Жаңалықтар

«Дәл осы жағдайда қателік іздеу дұрыс емес». Гидротехник мамандар апатты тоқтатуға шақырды

«Дәл осы жағдайда қателік іздеу дұрыс емес». Гидротехник мамандар апатты тоқтатуға шақырды
Фото: Коллаж El.kz 31.03.2024 13:10 15633

Наурыз айының соңғы күндері еліміздің бірнеше облысына оңай болған жоқ. Соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны жүрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қытайдан келе сала су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізді. Президент үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Осы ретте El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі гидротехник мамандармен тілдесіп, алдағы жұмысымыз қандай болу керектігін сұрады.

 Климаттың өзгергенінің белгісі

Гидротехник Аманбек Рамазановтың айтуынша, дәл қазіргі мақсат бірігіп бұл апатты тоқтату.

Дәл осы жағдайда қателік іздеу дұрыс емес. Бүгінде кейбір өңірлердегі гидротехник құралдары өте жақсы жұмыс істеп тұр. Мәселен, СҚО-дағы Сергеев су қоймасы Петропавлды топан судан сақтап тұрғанын айтуымыз керек. Ақтөбе облысындағы су қоймасы да осындай. Ал Қобдада болып жатқан су тасқыны су қоймасы мен гидротехника құралдарына байланысты емес. Биылғы топан судың қарқыны өте қатты болып отыр. Мұндай суды бұған дейін көрмедік. Өзім де осы мәселе төңірегінде ойланып отырмын, – дейді гидротехник.

Сарапшы бұл жерде үлкен объективті себеп бар деп санайды. Өйткені, биыл қыс ерекше болды.

Жылдың басы желтоқсан айында қар жауған жоқ. Ал біраз күн аяз болды. Қар қаңтардың екінші жартысында, ақпан айында қалың түсе бастады. Одан кейін қар аралас жауын-шашын жауып, жер қатып қалды. Енді жер қатып қалғасын, аяқ астынан күн күрт жылынып кеткенде, жерге сіңетін су сіңбей қалды. Осы себептен топан су өзендердің, ауыл-аймақтың арнасына жетуінен болып отырған сияқты, – дейді Аманбек Рамазанов.

Ол осы ретте экологтардың көптен бері жаһандық климаттың өзгеруіне қатысты көтеріп жүрген мәселелері бекер емес екенін айтты.

Бұл бір табиғаттың бізге ескерткені және осындай жағдайлар климаттың өзгергенінің бір белгісі. Қазір бұрын су баспаған жерлерде  су тасқыны жүріп жатыр. Келешекте мұз кептелісі болмау үшін алдымен оны жарып, арналарды ашып қою керек шығар. Алдымен биыл бұл апаттан аман-есен шығайық, әріқарай бұған кінәлілер табылар жатар, – дейді сарапшы.

Дайындық жұмыстары уақытылы жүру керек

Ал инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов мұның артында көптеген факторлар тұрғанын айтты.

Шындығында биыл көп жерді топан су қаптап жатыр. Бұл өте сирек болатын құбылыс. Бірден бір себеп – жаһандық климаттың өзгеруі. Бүгінгі күні жер шарындағы ауаның орташа жылылығы бір жарымнан астам градусқа өсті. Салдары мұхиттардағы судың булануы ұлғайып, циклондардың пайда болуы жиілеп кетті. Қар, жаңбыр көп жауып, көптеген елдерді топан су басып жатыр. Тіпті, араб елдерінде де, шөлейт далаларда да тосын жағдайлар орын алып отыр. Осы климаттық үрдіс тоқтамаса, әріқарай не боларын бір Алла біледі, – дейді инженер-гидротехник.

Сарапшы биылғы солтүстіктегі, батыстағы топан сулар да ауа райының құбылмалы болуының салдары деп отыр.

Әрине, адами факторларды да жоққа шығаруға болмайды. Алла сақтансаң, сақтаймын деген. Біз уақытында дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек еді.  Бірақ соны түсініп, нақты кеңес беретін мамандар жоқ. Бостандық алған күннен бастап, маман даярлау керек екенін ұмыттық. Отыз жылдан астам уақыт арнайы мемлекеттік орган да болған жоқ. Су шаруашылығына тиісті көңіл бөлінген жоқ. Су ресурстары комитеті біресе Ауыл шаруашылығы министрлігінің, біресе Экология министрлігінің қарамағында болды. Комитеттің бастығы Үкіметтің құрамына кірмеді. Ол министрлер су маманы болмағаннан кейін, айтылған уәждерге құлақ аспады, – дейді маман.

Инженер-гидротехник маман мұның бәрі мамандардың жетіспеуінен және басқа саланың мамандарының келгенінен деп отыр.

Облыстардағы, аудандардағы су шаруашылығы мекемелері біртіндеп жойыла бастады. Трестер, жылжымалы механикаландырылған колонналар (ПМК) құрдымға кетті. Сақталып қалған мекемелердегі бұрынғы білгір мамандар зейнетке шығып кетті, не болмаса бақи болды. Маман даярланбағаннан кейін олардың орнына зоотехниктер, мал дәрігері және сол сияқты басқа салалардағы мамандар келді. Су басқару ісінде олардан не үміт, не қайыр, қандай кеңес алуға болады?, – дейді Әмірхан Кеншімов.

Оның сөзінше, Кеңес үкіметі кезінде әрбір колхоз бен совхозда бес-алты адамнан тұратын гидротехникалық қызмет болатын. Олар егінді жинап бола салысымен, гидротехникалық инфрақұрылымдарды қысқа, көктем шыға топан суға қарсы жұмыстар жүргізетін. Жылжымалы механикаландырылған колонналар барынша көмек көрсететін. Колхоз-совхоздар тарағаннан кейін ондай қызмет те жұмысын тоқтатқанын жеткізді.

Қазіргі кезде барлық су шаруашылығы инфрақұрылымдар тозды, дер кезінде жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Оларды сауатты басқаратын мамандар да жоқ. Бүгінгі мәселенің бір ұшы осында жатқан сияқты. Былтыр күзден бастап, қалың тұманның әр жағында сәуле пайда болды. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Президент тағайындаған министр істің байыбына терең бойлай алатын, дұрыс шешім қабылдай алатын алғыр адам болып шықты. Ендігі бар үміт осы министрге байланысты болып тұр. Айналдырған жарты жылға жетпейтін уақытта көптеген жұмыстар атқарып тастады. Келе салып су ресурстарын басқаруды жетілдіру тұжырымдамасын жасатты. Ішінде жаңа су қоймаларын салу туралы шешімдер де бар. Ол Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Жуық арада мемлекеттік Су кодексі қабылданады деп күтіп отырмыз. Су үнемдеу технологияларын дайындау бағытында біраз жұмыстар атқарды, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, 30 жыл бойы қордаланып келген мәселені бір күнде, не болмаса бір жылда шешу мүмкін емес екенін айтты.

Қазақта батпандап кірген ауру, мысқалдап шығады деген сөз бар. Десе де, мәселені жылдамдатып шешудің алғы шарттары толықтай жасалды деп айтуға болады. Бұйырса, келесі жылдары жаңа мемлекеттік органның істеген жұмыстарының жемісін көреміз. Бірақ бүгінгі күннің өзекті мәселесін шешу үшін тездетіп мамандандырылған жоғарғы оқу орнын ашып, білікті инженерлерді даярлау керек. Ол үшін Тараздағы өңірлік мемлекеттік университеттен су шаруашылығы мамандарын дайындайтын арнайы оқу орнын бөліп шығару қажет. Үкімет осыған қалай болғанда да қаржы бөлген дұрыс. Жоғары білімді кәсіби мамандарсыз алға қойған мақсаттар орындалмай қалуы мүмкін, – дейді Әмірхан Кеншімов.

Сәуір айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын болады

Су тасқыны бойынша ағымдағы жағдай және аптаға болжам (2024 жылғы 31 наурыздан 5 сәуірге дейін).

«Қазгидромет» орталығы 2024 жылғы 31 наурыз бен 5 сәуір аралығында апта сайынғы гидрологиялық болжам шығарды. Қазақстанның жазық аумағындағы өзендердің барлық бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі азайды.

Су тасқыны шыңдары Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының және Қостанай облысының оңтүстік бөліктерінің өзендерінде өтеді, бірақ су тасқыны қаупі сақталады. Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзендерінде су деңгейінің көтерілуі және қауіпті белгілердің артуы байқалады.

Синоптикалық болжамға сәйкес 2024 жылғы 31 наурыздан 5 сәуірге дейін Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады. Жауын-шашын болады деп болжануда, тек айдың басында республиканың басым бөлігінде түнгі уақытта жаңбыр қарға айналады (Қостанай, СҚО, Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан, Абай облыстары). Жауын-шашын 31 наурызда Алматы облысының оңтүстік-шығысында, 3 сәуірде Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында болады деп күтілуде.

Кезеңнің басында республиканың көп бөлігінде ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Айта кету керек, Росгидрометтің мәліметінше, қардың қарқынды еруіне байланысты Жайық өзенінің бассейнінде мұздың бұзылуы және су деңгейінің көтерілуі басталады. Осыған байланысты сәуірдің екінші жартысында жыл сайын су тасқынының екінші толқыны күтіледі.

Сәуір айында жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде шамадан жоғары болады, норма шамасында орталықта (Ұлытау, Қарағанды облыстары), солтүстікте (Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары), оңтүстік-шығыста (Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстары), шығыста (Абай, Шығыс Қазақстан облыстары), оңтүстікте (Қызылорда, Түркістан облыстары).

Гидрологиялық және метеорологиялық жағдайлар күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» су тасқыны қаупі туралы дауылды ескертулермен алдын ала хабардар ететін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға