24 мыңнан астам жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылға аттанған. Бұл жөнінде бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің жастар ісі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Өтешов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Жаңа мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын іске асыру барысында орталық мемлекеттік органдардың өңірлерге трансферттер бөлуі қарастырылған. Нұрлан Өтешов бұл тәжірибенің өз тиімділігін көрсеткенін алға тартты.
«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында бүгінгі күні 6 мамандық бойынша 24 мыңнан астам жас маман ауылға аттанды. Кезінде бұл бағдарламаның әкімшісі ауыл шаруашылығы министрлігі болды және осы механизмді әзірлеп, жүзеге асырған да осы министрлік. Біз енді бұл механизмді өзге мемлекеттік органдарға енгізуді ұсынып отырмыз. Өйткені, тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлейтін боламыз», - деп атап өтті Нұрлан Өтешов.
Оның айтуынша, мемлекеттік жастар саясаты білім және ғылым салаларымен ғана шектелмейді. Жастарды маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға тарту керек. Осы ретте жаңа тұжырымдама аясында Қазақстан жастарының білімі мен күш-жігерін ел игілігіне жарату көзделген.
Айымгүл Әбілева
BAQ.kz
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға