Жаңалықтар

Coursera курстары 25 университеттің студенттеріне қолжетімді болады

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті
Coursera курстары 25 университеттің студенттеріне қолжетімді болады
Фото: gov.kz 13.01.2023 21:21 1863

АҚШ-қа жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жетекші жоғары оқу орындарында оқитын американдық компаниялардың, жоғары оқу орындарының өкілдерімен және қазақстандық студенттермен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Coursera басшысы Jeff Maggioncalda-мен кездесу барысында студенттер үшін әлемдік курстарды оқшаулау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Келісім бойынша бағдарламаның бірінші кезеңі осы айда басталады.

«Coursera курстары 25 өңірлік университеттегі 20 000 қазақстандық студентке қолжетімді болады. Қазіргі уақытта 50 курсы қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Бағдарлама 600 курсқа дейін кеңейтіліп, оларды қазақ тіліне бейімдеумен айналысуда. Алдағы үш жылда 100 000 қазақстандық студент пен өзге де пайдаланушылар Coursera платформасына қол жеткізе алады», – деді министр Саясат Нұрбек.

Ведомство басшысы Стэнфорд университетінің профессоры Даниэль Шварцпен кездесіп, тараптар ынтымақтастық орнату мүмкіндігін талқылады. Ал, профессор Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін одан әрі дамытуға қажетті бірнеше практикалық ұсыныстар берді.

Саясат Нұрбек Пенсильвания мемлекеттік университетінің топ-менеджментімен де маңызды кездесу өткізді. Атап айтсақ, PennState вице-президенті (Провост) Justin Schwartz-пен, вице-провост Roger Brindley-мен, IT, заң мектебінің декандарымен жүздесті.
Қазақстанда университеттің филиалын ашу бойынша нақты қадамдар талқыланды. Америкалық жоғары оқу орнының басшылығы бұл бастамаға қолдау көрсетті. Қазірдің өзінде мәселені тиісті пысықтау жұмыстары басталды.

Өткен жылдың қыркүйек айында Қозыбаев университетінің базасында Аризона университетінің филиалы ашылған болатын. Жобаның алғашқы қорытындыларын шығару және одан әрі ынтымақтастық жоспарларын талқылау мақсатында Аризона Университетінің провосты Liesl Folks-пен кездесу өтті.

«Көбісі Қозыбаев университетін сенімгерлік басқаруға беру қажеттілігі мәселесі ұзақ уақыт бойы талқыланғанын біледі. Бұл мәселе тиімді шешіліп, стратегиялық серіктестіктің жаңа форматы сенімгерлік басқаруды алмастырды. Осылайша, Қозыбаев университеті қазақстандық тараптың толық басқаруында қалады. Бұл ретте Аризона университеті біздің жоғары оқу орнына академиялық артықшылық орталығын құруға көмек көрсетеді», – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, келесі оқу жылында 500 студент 10 білім беру бағдарламасы бойынша грантта оқуды бастайды, оның 5-уі қос диплом бағдарламасы арқылы болады. Сонымен қатар, Liesl Folks-пен келіссөз нәтижелері бойынша биыл Аризона университеті біліктілігін арттыру және ғылыми ынтымақтастықты дамыту үшін М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дан 30 қазақстандық оқытушыны қабылдайтыны туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға