Дани Алвес Португалиядағы клуб сапында өнер көрсетуді көздейді
Әлемдегі ең көп трофей иелерінің бірі, бразилиялық футболшы Дани Алвес Португалияның үшінші дивизионында ойнайтын «Сан-Жуан-де-Вер» клубының әріптесі атанды, деп жазады Еl.kz интернет порталы.
Алвестің командаға келуі – тек құрылымдық өзгеріс емес, «әлемді бағындырған тәжірибе мен үмітін ешқашан жоғалтпаған клубтың рухының кездесуі» деп бағаланып отыр.
Қазіргі уақытта «Сан-Жуан-де-Вер» А тобының соңғы орнын бөліскен. ESPN-нің жазуынша, Алвес 2026 жылы кәсіби футболға оралып, осы клуб үшін ойнауды қарастырып жатыр.
Алвес кәсіби мансабында Бразилия құрамасы мен «Барселона», «Севилья», «Ювентус», ПСЖ сияқты клубтарда 43 трофей жеңіп алған.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтарында Алвес Барселонадағы түнгі клубта зорлау ісі бойынша қамауға алынған. 2024 жылдың ақпанында оған төрт жарым жылдық түрме жазасы берілген, бірақ 2025 жылдың наурызында апелляция арқылы ақталған.

