D дәруменін шамадан тыс қабылдау ағзаға қауіп төндіреді
Соңғы жылдары адамдардың көпшілігі үшін D дәруменін қабылдау қалыпты жағдайға айналды. Алайда ағзада бұл дәруменнің шамадан тыс жиналуы - 150 нг/мл-ден жоғары болуы - қан құрамында кальцийдің көбеюіне әкеліп, оның жүрек бұлшықетінде, асқазан мен ішек қабырғаларында шөгуіне себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы жалпы тәжірибелі дәрігер және педиатр Елена Алексенцева «Известия» басылымына берген сұхбатында айтты.
Маманның айтуынша, D дәруменінің шамадан тыс көп болуы жасуша мембраналарына және зат алмасу процесіне тікелей уытты әсер етеді. Егер бұл дәрумен ұзақ уақыт бойы жоғары дозада қабылданса, ағзада гиперкальциемия - қандағы кальций деңгейінің шамадан тыс көбеюі дамиды.
«Мұндай жағдайда ас қорыту бұзылыстары, бас айналу, әлсіздік, сананың шатасуы байқалады. Сонымен қатар D дәруменінің артық болуы К2 дәруменінің белсенділігін төмендетіп, сүйек массасының азаюына әкеледі. Бұл заттың шамадан тыс деңгейі бүйрекке де зақым келтіруі мүмкін», - деді дәрігер.
Маман атап өткендей, ағзадағы D дәруменінің қауіпті деңгейге жетуі күн сәулесінің әсерінен немесе тағам арқылы мүмкін емес. Мұндай жағдай тек дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) шамадан тыс қабылдаудан туындайды. Әсіресе бұл жағдай балалар арасында жиі кездеседі, себебі рахиттің алдын алу мақсатында берілетін дәрілер мен балық майын қатар қабылдау дәруменнің артық мөлшеріне әкеледі.
Дегенмен, қалыпты мөлшерде қабылданған D дәрумені адам ағзасына пайдалы. Алексенцева атап өткендей, ол инсулин рецепторларының сезімталдығын арттырады, сүйек тінін нығайтады, жыныстық гормондардың (тестостерон, эстроген, прогестерон) түзілуіне ықпал етеді, репродуктивті қызметті жақсартады, иммундық жүйені күшейтеді және ісіктердің, Паркинсон ауруының, депрессияның алдын алуға көмектеседі.
Дәрігердің айтуынша, D дәруменінің деңгейін бақылау және оны қосымша қабылдау ең алдымен келесі топтағы адамдарға қажет: рахитке шалдыққандарға, дене салмағы жеткіліксіздерге, ұзақ уақыт төсек режимінде жататындарға, күн сәулесін аз қабылдайтындарға, 65 жастан асқандарға, остеопороз және остеомаляциясы барларға, ас қорытудың бұзылыстары мен бауыр, бүйрек ауруларына шалдыққандарға, сондай-ақ аллергиялық, аутоиммунды дерттері, семіздігі немесе лимфомасы бар науқастарға.

