«Қазақстан барысы» халықаралық жобаға айналмақ
«Қазақстан барысы» турнирінің үшінші маусымының ашылуына орай Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин осылай деп мәлімдеді. Сөйтсек, партия бұл ұлттық-спорттық жобаның іске асырылуына зор мән бере отырып, өткен жылдың қараша айында Қазақ күресін дамыту қорымен ынтымақтастық меморандумына қол қойған екен.
Бұл орайда жобаның партия үшін қандай маңызы бар деген сауалдың туындайтыны да рас. Оған Е.Қарин нақты жауабын да берді. «Біріншіден, әрине, бұл жобаның салауатты өмір салтын, спортты насихаттауда үлесі зор. Екіншіден, ұлттық спортты, ұлттық дәстүрді, ұлттық танымды насихаттауда атқаратын рөлі ерекше. Үшіншіден, партия үшін бұл жобаның әлеуметтік маңызы да бар. Себебі ауылдық, аудандық жерлердегі спортпен айналысатын жастардың өзін-өзі көрсетуге, тәжірибесін молайтуға тигізетін пайдасы мол», – дейді ол.
Республикалық турнирдің іріктеу кезеңі биыл үш кезеңмен өткізіледі. Атап айтқанда, ақпан айында ауылдық-селолық деңгейде, наурызда аудандық және қалалық, ал сәуірде облыстық деңгейдегі іріктеу турнирлері ұйымдастырылады. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясының өңірлік құрылымдары облыстық, аудандық, ауылдық деңгейдегі іріктеулерді ұйымдастыруға, жастарды тартуға, ақпараттық демеуге атсалыспақ. Сонымен қатар белдесулердің әділ өтуін де қадағалайтын болады. «Ақылдаса келе ағымдағы жылғы финалды Астананың 15 жылдығына орайластырып, маусымның 30-ына белгілеп отырмыз», – деді Е.Қарин.
Айта кетерлігі, баспасөз мәслихаты барысында қазақша күрестен ауылдық, аудандық деңгейде өткізілетін іріктеу кезеңдерінің сапасы сын көтермейтіндігі белгілі болды. Оның ашығын айтқан ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов: «Жыл сайын айтып жүрміз, бізге көбіне ауылдық, аудандық жерлерде өтетін белдесулерге ерекше көңіл бөлуіміз қажет сияқты. Өйткені облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастыруды жақсы деңгейге көтерген сияқтымыз. Бірақ ауылдық, аудандық турнирлерде кемшін тұстар болып жататындығы шындық», – дейді.
Сондықтан да қазіргі таңда агенттік тарапынан өңірлік басқармаларға турнирдің іріктеу кезеңін жоғары деңгейде өткізуге, оған зор жауапкершілікпен қарауға тапсырма да берілген. Жалпы, Е. Қанағатовтың атап өтуінше, «Самұрық-Қазына» қоры қанымызға сіңген ұлттық спорт түрін халықаралық деңгейде өткізу жобасын да әзірлеп, шетелдегі қандастарымыздың арасында да ұйымдастыруды ойластырып отырған сыңайлы.
Айдар МАХМЕТОВ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ бұқарамен байланыс департаментінің директоры:
– Биыл біз бас демеуші ғана емес, сонымен қатар осы турнирдің қожайыны ретінде қатысатын боламыз. Өйткені өздеріңіз білетіндей, 2012 жылдың аяғында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «Астана» президенттік кәсіби спорт клубын құрған болатын. «Қазақстан барысы» турнирі сол клубтың ең маңызды жобаларының бірі болып саналады.
Серік ТҮКЕЕВ, Қазақ күресі федерациясының президенті:
– Бүгінгі таңда қазақ күресі ғаламшардың төрт құрлығында дами бастады. Біз Германияның Берлин қаласында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын ашқанда 16 мемлекет қолдаса, бүгінде олардың қатары 30 елден асты. Ақпан айының 26-сы мен наурыздың 5-і аралығында 15 елдің палуандарының қатысуымен қазақша күрестен Африка чемпионатын өткізейік деп отырмыз. Содан кейін Америка құрлығы чемпионатын өткізбек ойымызда бар. Айтпақшы, сүйінші хабарымыз да бар. Үш күн бұрын қазақ күресі Дүниежүзілік студенттік спорт ойындары бағдарламасына төрт салмақ дәрежесі бойынша енгізілді деген хабар алдық.
Автор: Марлан ТҰМАРБЕКҰЛЫ, Астана