Жаңалықтар

1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезеңі

Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас аудандарының көшпелі және жартылай көшпелі халқын күштеп отырықшыландыру әрекеті халықты үлкен қайғы-қасіретке душар етті.
26.11.2014 04:40 122780

Түркістан, Келес, Бадам, Қаратас аудандарының көшпелі және жартылай көшпелі халқын күштеп отырықшыландыру әрекеті халықты үлкен қайғы-қасіретке душар етті. Олардың негізінде алып колхоздар ұйымдастырылды. Мал шаруашылығында нағыз жұт басталды. Мал басының саны 40,5 миллионнан 4,5 миллионға дейін кеміді. Әсіресе түйе, жылғы, қой шаруашылықтары көп шығынға ұшырады. Мұның нәтижесінде 1931-1933 жылдары республиканың 6,5 миллион халқының 2,1 миллионы қырылып қалды. Аштықтан, үкімет орындарының тарапынан болған қуғын-сүргіннен қашып, 1 миллион адам шет елдерге өтіп кетті. Малдық жайымен отырған қарапайым халық енді елінен безуге тура келсе, ал Қазақстанға, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысының жеріне Ресей мен Украинадан арнайы қоныс аударушылар ағылып жатты. Кейінірек, яғни саяси қуғын-сүргін жылдары мұнда корей, неміс, иран, өзірбайжан, қарашай, шешен және тағы басқа ұлт өкілдері жер аударылды. Осылайша аймақтың әлеуметтік келбеті мен ұлттық құрамы өзгеріске ұшырады.

Аса күрделі саяси және экономикалық кезеңдерде әкімшілік-аумақтық бөлу жөніндегі эксперименттер басталды. 1928 жылдың қаңтарында Сырдария губерниясы 21 ауданнан тұратын Сырдария округі болып қайта құрылды. Содан соң көп ұзамай БОАК-нің 1930 жылы 23 шілдедегі қаулысымен округтерге бөлу жойылып, аудандарға бөлу енгізілді. Сырдария округінің құрамында енді 18 аудан қалды. Екі жылдан соң, 1932 жылы Қазақстан аумағында 6 облыс, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы құрылды. БОАК-нің 1932 жылғы 10 наурыздағы осы жөніндегі қаулысы облыстың құрылған күні болып саналады. 1938 жылы облыстағы да әкімшілік-аумақтық өзгерістерге ұшырады: оның құрамынан алғашқыда Қызылорда облысы, одан соң 1939 жылы Жамбыл облысы бөлініп шықты. 1962 жылы орталығы Шымкент болып табылатын Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылды. Оның құрамына Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстары енді. 1964 жылғы желтоқсанда «өлке» жойылып, Шымкент облысы осы атын сақтап қала берді. 1992 жылғы 6 шілдеде ҚР Жоғары Кеңесінің қаулысымен оған бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы деген аты қайтарылып берілді.

30, 40, 50 жылдары (ХХ ғ.) жаппай саяси қуғын-сүргіннің нәтижесінде облыстың 3 мыңнан аса адамы түрлі жазаға ұшырады. Облыстың 58 басшы қызметкерінен 36 адам ату жазасына кесілді. Олардың ішінде партия комитетінің бірінші хатшысы Ә.Досов, облатком төрағасы В.Случак, облатком жауапты хатшысы Б. Ержанов, облыстық газеттердің редакторлары П. Грехнев пен Р. Жаманқұлов және т.б. болды.

Дереккөзі: Жаңарған, жасарған Оңтүстік. Алматы, 2012 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға