Жаңалықтар

Данара Саранова: Елімнің мүддесі бәрінен де биік

Әкем – қалмақ, анам – қазақ
Данара Саранова: Елімнің мүддесі бәрінен де биік
29.09.2017 18:17 9069

Бар-жоғы 23 жасында екі мемлекет арасында елшілік қызмет атқарған жандар жайлы естуіңіз бар ма? Біздің бүгінгі кейіпкеріміз міне, сондай жастың бірі. Тәуелсіздіктің аттай құрдасы болған Данара ел дамуына елеулі үлесін қосып жүрген шынашақтай ғана қыз. Бүгінде ол «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы. Шымкенттік ару жаны нәзік болса да, темірдей талаппен өмір сүретін адам. Оның күнтізбесі күні бұрын белгіленіп, сағаты мен минуты жоспар бойынша сырғиды. Уақыттың әр сәтін бағалай білетін еңбекқор жанмен әңгіме құрып, өмірлік қағидалары жөнінде сұрап білген едік.

                       «Арманым алдамады»

Біздің отбасымызда барлығы – медицина саласының қызметкерлері, яғни дәрігерлер. Тек мен ғана басқа саланы таңдадым. Өзім бала күнімнен заңгер болуды армандайтынмын. Оның өзіндік себептері де бар. Туған әпкем момын әрі аңқау адам еді. Әрбір айтылған сөзге сеніп қалады, оны ренжіту де оңай. Сондықтан болар кішкентай кезімнен әпкемнің және өзімнің құқықтарымды қорғайтын маман боламын деп жиі айтатынмын. Арманым алдамады. Жоғарғы оқу орнын заңгерлік сала бойынша тәмамдап шықтым. Жалпы, адам мақсат құру барысында оның әрбір бөлшегін, оған жету жолындағы әрбір элементті көз алдына елестету керек. Яғни, діттеген мақсатқа жету жолын сатылап қойған жөн. Сонда сенің оған жетуден басқа амалың болмайды. Айтпағым, арман-мақсатты санада қалыптастырып қана қоймай, онымен үздіксіз жұмыс жасау керек.

Данара Саранова  – оңтүстік өңірге инвестиция  тарту ісінің маманы, көптеген әлеметтік жобалардың ұйымдастырушысы.

                     

«Әкем – қалмақ, анам – қазақ...»

Мен 1991 жылы Ресей аумағындағы Қалмақ елінде дүниеге келдім. Тегім – Юрьевна болғаннан кейін көпшілік түсінбей «орыспысың» деп жатады. Негізі менің әкем – қалмақ, анамның ұлты – қазақ. Нағашы жұртым осы Шымкент қаласында болған соң, оңтүстік өңірге сонау 92-де көшіп келгенбіз. Өкінішке орай, әкем қатерлі ісік ауруынан көз жұмған. Ол кезде біз сәби едік. Анам әкем дүниеден өткеннен кейінгі бар ғұмырын әпкем екеумізге арнап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Кейде бойымдағы кей қасиеттер анамнан дарыған ба деп ойлаймын. Ол кісінің күш-жігері мен қайраты бізді осы күнге жеткізді. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде әпкем екеуміздің бір жыл мектепке бара алмай қалған кездеріміз болды. Ол кезде кейбір қиыншылықтарды елемей, балалықпен аса уайымға берілмейтін едік. Қазір анамның сол кездегі қайсар мінезіне таң қаламын.

                    «23-імде алғаш рет шекара астым»

Жалпы менің көшбасшылық өмірім университетке келуімнен басталды. Оған дейін тек жатпай-тұрмай сабақ оқумен болдым. Ойлап қарасам, 23 жасқа дейін Шымкенттен ешқайда шықпаған екем. Студенттер альянсына мүшелік ете жүріп талай ауқымды шараларды атқарып, өзімізге жаңа мүмкіндіктер аштық. Бірде АҚШ елшілігінің қолдауымен өзге елдің тілін, мәдениетін көріп, біліп, үйреніп келу мақсатында екі жылдық оқуға конкурс жарияланды. Осы сайыстың грантын жеңіп алып мен алғаш рет шекара астым. Өзге елдің тілін меңгеру арқылы өзіңе мүлдем жаңа әлем ашасың. Маған бір кездері сондай мүмкіндік берген жандарға алғысым шексіз. Елге оралып, оқуды тәмамдап, қолға диплом тигеннен кейін әрине жұмыс іздей бастайсың. Көбі «Шымкентте ақшамен болмаса таныс арқылы ғана жұмысқа орналасуға болады» деп ойлайды. Жалпы ел көлемінде осындай стереотиптің қалыптасқаны рас.

Алғаш университетті бітіріп, жұмыс іздеген сәтте менде де сондай қорқыныш болды. Бірақ бір ірі компанияға келіп, заңгер ретінде өз мүмкіндіктерімді көрсеттім. Ойымдағы жобаларымды, идеяларымды басшылыққа жасқанбай айтуды үйрене бастадым. Міне осы сәттен бастап менде өз ісіме деген сенімділік пайда болды. Сол кездегі жұмыс орным, шығармашылық топ, басшылық бәрі де маған қатты ұнайтын. Бірақ маған сонда да үнемі бір нәрсе жетіспей тұрды. Оның не екенін түсіну үшін өзім оқыған Мұхтар Әуезов атындағы университетке қайтадан оралдым. Мұнда мен екі дипломдық бағдарлама бойынша білім алдым. Яғни бір диплом - Ресейдікі, екіншісі - Қазақстан тарапынан берілді. Бұл үшін әрине конкурстан өтіп, грантты ұтқаннан кейін Ресей халықтар достығы университетіне аттандым. Осылайша, оқудың бірінші жылын Ресейде, екінші жылын Қазақстанда оқып, қолыма магистр дипломын алғаннан кейін ғана өзімді толыққанды маман сезіндім.

                  «Ішкі түйсігім Шымкентке оралуымды тілеп тұрды»

2013 жылы Москвада оқып жүрген тұста мен Варшава тарапынан ұйымдастырылған тағы бір сайысқа қатысып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына өкілдікке алындым. Міне осылай Варшава мен Москваның ортасында жүрдім. Кейін Ресейдегі оқуым аяқталып елге оралғанда, 57 елдің басын біріктірген ұйым ақылдаса келе Қазақстан тарапынан елшілікке мені тағайындайды. Осыдан кейін бір жарым жыл мен Қазақстанның атынан жас елші қызметінде жүрдім. Сол жобаның аясында біз жастарға арнап жаңа заңнаманы жасап шығардық. Оны осы ұйымға мүше елдердің барлығы қолдап, заң өз күшіне енген еді.

Елшілік қызмет атқарған тұста, мен Швецария, Австрия, Сербия және т.б. Еуропаның қалаларының тұрмыс-тіршілігімен танысып, мәдениетін зерттеумен болдым. Жалпы Еуропа елдерінде және Москвадағы елшілік қызметімді атқарып жүрген кезеңдерім қызыққа, жаңашылдыққа толы болды. Кейінірек жұмысқа орналасуға байланысты біршама ұсыныстар жасалды, әрине. Бірақ ішкі түйсігім Шымкентке оралуымды тілеп тұрды. Сол сезімнің жетегінде туған өлкеме қайтып келдім. Осы кезде өзімді біраз уақытқа жоғалтып алғандай күйде жүрдім. Басқа мәдениетті, өмірдің басқа тұстарын көріп келгеннен кейін өзіңнің бұрыңғы ортаңа сол қалпыңда сіңісіп кете алмайды екенсің. Дегенмен елімнің мүддесі мен үшін бәрінен де жоғары. Қоғамға және ел экономикасына пайда әкелу – азаматтық борышым.

«Бізге керегі – жауапкершілік»

Бүгінгі таңда мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында бөлім басшысының қызметін атқарамын. Негізгі мақсатым – Оңтүстік өңірге және жалпы Қазақстанға инвестиция тарту және инвесторларға жобаны қаржыландырудың оң тұстарын көрсету, жас кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнату сынды қызметтер. Әр жобаның әлеуеті - әр түрлі. Сондықтан біз оны жіті зерттеп, әр жобаның тағдырын талқыға саламыз. Жалпы, ғаламдық жаһандану заманында ақпарат ағынына ілесіп отыру үшін үнемі білімімізді жетілдіріп отыру керек. Яғни, бар білімді қанағат көріп бір жерде тоқтап қалуға болмайды. Себебі біздің кеше оқып келгеніміз күні ертең-ақ, жарамсыз болып қалуы мүмкін. Сондықтан жастар білімнің үздіксіз болуы керектігін ескерсе деймін. Содан кейін қазір «мемлекет маған не береді?» деп күтіп отырудың қажеті жоқ. Әркім өз тағдырына - өзі жауапты. Жауапкершілік бұл патриоттық сезімнен туындайтын қасиет. Яғни, елінің ертеңіне жауапты екенін сезінген адам әрекетсіз, біреуге арқа сүйеп отырмасы анық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға