Жаңалықтар

«Дағдарыстың әсерінен сияқты». Киносыншы «Оян, қазақ!» фильмінің сұранысқа ие болу себебін айтты

«Дағдарыстың әсерінен сияқты». Киносыншы  «Оян, қазақ!» фильмінің сұранысқа ие болу себебін айтты
Фото: Коллаж El.kz 06.11.2023 15:30 2751

Қазіргі таңда кино әлемі қарыштап дамып келеді. Уақыт өткен сайын көрерменнің талғамы жоғарылап, фильмдер арасындағы бәсекелестік те артып келе жатыр. Осы ретте қазақ киносының бүгінгі жай-күйіне тоқталып,  аз-кем талдау жасау мақсатында тәжірибелі киносыншы маман Дана Әмірбековамен сұхбаттастық.

El.kz: Дана ханым, уақыт бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Алдымен сіздің бүгінгі таңда көрермен назарына ұсынылып жүрген туындылар жайлы пікіріңізді білсек. Қазақ экранынан орын тапқан фильмдер көңіліңізден шыға ма?

«Дағдарыстың әсерінен сияқты». Киносыншы  «Оян, қазақ!» фильмінің сұранысқа ие болу себебін айтты
instagram.com/dana_cinemaniac

Дана Әмірбекова: Әрине, кинотанушы болғандықтан үлкен экранға жаңа шыққан фильмдерді барынша қалт жібермей, назарда ұстауға тырысамын. Оның үстіне мен Ұлттық киноны қолдау орталығының жанындағы Сараптама кеңесінің мүшесімін. 2020 жылдан бері мемлекет жыл сайын сценарийлер питчингін өткізіп, қазақ киносын қолдау мақсатында бюджеттен миллиардтап қаржы бөліп тұрады. Түсірілген фильмдерді көріп, кино маманы ретінде пікір білдіріп, көркемдік немесе мазмұндық тұрғыда кемшін тұстары болса түзетіп, қабылдау немесе қабылдамау – біздің, демек Сараптама кеңесі мүшелерінің тікелей міндеті. Сол себепті әр фильмді үлкен экранға шығармас бұрын, авторлар бізге арнайы көрсетілімдер ұйымдастырып, талқылайды. Кез келген мемлекет кино саласына осыншама қаржы бөліп, дәл біздің елдегідей қолдау көрсетпейді. Біз мұны бағалауымыз керек. 

Ең бастысы, қазір отандық кинолар түсіріліп жатыр. Осыдан біраз жыл бұрын фильмдерімізді көпшілік көрерменге арнамай, оны тек идеологиялық тұрғыда қарастырып келді. Осылайша әуесқой киногерлердің басым көпшілігі көрермен назарына негізінен комедия жанрындағы фильмдерді ғана ұсынды. Ал енді Ұлттық киноны қолдау орталығының қаржыландыруымен түсірілген фильмдердің арқасында бүгінгі қазақ экранында жанрлық түрлену байқалады.

Мемлекет тарапынан тек кино саласына ғана емес, сонымен қатар, анимацияға да көңіл аударылып жатыр. Былтыр ғана «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылып, мемлекет бюджетінен 1 миллиард теңге бөлінді. Бұдан артық қандай қолдау керек? Ал енді осы мүмкіндікті  қазақ экран өнерінің игілігіне пайдаланып, көрермен қауымға сапалы көркем туындыларды ұсыну киногерлер мен аниматорладың өз қолдарында.

El.kz: Мемлекет тарапынан қазақ киносына жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді. Ұлттық киноны қолдау орталығында түсірілген фильмдер не себепті көрерменге жетпейді?

Дана Әмірбекова: Ащы болса да сөздің шындығын айттыңыз. Өкінішке қарай, біздің елімізде  прокат мәселесі жүйеге келтірілмеген. Себебі, арнайы заң жоқ. Кинотеатрлардың бәрі жекеменшік. Заң жоқ болған соң оларға барып нені көрсетіп, нені көрсетпеу керек екенін ешкім айта алмайды. Олар тек қаржы тілімен ғана сөйлеседі. Ал біздің мемлекет тек киноны түсіруге ғана бюджет бөледі, оның прокаты мен дистрибуциясына қаржы қарастырылмаған. Соның салдарынан, әлемнің белді фестивальдерін шарлап, жеңімпаз атанып келген үздік туындыларымыздың өзі  үлкен экранымызға жол таба алмайтын жағдайлар аз емес.

Меніңше, бұл мәселені тек заң аясында ғана шешуге болады. Мысалы, Оңтүстік Корея кинотеатрлары бір жылдың 103 күнінде тек төл туындыларын көрсетуге заң жүзінде міндеттелген. Соның арқасында олардың кинематографын бүгінгі таңда  дүниежүзі мойындайды. Бізге де солай жасау керек. Кинотеатрларды отандық фильмдерді көрсетуге міндеттеген кезде ғана қазақ киносы қазақ көрерменімен қауышады.

El.kz: Осы уақытқа дейін касса жинады деген отандық кинолардың көбісі комедия жанрында болды. Ал «Томирис», «Оян, қазақ» сынды фильмдер бізге жаңа леп әкелгендей. Қазір тарихи фильмдерге көбірек назар аударыла бастаған сияқты. Сонда біз бұған дейін отандық тарихи туындыларды дұрыс көрсете алмай келдік пе?

Дана Әмірбекова: Идеологиялық фильмдер жайлы сөз тарқатар болсақ, сіз жоғарыда атаған фильмдерді патриоттық сезімді оятатын үгіт-насихаттық туындылар  десек болады. Бүгінгі таңда көрермен қауымның бұндай фильмдерге деген қызығушылығы  ерекше байқалады. Меніңше, бұл соңғы кезде орын алған дағдарыстардың әсерінен сияқты. Былтырғы ел ішіне үрей ұялатқан қаңтар оқиғасы, соңғы кезде көптеп орын алатын апаттар, тоқтамайтын инфляция салдарынан зарығып, күйбең тірліктен әбден қажыған қоғамды рухтандырып, ел еңсесін көтеретін бұндай фильмдер  болашаққа деген үміт сәулесін сөндірмеудің амалы тәрізді көрінеді. Себебі, кино тарихына үңілсек, осындай жанрдағы тарихи-биографиялық фильмдер қиын-қыстау, дағдарыс кездерде сұранысқа ие болған.

Бір шетінен, біз әрине қазақ көрерменінің тарихи жанрдағы фильмдерімізге бет бұрғаны қуантады. Өйткені, бұған дейін қазақ көрерменінің  аталмыш жанрдағы фильмдерімізге деген қызығушылығы аса көп байқалмайтын.

El.kz: Бүгінде үлкен экраннан көрініп жүрген тарихи жанрдағы фильмдерге көңіліңіз тола ма?

Дана Әмірбекова: Бүгінгі таңда түсіріліп жатқан тарихи фильмдердің негізгі кемшілігі – репрезенцация мәселесіне келіп тіреледі. Көптеген тарихи-биографиялық фильмдер, өкінішке қарай, білікті кеңесшілердің көмегінсіз, редакторларсыз, кинотанушыларсыз түсіріледі. Осының салдарынан, тарихи фильмдерде көптеген қисынсыз қателер жіберіледі. Тарихи фактілер бұрмаланып беріледі. Кейіпкерлердің киім үлгілері, тұрмыстық заттар мен қолөнер бұйымдары кезең лебіне сай келмей жатады.

XXI-ші ғасырдың көрермені тарихты кітап парақтарын ақтарып білгенген гөрі 1-2 сағаттан аспайтын көркем туындыдан тамашалағанды жөн көреді. Осылайша олар көп жағдайда көркем туындыдан тарихи дәлдікті іздейді. Әрине, тарихи жанрдағы фильм мен деректі жанрда түсірілген фильмдердің айырмашылығын көрермен де түсінеді. Десек те, олар психологиялық тұрғыдан экранда таспаланған оқиғаны, кейіпкердің бейнесін, қоршаған ортаны барынша шынайы деп қабылдайды. Бір сөзбен айтқанда тарихи жанрда түсірілген фильм өткеніміздің айнасы. Сондықтан,  игі жақсыларымызды мадақтайтын аталмыш жанрда түсірілген фильмдердің әр ұлт үшін алатын орны ерекше. Ендеше, қазақ кинематографистерінің халқым деген хандар мен елім деген батырлардың ерлігін, ғұламалардың даналығын, ұлылардың даралығын экрандауда олардың мүмкіндігінше бұрмаланбаған, тарихи шындықтан алшақтамаған репрезентациясын жасауға тырысу аса маңызды.

El.kz: Қазіргі таңда рейтинг үшін әнші, блогер сынды танымал тұлғаларды фильмдерге түсіріп жатады. Кәсіби мамандандырылмаған әртістерді кинода ойнату қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

Дана Әмірбекова: Қазір біз нарықтық экономикалық заманда өмір сүреміз. Сол себепті де, киноны ақша көзіне айналдырғандар үшін ең маңыздысы – туындыға салынған қаржыны еселеп қайтару. Ол үшін олар аудиториясы ауқымды «жұлдыздар» мен блогерлерді түсіріп, фильмдеріне деген көрермен қызығушылығын арттырудың бар амалын жасайды. Әрине, өз рөлдерін сәтті алып шығатын дарын иелері де жоқ емес. Көп жағдайда олар кейіпкер бейнесін емес, өз өздерін ойнаумен шектеледі.

Қазіргі қазақ киносының трагедиясы – экран өнерінің иісі мұрнына бармайтын шоу-бизнес өкілдерінің киноға келуі. Киноның тілін, оның табиғатын түсінбейтін, түсінуге тырыспайтын олар үшін өнер емес, өнім маңызды. Караокеде ән салғанның бәрі өзін әншімін демейді. Алайда, қолына камера ұстағанның бәрі өзін режиссермін деп айтудан тайынбайтын қызық заманда өмір сүреміз. 

El.kz: Әлемдік фестивальдерден жүлделі орын алған фильмдер жайлы естиміз. Шетелдегі қазақ киносына деген сұраныс қандай?

Дана Әмірбекова: Шетелде біздің авторлық фильмдер түсіретін режиссерлеріміз танымалдыққа ие. Мысалы, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Шарипа Оразбаева қатарлы тағы да басқа режиссерлеріміздің фильмдері әлемнің беделді фестивальдеріне қатысып, жеңімпаз атанып жүр. Дәрежан Өмірбаевтың әр жаңа фильмі кино өнерінің отаны – Франция мемлекетінің прокатында айлап көрсетіледі. Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» атты жаңа туындысы «Аватар» фильмімен қатар прокатқа шығып, көрермен қауым қазақтың туындысын жоғары бағалағаны  жайлы француздардың атақты «Le Monde» газетінде үлкен мақала жарияланды. Бұл ретте Еуропа көрермені нағыз өнер киносын ерекше бағалайды. Олар Голливудтың атыс-шабыс фильмдеріне қарағанда, Азияның ойлы, терең мәнді туындыларын көбірек ұнатады.  Жақында ғана Әділхан Ержановтың фильмдерінің ретроспективасы Парижде  өтті. Жалпы режиссерлеріміздің жетістіктері өте көп. Тізе берсек тасбихтің тасындай тізіле береді. Авторлық фильмдеріміз әлемде биік мәртебеге ие екендігі сөзсіз.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға