Жаңалықтар

Ұлбике Жангелдіқызы (1825-1849)

Қазақтың ғажап айтыскер ақыны, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Туған жері Сыр өңірі болғанымен жастық шағы Талас өзенінің бойында өткен. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Ошақтысы. Ұлбике 12-13 жасында айтар ойын ұрымтал да ұтымды өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздері төңірегіндегілерді тәнті етіп, атақ-даңқы алысқа жайыла бастады. Көрнекті ғалым М.Жолдасбеков дарынды да арынды қыз туралы зерттеу еңбегінде: «Ұлбике ұтқыр уәждердің небір тамаша үлгілерін жүрген жерлеріне маржандай шашып отырған. Сол мол мұрадан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Ұлбикенің жиырмаға тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл-күй толғауларын асыл мұрасын  жинауға М.Көпеев, Ә.Диваев, В.Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған», – дейді.
30.01.2013 11:36 5116

Қазақтың ғажап айтыскер ақыны, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Туған жері Сыр өңірі болғанымен жастық шағы Талас өзенінің бойында өткен. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Ошақтысы.

Ұлбике 12-13 жасында айтар ойын ұрымтал да ұтымды өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздері төңірегіндегілерді тәнті етіп, атақ-даңқы алысқа жайыла бастады.

Көрнекті ғалым М.Жолдасбеков дарынды да арынды қыз туралы зерттеу еңбегінде: «Ұлбике ұтқыр уәждердің небір тамаша үлгілерін жүрген жерлеріне маржандай шашып отырған. Сол мол мұрадан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Ұлбикенің жиырмаға тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл-күй толғауларын асыл мұрасын  жинауға М.Көпеев, Ә.Диваев, В.Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған», – дейді. 

Атақты ақын, әдебиет үлгілерін жинаушы, этнограф, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеев Ұлбике жайлы өзінің «Қара месінде» көптеген деректер келтіреді. Соның бірінде ғұлама: «...ол өмірінде қара сөз сөйлемеген, біреуге жауап берсе, біреуге әңгіме айтса, өлеңмен толғаған», – десе, ел ішінде «Ұлбикенің таңдайында өлеңнің ұясы бар» деген аңыз айтылады.

«Бұдан 120 жылдай бұрын бір жанды бетіне қаратпаған ақын болды, қазақтан Ұлбике деген қыз», – деп жазады  Ә.Диваев.

Ұлбике ақынның шығармаларын В.В.Радлов Петербургте бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялаған. Ақынның бұл айтыстары 1942, 1965 және 1988 жылдары жарық көрген «Айтыс» атты кітапқа енген.

М.Әуезов, С.Мұқанов, Р.Бердібаев, Ш.Мұртаза, Қ.Мырза-әлі, С.Дәуітұлы, К.Ахметова сияқты ғалымдар мен қаламгерлер Ұлбикенің ақындығына жоғары баға береді. Ақын Қадыр Мырза-әлі Ұлбикенің тағдырын толғайтын «Мың бір мұң» трагедиясын жазды.

Жасынан өнер қуған ақын қыз өз тұсындағы белгілі жүйріктер – Майлықожа, Мәделі, Жанкел, Серәлі, Күдері, Таспа қожалармен айтысқа түскен. Мәделі ақын: «Өлең айтып отырған  Ұлбикенің кеудесінде бұлбұл құс тілдеседі», деп жырлаған. Күдерінің әкесі: «Балам, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұқара барып үш жыл оқып кел, әйтпесе онымен айтысуға жарамайсың», – деуі де тегін емес.

Айтыста алдына жан салмаған Ұлбике ақын 1849 жылы небәрі 24 жасында өмірден өтеді. Ақынның өлімі жайлы деректердің бәрінде Байтан атты өзінің ақылсыз, ұрдажық күйенің қолынан қаза тапқандығы айтылады.

Бар өмірін өлеңмен өрнектеген Ұлбикенің бұл күнге жеткен біршама мұрасы – мәңгілік дүние. Оның лирикалық өлеңдері мен айтыстарынан кешегі ата-бабамыздың тұрмыс-салты, мінез-құлқы, өнерге деген құштарлығы, ыстық махаббаты суымай сол күйінде жеткен.

          Дереккөздері:

1. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 4-том. 19-ғасырдың бірінші жартысы. (1800-1850) – Алматы: Қазақпарат, 2005 ж. 352-363 б.
2. Қазақ халық әдебиеті: көп томдық. - Алматы: Жазушы, 1968 ж. Т.1. Айтыстар. 1988. 250 б.
3. Ұлбике /құраст: К.Ахметов, М.Төлепберген/. - Алматы: «Өнер», 2002 ж.-148 б.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға