Жаңалықтар

Дархан Қыдырәлі Баку жаһандық форумына қатысты

Дархан Қыдырәлі Баку жаһандық форумына қатысты
Фото: facebook.com/darhan.hidirali 09.03.2023 21:30 1115

Әзербайжанда "Бүгінгі әлем: сындар мен үміттер” тақырыбындағы Х Баку жаһандық форумы басталды. Үш күнге жалғасатын форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиевтің қатысуымен басталған, көптеген елдердің мемлекет қайраткерлері мен интеллектуалдарының басын қосқан форумда сөз сөйледік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында “тәртіп пен жауапкершілікке негізделген халықаралық жүйенің хаос пен белгісіздік алдында есе жіберіп алғанын” айтқан еді. Осы ойды тарқата отырып, қазіргі жаһанның және аймақтың алдында тұрған сын-қатерлер, оның ішіндегі климат, азық-түлік және ядролық қауіпсіздікпен қатар, постшындық дәуірінде белең алған гибрид соғыстары ақпараттық қауіпсіздікке де ерекше назар аудару қажет екенін қаперге салдық", - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Министрдің айтуынша, жалпы жаңа технологияның дамуы адам өміріне артықшылақтар берумен қатар, сын-қатерлермен де бетпе-бет келтіріп отыр.

"Мәселен, көптеген ғалымдар жасанды интеллект мемлекеттердің жұмысын жақсартады және ХХІ ғасырда қоғамның күрделі мәселелерін шешеді деп болжайды. Алайда медиа мен цифрландырудағы этика мәселесі алдан шығып отыр. Сондықтан жасанды интеллектіні дұрыс пайдалануды реттеу, сондай-ақ, оны қолдану құқығын қалыптастыру мәселелері зияткерлік ортада кеңінен талқылануы тиіс. Сонымен бірге бізді жалғап жатқан, бөлмейтін, керісінше біріктіретін Каспий теңізінің экологиялық жағдайына да назар аудару қажет екенін тілге тиек еттік", - деп жазды Дархан Қыдырәлі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға