Студенттер метроны насихаттау үшін 8,3 метрлік тәтті нан пісірді
«Біз жастарды біздің бастамамызды қолдап, метро қызметін қолдануға шақырамыз. Бұл тиімді, ыңғайлы, қауіпсіз әрі табиғи таза көлік түрі. Біздің метро ең әдемі метролардың бірі. Әрбір бекет өзінше ерекше. Жуық арада тағы да бекеттер қосылып, метрополитенді одан да танымал етеді», - дейді бұл шараға қатысушы Нұрзина Қыдыралина.
«Елбасы Жолдауында Президент елдегі инженерлік білім жүйесі мен заманауи техникалық мамандықтарға баса назар аударды. Бүгінде метрополитенде 400-ден аса жас маман қызмет етеді. Бұл қызметкерлердің тең жартысына жуығы. Күні кеше біз әртүрлі оқу орындарының түлектері едік, ал бүгін серпінді дамып отырған кәсіпорында жұмыс істейміз. Біз жұмыс барысында жаңа идеялар мен инновацияларды өндіріске ендіреміз. Мен, осында қатысушы студенттердің көбі, ертең біздің әріптесім атанады деп сенемін», - дейді метрополитеннің электрожұмыс бастығының орынбасары Нұрлан Бердіғожин.
2011 жылы 1 желтоқсанда іске қосылған Алматы метросы 2012 жылдың қорытындысы бойынша Тель-Авив қаласында өткен Халықаралық «Алтын арба» сыйлығының лауреаты атанды. Оның қызметін пайдаланушылар саны өткен жылы 6 миллионнан асқан болатын. Енді 2014 жылдың бірінші жартысында «Сайран» мен «Мәскеу» бекеті іске қосылады деп жоспарлануда. Сол кезде оның ұзақтығы 6,1 шақырымға жетпек.
BAQ.kz