Жаңалықтар

"Дәретханаға да бара алмауы мүмкін". Аймағамбетов елорда мектептеріндегі ахуалды айтты

"Дәретханаға да бара алмауы мүмкін". Аймағамбетов елорда мектептеріндегі ахуалды айтты
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 06.09.2023 13:44 2452

Астана мектептерінің бірінде оқушылар тапталып қала жаздады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутат мектептегі бала санының көптігін жаңа көпқабатты үйлердің артуымен байланыстырды.

Ол мектептегі жағдайды мен де көрдім. Жалпы үлкен қалаларды салғанда қаншама көпқабатты үйлер салынады. Осы көпқабатты үйлерді салуға, егер әлеуметтік инфрақұрылымы болмаса, рұқсат берілмеу керек. Бізде жап-жақсы мектеп салынады, оларды салған кезде алдын ала болжам жасайды, осыншама үйге шамамен қанша мөлшерде мектеп керек екенін. Заң бойынша мектептер бір ауысымды болып жұмыс істеуі керек. Жанына 5-6 көпқабатты үй салғаннан кейін мектеп бір жылдың ішінде 3 ауысымды мектепке айналады. Сондықтан 3 ауысымды мектептерде жақсы білім сапасын қамтамасыз ету мүмкін емес, - деді мәжілісмен.

Аймағамбетов осы мәселе бойынша мәжіліс депутаттары тиісті норманы заңға енгізіп жатқанын айтты.

Көпқабатты үйді салатын кезде бірінші кезекте оның әлеуметтік инфрақұрылымы болу керек. Егер әлеуметтік инфрақұрылымы жеткілікті деңгейде болмаса, онда көпқабатты үйлерді салуға рұқсат бермеу керек. Бірақ, бізде рұқсат беріп жатыр. Сондықтан рұқсатты бергізбеу үшін біз тиісті норманы қабылдап жатырмыз, - деді ол.

Депутат мектептегі оқушылардың қауіпсіздігін мектеп әкімшілігі реттеу керек екенін айта кетті.

Сондықтан бұл мәселелерді реттемесе болмайды. Әрине, 1200-ге арналған мектепте 5000 бала оқитын болса, білім алмақ түгелі дәретханаға баруға, тамақтануға, киім ілгіш бөлмесіне кіріп-шығудың өзіне үлкен кедергісін жасайды. Тиісті үзілістердің болатын уақытын да қарау керек. Сондықтан мұндай қиын жағдайда қандай білім жайында айта аламыз, - деді Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, Астанадағы №71 мектептегі оқушылардың тапталып қала жаздаған видеосы желіде тараған болатын. Белгілі болғандай, бұл мектепте оқушылар 3 ауысым бойынша оқиды екен.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға