Жаңалықтар

Қанат Ислам: «Жер бетінде Қазақстаннан артық жәннат жоқ»

АҚШ-қа бір жола қоныс аудару мүлдем ойымда жоқ. Америкаға байласа да, қалмаймын. Маған жер бетінде Қазақстаннан артық жәннат жоқ.  Қытайда туып, Атажұртын аңсап келген қандасымыз Қанат Ислам бүгінде Америкада жүр. Ол бұрын әуесқой боксшы болса, бүгінде – кәсіпқой боксшы. Қазірдің өзінде сегіз кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы атанып үлгерді. Қанаттың елге келгенін естіген бойда жеңісімен құттықтап, әңгімеге тарттық... Дерекнама Қанат Ислам, 1984 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келген. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы. Орташа жеңіл салмақтағы WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы, Нельсон промоутерлік клуб сапында 8 жекпе-жек өткізіп барлығында да нокаутпен жеңіске жеткен. – Қанат кәсіпқой бокстағы алғашқы атағыңыз құтты болсын?! – Рахмет! – Қуаныштың үстіне қуаныш болып жатыр екен. Сіз елге келгенде, келін бала алдыңыздан екінші сәбиіңізді алып шығыпты. Бауы берік, жасы ұзақ болсын! Есімін кім деп қойдыңыздар? – Айтқаныңыз келсін! Есімін Әсия деп қойдық. Осыған дейін бір ұлдың әкесі болсам, бүгін қызды болып қуанып жатырмын. – Елде қанша уақыт боласыз? – Екі айдай. Кішкене қазы-қарта жеп, айран-сүт ішіп қуаттанып, демалып алмасам болмайтын сияқты. Себебі, АҚШ-қа кетердің алдында «Астана арландарының» құрамында болдым. Ешқандай демалатын уақытым болған жоқ. Мен негізі АҚШ-қа осы «Астана арландарының» екінші маусымы аяқтала салысымен кетпекші болып жоспарлағанмын. Бірақ, кете алмай қалдым. Екі-үш ай шешем ауырып, қасында болдым. Ақыры сұм ажал құрығынан құтқара алмадым. Анамды бақилыққа аттандырып, қырқын беріп, сосын барып кетуге тура келді. – Жаны жаннатта болсын! – Әумин! – Ал, енді қайтадан негізгі тақырыпқа оралсақ. Кәсіпқой бокстағы қадамыңыз сәтті басталды. Кәсіпқой боксқа өз уақытында кеттім деп ойлайсыз ба? – Сәл кешігіп қалыппын. Шыны керек, «осыдан екі жыл бұрын кетіп қалғанда...» деген ой мазалап жүргені рас. Бірақ, игіліктің ерте-кеші жоқ деген ғой. Бұйыртса, көздеген жеріме жетпей тынбаймын. Менің Атажұртыма келудегі негізгі мақсатым екі түрлі болған. Біріншісі, өз елімнің азаматтығын қабылдап, қазақ елінің азаматы атанып, қазақ туын жамылып, Лондон Олимпиадасына қатысу болатын. Екіншісі, Лондонға бара алмайтын жағдай болса, бірден таза кәсіпқой боксқа кету еді. Шынын айту керек, мені Қазақстанға шақырған Қазақстан Үкіметі емес, қазақтың бір ғана азаматы, «Жер-Су» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов болатын. Бауыржан ағамыз шақырғанда мен жоғарыда айтып өткен екі жоспарымды айттым. Ол кісі бірден түсінді. «Лондонға баруыңа көмектесіп, бар күшімді салып көремін, ал ол болмаса, кәсіпқой боксқа кетуге жол тауып беремін» деді. Лондонға баруға Қытай жағынан болсын, өзіміз жағынан болсын, яғни елдегі басқа да себептерге байланысты бара алмайтыным анық болды. Екі арада «Астана арландары» деген жаңа жоба пайда бола қалды. Осы жобамен де Лондонға жолдама алуға болатынын естіп, «арландарға» кіргізді. Негізі, мені бұл ұжымға да ешкім шақырған жоқ, Бауыржан ағамыз апарып кіргізген болатын. Бірақ, оған да кеш барып қалғандықтан Олимпиадаға жолдама берілетін жекелей чемпионатқа ұпайым толмай қалды. Сонымен не керек, 2011 жылдың күзінде Олимпиадаға қатыса алмайтыным белгілі болды. Ақыры Бауыржан Оспанов сөзінде тұрып, АҚШ-қа кетуге бар мүмкіндікті жасап берді. Осылай, мұхит асып кеткен жағдайым бар. – Ол кісі әлі де көмектесіп тұра ма? – Иә. Ол кісі маған ғана емес, мен сияқты талай қазақтың баласының жолын ашып, қолынан келген көмекті жасап жүрген – нағыз ұлтшыл азамат. Осындай қолдаушы ағаларымыз қол ұшын беріп тұрғанда біз қалай бұғып жатуымыз керек. АҚШ-та қазақтың қандай ұлт екенін білмейтін, баз біреулер де қазақтың атынан өнер көрсетіп жүр. Ал, біз нағыз қазақтың өзі емеспіз бе? Ол жақта «Бораттың» киносын көрген жұрт қазақты сол бейнемен елестетеді. Біз оларға «қазақ ондай емес, мынандай болады» деп нағыз қазақтың қандай болатынын көрсетсек, одан артық мақтаныш, бақыт жоқ шығар. – Қазір нақтылы қай қалада тұрып, жаттығып жүрсіз? – Қазір АҚШ-тың Майами қаласынан 60 шақырым жерде бір ауылда тұрамын. Шынын айтсам, Майами қаласына бірде-бір барып көрген емеспін. Жаттығып жатқан жеріміз – табиғаты тамаша көлдің бойы. Тыныштығын айтып сұрамаңыз. Нағыз жаттығу жасайтын жер. Машинаның шуы, базардың дуы деген ол жерде мүлдем жоқ. Маңайымыз – егістік алқап. Таң бозында тек құстардың қиқулата сайраған әнінен оянамыз. Ол жерде кезінде Марат Мәзімбай жаттыққанын өздеріңіз жақсы білесіздер. – Қазіргі жеке бапкеріңіз сол Маратты жаттықтырған, есімі қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс Нельсон Лопес деген азамат қой? – Иә, Нельсон Лопесті бұрында сырттай жақсы білетінмін. Оның үстіне Нельсон бір жылдай «Астана арландарында» жүргенде де менің қасымда болды. Ол кісі осы «арландарға» да біраз еңбек етті. – Нельсонның қол астында сізден басқа тағы қандай боксшылар бар? – Бұрын тәрбиелеп жатқан шәкірттері өте көп болған екен. Олардың барлығын басқа бапкерлерге бөліп беріп, қазір тек менімен ғана жұмыс жасап жүр. Тіпті, өзінің баласының өзін басқа бір жаттықтырушыға сеніп тапсырды. Қазіргі бапкерімнің басты мақсаты – мені өз салмағымда әлем чемпионы атағына жеткізу. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін күндіз-түні біргеміз. – Сіз әуесқой бокста жүргенде 69 келіде өнер көрсеттіңіз. Ал «арландар» сапында 75 келіде бақ сынадыңыз. Қазір қай салмақта жұдырықтасып жүрсіз? – Қазір 70 келіге дейінгі салмақта жүрмін. Бұл салмақты өзім де ұнатамын. Менің бойыма, дене бітіміме осы салмақ лайық. – АҚШ-қа барған соң жаттығуды бірінші неден бастадыңыз? – Мен АҚШ-қа кетпей тұрып, қандай жағдай болса да, жаттығуымды үзген емеспін. Ол жаққа «дем алмай бардым» дегенім де – сол. Бірден жаттығудағы жекпе-жектерден бастап кеттім. Маған да керегі сол еді. – Ол жаққа кетпей тұрып, жартылай кәсіпқой бокста, яғни «Астана арландары» сапында өнер көрсеттіңіз. Екі бокстың арасынан қандай айырмашылық байқадыңыз? – Екеуінің айырмасы – жер мен көктей. Алғашқы жаттығуға шыққан кезде барлығы өзіме бірден сезілді. Ол жақтағы жаттығу, көңіл-күй, көзқарас бұл жақпен салыстырғанда мүлдем басқа. Әуесқой бокс өз алдына бір төбе, кәсіпқой бокс өз алдына бір төбе екен. Кәсіпқой бокс өте көп еңбектенуді талап ететінін сезіндім. Содан соң кәсіпқой бокс тек ағылшындар, қара нәсілділер ғана емес, нағыз жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай қазақ азаматтары айналысатын спорт түрі екен. Жасыратыны жоқ, мен әуесқой бокстағы жеңілістерімнің бірде-бірін мойындағым келмейді. Онда төрешілер қалай шешеді (қалайды), солай аяқтайды. Ал, мына бокста нағыз мықты ғана жеңіске жетеді. – АҚШ-қа барған соң қанша уақыттан кейін шаршы алаңға шықтыңыз? – Мен негізі елден көп дайындалып бардым. Былайша айтқанда, айқасқа дайын болдым. Алдын ала сынақтан өттім. Барлығы ойдағыдай болған соң, он күннен кейін, бірінші жекпе-жегімді өткіздім. – Бүгінге дейін сегіз жекпе-жек өткізіп, барлығын да жеңіске жеттіңіз. Әр айқасыңызды жеке-жеке өз ауызыңызбен айтып берсеңіз? – Әр жеңісіме жеке-жеке кеңінен тоқталмай-ақ қояйын. Себебі, қазір ақпараттық заман ғой. Онсыз да әр жеңісімді ғаламтор арқылы елім естіп, біліп жатыр екен. Қысқаша ғана тоқталып өтейін. Алғашқы бес жекпе-жектегі қарсыластарымның бәрі де Доминикан Республикасының боксшылары болды. Барлығын Алланың қалауымен нокаутпен жеңдім. Ең әуелі, 28 қыркүйек күні Ла-Рамано қаласында Даниэдь Веатонмен айқассам, 2 қазанда Анеиди Матресті құлаттым. 18 қазан күні Санто-Доминго қаласындағы кездесуде Модесто Феликсті, 29 қазанда Нелсидо Мигуэльді нокаутқа түсірдім. Ал қарашаның 10-ы күні Хосе Антонио Родригеспен өткен кездесуді де үшінші раундтан ары асырғаным жоқ. 24 қараша күні Колумбия астанасы Боготада жергілікті боксшы Сегунда Херрераны екінші раундта нокаутқа түсірдім. Жетінші рет Пуэрто-Колумбия қаласында колумбиялық Рейналдо Эскуивианы да қиналмай жеңдім. Ал Доминикан Республикасында өткен соңғы жекпе-жегімде эквадорлық Хумберто Толедоны бірінші раундтың 32 cекундтында есінен тандырдым. Осылайша, кәсіпқой бокстағы алғашқы WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы атағына қол жеткіздім. – Осы кездесулеріңіздің ішінде қайсысы өзіңізге ауыр тиді? – Әр кездесудің барлығына да мейілінше дайындалып, шығып отырдым. Кәсіпқой бокста чемпион болам десең жеңілмеуің керек. Маған әр жекпе-жектің қай-қайсы да оңай болған жоқ. Соның ішінде ең қиыны біріншісі болды. Содан бастап есімді қайта жинап, етімді «тірілте» бастадым. Басқа бір елде, басқа бір жерде мүлдем танымайтын, бұрын соңды көрмеген, қыры мен сырын білмейтін боксшымен жұдырықтасу деген оңай шаруа емес екен. – Осы қарсыластарыңызды айқасқа өзіңіз шақырдыңыз ба, әлде олар сізге ұсыныс жасады ма? – АҚШ-та менің жұмыс жоспарымды, әр жекпе-жегімді жобалап отыратын арнайы адамдар бар. Солар өздерінің жоспары бойынша қарсыластарымды анықтап отырады. Мен соларға бағынамын. Осыған дейінгі қарсыластарым дәрежелері төмендеу боксшылар болған-ды. Ендігі қарсыластарым нағыз мықтылар болмақ. – Кейбір кәсіпқой боксқа ауысқан боксшылар 8-9 жекпе-жегінен кейін, бірден чемпиондық атаққа ұмтылып жатады. Ал сіз 8 айқасты сәтімен аяқтадыңыз. Осыдан қайта барғанда чемпиондық атаққа таласу ойыңызда жоқ па? – Бірден таласу оңай емес. Егер өзіңе-өзің қатты сенім артсаң, барлық медициналық тексеруден сүрінбей өтсең, әрине, таласуға болады. Бірақ, барлық шешімді өзің ғана шешпейсің. Қасыңда бапкерің, дәрігерің, әр кездесуіңді кіммен, қай күні, қай жерде өткізу керектігімен айналысатын арнайы адамдар бар. Осының барлығын олар менімен кеңесе отырып, сол адамдар шешеді. – Енді алда кіммен бокстасуды жоспарлап отырсыз? – Қазір келесі қарсыласымның атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Барлығын өз уақытында көре жатармыз. Бірақ, көңілде таңдап қойған адамымыз бар. – Егер құпия болмаса, сізбен келісім шартқа отырған компания әр жеңісіңіз үшін қанша ақша төлейді? – Осыған дейінгі әр кездесуім үшін бір тиын да ақша алған емеспін. Оған басты себеп, мен әлі ешқандай компаниямен белгілі уақытқа келісім шартқа отырған жоқпын. Тек, қазіргі бапкеріммен ауызша келісіп қана шаршы алаңға шығып жатырмын. Екіншіден – осыған дейінгі жекпе-жектерім WBC ережесіне сәйкес ұпай жинау. Белгілі көлемдегі ұпайыңды жинай алмасаң, чемпиондық атаққа таласа алмайсың. Ал, енді осыдан кейінгі төбелестерімде Алла қолдап, жеңіске жетіп жатсам, қомақты ақшаға кенелмесем де, аздаған тиын-тебен алатын боламын. Әзірше жоғарыда, әңгімеміздің басында айтып өткен Бауыржан Оспанов ағамыз Алматы облысының боксшылары қанша жалақы алады, маған да ай сайын сонша қаражат беріп келеді. – Кәсіпқой боксшылардан өз салмағыңызда кімдерді ең мықты қарсылас деп санайсыз? – Бұл салмақта қарсыластарым өте көп. Барлығын танымасам да, ең үздіктерін жақсы білемін. Әлемнің ең мықтыларының барлығы осы салмақта өнер көрсетіп жүр. Сондықтан 70 келіге дейінгі салмақты бекерге таңдаған жоқпын. Сол мықтылармен айқасу арманым еді. Бапкерім де осы 70 келіні ұсынды. Бұл салмақта қазір атағы жер жаратын АҚШ боксшысы Флойд Мэйуэзер бар. Осындай мықтылармен айқасып жатсам, айқасып қана қоймай, болашақта жеңіп жатсам, одан артық маған не керек?! – Сізді АҚШ-қа отбасымен бірге кетіпті деп естідік... – Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Қайдан шыққан сөз екенін білмедім. – Болашақта отбасыңды ертіп бару ойыңызда жоқ па? – Ел көру, жер көру үшін ертіп баруға болатын шығар. Ал былай, АҚШ-қа бір жола қоныс аудару мүлдем ойымда жоқ. Америкаға байласа да, қалмаймын. Маған жер бетінде Қазақстаннан артық жәннат жоқ. – Ол жақта бапкерлеріңмен қалай тіл табысасыз? Арнайы аудармашыңыз бар ма? – Аудармашым жоқ. Басында бапкеріммен ымдап сөйлесіп, ойымды жеткізетінмін. Сөйтіп жүріп, ағылшын тілін де меңгеріп қалдым. Қазір өз ойымды толық жеткізе алмасам да, бапкерімнің сөзін толық түсінетін болдым. – Әуесқой бокста жүргенде іштей жете алмай кеткен қандай арманыңыз бар? – Олимпиаданың алтыны! – Өткен жыл сіз үшін несімен есіңізде қалды? – 2012 жыл ел спорт үшін табысты жыл болды деп айта аламын. Себебі, Олимпиададан әлем бойынша тұңғыш рет 12-орынға шығу деген жай ғана көрсеткіш емес. Ал, өз басыма келсем, қуанышы да, өкініші де мол жыл болды. Қуанышым – екінші сәбидің әкесі атанып жатырмын. Кәсіпқой бокстағы алғашқы атағыма қол жеткіздім. Өкінішті жағы – анамнан айырылдым, Лондон Олимпиадасында қазақтың көк байрағының намысын жырта алмадым. Күнсұлтан ОТАРБАЙ «Sport» газеті  
09.01.2013 09:21 3997

АҚШ-қа бір жола қоныс аудару мүлдем ойымда жоқ. Америкаға байласа да, қалмаймын. Маған жер бетінде Қазақстаннан артық жәннат жоқ. 

Қытайда туып, Атажұртын аңсап келген қандасымыз Қанат Ислам бүгінде Америкада жүр. Ол бұрын әуесқой боксшы болса, бүгінде – кәсіпқой боксшы. Қазірдің өзінде сегіз кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы атанып үлгерді.

Қанаттың елге келгенін естіген бойда жеңісімен құттықтап, әңгімеге тарттық...

Дерекнама
Қанат Ислам, 1984 жылы ҚХР Шыңжаң өлкесі, Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келген. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Чикагода өткен әлем чемпионатының (2007) және Азия ойындарының (2006) қола жүлдегері. Қытайдың 10 дүркін чемпионы. Орташа жеңіл салмақтағы WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы, Нельсон промоутерлік клуб сапында 8 жекпе-жек өткізіп барлығында да нокаутпен жеңіске жеткен.

Қанат кәсіпқой бокстағы алғашқы атағыңыз құтты болсын?!

– Рахмет!

Қуаныштың үстіне қуаныш болып жатыр екен. Сіз елге келгенде, келін бала алдыңыздан екінші сәбиіңізді алып шығыпты. Бауы берік, жасы ұзақ болсын! Есімін кім деп қойдыңыздар?

– Айтқаныңыз келсін! Есімін Әсия деп қойдық. Осыған дейін бір ұлдың әкесі болсам, бүгін қызды болып қуанып жатырмын.

Елде қанша уақыт боласыз?

– Екі айдай. Кішкене қазы-қарта жеп, айран-сүт ішіп қуаттанып, демалып алмасам болмайтын сияқты. Себебі, АҚШ-қа кетердің алдында «Астана арландарының» құрамында болдым. Ешқандай демалатын уақытым болған жоқ.

Мен негізі АҚШ-қа осы «Астана арландарының» екінші маусымы аяқтала салысымен кетпекші болып жоспарлағанмын. Бірақ, кете алмай қалдым. Екі-үш ай шешем ауырып, қасында болдым. Ақыры сұм ажал құрығынан құтқара алмадым. Анамды бақилыққа аттандырып, қырқын беріп, сосын барып кетуге тура келді.

– Жаны жаннатта болсын!

– Әумин!

Ал, енді қайтадан негізгі тақырыпқа оралсақ. Кәсіпқой бокстағы қадамыңыз сәтті басталды. Кәсіпқой боксқа өз уақытында кеттім деп ойлайсыз ба?

– Сәл кешігіп қалыппын. Шыны керек, «осыдан екі жыл бұрын кетіп қалғанда...» деген ой мазалап жүргені рас. Бірақ, игіліктің ерте-кеші жоқ деген ғой. Бұйыртса, көздеген жеріме жетпей тынбаймын.

Менің Атажұртыма келудегі негізгі мақсатым екі түрлі болған. Біріншісі, өз елімнің азаматтығын қабылдап, қазақ елінің азаматы атанып, қазақ туын жамылып, Лондон Олимпиадасына қатысу болатын. Екіншісі, Лондонға бара алмайтын жағдай болса, бірден таза кәсіпқой боксқа кету еді.

Шынын айту керек, мені Қазақстанға шақырған Қазақстан Үкіметі емес, қазақтың бір ғана азаматы, «Жер-Су» корпорациясының президенті Бауыржан Оспанов болатын.

Бауыржан ағамыз шақырғанда мен жоғарыда айтып өткен екі жоспарымды айттым. Ол кісі бірден түсінді. «Лондонға баруыңа көмектесіп, бар күшімді салып көремін, ал ол болмаса, кәсіпқой боксқа кетуге жол тауып беремін» деді.

Лондонға баруға Қытай жағынан болсын, өзіміз жағынан болсын, яғни елдегі басқа да себептерге байланысты бара алмайтыным анық болды. Екі арада «Астана арландары» деген жаңа жоба пайда бола қалды. Осы жобамен де Лондонға жолдама алуға болатынын естіп, «арландарға» кіргізді.

Негізі, мені бұл ұжымға да ешкім шақырған жоқ, Бауыржан ағамыз апарып кіргізген болатын. Бірақ, оған да кеш барып қалғандықтан Олимпиадаға жолдама берілетін жекелей чемпионатқа ұпайым толмай қалды.

Сонымен не керек, 2011 жылдың күзінде Олимпиадаға қатыса алмайтыным белгілі болды. Ақыры Бауыржан Оспанов сөзінде тұрып, АҚШ-қа кетуге бар мүмкіндікті жасап берді. Осылай, мұхит асып кеткен жағдайым бар.

– Ол кісі әлі де көмектесіп тұра ма?

– Иә. Ол кісі маған ғана емес, мен сияқты талай қазақтың баласының жолын ашып, қолынан келген көмекті жасап жүрген – нағыз ұлтшыл азамат. Осындай қолдаушы ағаларымыз қол ұшын беріп тұрғанда біз қалай бұғып жатуымыз керек.

АҚШ-та қазақтың қандай ұлт екенін білмейтін, баз біреулер де қазақтың атынан өнер көрсетіп жүр. Ал, біз нағыз қазақтың өзі емеспіз бе?

Ол жақта «Бораттың» киносын көрген жұрт қазақты сол бейнемен елестетеді. Біз оларға «қазақ ондай емес, мынандай болады» деп нағыз қазақтың қандай болатынын көрсетсек, одан артық мақтаныш, бақыт жоқ шығар.

– Қазір нақтылы қай қалада тұрып, жаттығып жүрсіз?

– Қазір АҚШ-тың Майами қаласынан 60 шақырым жерде бір ауылда тұрамын. Шынын айтсам, Майами қаласына бірде-бір барып көрген емеспін. Жаттығып жатқан жеріміз – табиғаты тамаша көлдің бойы. Тыныштығын айтып сұрамаңыз.

Нағыз жаттығу жасайтын жер. Машинаның шуы, базардың дуы деген ол жерде мүлдем жоқ. Маңайымыз – егістік алқап. Таң бозында тек құстардың қиқулата сайраған әнінен оянамыз. Ол жерде кезінде Марат Мәзімбай жаттыққанын өздеріңіз жақсы білесіздер.

Қазіргі жеке бапкеріңіз сол Маратты жаттықтырған, есімі қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс Нельсон Лопес деген азамат қой?

– Иә, Нельсон Лопесті бұрында сырттай жақсы білетінмін. Оның үстіне Нельсон бір жылдай «Астана арландарында» жүргенде де менің қасымда болды. Ол кісі осы «арландарға» да біраз еңбек етті.

– Нельсонның қол астында сізден басқа тағы қандай боксшылар бар?

– Бұрын тәрбиелеп жатқан шәкірттері өте көп болған екен. Олардың барлығын басқа бапкерлерге бөліп беріп, қазір тек менімен ғана жұмыс жасап жүр. Тіпті, өзінің баласының өзін басқа бір жаттықтырушыға сеніп тапсырды. Қазіргі бапкерімнің басты мақсаты – мені өз салмағымда әлем чемпионы атағына жеткізу. Сол мақсатқа қол жеткізу үшін күндіз-түні біргеміз.

Сіз әуесқой бокста жүргенде 69 келіде өнер көрсеттіңіз. Ал «арландар» сапында 75 келіде бақ сынадыңыз. Қазір қай салмақта жұдырықтасып жүрсіз?

– Қазір 70 келіге дейінгі салмақта жүрмін. Бұл салмақты өзім де ұнатамын. Менің бойыма, дене бітіміме осы салмақ лайық.

АҚШ-қа барған соң жаттығуды бірінші неден бастадыңыз?

– Мен АҚШ-қа кетпей тұрып, қандай жағдай болса да, жаттығуымды үзген емеспін. Ол жаққа «дем алмай бардым» дегенім де – сол. Бірден жаттығудағы жекпе-жектерден бастап кеттім. Маған да керегі сол еді.

– Ол жаққа кетпей тұрып, жартылай кәсіпқой бокста, яғни «Астана арландары» сапында өнер көрсеттіңіз. Екі бокстың арасынан қандай айырмашылық байқадыңыз?

– Екеуінің айырмасы – жер мен көктей. Алғашқы жаттығуға шыққан кезде барлығы өзіме бірден сезілді. Ол жақтағы жаттығу, көңіл-күй, көзқарас бұл жақпен салыстырғанда мүлдем басқа. Әуесқой бокс өз алдына бір төбе, кәсіпқой бокс өз алдына бір төбе екен. Кәсіпқой бокс өте көп еңбектенуді талап ететінін сезіндім.

Содан соң кәсіпқой бокс тек ағылшындар, қара нәсілділер ғана емес, нағыз жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай қазақ азаматтары айналысатын спорт түрі екен. Жасыратыны жоқ, мен әуесқой бокстағы жеңілістерімнің бірде-бірін мойындағым келмейді. Онда төрешілер қалай шешеді (қалайды), солай аяқтайды. Ал, мына бокста нағыз мықты ғана жеңіске жетеді.

– АҚШ-қа барған соң қанша уақыттан кейін шаршы алаңға шықтыңыз?

– Мен негізі елден көп дайындалып бардым. Былайша айтқанда, айқасқа дайын болдым. Алдын ала сынақтан өттім. Барлығы ойдағыдай болған соң, он күннен кейін, бірінші жекпе-жегімді өткіздім.

Бүгінге дейін сегіз жекпе-жек өткізіп, барлығын да жеңіске жеттіңіз. Әр айқасыңызды жеке-жеке өз ауызыңызбен айтып берсеңіз?

– Әр жеңісіме жеке-жеке кеңінен тоқталмай-ақ қояйын. Себебі, қазір ақпараттық заман ғой. Онсыз да әр жеңісімді ғаламтор арқылы елім естіп, біліп жатыр екен. Қысқаша ғана тоқталып өтейін.

Алғашқы бес жекпе-жектегі қарсыластарымның бәрі де Доминикан Республикасының боксшылары болды. Барлығын Алланың қалауымен нокаутпен жеңдім.

Ең әуелі, 28 қыркүйек күні Ла-Рамано қаласында Даниэдь Веатонмен айқассам, 2 қазанда Анеиди Матресті құлаттым. 18 қазан күні Санто-Доминго қаласындағы кездесуде Модесто Феликсті, 29 қазанда Нелсидо Мигуэльді нокаутқа түсірдім.

Ал қарашаның 10-ы күні Хосе Антонио Родригеспен өткен кездесуді де үшінші раундтан ары асырғаным жоқ. 24 қараша күні Колумбия астанасы Боготада жергілікті боксшы Сегунда Херрераны екінші раундта нокаутқа түсірдім.

Жетінші рет Пуэрто-Колумбия қаласында колумбиялық Рейналдо Эскуивианы да қиналмай жеңдім. Ал Доминикан Республикасында өткен соңғы жекпе-жегімде эквадорлық Хумберто Толедоны бірінші раундтың 32 cекундтында есінен тандырдым.

Осылайша, кәсіпқой бокстағы алғашқы WBA FedeCaribe тұжырымының чемпионы атағына қол жеткіздім.

– Осы кездесулеріңіздің ішінде қайсысы өзіңізге ауыр тиді?

– Әр кездесудің барлығына да мейілінше дайындалып, шығып отырдым. Кәсіпқой бокста чемпион болам десең жеңілмеуің керек. Маған әр жекпе-жектің қай-қайсы да оңай болған жоқ. Соның ішінде ең қиыны біріншісі болды.

Содан бастап есімді қайта жинап, етімді «тірілте» бастадым. Басқа бір елде, басқа бір жерде мүлдем танымайтын, бұрын соңды көрмеген, қыры мен сырын білмейтін боксшымен жұдырықтасу деген оңай шаруа емес екен.

– Осы қарсыластарыңызды айқасқа өзіңіз шақырдыңыз ба, әлде олар сізге ұсыныс жасады ма?

– АҚШ-та менің жұмыс жоспарымды, әр жекпе-жегімді жобалап отыратын арнайы адамдар бар. Солар өздерінің жоспары бойынша қарсыластарымды анықтап отырады. Мен соларға бағынамын. Осыған дейінгі қарсыластарым дәрежелері төмендеу боксшылар болған-ды. Ендігі қарсыластарым нағыз мықтылар болмақ.

Кейбір кәсіпқой боксқа ауысқан боксшылар 8-9 жекпе-жегінен кейін, бірден чемпиондық атаққа ұмтылып жатады. Ал сіз 8 айқасты сәтімен аяқтадыңыз. Осыдан қайта барғанда чемпиондық атаққа таласу ойыңызда жоқ па?

– Бірден таласу оңай емес. Егер өзіңе-өзің қатты сенім артсаң, барлық медициналық тексеруден сүрінбей өтсең, әрине, таласуға болады. Бірақ, барлық шешімді өзің ғана шешпейсің. Қасыңда бапкерің, дәрігерің, әр кездесуіңді кіммен, қай күні, қай жерде өткізу керектігімен айналысатын арнайы адамдар бар. Осының барлығын олар менімен кеңесе отырып, сол адамдар шешеді.

– Енді алда кіммен бокстасуды жоспарлап отырсыз?

– Қазір келесі қарсыласымның атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Барлығын өз уақытында көре жатармыз. Бірақ, көңілде таңдап қойған адамымыз бар.

Егер құпия болмаса, сізбен келісім шартқа отырған компания әр жеңісіңіз үшін қанша ақша төлейді?

– Осыған дейінгі әр кездесуім үшін бір тиын да ақша алған емеспін. Оған басты себеп, мен әлі ешқандай компаниямен белгілі уақытқа келісім шартқа отырған жоқпын. Тек, қазіргі бапкеріммен ауызша келісіп қана шаршы алаңға шығып жатырмын.

Екіншіден – осыған дейінгі жекпе-жектерім WBC ережесіне сәйкес ұпай жинау. Белгілі көлемдегі ұпайыңды жинай алмасаң, чемпиондық атаққа таласа алмайсың.

Ал, енді осыдан кейінгі төбелестерімде Алла қолдап, жеңіске жетіп жатсам, қомақты ақшаға кенелмесем де, аздаған тиын-тебен алатын боламын.

Әзірше жоғарыда, әңгімеміздің басында айтып өткен Бауыржан Оспанов ағамыз Алматы облысының боксшылары қанша жалақы алады, маған да ай сайын сонша қаражат беріп келеді.

Кәсіпқой боксшылардан өз салмағыңызда кімдерді ең мықты қарсылас деп санайсыз?

– Бұл салмақта қарсыластарым өте көп. Барлығын танымасам да, ең үздіктерін жақсы білемін. Әлемнің ең мықтыларының барлығы осы салмақта өнер көрсетіп жүр. Сондықтан 70 келіге дейінгі салмақты бекерге таңдаған жоқпын. Сол мықтылармен айқасу арманым еді.

Бапкерім де осы 70 келіні ұсынды. Бұл салмақта қазір атағы жер жаратын АҚШ боксшысы Флойд Мэйуэзер бар. Осындай мықтылармен айқасып жатсам, айқасып қана қоймай, болашақта жеңіп жатсам, одан артық маған не керек?!

Сізді АҚШ-қа отбасымен бірге кетіпті деп естідік...

– Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Қайдан шыққан сөз екенін білмедім.

Болашақта отбасыңды ертіп бару ойыңызда жоқ па?

– Ел көру, жер көру үшін ертіп баруға болатын шығар. Ал былай, АҚШ-қа бір жола қоныс аудару мүлдем ойымда жоқ. Америкаға байласа да, қалмаймын. Маған жер бетінде Қазақстаннан артық жәннат жоқ.

Ол жақта бапкерлеріңмен қалай тіл табысасыз? Арнайы аудармашыңыз бар ма?

– Аудармашым жоқ. Басында бапкеріммен ымдап сөйлесіп, ойымды жеткізетінмін. Сөйтіп жүріп, ағылшын тілін де меңгеріп қалдым. Қазір өз ойымды толық жеткізе алмасам да, бапкерімнің сөзін толық түсінетін болдым.

Әуесқой бокста жүргенде іштей жете алмай кеткен қандай арманыңыз бар?

– Олимпиаданың алтыны!

Өткен жыл сіз үшін несімен есіңізде қалды?

– 2012 жыл ел спорт үшін табысты жыл болды деп айта аламын. Себебі, Олимпиададан әлем бойынша тұңғыш рет 12-орынға шығу деген жай ғана көрсеткіш емес.

Ал, өз басыма келсем, қуанышы да, өкініші де мол жыл болды. Қуанышым – екінші сәбидің әкесі атанып жатырмын. Кәсіпқой бокстағы алғашқы атағыма қол жеткіздім. Өкінішті жағы – анамнан айырылдым, Лондон Олимпиадасында қазақтың көк байрағының намысын жырта алмадым.

Күнсұлтан ОТАРБАЙ
«Sport» газеті

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға