Жаңалықтар

Дағдарыс PR-ы түсінігі

Дағдарыс PR-ы түсінігі
13.10.2015 11:36 8918

Бүгінгі таңда мақсатты топ құралдарының аса шапшаңдықпен дамуы және таратылуы әсіресе, соңғы жылдарда интернеттің жылдам таралуы әлемнің қандай да бір жерінде пайда болған дағдарыстың барлық адамзатқа өте шапшаң  таралуын мүмкін етуде. Осы себептен ортаға шыққан қандай да бір жағымсыз жағдай немесе дағдарыс жайлы хабарды басқа деректерден естімей тұрғанда кәсіпорынның мақсатты тобына жеткізіп, дәйекті түрде түсіндіру маңызды болып отыр.

Дағдарыс PR-ы түсінігі

Дағдарыс – бұл БАҚ көздерінің, өзге де сыртқы мақсатты аудиторияның назарына, яғни акционерлердің, саясаткерлердің, неше түрлі ұйымдардың жағымсыз назарын аудартатын жағдай болып табылады. Дағдарыс компанияның ауқымына тәуелді емес. Қиындықтар үлкен ұлттық компанияларда да, кішкентай жергілікті ұйымдарда да болуы мүмкін.

Адамзат тарихы нарықтық кезеңге аяқ аттап басқалы бәсекелестік дами бастады. Осы фактор дағдарыс пиарын тудырушы басты себептердің  бірі болып саналады. Сонымен қатар, адамның қадағалауынсыз абайсыздан болатын техногендік қателіктер де үлкен салдарға соқтырады. Егер екі-үш ғасыр бұрын мекемелер өздерінің беделі туралы қам жемейтін болса, қазіргі коммуникация технологиясы дамыған ғасырда әр ұйым басшысы жағымсыз ақпаратқа үлкен назар аударып отырады. Бір адамның мекеме туралы әлеуметтік желідегі жаман пікірі, сол мезетте қалың жұртшылықтың назарына жетіп, бұқаралық ақпарат көздерінің сыни бақылауына түседі. Ал енді ғаламтордағы жай хабарлама осындай салдарға әкелгенде, үлкен апаттар компания үшін қандай нәтижеге жол салатынын аңғару қиын емес.

Осы ерекшеліктердің барлығын ескере отырып, компаниялардың басым бөлігі дағдарыс пиарын кеңінен қолдануда. Дағдарыс орын алмастан бұрын, мекеме қызметкерлерінен төтенше жағдайға қарсы арнайы топ құрылады.

Басты міндет осы дағдарысты жағдайларға тиімді әрі сәтті басқару жүргізу. Компанияның беделін кері қалпына келтіріп, жұртшылықпен, сонымен қатар бұқаралық ақпарат көздерімен қарым-қатынасты жағымды қалыпта ұстап отыру біліктілігі жоғары пиар маманының ғана қолынан келеді.

Қазіргі қоғамның қай қызмет саласын алсаң да, уақытылы ақпарат алып, оны аудитория мүлтіксіз меңгеріп, шешім қабылдауы үшін дұрыс баяндап, жеткізу өте маңызды. Ақпаратпен жұмыс істеу, оның қоғамның белгілі-бір бөлігіне тиімді әсер етуі - "Паблик рилейшнз" (PR) арқылы іске асырылады.

Дағдарыс PR-ы бағдарламасының негізгі міндеттері: адамдар арасындағы қарым-қатынас жолдарын жоғалтпай, екі жақты ақпарат ағымы мен түсіністікті қалыптастыру әдістерін әзірлеу, ұйымның басшылығын қоғамдық пікір турасында ақпаратпен қамтамасыз ету, жұртшылықтың мүддесіне қарай басшылықтың қызметін қамтамасыз ету; бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасау, ұйымның имиджін нығайту, т.б. Паблик рилейшнз өзінің міндетін атқару барысында шын ақпаратқа негізделеді, адамдарға белгілі бір көзқарасты ұстану, қайсыбір пікірлер мен идеяларды қабылдауды (теріске шығаруды) ұсынады, міндетті түрде екі жақты байланыс тетіктерін жолға қоюды ұйғарады. Сол себептен дұрыс дағдарыс PR-ы компанияның қоғаммен байланысында үлкен рөл атқарады.

Грек  тілінен аударғанда «Krisis» - шұғыл өзгеріс, қиын жағдай деген мағына береді. Көбінесе дағдарыс деп бір процесс барысының аяқталуы немесе оның апатқа ұшырауы түсіндіріледі. Зерттеуші Жак Германның айтуы бойынша дағдарыс – бір кәсіпорында табан астында пайда болған, кәсіпорынның беделінің шайқалуына себеп болған және мәселенің шешілуі үшін өте аз уақыты бар жағдай.

Тағы бір анықтамада дағдарыс - қауіп-қатер мен мүмкіндік ретінде көрінуде. Осыған орай, дағдарыс – қандай да бір кәсіпорынға үлкен пайда келтіріп отырған ішкі және сыртқы мәселелерге байланысты қауіп-қатер және мүмкіндіктер жиынтығы болып табылады.

Оны үш кезеңге бөледі: дағдарысқа дейін күрес жалғасады, бірақ жағдай түсініксіз болады; дағдарыс кезеңінде жағдай айқындалып, бір жақ жеңеді немесе екі тарап келісімге келеді; дағдарыстан кейін жаңа кезең басталады.

Дағдарыс – даму кезеңінің ажырамас бөлігі, ескіден жаңаға өту, және осы кезеңге аз шығынмен кіру керек.

Жылдар бойы жасалған табысты қызметтер мен жұмыстардан алған абырой, жағымды имидж, жалпы кәсіпорынның өзі қандай да бір дағдарыстың қырсығынан бір мезетте жоқ болуы мүмкін.

Дағдарысты тудыратын қозғаушы күштерді талдайық. Қоғамда қызмет көрсететін кәсіпорындар бір жүйенің ішінде болғандары үшін бір-біріне әсер етеді. Әр түрлі жүйелер мен төменгі жүйенің арасында бір сәйкеспеушілік пен шиеленіс болған кезде әр түрлі шарттар мен жағдайлар пайда болуда. Дағдарысқа себеп болған факторларды жалпы кәсіпорынның ішкі факторлары және қоршаған орта факторлары  деп екі негізгі топқа жинақтауға болады. Кәсіпорынның ішкі факторлары деп басшылардың қабілетсіз болуы, кәсіпорынның өміршеңдік жағдайы, кәсіпорын ішіндегі пайда болған әр түрлі мәселелерді айтуға болады, қоршаған орта факторлары арасында табиғи жағдайлар, құқықтық және саяси факторлардың ерекшеліктері орын алады. 

Дағдарыс көбінесе күтпеген сәтте, ең қолайсыз уақыттарда пайда болады, сол сияқты алдын ала байқалатын дағдарыстар да бар. Оған алдын ала ойлануға, қажетті шараларды дайындауға мүмкіндік болады.

Жаңа дамушы ұйымды дағдарыс кезеңінен қақтығысқа айналып кетуден бұрын алып шыға білу коммуникациялық қызметтің басты шарты болып табылады.

Әлемнің көптеген алпауыт компаниялары дағдарысты дер кезінде танып біле алмағандығы үшін тіршілігін тоқтатты. Соңғы кездері апаттар мен дағдарыстардың саны күрт өсуде. Басым көпшілігінде адамдар жарақат алып, жағымсыз ақпараттар БАҚ көздерінде жарияланып, жұртшылыққа тарап кетеді.

Дағдарыс PR-ы – бұл қиын жағдайды бақылауда ұстап, қауіп-қатерлерді барынша алдын-алып, орын алған жағымсыз жағдайдың келеңсіз зардаптарын анықтайтын өнер. Бұл қызмет түрі тек табиғи апаттармен байланысты төтенше жағдайларда ғана емес, сонымен қатар, бизнес әлемінлегі мәселелерді ретке келтіру үшін де қолданылады. 


Автор: Айгүл Шерниязова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға