Жаңалықтар

Дағдарысқа дайындық шаралары. Дағдарысты алдын алу

Дағдарысқа дайындық шаралары. Дағдарысты алдын алу
13.10.2015 12:25 7836

Сэм Блэк  айтқандай: «Орын алған дағдарыс компаниялар үшін үлкен қиыншылықтар әкелуі мүмкін, тіптен компанияның болашағына да қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан дағдарыстың менеджменті міндетті түрде дағдарыстық паблик рилейшнз орнатуы тиіс». Бұл сөздің шынайылығына тәжірибе жүзінде көз жеткізген дамыған елдердің көбісінде дағдарысқа қарсы пиар кез келген ұйымның әлеуметтік ортасымен қарым-қатынас тетігінің ажырамас бөлігіне айналған. Сонымен қатар, дағдарыс пиары ұйымдарға шешім қабылдауда, саяси жүріс жасауда, қызмет көрсетуде, мақсатты топтар қош көрген немесе олар іздеген мәселеде қолдау көрсету, құрылымның пайдасын арттырып, шығынын азайту арқылы айтарлықтай тиімді жағдай қалыптастыруда.

Дағдарысқа дайындық шаралары. Дағдарысты алдын алу

Дағдарысқа дайындық шаралары. Дағдарысты алдын алу

Америкалық зерттеуші Сэм Блэктің  пікірінше, дағдарысқа дайындық шаралары дағдарысты коммуникацияны шешудің басты элементі болып табылады. Жоспар ішінде міндетті түрде келесі элементтер болу керек:

  • Тәуекел шегін анықтау
  • Пайда болу қаупі бар дағдарыстарды болдырмау (тәуекел шегін алдын-ала анықтау арқылы жасалған өзгерістер арқылы)
  • Дайындық (дағдарыс пайда болған жағдайда шұғыл әрекет ете алу)
  • Дағдарысты басқару

PR саласындағы дағдарысқа қарсы бағдарламалардың өзгешелігі - жұмыс апатқа ұшыраған адамдармен емес, сол апатқа ұшыраған адамдар туралы  асыра сілтеп, жалған берілген ақпаратты оқыған аудиториямен жүреді. Себебі,  бұндай ақпарат компанияға үлкен зиян тигізбей қоймайды. Сондықтан, басты мақсат дағдарыс туралы ақпаратты аудиторияға барынша нақты және уақытында жеткізу.

Дағдарыс жағдайларынан қашып құтыла алмайсыздар. Сондықтан, қандай жағдай болмасын бәріне де дайын болған абзал. Дағдарысқа дайындық негізгі үш принциптен тұру керек:

  • Дағдарыс жағдайында компания ішіндегі келісілген саясаттың жоспары.

Директор да қарапайым қызметкер де бір нәрсе айту керек. Ақпараттар әртүрлі болмауы тиіс. Дағдарыс туралы анықталған әр ақпарат ұйым ішінде сұрыпталып тарау керек. Қызметкерлерге бар хабарды айтып қойған жөн емес. Сондықтан, оларды қажетті деңгейде хабарландырып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің немесе қызығушылық танытқан қарапайым халықтың сұрақтарына қандай жауап беру керектігін үйрету керек. Себебі, берілген ақпаратта бір қателік кетіп қалса, кейін ол ұйымның беделіне ғана емес, түгел болашағына зиян әкелуі мүмкін.

  • Тексерілген байланыс арналары. Техникалық арналардан бастап ұйымдастырушылық арналарына дейін реттеліп түру қажет. «Сенім телефонын» жедел орнату мүмкіндігі, ұжым ішіндегі бөлімшелерді байланыстыратын «төтенше телефонияның» үздіксіз жұмыс істеуін қамтамассыз ету өте маңызды. Сонымен қатар, басшылық – қызметкерлер, компания  – БАҚ-қа деген жүйе арқылы байланысқа шығу арналарын реттеу. Сіз қандай БАҚ көздері бірінші кезекте ақпаратпен қамтамассыздану керектігін білу керексіз. Яғни, дағдарыс ұлттық компанияда болса, бірінші кезекте республикалық деңгейдегі ақпарат көздері хабарландырылу керек. Ал егер жергілікті кішігірім компания болса, жергілік медиа өкілдеріне хабарласу керек. Дағдарыс кезінде сенімді байланыс орнаған БАҚ көздерінің болғаны абзал. Себебі, БАҚ-тың қолдауына ие болу оңай шаруа емес. Ал, дағдарыс кезеңінен шығуға тек осы жол шешім бола алады. Жинап, терген ақпараттарыңыз жедел түрде бұрмалаусыз жарық көріп, халықтың назарына жетуге журналистердің ықпалы үлкен екені белгілі. Сондықтан, компания өмір сүріп бастаған кезеңінен-ақ бұқаралық ақпарат көздерінің өкілдерімен жақсы қарым-қатынас орнату қажет.

Тағы бір айта кететін ерекшелік – журналистер алдында жағымды имидж бен үлкен беделге ие болсаңыз, дағдарыс кезінде олар жағдайды асыра сілтемей, жұртшылықты рейтинг үшін дүрліктірмей оқиғаны дұрыс көрсетуге тырысады. Тіпті, жоғалтқан беделіңізді кері қайтаруға өздері ат салысады.

  • Жауапты қызметкерлер тобы. Осы адамдар төтенше жағдай кезінде компания атынан шығып, БАҚ алдында сөз сөйлеп, телефондарға жауап береді. Батыс елдерінде бұл топқа компанияның жоғары лауазымды қызметкерлері кіреді. Мысалға, қаржы бөлімінің бастығы, қызметкерлерді басқару бөлімінің меңгерушісі сияқты адамдар. Ал осы топты жауапты директор басқарады. Үлкен корпорацияларда бұл көбінесе вице-президент болады. Алайда, әр дағдарыстың өзіндік ерекшелігі болады. Сондықтан, жауапты адамдар да жағдайға байланысты таңдалынады.

Автор: Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға