Геннадий Головкиннің америкалық қарсыласы 7 раундқа ғана шыдады
Кәсіпқой бокстағы орта салмақта WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің америкалық қарсыласы Габриэль Росадо 7 раундқа ғана төтеп берді. Геннадий Головкин өзінің чемпиондық атағын кезекті мәрте қорғап қалды. Жекпе-жек санаулы минуттар бұрын Нью-Йоркте болып өтті.
"Геннадий Головкинді 8-ші раундта сұлатып саламын" деген америкалық Габриэль Росадо Генаның зілдей соққыларына бар болғаны 7 раунд қана шыдай алды. Сол жақ қабағы жарылып, бетін қан жуып кеткен америкалықтың бұдан әрі бокстасуы оның денсаулығына қатерлі болмағын түсінген секунданттары жекпе-жекті тоқтатуды сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, бокс шоуы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Астана уақытымен қаңтардың 20 күні сағат 8:00-де басталды.
Бокс шоуының ең жоғары гонорары Г.Головкинге (350 мың доллар) тиесілі болса, онымен жекпе-жекке шыққан америкалық Габриэль Росадоға 150 мың доллар бұйырмақ.
Қазір кештің ең басты жекпе-жегінің кейіпкерлері - Мигель Анхель Гарсия мен WBO нұсқасы бойынша жартылай жеңіл салмақтағы чемпион Орландо Салидо арасындағы айқас болып жатыр.
Қамбар АХМЕТОВ
BAQ.kz