Семей халқы «Даналар сөзін» жаттап жатыр

Семей қаласының студенттері каникул кезінде «Даналар сөзі » атты акция аясында қоғамдық көліктерге халық даналықтары жазылған көркем плакаттар жапсырды, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Жастардың ойы бойынша, осындай мәдени-ағарту шарасы арқылы қалалықтардың отансүйгіштік сезімдерін ұштап, олардың мәдениет деңгейін көтеруге болады.
Акцияны «Салауат» облыстық жастардың қоғамдық бірлестігі Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің қолдауымен жүзеге асырған.
-Біз өзіміздің идеямызды әрбір адамға әдемі етіп жеткізуге тырыстық. Қалалықтардың көп уақыттарын жолда жоғалтатындары белгілі. Енді олар уақыттарын тиімді пайдаланатын болады, - дейді Семей мемлекеттік педагогикалық институтының Жастар ісі бойынша комитетінің төрағасы Мирас Малгаждаров.
Тұрғындар студенттердің бұл бастамасын жылы қабылдап, алдағы уақытта да осындай шаралар ұйымдастырылып тұрса деген пікірлерін білдіруде.

BAQ.kz