес ашуда ең бастысы - таңдаған бағытыңды жақсы көруің керек. Олай болмаған күнде ісің алға баспайды. Сосын қазір «жұрттың бәрі сұлулық салонын ашып жатыр, болмаса мынадай бір бизнеспен айналысып жүр» деп біреуге еліктеп кәсіп ашуды жоспарлайтындар бар. Мысалы, өзі мұғалім бола тұра шаштараз ашуды көздейтіндер болады. Жалпы, бір кәсіпті бастамас бұрын оның ішіне кіріп, қазанында қайнап, ыстығы мен суығын өн бойыңнан өткізе білуің керек. Сонда ғана бастаған ісің нәтижелі болады. Яғни, кем дегенде жарты жылдай сол кәсіптің басы-қасында жүріп зерттеуің қажет. Сосын мына бизнесте «DICEE» деген ұғым бар. Бұл ұғым адамның қажеттілігін толығымен өтей білу дегенді білдіреді. Ол үшін кәсібің негізгі бес критерийге сүйене отырып жүргізілуі керек. Ең бірінші, қызмет көрсету жаң-жақты, терең, сапалы ойластырылған болғаны жөн. Екіншіден, оның сырт пішіні, қорабы, дизайны әдемі болуы шарт. Үшіншіден, қызмет түрі соңына дейін толық жеткізілген болуы тиіс. Мысалы, қазір елімізде емдік мақсаттағы бір өнім сатылады. Мұны алған клиентке сол компанияның қызметкерлері үнемі хабарласып, хал-жағдайын сұрап, тегін кеңес беріп отырады. Міне, бұл дәл сол сияқты. Төртіншіден, тұтынушының қажеттілігін түсіну, тұрмысын жеңілдету. Мысалы, алғаш телефон пайда болғанда адамдардың өмірі едәуір жеңілдеді ғой, хат арқылы емес, тікелей хабарласа алды, шаруаны шұғыл шеше алды. Ал қазіргі смартфондар қандай? Хабарласумен бірге, хат жазуға, ватсаппен сөйлесуге, музыка тыңдауға, интернетке кіруге т.б қызметке өте ыңғайлы. Бесіншіден, адамға ой салатын болуы керек. Яғни, палау жегісі келген адамның ойына бірден біздің ас көлігіміздің палауы түсуі керек дегендей. Кәсіпті осы «DICEE» ұғымына негіздеп жүргізе білу керек.

Дөңгелетіп жүрген кәсібіңізге тоқталып өтсеңіз. Бұл жаңашылдықты халық қалай қабылдауда?

— Жылжымалы асхананың атауын «Madeni express» деп қойдық. Бұл іске кіріскеніме екі айдай уақыт болды. Әзірге жүргізуші, есепші, маркетолог сынды қызметтің барлығы өз мойнымда. Көлікті кісі аяғы үзілмейтін жерлерге қоюға тырысамын. Ас көлігі ұсынатын тағам мәзіріне келетін болсақ, ыстық тағамдардың барлық түрлері бар, сондай-ақ сұранысқа байланысты сэндвич, бургер, хот-дог сынды тез әзірленетін асты да қостық. Жаз мезгілінде балмұздақ пен салқын сусын түрлерін енгіземіз. Жалпы бұл бизнес түрі шетелде жақсы дамыған. Біздің халық үшін шыны керек, көшеде тұрып тамақ жеу әлі де жат нәрсе. Қазақ тұрып тамақ ішпейтін халық қой. Содан болар, сатып алушыларымыздың басым бөлігі - студенттер, жастар қауымы.

Орындарыңызды жиі ауыстырып тұрасыздар ма? Сіздерді қай көшелердің бойынан кездестіруге болады?

— Менің бір түсінгенім, күн сайын әрбір жерден табылғаннан гөрі тұрақты бір жерде тұрған дұрыс сияқты. Қазіргі таңда Горький атындағы саябақтың әкімшілігімен келісім жүргізіп жатырмын. Алдағы уақытта сол жерде тұрсақ па деген ой бар. Негізі белгілі бір мекемелердің алдында тұру үшін ресми хат жазып, келісімін алу керек. Оның өзі біршама уақытты алады. Ал жалпы, жер кодексінің 48-бабы бойынша көшелерде, белгілі бір мекемеге тиесілі емес кез келген жерде тұра беруге болады. Елімізде ресми түрде тіркелмеген бизнес түрі болғандықтан, ас көлігіне шектеу қойылмаған. Сондай-ақ жылжымалы асхана болғаннан кейін алдын ала келісім бойынша белгілі бір ұжым немесе топпен бірге тауға, демалыс орындарына барып қызмет көрсетеміз. Жаңағы құдалық, туған күн және өзге де мерекелік іс-шараларға шақыртумен барамыз.

Сіз үшін жетістікке жетудің құпиясы неде?

— Негізі кәсіп болсын, басқа болсын кез келген салада ең бірінші адамға табандылық керек. Табандылық танытпай, орта жолдан бұрылып, бір істі соңына дейін апармасаң, еш уақытта жетістікке жетпейсің. Сондықтан да табандылық - табыстың кілті деп ойлаймын. Бірақ, сол табандылыққа да мотивация керек. Ісің алға жүрмей жатса, болмаса қиындықтар туындаған сәтте адам күш-жігерін сарқып алмауы тиіс. Жалпы, бір істі алғаш бастағанда оның жүрмей қалу қаупі бар. Сондықтан, қолға алған бір кәсібім сәтсіз шықты деп теріс айналуға болмайды. Үлкен жетістікке жеткен кәсіпкерлердің көбі бизнестің 10 түрін ашып көруге кеңес береді. Сол он кәсіптің біреуі міндетті түрде сенің бағыңды ашады. Мысалы, Стив Джобс немесе Билл Гейтс смартфон мен компьютерге дейін де талай бизнесті қолға алған. Алайда, айы оңынан тумады. Сол сияқты отызға жуық әні бар әншінің бағын тек бір ғана ән ашады. Жалғыз ән үлкен танымалдық әкеледі. Сондықтан да өткен қателіктеріңнен сабақ алып, білім мен тәжірибені ұштасыра отырып кәсіп ашсаң жетістікке жетудің ықтималдығы жоғары болады.

- Әңгімеңізге рахмет! Толайым табысқа жетіңіз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға