Жаңалықтар

Дәмі мен сәні келіскен бауырсақ

Ұлттық дәм
Дәмі мен сәні келіскен бауырсақ
30.01.2018 13:54 19723

Қазақ қыз-келіншектерінің бәрі бауырсақ пісіре алатынына еш күмән жоқ. Десе де әркімнің бауырсағы әртүрлі шығады. Ең әуелі қамырдың құрамы, ұн илеу әдісі, ұнды ашыту әдісіне байланысты болмақ.

Бүгін El.kz интернет жобасының «Дастарқан» айдары сіздерге бауырсақтың рецептін ұсынып отыр. Бәлкім араларыңызда асүйге енді ғана араласып, тамақ пісіруді меңгеріп жүрген бойжеткендер мен жас келіндер болса кәдесіне жарап қалар.

Дастарханның сәні мен дәмін келтіретін бауырсақ. Олай болса іске сәт!

Ингредиенттер:

1 кг ұн үшін

15 г құрғақ ашытқы

1 ас қасық қант (тәтті болсын десеңіз, қантын көбірек қосыңыз)

1,5-2 ас қасық сары немесе өсімдік майы

Тұз

Алдымен, ашытқы мен қантты шамамен бір стақан жылы суға езіп аламыз. Қаймақтың қоюлығындай болғанша, біраз ұн қосып араластырамыз. Бетін жауып, жылы жерге ашығанша қоямыз.

Шамамен 20 минуттай уақыт жеткілікті (ашқанда, көпіріп көтеріліп тұруы тиіс). Басқа үлкенірек ыдысқа ұнды елеуіштен өткізіп, ортасына ашып тұрған сұйық ашытқы мен майды қосып, қажетіне қарай тұз қосылған жылы суды құйып отырып, жұмсақ етіп қамыр илейміз. Қамырды қатты етіп илеуден сақ болыңыз, мейілінше жұмсақ илесеңіз бауырсағыңыз үлпілдеп тұрады. Дайын қамырдың бетін жауып, жылы жерге қоямыз. Асығыс болмасаңыз қамыр көтерілген сәтте брнеше рет басып, қайта көтерілуін күтіңіз. Дайын болғанда биіктігі екі саусағыңыздай болатындай етіп жаямыз немесе қолымызбен басып жаямыз. Арнайы қалыппен немесе стақанның көмегімен бауырсақтарды кесіп алып, орамалға тіземіз. Бетін жеңіл орамалмен жауып отырамыз. 20 минуттай көтерілгеннен кейін, бауырсақты майға пісіреміз.

Дастарханыңыздан дәм кетпесін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға