Жаңалықтар

Cу ішу турасындағы жаңсақ 7 әдет

Суды қалай ішіп жүрсіз? Егер мына әдеттер сіздің бойыңызда болса, онда дереу өзгертіңіз
Cу ішу турасындағы жаңсақ 7 әдет
22.05.2019 18:36 42857

Таза ауыз су – бүгін әлем елдерінің көпшілігінде туындап отырған маңызды мәселелердің бірі. Қазақстанның өзі «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасында халық тұтынатын суға ерекше көңіл бөліп, арнайы жобаларды іске асыру арқылы көпшілікке таза су жеткізумен айналысып келеді. Таза суды тұтынбаудың кесірінен жыл сайын миллиондаған адам ажал құшып жатыр. Бүгінгі мақаламызда осы судың айналасында жүрген жеті жаңсақ әдеттерді айтатын боламыз.

Суды не үшін ішеміз?

Су – жер шарындағы ең маңызды элемент. Тұтас тіршілік суға тәуелді. Адам баласы ұзақ уақыт аштыққа төзгенімен, бірақ 3 күннен артық сусыз өмір сүре алмайды. Жалпы жер шарының 70 пайызын су алып жатқаны сияқты адам салмағының да 60-70 пайызын су құрайды. Тіпті қан құрамындағы судың мөлшерінің өзі 90 пайыздан артықтау. Күнделікті тамақтануда жұтынудан бастап, ас қорыту, қажетті минералдарды ағзаға тарату, керексіз артықтарын денеден шығару үрдістерінің қай-қайсысы да судың көмегінсіз жүзеге аспайды. Егер адам денесі 10 пайыз су жоғалтса денсаулығына ақау келіп, 20 пайыз судан ажыраса өміріне қауіп төнеді. Сондықтан су ішкі зат алмасу үдерісін реттейтін өміріміздің тікелей кепілі деп ұғыну керек. Дегенмен судың ағзадағы маңызы мұнымен ғана шектелмейді. Су буындарды икемге келтіріп, көз шарасының құрғауынан сақтайды. Дене температурасының бірқалыптылығын қамтамасыз етеді, тер арқылы денедегі артық калорияларды шығарады. Суды көп ішу несеп қышқылын төмендетіп, қабынудың алдын алады. Сонымен бірге несептегі кальций қоюлығын азайтады. Ал бұның әсері зәр шығару жолдарындағы тас байлану сияқты кеселге апаратын себептердің алдын алады. Осы айтылғандардан қажетті мөлшерде күнделікті су ішудің қаншалықты маңызы зор екенін түсінуге болады.

Адам ағзасында шамамен 40 литр көлемінде су болады. Бұл су күнделікті терлеу, тыныс алу және басқа да жолдармен сыртқа шығып, азайып отырады. Әрбіріміздің дене ерекшелігіміз және әрекет-қимылымыздың аз-көптігіне байланысты суды жоғалту мөлшеріміз де ұқсамайды. Жайшылықта ересектерден күніне 1,5 литр зәр шығады екен. Одан бөлек терлеу арқылы және теріден тіке шығатын су мөлшерін қоссақ, шамамен күнделікті 2-3 литр шамасында суды бөлеміз. Демек осы көлемдегі су мөлшерін уақытылы толықтырып отыру аса маңызды. Мамандардың күніне кем дегенде 2 литр су ішу керек деген тұжырымы, міне, осы қисыннан шығып отыр. Дәрігерлердің қызу көтеріліп, температура жоғарылағанда және іш өткен жағдайда суды көбірек ішуге кеңес беретін себебі де адам денесінің суды қалыптан тыс көп жоғалтатындығынан. Одан бөлек, моншаға барғанда, оттегін керексінетін белсенді спорт түрлерімен айналысқанда, тер көп шығатын дене еңбегімен шұғылданғанда суды көбірек ішу керек. Жалпы, ең дұрысы – адам денесі қаншалық су жоғалтса, соншалық су толтыру. Судың денедегі мөлшерінің жетіскен-жетіспегендігін анықтайтын қарапайым бір халықтық тәсіл бар. Ол – зәр арқылы білу. Егер зәріңіз түссізге жақын болмай, қоңыр не сарғыш тартса, онда сіздің денеңізде су құрамы әлі толыққанды емес деген сөз. Бірақ кейде біздің ішкен дәрі-дәрмегіміз бен кейбір сұйықтықтарымыздың несеп түсін өзгертіп жіберетінін ескергеніңіз жөн.

Судың да түрі сан алуан

Судың химиялық түзілісі көпке белгілі H₂O болғанымен, шын мәнінде, олардың да түрлері көп. Тек ауыз су ретінде пайдалануға жарайтын судың өзінен нарықта біршамасы сатылады. Мамандардың сараптауына қарағанда судың ішіндегі ең пайдалы және қадірлісі – музарт таулар мұздықтарындағы  су мен тау түбінен бүлкілдеп шыққан бұлақ суы. Мұндай судың кристалдық түзілісі ең әдемі, көркем болып келеді. Сондай-ақ кристалының геометриялық пішінінің көркемдігімен қоса судың өзінде де адам ағзасына қажетті минералдар мен биоактивтер молынан.

Үйде краннан ағып тұрған сулардың да қайнар көзі таудан аққан табиғи сулар немесе жер астынан шығарылған тұщы су. Бірақ бұлар неше қабат сүзгіден өтіп, хлорланатындықтан құрамындағы табиғи элементтер жойылып кетеді. Оның үстіне құбыр арқылы үйіңізге жетіп үлгергенше кристалдық түзілісі де өзгереді. Сол себепті кран суын тек қайнатып, бактериясын өлтіріп барып ішуге жарайды. 

Енді нарықта сатылатын суға келелік. Нарықта да неше түрлі минералды артезиан суы, таза мөлдір су сықылды әртүрлі ныспыдағы су сатылады. Таза мөлдір су алғашқыда космоновтар үшін арнайы технологиямен дайындалған екен. Суды буландыру негізінде дистилляция, электродиализ, ион алмасу қатарлы тағы басқа да өңдеу әдістерін қолдана отырып дайындалған су – қазір қарапайым халықтың жаппай ішіп жүрген суына айналды. Бірақ бұл әдіспен дайындалған су тек зиянды бактерияларды сүзіп қана қоймай, пайдалы микроорганизмдер мен кальций, магний, фтор және селен сияқты пайдалы элементтерді сүзіп алып қалады. Сондықтан оның пайдасы мен зиянын өзіңіз шамалай беріңіз. 

Жоғарыда аталған таза мөлдір судан басқа сатылымда тағы минералды су, табиғи минералды су деген де түрлер бар. 

Бұлардың барлығының құрамынан да адам денесіне керекті табиғи минералды тұздар, микроэлементтер немесе көмірқышқыл газы табылады. Алайда, минералдардың түрлері мен өңделу тәсілі әртүрлі. Мұның қайсысы табиғи тау ұңғысынан шыққанын, қайсысы өндіріс орындарында әзірленген жасанды минералды су екенін ажырату қиын. Өндірістік тәсілмен дайындалған жасанды минералдар ағзаға дұрыс сіңбейтінін ескерген жөн. Халықаралық стандартта табиғи минералды судың құрамында литий, барий, мырыш, селен, йодид, метазиликат, карбонат және тұз секілді пайдалы элементтер болуы тиіс екен.

Су ішу – пайдалы, қажетті. Дегенмен бұл мысалдар бізге оның мөлшерінен гөрі құрамының анағұрлым маңызды екенін айқындап тұрғандай.

Қалай болғанда да ерітілген элементтер мен табиғи органикалық қосылыстардың әсеріндегі жоғары биологиялық белсенділікке ие табиғи бастау суын ішкенге не жетсін.

Судың адам өміріндегі маңыздылығы мен оны тұтыну мөлшерін көзі қарақты оқырмандардың көбісі біледі. Күніне 2 литрден аз ішпеу керек деген қағиданы да ұстанатын салауатты өмір салтындағы адамдар аз емес. Алайда судың мөлшерін білгенімізбен, көбіне оны қандай жағдайда, қалай ішу керектігіне көңіл аудара бермейтін секілдіміз. Олай болатыны төмендегі аталған әдеттер біздің су ішу турасында әлі де жаңсақ көзқарастар жетегінде екенімізді айғақтайды. Ендеше, сіз қай ағат дағдының ықпалында екеніңізді оқып көріңіз. 

#1 жаңсақ көзқарас:  суды тым көп ішу.

Жаттығу залынан шыққаныңызда немесе шыжыған ыстықта қатты шөлдеген сәтіңізде шөлмек толы суды төңкере тауысып ішкенге не жетсін. Тіпті, мұндайда қанша ішсеңіз де шөліңіз қанбаған секілді көрінеді. Құмарыңыз басылып, суға әбден тояттағанша жұтқыншағыңыз тоқтамастан жұтынып, су іше бересіз. Егер сізде дәл осындай әдет болса, онда қатты сақтанғаныңыз жөн. Суды көп ішкенге қарағанда жедел ішу аса қауіпті. Мұнда тұрған не бар десеңіз, онда төмендегіні оқыңыз.   

Шектен тыс көп су ішу адам ағзасына, әсіресе, бүйрекке зиян дегенді естіген боларсыз. Оның мәнісі мынада: ешқандай ақаусыз, қалыпты жұмыс жасайтын бүйрек жайшылықта сағатына 800-1000 миллилитр суды бөліп шығарады. Демек осы көлемде су ішу (ауыз суы немесе көкөніс, жеміс, т.б. бәрін қосқанда) бүйрекке артық салмақ жүктемейді. Алайда кенеттен қысқа уақыт ішінде шамадан артық су ішкен жағдайда бүйрек олардың бәрін өңдеп, таратып үлгермейтіндіктен артық су клеткаларға жайылады. Суды сіміріп, шар тектес ісінген клеткалар миға өте қауіпті. Өйткені бұлшық ет пен май серпімді келетіндіктен ағзаның көптеген клеткаларында жиырылып-созылатын артық кеңістігі болады. Бірақ бұл кеңістік, өкініштісі, орталық жүйке клеткаларына бұйырмаған. Олар бас сүйегінің ішінде бір-біріне тығыз, шоғырлана орналасқан. Қан, цереброздық сұйықтығымен бірге ортақ кеңістікті пайдаланады. Тіпті, созылатындай артық бос жер жоқ дерлік. Міне, осы себептен бұл орталық жүйке клеткалары көпсінетін болса, соңғы салдары мидың ісінуіне әкеліп соғады. Яғни мидың сумен үрілгенінің кесірінен мидың тіндері бұзылып, есінен тану, демігу, тіпті, ауыр болған жағдайда өлімге душар етеді.     

Бұл құбылыс медицина тілімен айтқанда – гипонатремия. Гипонатремия дегеніміз – қандағы натрий концентрациясының төмендеуі. Бұндай жағдайда қандағы натрийдің мөлшері 135/л ммолден түсіп кетеді (қалыптысы 135-145 ммоль/л). Сондықтан суды тез және көп ішкеннен жүрек айнып, судорогтар ұстауы, одан ауырлағанда бас айналу, құсу, есін жоғалту сияқты жайттарға апарып соғуы мүмкін. Американың Калифорния штатының 28 жасар тұрғыны (әйел) бір реткі су ішуден жарыс кезінде 3 сағат ішінде 6 литр шамасында су ішкеннен кейін басы қатты ауырып, құсып, ақыр соңында жан тәсілім еткен.

#2 жаңсақ көзқарас: тамақтан кейін жедел су ішу

Көбіміздің тұрмыстық дағдымызда тамақтанғаннан кейін дәмі тіл үйіретін десертпен шай ішу ең үйреншікті жайтқа айналғалы қашан. Өкініштісі, бұл біз ойлағандай салауатты дағдылардың қатарынан табылмайды екен. Мамандар тамақтан кейін іле су не шай ішу денсаулыққа пайдалы емес деген пікірді қуаттайды. Егер сіз астан кейін іле-шала сұйықтық ішетіндердің қатарынан болсаңыз, онда оның неліктен дұрыс еместігіне құлақ түріңіз.

Тамақтанғаннан кейін сіздің асқазаныңызда алып өзгерістер басталады. Адам денесінде ас қорыту үдерісі басталған сәтте асқазан сөлі көптеп бөлініп, келген тамақтарды ыдыратып, «өңдеп», тиісті сұрыптау жұмыстарын жүргізеді. Ең маңыздысы ол қорытылған тамақтар арасынан денеге керекті дәрумендер мен қоректіктерді алып, тиісті ағзаларға таратады. Сонымен бірге қажетсіз, артықтарын ішек жолдары арқылы сыртқа шығарады. Егер сіз дәл осы үрдіс жүріп жатқан сәтте молынан су ішсеңіз, су асқазан сөлін шайып кетеді немесе оның рөлін бәсеңдетеді. Осыдан кейін сіздің тамағыңыз толық қорытылып болмаса да, ашығу сезімі пайда болып, тамаққа деген аңсар артады.

Ал тамақтану мен су ішудің арасында қандай баланс болу керек деген сұраққа диетолог мамандар мен асқазан аурулары дәрігерінің кеңесі төмендегіге саяды. Олардың пікірінше ас үстінде сұйықтықты қанып ішкеннен гөрі аз мөлшерде тамақты жібіту үшін ішкен орынды. Ал тамақтан кейін ең дұрысы ішпей тұра тұру. Егер ас мәзіріңіз көкөніс пен жемістен құралған болса, онда тамақтан соң жарты сағат, ал крахмал тектес заттармен азықтансаңыз 1-2 сағат аралығында, сондай-ақ жоғары ақуызбен қарын тойдырсаңыз 1,5-2 сағат өткеннен кейін ғана су ішіңіз. Асқазаны ауратындар үшін тамақтан кейін лезде көп мөлшерде су ішу запыранның көтерілуін арттырады. Сол себепті асқазанында ұдайы запыран көтерілетін адамдарға, ең абзалы, астан соң 2-3 сағаттан кейін ғана барып су ішкен лайықты. Онда да 20-30 минут аралығында 3-4 жұтымнан қауып ішсе, құба-құп.

Мұнан басқа асқазан сөліндегі қышқылдардың ас қорыту рөлінен тыс, бактерияларды өлтіру де функциясы бар. Яғни тамақпен бірге асқазанға түскен залалды бактерияларды осы сұйықтықтар жойып отырады. Егер біз тура ас қорытылу жүріп жатқан сәтте асқазанды сумен толтырсақ, асқазан сөлдерін бірге шайып жібереміз. Бұның соңы гастроэнтерит сияқты асқазан ауларын тудыруы ықтимал.

Қорыта айтқанда, тамақтан кейін жедел түрде көп су ішу запыранды тудырып қана қоймай, тамақтың дұрыс қорытылуына кедергісін келтіреді. Ал ұзақ уақыт астың оңды қорытылмауы ағзаға қажетті дәрумендердің «ағып» кетуіне апарып соғады. 

Тамақтан бұрын суды қашан ішкен абзал?

Тамақтан кейінгі су ішудің уақытын айқындап өткеніндей, мамандар тамақтан бұрын да ең лайықты уақыт тізбесін ұсынады. Олардың көзқарасы –суды тамақтанардан бұрын кемі 30 не 40 минут бұрын ішу. Бұл сіздің тоқтық сезіміңізді басқан сияқты көрінгенімен, керісінше, асқазанды алдын-ала тамақтануға дайындап, астың ойдағыдай қорытылуына алғышарт әзірлейді. Өйткені сұйықтықтар жұтқыншақтан өткеннен кейін 10 минуттай мерзімде асқазаннан ішек жолдарына жол тартады. Ішек жолдарын аралаған уақытта шырышты қабатқа сіңіріліп, қанға енеді. Осы себепті су, жеміс шырыны және көміртекті сусындарды ішкенде тамақтан бұрын 15-40 минут кезеңінде ішсе, ұтымды болмақ.   

Тамақтан соң неліктен қою шай ішу құпталмайды?

Тамақтан соң қою қара шай ішуді өмірдің ләззаты деп білетін оқырмандар үшін де бір-екі ауыз пайым айта кетуді жөн санаймыз. Шынтуайтына келгенде, тамақтан кейін шай ішу қай жағынан да соншалықты пайдалы емес. Себебі шай құрамында танник қышқылы көп болады. Ол қышқылдар жаңада ғана асқазанға түскен, әлі қорытылып үлгермеген ақуыздармен реакцияға түсіп, тұнба пайда қылады. Шай құрамындағы заттар сондай-ақ ағзаға пайдалы темір элементінің сіңірілуіне тосқауыл жасайды. Астан кейін шай ішуді әдетке айналдырып, тұрмысына етене ендіргендер темір жеткіліксіздігі анемиясына оңай шалдығады. Су сияқты шайдың да асқазандағы ас қорыту сөлін шайып кететінін тағы қоссаңыз, шайдың пайдасынан зияны көп пе деп ойлауыңыз кәдік.

Диетолог мамандар кеңесінің маңызды бөлігі суды тым салқын, мұздай күйінде ішпеуге де қатысты. Бірақ ол келесі баптың мазмұнына енетіндіктен мұнда осымен тамамдадық.

#3 жаңсақ көзқарас: мұздай су ішу

Жаздың шіліңгір ыстығында мұздай су жаныңызды рахаттандырып, денеңізді сергіткендей болатыны сөзсіз. Бірақ байыптай білгенге оның  денсаулыққа пайдасынан гөрі көмескі зияны көп. Ендеше мұздай суды ішуге болмайтын себептерге бірге үңіліп көрелік.

Салқын су дене температурасын түсіріп қана қоймай, көмекей, жұтқыншақты тітіркендіреді. Салдарынан өкпе, тыныс жолдарына суық тиіп, қабындыруы мүмкін. Тыныс жолына суық тию, көрер көзге белгілісі ғана. Ал мұздай су ішудің онан басқа да зардабы бар. Әдетте, төбеден күн шыжып, қапырық самалдың лебі бетті соққанда жанымызды қоярға жер таппайтынымыз анық. Мұндайда тамаққа тәбет те болмайды. Бар тапқан айламыз қайта-қайта сұп-суық су сіміріп, сырттағы жалынды іштен басқымыз келеді. Бір сәтке сарай ашылып, тынысымыз кеңіп қалғандай сезіледі. Бірақ оның зардабын ет көзіміз көре білмейтін ішкі ағзаларымыз тартып жатыр. Көп мөлшердегі салқын су асқазанға түскеннен кейін асқазан шырышты қабаты қан тамырларын жиырылтады. Бұл жиырылыс асқазандағы ферменттердің әрекеттесуін әлсіретіп, ас қорыту барысын қиындатады. Асқазан шырышты қабаты қан тамырларының жиырылуы асқазанды оттегі мен қан жетіспеушілігіне шалдықтырып, асқазанды қабындырады. Суды ылғи мұздайынан ішетін диетадағы қыз-жігіттер үшін де дабыл сигналы келген тәрізді. Өйткені ұдайы суық су ішу семіздікке дем береді. Олай болатыны төмен температура мұздай су азықтықтардағы майды қатырып, оның еруіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан көптеген диетадағы адамдардың дұрыс тамақтанғанына қарамастан семіздіктен арыла алмай жүруінің бір себебі осында болса керек. Салқын судың тыныс жолдарына, буын қабынуына мұрындық болатынын атап өттік. Бұл екеуінен бөлек, мұздай су, сонымен бірге, жүрек соғысын баяулатады. Ішке енгеннен кейін мұздай су кезеген жүйкесіне әсер етеді. Ми жүйкелеріне жататын кезеген жүйкесі (nervus vagus) аса маңызды үш талшықтан тұратындықтан ол тікелей жүректің соғысын әлсіретіп қауіпті ұлғайтады.

Қай температурадағы суды ішкен жөн?

Жоғарыдағы аталған себептер мен басқа да факторларды жан-жақтылы зерделеудің нәтижесінде медицина мамандарының ортақ тұжырымы ішер суымыздың нөлден жоғары 12-40 градус шамасындағы жылымшы су болғанын мақұлдап отыр. Әсіресе, 12-17 градус айналасындағы жылыман сұйықтық асқазанға ең қолайлы екен. Бұл температурадағы су асқазанды нығайтып, тамақты ойдағыдай қорытуға игі әсер етеді әрі ішек жолдарының да жақсы жұмыс жасауына қолайлы мүмкіндік тудырады екен. Айта кетерлігі, суды ішкенде де белгілі бір уақыт көлемінде емес, күні бойы тең дәрежеде тұтынған дұрыс.

Қандай адамдар тобы мұздай су ішкеннен сақтанғаны жөн?

Бұл тізімнің басында, әуелі, аяғы ауыр әйелдер тұрады. Өйткені бала көтерген әйелдердің иммунитеті әлсіз келетіндіктен салқын су ішуден суық тигізіп алуы бек мүмкін. Балалар да суық су ішкеннен сақтанғаны жөн. Өйткені олардың да денесі әлі өсу, толысу үрдісінде болғандықтан салқын су ішкеннен іші өтіп, түрлі асқазан ауруына ықпал етуі кәдік. Ыстықта, күн астында жүрген адамдардың қатты мұздай су ішпегені абзал. Сондай-ақ бұл тізімге қарттар мен асқазаны әлсіз адамдар да енеді. Өйткені салқын су асқазанды тітіркендіргіш келетіндіктен асқазаны әлсіз адамдар ішсе, ішек жолдары қабынып, бүріп ауру, түйіліп ауру  сияқты жағдаяттарды тудырады. Ал жүрек-қан тамырларында дәз бар егде жастағылар сақтанғаны абзал. Олар үшін тым төмен температурадағы сұйықтық асқазан, ішек жолдары ауырсынуын айтпағанда, цереброваскулярлық ауруға шалдықтырып, аяғы тромб, ангина пекторисі сияқтыларға апарып соғады.       

#4 жаңсақ көзқарас: жүріп бара жатып немесе тұрып су ішу.

Қарбалас қала тіршілігі, жұмысбастылық, уақытпен жанталас көп адамдардың жұмыс ритмін тездеткені анық. Тіпті, таңғы асты ұмытып, түскі асқа сүлесоқ қарайтын, ең соңында кешкі аста бір күннің қарымжысын бір-ақ қайтаратын кезеңге де тап келгендейміз. Бұл – бүгінгі өзгеден бір бас артық болуды талап ететін нарықтық қоғамның жазылмаған заңы. Әмсе, қалалы тіршілік үлгісі қалыптастырған тағы бір бөгенай – асты үстел үстінде емес, жолай ішу, жүре тамақтану. Бұл АҚШ, Еуропа, Жапония сияқты елдерде көрер көзге тым үйреншікті жайт болғанымен, бізге де дендеп еніп, жалпыласып келеді. Егер фаст-фудпен тамақтанатындарды айтпай қоя тұрғанның өзінде, көпшілігімізде тұрып су ішетін әдеттің бар екені анық. Фитнес, спорт залдарында, жүріп не жүгіріп бара жатып, автобус аялдамасында тұрып су ішу қалыптағыдан да қарапайым көрініс. Тіпті, оны алабөтен әңгіме етудің қажеті мүлдем жоқ сияқты көрінуі ғажап емес. Алайда білікті мамандар мұны да жоққа шығарып отыр. Сөйтсе, оның да біз ескермеген себебі бар екен.

Біздің отырған не тұрған, болмаса басқа бір әрекеттегі қалпымызда асқазан да бірге өзгеріс тауып отырады екен. Яғни асқазан адамның қозғалысына сай жиырылып, созылады. Егер суды тұрып ішсек, ол сұйықтық асқазанда қорытылмастан төтелей ішек жолдарына өтеді. Ал  қорытылмаған судан ағзамыз еш құнар ала алмайтыны белгілі. Сондықтан асқазанда қорытылған, микробтары жойылған су ғана ағза үшін пайдалы. Ол үшін  суды отырып ішуге тура келеді. Тік тұрып су ішудің тағы бір теріс жағы тұрған қалыпта біздің бұлшық еттеріміз бен жүйке жүйеміз отырғандағыдай еркін, босаңсыған хәлде болмайды екен. Осындай сәтте су ішу (яғни тұрып тұрғанда) бұлшық еттеріміз бен жүйке жүйеміздің өздеріне қажетті суды толыққанды ала алмауына әкеліп соғады. Оның салдары буындардың қабынуы сияқты елеусіз дерттерді ұлғайтады. Тұрып тұрғанда суды тез ішетіндігімізден ол денеміздің сүзгіші – бүйрекке де артық салмақ болатыны тағы бар.

Егер ауыл өмірін көрген оқырман болсаңыз, біздің бұрынғы көнекөз қарттарымыз суды әсте тұрып ішпегенін еске түсіру сізге қиынға соқпайды. Тым болмағанда бір тізесін бүгіп, жүрелеп отырып су ішетін олар бұл сауатты қайдан алды? Кейбір сұрақтардың сыры медицинада бертінде ғана ашылғанымен, ол қасиетті ислам дінінде ширек ғасырдай бұрын айтылған. Анығы тікеден тұрып су ішпеу соңғы пайғамбардан жеткен өсиет болып шықты. Бұл турасында Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мұхаммед Мұстафа ескертіп кетіпті. Әннес сахабадан жеткен хадисте: «Расулалла, (с.а.у.) тұрып су ішуге тыйым салды. Мен пайғамбарымыздан: «Ал тұрып тамақ жеу ше?»,-деп сұрадым. Ол: «Бұған да қатаң тыйым салынады. Тұрып тамақ ішу су ішуден де жаман»,-деп жауап берді»,-деп айтылады. Мұндай хадисті жеткізуші бір ғана хазіреті Әннес емес. Әбу-Хурайрадан бізге аманат етілген хадисте де Алла тағаланың елшісі – Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.): «Байқаңдар, тұрып су ішпеңдер. Егер араларыңда кімде кім ұмытып ішіп қойған болса, дереу құссын»,-деп қатаң ескертіпті. Міне, бұл хадистерден де тұрып су ішудің бізге шектелген әрекет екенін көреміз. Пайғамбарымыз сүннетін жеткізушілер Алланың сүйікті елшісі тамақтанғанда оң аяғын бүгіп, сол аяғын  жамбасының астына бастырып отырып ас ішкен дейді. Алдында асқазанның қимыл-қозғалысымызға қарай көлемін өзгертетінін атап өткен едік. Ғалымдардың пайымынша, тәңірі елшісінің сүннетінен саналатын бұл отырыс асқазанды бірнеше бөліктерге бөледі екен. Бұл да асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, қалған бөлігін ауамен толтыруды мақұлдаған ғылыми тұжырыммен астасып жатыр. Мүмкін келешекте медицина ғылымы пайғамбар өсиетінің басқа да ғылыми негіздерін жаңалық ретінде ашатын болар. Біздің қазақы ырымдар мен тиымдардың да мәнісін ұғып, сырын аша алсақ көптеген пәлсапалық, медициналық ғылыми қорытындылармен ұштасып жатқанын аңғарар едік.

#5 жаңсақ көзқарас: Таңертең тамақтанардан бұрын су ішпеу

Көптеген адамдардың өмір салтында таңертең тұрғаннан кейінгі бірінші шаруа тазалық бөлмесінен басталатыны анық. Душқа түсіп, беті-қолымызды жуу, тісімізді тазалау, одан тамақтану бұл тіпті, санаға еш салмақ түсірмей өздігінен орындалатын амалдарға тән істер. Алайда білікті медицина мамандары бұған да өзгерістер енгізіп отыр. Олар таңертең тұрғаннан кейін тамақтанардан бұрын бір кесе жылымшы су ішкен абзал дейді. Таңғы уақытта денеге сіңірілген су асқазанды «оятып», перистальтикаға ықпал етіп, іштің қатуын болдырмайды. Түні бойғы ұйқыдан кейін қан қоюланады. Осындай сәтте су ішу аса дәл уақытында келген «көмек» іспетті. Денеге енген су қан қоюлығын сұйылтып, қан айналысын жақсартады. Қанның ойдағыдай айналысы адамды сергектендіре түседі әрі жүрек қан тамырлары ауруларының алдын алады. Десе де бір кесе суды бір деммен ішу құпталмайды. Егер тым тез ішсеңіз қан қысымын төмендетіп, жүрек айну, бас ауру сияқты кері әсерін тигізеді. Ал көп ішсеңіз қан қысымын жоғарылатып, бүйрек гломерулярының басымдығын арттырады. Сондықтан ішер суыңыздың нормасы 200-400 миллилитр шамасында болса тым жақсы. Мамандар сонымен бірге таңғы судың орнын түрлі көміртекті сусын, кофе, сүт , жеміс шырын сияқтылармен алмастырмауға кеңес береді. Ондағы себеп көміртекті сусындарда лимон қышқылы болатындықтан, зат алмасу үрдісінде бұл қышқыл қан құрамындағы кальцийдің азайтады. Ұзақ уақыт мұндай сусын ішсеңіз кальций кемдігін тудырады. Тағы бір таңда ішуге болмайтын су түрі – тұзды су. Таңертең тұзды су ішу денсаулыққа пайдалы деп санайтындар да бар. Бірақ бұны толыққанды дұрыс дей алмаймыз. Тұзды судың адам ағзасына пайдалы екені рас. Алайда оны тек жазды күні ыстық күндерде адам қатты терлеген сәттерде ішкен орынды. Ал таңертең ертемен ішу пайдасы былай тұрсын, зиянын көбірек тигізеді. Себебі таңда адам ағзасындағы қан қысымы онсыз да өзінің бірінші биігіне көтеріледі. Мұндайда тұзды су қан қысымын одан әрі жоғарылатып жібермек.   

#6 жаңсақ көзқарас: жатардан бұрын су ішпеу

Көптеген адамдар ұйықтар алдында су ішпеу керектігін айтады. Егер бұндағы себеп түнде ұйқының бұзылуынан мазасыздану болса, онда оны түзетуге тура келеді. Себебі жатар алдында су ішудің тигізер пайдасы түнде оянудан әлдеқайда өтімді. Су ұйқы кезінде жүрек пен мидың қызметін жақсартады. Бір түнгі ұйқы кезінде біз 450 миллилитр су жоғалтады екенбіз. Егер кешкі астан бастап таңға дейін су ішпейтін болсақ, қан құрамындағы су азайып, қанның ұюын жеделдетеді. Қарттарда аяқ асты туындайтын жүрек талмалары да осы түнгі және таңғы уақытта ең көп болатыны белгілі болып отыр. 2002 жылы АҚШ-тың «Жұқпалы аурулар ғылыми журналында» жарияланған зерттеуге сәйкес ұйқы алдында су ішу түнгі қан айналысын жақсартып, түнде және таңертеңгі тұтқиылдан болатын инфаркттың алдын алады екен. Анықталғандай миокард инфарктісі таң ата бере немесе оянғаннан кейін 2 сағат аралығында жиі болады екен. Бұл жүрек ауруларының туындайтын бір себебі  тікелей қанның қоюлығымен қатысты. Ұйыған қан тромбозға себеп болып, қан тамырларды бітеп тастайды. Сондықтан ұйқы алдында су ішу анау айтқандай зиянды әдеттерден емес. Қарт кісілер түнде шай ішкенді ұнатады. Бірақ шай дәретті жиілетіп, денені қабылдаған судан да көп мөлшерде сусыздандырады. Бұның салдары жоғарыда атап өткендей. Сондықтан қарт кісілерге түнде шай  ішу соншалықты оңды емес.

#7 жаңсақ көзқарас: сусамайынша су ішпеу

Кейбір адамдар әбден шөлдеп, ми суға деген сұранысты тудырмайынша су ішпейді. Тек шөлдеген сәтте ғана құмарды қандырып ішу – бұл да қате түсініктің бірі. Оның себебін жоғарыда аталған 6 бап бойынша да таратып айтуға болады. Ең бастысы, біздің денеміз суға деген зәрулігін  бір мезгілде тұтас қандыра алмайды. Тек аз-аздан, мысқалдап қана біртіндеп толтырады. Ал бір сәтте тауысып немесе жедел ішудің қандай залалы барлығына жоғарыда тоқталып өттік. Сондықтан зат алмасу үрдісінің тірегі болған суды жұтымдап қана ауық-ауық ішіп отырыңыз. Бұл – ең лайықты тәсілі. Маңыздысы қатты шөлдегенге дейін жеткізбеген жөн.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға