Жаңалықтар

Дара қолтаңбалар

Астанада “Ежелгі. Өзекті. Майталман даралар” көрмесі ашылды
Дара қолтаңбалар
18.01.2019 18:14 5715

Астана қаласында тұсауы кесілген Pygmalion арт-галереясының алғашқы көрмесі танымал суретшілердің раритет туындыларымен ашылды. Қойылған суреттердің барлығы - белгілі суретші Ерболат Төлепбай мен оның қызы Данагүлдің жеке коллекциясы.

25 жыл бойы жиналған коллекция қатарында Альберхт Дюрер, Пабло Пикассо, Анри Матисс, Марк Шагал сияқты әлемге әйгілі суретшілермен қатар, қазақстандық сурет өнерінің бастауында тұрған Әбілхан Қастеев, Шаймардан Сариев сынды майталмандардың жұмыстары бар.

Көрмеде қойылған өнер туындыларының көбі графикалық суреттер. Мұндай жұмыстар түпнұсқа болса да, аукциондық бағалары көңілге қонымды болатын көрінеді. Суретші Ерболат Төлепбайдың айтуынша, коллекция жинау біздің елге жаңадан келген сала болғанымен, әр екінші қазақстандық коллекционер атана алады. “Өнер - ұрпаққа қалатын мұра. Оның үстіне, бұл анау айтқандай қымбат емес. Меніңше, әр екінші адам белгілі суретшінің қолтаңбасын иемдене алады”, - дейді ол, - ”Ал егер оны үйіңіздің қабырғасына іліп қойсаңыз, оны көрген балалардың бойында да өнерге деген қызығушылық оянады. Сондықтан бұл бізге керек дүние”.

Соңғы бес жылда әкесімен бірге жұмыс жасап жүрген Данагүл Төлепбай өзі басшылық ететін арт-галереяның есігін неліктен отбасылық коллекциямен ашуды жөн көргенін айтып өтті. “Әр өнер туындысының өз маңызы мен энергиясы бар. Көрмеде қойылған жұмыстардың барлығы біздің көңілімізден ерекше орын алған суреттер. Ал алдағы уақытта бұл коллекция Pygmalion арт-галереясының тұрақты экспозициясына айналатын болады. Pygmalion көпшіліктің назарына XV-XX ғасырдың сурет өнері классиктерінің туындыларын ұсынатын Орта Азиядағы бірінші галерея болмақ”, - дейді ол. “Ежелгі. Өзекті. Майталман даралар” көрмесі 1 наурызға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға