Театр ұжымы
Семейдегі Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры бүкіл қазақ театры өнерінің қарашаңырағы болып саналады. Оған дәлел, 1917 жылы Мұхтар Әуезовтың басшылығымен “Ойқұдық” жайлауында қойылған “Еңлік-Кебек” пьесасы қазақ еліндегі жаңа өнердің тұсаукесері болды. Бұл тарихи айғақталып, кезінде толық құпталған айтулы оқиға. Сол Ойқұдықта маздаған шоқ бүгін егеменді елдің өркендеген өнеріне айналып, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді. 1920 жылдары құрамына әйгілі Әміре, Иса, Жұмат, Қалибек сынды майталман өнер иелерін топтастырған “Ес-Аймақ” театры, тек 1934 жылы ғана ресми түрде бекітілді.
Әрісі 94, берісі 77 жыл халыққа өнер көрсетіп, өнер тілі арқылы адамгершілік және эстетикалық тәрбие беріп келе жатқан театр, үлкен өнер - өмір, өмір - өнер жолынан өтті. Театр 77 жыл ішінде 300-ден астам спектакль қойып, жалпы саны 80 миллионға тарта көрермендерді қамтып, халыққа тәрбие беруде зор роль атқарды. 1934 жылы Ілияс Жансүгіровтың “Кек” пьесасымен шымылдығын ашқан театр, ондаған алыс-жақын шетел классиктерімен қатар, әлемдік драматургия дәрежесіндегі М.Әуезовтың, Ғ.Мүсіреповтың, Б.Майлиннің, Ғ.Мұстафиннің, Р.Ғамзатовтың, Ш.Айтматовтың шығармаларын сахнаға шығарды. “Еңлік - Кебек”, “Қаракөз”, “Қозы-Көрпеш – Баян-сұлу”, “Айман - Шолпан”, “Бөлтірік бөрік астында” пьесалары театр репертуарының алтын қорына айналды. Осы жылдар ішінде театр қабырғасынан өнерге қанаттанған әртістер бүкіл республика көлеміндегі барлық дерлік театрларда жемісті еңбек етті, әлі де еңбек етіп келеді.
Өнер ордасының, аға буын актерлер мен режиссерлардың озық дәстүрлерін бүгінде талантты артистер одан әрі жалғастыруда. Театрда үш Қазақстанның халық артисі: Күләш Сәкиева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Бекен Имаханов; Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Шайзат Бахтинова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ноғайбаев, 13 Мәдениет қайраткері, барлығы 60 адам еңбек етіп келеді. Симфония оркестрі және балет артистері тобы бар. Театр классикалық шығармаларды музыкамен көркемдеп, балетпен ұштастыруға зор еңбек сіңіруде. Сондай-ақ театр жанында актерлар даярлайтын “Театр студиясы” жұмыс істейді. Аз уақыт ішінде студия жүздеген жас сахна шеберлерін тәрбиелеп, үлкен өнерге жолдама берді.
Театр Каирде өткен Халықаралық және Республикалық фестивальдердің лауреаты.

