Табиғаты
Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты әсем. Оның басым бөлігі – сұрғылт-қоңыр топырақты, жусанды-дәнді өсімдіктер жайыла өскен жазық дала. Мұндағы тамаша оазистерді бірнеше шақырымға созылған дала мен құмды шөлдер бөліп жатыр. Облыстың Оңтүстік-батыс бөлігі, Сырдарияның сол жағалауын бойлай Қызылқұмның шағыл құмдары мен Шардара даласы жатыр. Солтүстік бөлігі – Бетпақдала шөлі, қиыр оңтүстігінде – Мырзашөл, оны Тақырдала деп те атайды. Құмда сексеуіл өседі.
Теңіз деңгейінен 2176 м биіктікте орналасқан Қаратау жоталарындағы Бессаз тауы облыстың қақ ортасынан өтеді. Қаратау тауларын Түркістан, Кентау қалаларына бара жатқан жолда көруге болады. Олар 280 ш. км-ге созылып жатыр. Қаратаудың өсімдіктер мен жануарлар әлемі аса тартымды – ғажайып Фегель алмұртын, жұмақ шыбынжегісі мен мысықторғайды (сарғалдақты) осы аймақтан ғана кездестіруге болады. Облыстың Оңтүстік-шығысын Талас Алатауының батыс атырабы мен бірегей екі тау жотасы: Қаржантау (биіктігі теңіз деңгейінен 2824 м-ге дейін) және теңіз деңгейінен 4238 м биіктіктегі Сайрам шыңы орналасқан Өгем тауы алып жатыр.
Тау етегіндегі аудандарда дала өсімдігі бітік өсетін сарғылт топырақ басым. Тау бөктерлерінде ағаш тәрізді арша, жабайы алма, өрік ағаштары өседі. Алуан түрлі өсімдіктер әлеміне биік тау аудандарында жайыла өскен шалғынды шөп қайталанбас рең береді. Оңтүстік Қазақстан облысының ұзына бойын Қазақстан мен бүкіл Орта Азияның ең ірі өзендерінің бірі – Сырдария өзені қиып өтеді, оған Қаратау жотасының Оңтүстік бөктерінен Құрықкелес, Арыс, Бөген өзендері келіп құйылады. Шу өзенінің арнасын бойлай ағаштардың, бұталар мен шөптердің жүздеген түрлері өседі, олардың көпшілігі Қызыл кітапқа енгізілген. Солтүстіктен келетін Шу өзені Мойынқұм құмдарында көзден ғайып болады. Сырдария мен Шу өзендерінің аңғарларын құрақ пен тоғай алып жатыр. Облыс аумағында Ақтайқын, Ақтар, Қалдыкөл сияқты таяз, негізінен, тұзды болып келетін өзендер көп тараған. Сырдария өзеніндегі жасанды Шардара, Бөген өзеніндегі Бөген, Бадам өзеніндегі Бадам және Арыс өзеніндегі Қайыңды су қоймалары өңірді. әсем табиғатын одан әрі сұлуландыра түседі.
Облыс күрт континентальді климат аймағында жатыр. Қысқа қысы жылы, жазы ұзақ та ыстың. Қыстағы орташа температура солтүстігінде – 12°С, оңтүстігінде -4-2.С, шілдеде +30+35.С. Құнарлы топырақ, күн сәулесінің мол түсуі, кең жайлаулар бұл өңірде ауыл шаруашылығының түрлі салаларын, ең алдымен суармалы егіншілік пен жайылымдық қой шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Мақта, күріш егістіктері, сондай-ақ бау-бақшалар мен жүзімдіктер де мол өнім беретіндігімен ерекшеленеді.