Жаңалықтар

Дәстүрлі әннің майталмандары

Бас жүлде Жақсыгелді Маясаровқа бұйырды
10.11.2015 03:54 16000

Биыл «Шабыт» фестивалінің «Халықтық музыка» номинациясының домбырамен ән айту категориясына 50-ге жуық өнерпаздар өтініш білдірсе, домбырашылар категориясы бойынша өткен байқауға 28 өнерпаз бақтарын сынады.

Екі күнге жалғасқан өнер додасында «Халықтық музыка» номинациясының домбырамен ән айту категориясында бас жүлдені Жақсыгелді Маясаров иеленді. Ал үздік домбырашы атағы мен медальді Астаналық Бегджанов Сәкен қанжығасына байлады.

Дәстүрлі әннің майталмандары

Еліміздің әр өңірінен жас жүректің үкілі үмітін үлбіретіп бақ сынауға келген өнерпаздарға әділ бағасын берген қазылар алқасы қатарында дәстүрлі әнші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайрат Байбосынов, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова сынды дүлдүл әншілер болды.

Дәстүрлі әннің майталмандары

–Жыл өткен сайын XVIII Халықаралық «Шабыт» шығармашылық жастар фестиваліне оның ішінде «Халықтық музыка» номинациясының домбырамен ән салу категориясына өтініш білдірушілердің саны артқаны бізді қуантып отыр, дейді – Қайрат Байбосынов ағамыз. – Жылдан-жылға шығармашыл жастардың деңгейі өсіп, әсіресе дәстүрлі өнерге  деген қызығушылығы артып отыр. Өткен жылдары осы байқауға келетін жастардың арасында неге Оңтүстік өңірлері, Петропавл, Павлодар сынды аймақтардың өнерлі жастары жоқ деп таң қалатынбыз. Биыл міне осы аталған өңірлердің өнерпаздары өнерлерін ортаға салды. Жалпы биылғы фестиваль барысында ұлттық өнер, дәстүрлі өнерге деген құрмет арта түскенін байқап отырмыз. «Шабыт» жастар фестивалі дәстүрлі ән өнерін серік еткен өнерпаздардың қанатын қатайтып, әлі де жетіле түсуіне ықпал етеді.  

Дәстүрлі әннің майталмандары

Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді. Бұл көрсеткіш қазақтың ұлттық өнерінің тамыры тереңде екенін айшықтай түсетіндей.  

Дәстүрлі әннің майталмандары 

«Домбырамен ән салу» номинациясында үміткерлер халық әні мен халық конмпозиторларының сондай-ақ Қазақстан композиторларының әндерін орындады. Байқаудың талабына сай биыл қатысушылар Біржан салдың «Айтпай», Ақан серінің «Құлагер», Әсет Найманбаевтың «Қысмет», халық әндері «Қанатталды», «Қарғаш», «Тілеуқабақ», Мұхит Мераұлының «Айнамкөз», «Паңкөйлек», «Үлкен айдай», Ажардың әні «Әмірхан», Жамбыл Жабаев «Алғадай», Кенен Әзірбаев «Тік  шырқау», Қалқа Жапсарбаев «Сарыжазық», Қапез Байғабылұлы «Үш меркі», Дәнеш Рақышев «Саясында алманың» әндерін орындады.

Дәстүрлі әннің майталмандары

Гран-при – Құрмет дипломы мен медальды Жақсыгелді Маясаров жеңіп алды. Ол сонымен қатар 250 000 теңге көлемінде сыйақы алды.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға