Өңірлердің жұмыспен қамту картасы әзірленеді. Бұл жөнінде бүгін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Серік Әбденов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, еңбек нарығын реттеу тетіктерін жетілдіру қажет. Бұл бағытта жұмыспен қамту деңгейіндегі аймақтық диспропорцияны және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге күш жұмсалмақ.
«Былтыр біз облыс әкімдерімен бірлесіп, өңірлердің жұмыспен қамту Картасын жасақтап көрдік. Нәтижесінде салалық иа аймақтық бағдарламалардың ғана емес, «Жұмыспен қамту» бағдарламасының өзінде ақтаңдақтар бар екенін анықтадық. Ауылды жерлерде жұмыс орындары, кәсіби мамандар мен тәжірибесі бар мамандар тапшы. Үй-жай шаруашылығымен нәпақа айырып отырған 1,2 млн. адам зейнетақы қамсыздандыру және сақтандыру жүйесіне мүлдем қатыспайды. Осы мәселелерді ескере келіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, министрлік алда – ауыл адамының еңбек өнімділігін арттыруды – басты назарда ұстамақ», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Аталған мәселерді шешу үшін өңірлердің жұмыспен қамту Картасын енгізу ұсынылып отыр. Оны ауылдық округ, аудан (қала) және облыс деңгейіндегі жергілікті атқару органдары жыл сайын әзірлеп отыратын болады. Мемлекеттен бөлінген қаржы әуел баста, жұмыссыздар саны көп және халқының табыс деңгейі төмен өңірлерге жөнелтіледі. «Халықты жұмыспен қамту» туралы жаңа заң жобасы әзірленеді.
Айымгүл ӘБІЛЕВА
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға