Жаңалықтар

Сандыбайұлы Майкөт (1824 – 1902)

Ақын  Қаратау өңірінде туып-өсіп, оқып, білім алған (қазіргі Сарысу ауданы Шабақты өзенінің бойы, Бестоғай алабы). Сыр бойына, Жетісуға, Сарыарқаға аты шыққан. Сарысу ауданында тұратын туысы Д.Мұсаевтың дерегіне қарағанда, Арқада қайтыс болған Майкөттің сүйегін өзінің аманатына сәйкес туған халқы сол Сарыарқа даласына қойған. Кейін сүйегі Әулие-Атаға үлкен құрметпен жеткізіліп, Сеңкібай қорғанына жерленген. Майкөт Құлыншақ, Молда мұса, Майлықожа, Сүйінбай, Бақтыбай, Түбек, Мәделі қожа, Бөлтірік, Құлмамбет, Қазанғап т.б. ақындарымен айтысқа түскен.
30.01.2013 09:46 6852

Ақын  Қаратау өңірінде туып-өсіп, оқып, білім алған (қазіргі Сарысу ауданы Шабақты өзенінің бойы, Бестоғай алабы). Сыр бойына, Жетісуға, Сарыарқаға аты шыққан. Сарысу ауданында тұратын туысы Д.Мұсаевтың дерегіне қарағанда, Арқада қайтыс болған Майкөттің сүйегін өзінің аманатына сәйкес туған халқы сол Сарыарқа даласына қойған. Кейін сүйегі Әулие-Атаға үлкен құрметпен жеткізіліп, Сеңкібай қорғанына жерленген. Майкөт Құлыншақ, Молда мұса, Майлықожа, Сүйінбай, Бақтыбай, Түбек, Мәделі қожа, Бөлтірік, Құлмамбет, Қазанғап т.б. ақындарымен айтысқа түскен. Оның жан-жақты білімділігіне, «көмейінен құс ұшырған алып ақындығын» Құлманбет: «... Ел жайын молда Майкөт білген екен», – деп жырға қосқан.

       Жүз жасаған бәйтерек – Жамбыл:

«Қаздай қалқып ерінбей,

                        Өлең тердім жасымнан

                        Майкөт ақын, Құлмамбет,

                        Орын берді қасынан»,

– деп Майкөтті үлгі тұтқан. Әулиеатаға арнайы іздеп барып, Майкөттен «Көрұғлы» дастанын үйренген.

Майкөт қазақ қаһармандарын, солардың ішінде Өтеген батырды да жырға қосқан. Майкөттің қасына еріп жүрген жыршы Сұлтанбек Айқожаевтың (1876-1965 жж.) орындауындағы «Алпамыс батыр» жыры Майкөт жырлаған ең көлемді нұсқасынан жазып алынған.

Майкөттің «Сарыжан болысқа айтқан жыры», «Сарыбай асында айтқан құттықтау толғауы», Құлмамбет, Қазанқап, Бөлтірікпен айтысы және тағы бірер туындысы сақталған. Алайда, өлеңдері мен жырларының, сондай-ақ айтыстарының көбі ұмытылған яки жиыстырылмаған.

Шығыстанушы-ғалымдар Майкөттің «Қисса Майкөт немесе қазақтардың мың жылдық тарихы туралы мың сөз» деген атпен белгілі болған жырының орыс тіліне аударылған нұсқасын зерттеулеріне арқау еткен (В.В.Радлов, В.В.Бартольд және т.б). Майкөтпен кездескен  Ә.Диваев оның қазақтың мың жылдық тарихын өзінше жырлаған алып жыршы екендігін айтқан. Қырғыз ақыны Тоғолоқ Молдо (Байымбет Әбдірахманов, 1860-1942 жж.) «Қазақ ақындары» деген толғауында:

                                          «Тоқпақта үлкен жиында,

                                            Майкөтті көрдім көзіммен.

                                            Қаршығадай түйілген,

                                            Өзі салдай киінген», – деп жырлаған.

Майкөт Сандыбайұлының өмірі мен шығармашылығына С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов секілді қазақтың біртуар азаматтары назар аударып, зерттеулер жүргізген. Қ.Жармағамбетов, Е.Ысмайылов, М.Жолдасбеков, Ә.Доспанбетов, т.б. зерттеген.

Дегенмен, Майкөттің ақындық-жыршылық табиғатын терең тану, туындыларын іздестіріп-жинастыру, шығармашылық толық өмірбаянын құрастыру – әлі де кезегін тосып тұрған іс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға