ШОЛУ: 2012 жыл қазақстандықтар үшін несімен есте қалмақ
Өтіп бара жатқан 2012 жыл Қазақстан үшін қуанышты да қайғылы жайттарға толы болғаны рас. Жаңа жыл қарсаңында жыл қорытындысын шығару мақсатында BNews.kz ең жарқын ақпараттық себептерді санат бойынша іріктеуді жөн көрді. Осылайша, осы шолуымызды «Жыл жүлдесінің» арнайы аталымдары бойынша жіктеп қарастырсақ та болады...
«Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, алдымен жақсы оқиғалардан бастағанымыз дұрыс шығар. Сонымен, EXPO-2017 көрмесін Астанада өткізу құқығына таласта Қазақстанның жеңіске жетуін нық сеніммен «Жылдың ең басты жетістігі» деп қарастыруға болады. Дауыс беру қорытындысы Парижде 22 қарашада өткен ЕХРО халықаралық көрме бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы шеңберінде белгілі болды. Сессия барысында жасырын дауыс беру арқылы 148 мемлекет EXPO-2017 көрмесін өткізу алаңын айқындады. Сол сындарлы сәтте Астана үшін ХКБ-ның 103 мүше мемлекеті дауыс берсе, бельгиялық Льежге тек 44 дауыс тиді. Қазақстанның жеңіске жетуіне ел ішінде, сондай-ақ ел сыртында ұйымдастырылған насихат жұмыстары ықпал еткені анық. EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығына таласта Қазақстанның Астанасына Бельгияның Льежі бәсекелес болды. Бельгия «Адамдарды біріктіру» тақырыбын ұсынса, Астана баламалы қуат көздері мен «жасыл» технологияны арқау етіп, өз тақырыбын «Болашақ энергиясы» деп қойды.
Сондай-ақ «жыл ерлігі» қатарына Игорь Воротниковтың нағыз ерге тән әрекетін айтуға болады. Ол қайтыс болған анасының жүрегі мен бүйректерін соған мұқтаж екі кішкентай балаға салуға рұқсатын берді. Соның арқасында Жәнібек Оспанов пен Евгения Курц жаңа өмірге ие болды. Осы қиын да жауапты шешімінің негізінде Игорь денсаулық саласына қосқан үлесі үшін «Алтын жүрек» жүлдесінің лауреаты атанып, ал күрделі операцияны сәтті өткізген хирург Юрий Пя «Алтын Адам-2012» жүлдесінде үздік дәрігер атағына лайық деп танылды.
Ал «жыл қырғыны» деп «Арқанкерген» шекара заставасындағы қанды оқиғаны атап өтуге болады. 30 мамырда «Сары бөктер» шекара заставасының жасағы тау арасынан бірнеше күннен бері байланысқа шықпаған шекара бекетінің тек күлі қалған ғимаратын тауып алады. Дәл сол күні шекара қызметі қайғылы орыннан 13 адамның – 12 шекарашы мен бір қорықшының – денесі табылғанын, соңыра тағы екі белгісіз мәйіттің табылғанын хабардар етті. Шекарашылардың белгісіз жағдайда опат болғанына байланысты 5 маусымда тәуелсіз республика тарихында тұңғыш рет ұлттық аза тұту күні жарияланды. 15 адамды қырып салып, шекара заставасын жағып жібергендігі туралы ауыр қылмысты Қарағандыдан келісімшарт бойынша әскери борышын өтеуге келген жас шекарашы Владислав Челах өз мойнына алды. Оны тергеушілер тау арасында қашып жүрген жерінен ұстап алған. Соңыра адамдарды жаппай қырып салғаны үшін оған айып тағылып, қамауға алынды. Алайда Челах біраз уақыттан кейін алдында берген жауабынан және кінәсін мойындап өз еркімен құқыққорғаушылардың қолына берілгендігінен бас тартты. Осы екіұшты оқиға бойынша соңғы нүктені 11 желтоқсанда аяқталған сот отырысы қойды. Бұрынғы шекарашы ҚР Қылмыстық кодексінің 9 бабы бойынша жазықты деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Қазақстанда екінші ұлттық аза тұту күні таяуда ғана, жаңа жыл қарсаңында жарияланды және тағы шекарашыларға қатысты. 25 желтоқсанда сағат кешкі жетілер шамасында Шымкент қаласына жақын жерде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты Ан-72 ұшағы әуе апатына ұшырады. Әуе кемесінің бортында экипаждың 7 мүшесі мен 20 әскери қызметкер болған. Ұшақ бортында болғандардың бәрі, соның ішінде Шекара қызметінің директоры, полковник Т.М. Стамбеков те, бірі тірі қалмастан ажал құшты. Ұшақта сондай-ақ Қызметтің орталық аппаратының бір топ офицерлері мен «Оңтүстік» аймақтық басқармасының әскери қызметкерлері болған. Олар Астана қаласында өткен Шекара қызметі Әскери кеңесінің отырысынан елге оралып келе жатқан беті еді.
Отандық спортшыларымыздың Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, зор жетістікке жеткенін «жыл салтанаты» деп тану заңды. Барша қазақстандық ұлтжандылық сезімімен ұйым-бірлік танытып, отандастарының жетістігіне балаша қуанған осынау сәт еліміздің тарихына алтын әріппен жазылғаны анық. Шындығын айтқанда, қазақстандық жанкүйерлер тақымын қысып отырса да, отандастарымыздың осындай сәтті нәтиже көрсетерін күтпеген еді. Тіпті, межеде «3 алтын» деп белгілеген Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы үшін де бұл үлкен тосынсый болды. Іс жүзінде Қазақстан үшін жарыстың бірінші аптасы «алтынмен» апталды. Жарысты әдемі бастап берген Александр Винокуров, Зульфия Чиншанло мен Майя Манезаның дәстүрін ауыр атлеттер Светлана Подобедова мен Илья Ильин және жеңіл атлет Ольга Рыпакова жалғастырды. Ал боксшылар арасында «алтынға» деген зор үмітті құрама капитаны Серік Сәпиев ақтап шықты. Соңыра ел сенімін ақтаған спортшылар Елбасы қолынан мемлекеттік марапаттарды қабыл алып, басқа да көңілге жақ бағалы сыйлықтарға ие болды.
Олимпиададағы жеңістен кейін елді дүр сілкінткен «жыл апаты» – ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Ми-17 тікұшағының бейбіт өмірде апатқа ұшырауы. Тікұшақ 22 тамызда Астана түбіндегі аэродромда оқу-жаттығу жұмыстарын орындау барысында құлап түсті. Тікұшақ бортында болған капитан 1980 жылы туған Талғат Досанов, 1988 жылғы аға лейтенант Ерік Махамбетниязов, 1986 жылғы аға лейтенант Жанбота Қасымов және 1978 жылы туған аға лейтенант Ақылбек Мусин апат орнында опат болды. Бәрінің соңынан отбасылары мен балалары қалды. Тікұшақтың құлауына оның құйынға тап болуы себеп болыпған.
Ал Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешенінің қирауын тура және ауыспалы мағынада «жыл сәтсіздігі» деген дұрыс болар. 6 сәуір күні таңертең №7 көппәтерлі тұрғынүйдің 4-ші кіреберісі опырылып түсті. Одан бірер күн бұрын сол апатты жағдайдағы үйдің 138 тұрғыны қауіпсіз жерге көшіріліп үлгерген еді. Кейін тергеушілер анықтағандай, ол үйдің салыну тарихы ұзақ әрі шуға толы екен. 2006 жылда іргесі көтерілген үйдің құрылысшы компаниясы салынып біткенге дейін бірнеше рет ауысыпты, олардың біреуінің құрылтайшысы күні бүгінге дейін халықаралық іздеуде жүрген көрінеді. Үй пайдалануға 2009 жылдың маусымыда берілді. Тұрғындардың басым көпшілігі ипотека алушылар мен үлескерлер. Жұрттың көз алдында күл-талқаны шыққан үйдің сапасыз құрылысы үшін тек салушы компания ғана емес, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз кешенді қабылдаған әкімшілік қызметкерлері де жауапқа тартылды.
«Жыл қайғысы» деп Теміртауда 2 жасар Егор Хмильдің кәріз құбырына жұтылып кетуін айтуға болады. Қаршадай баланың мәйіті тек қайғылы түннен кейін үшінші күні табылды. Жергілікті тұрғындар кішкентай сәби қаза құшқан қайғылы орынға жиналып, балалық шақты қорғау акциясын ұйымдастырды, ол бастама Астана мен Көкшетау қалаларында қолдау тапты. Осының арқасында елімізде ашық қалған люктерге қарсы қызу жұмыс жүргізіліп, өз жұмысына салғырт қараған коммуналшыларға қатысты шара қолданылды.
«Жыл процессін» Лондонда жасырынып жүрген қашқын-банкир Мұхтар Әблязовқа қатысты сот талқылары, кеден комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетов айналасындағы ел ішіндегі ірі жемқорлық оқиғасы және лаңкестік әрекеттері үшін жауапқа тартылғандарға қатысты шығарылған сот үкімдері құрап отыр. Сондай-ақ, Жаңаөзен мен Шетпе стансасында болған бүлікшіліктердің қатысушыларына қатысты сот отырыстары аяқталып, басты ұйымдастырушылардың қатарындағы – Владимир Козлов, Ақжанат Әминов және Серік Сапарғалиге қатысты сот үкімдері шығарылды.
«Жылдың шулы өңірлеріне» Алматы қаласы мен Алматы облысын жатқызуға болады. Қазақстан картасындағы осы екі өңір жыл басынан бері БАҚ беттерінен түскен емес. Облыстың аты «Таусамалындағы» антитеррорлық операциялармен, Іле Алатау ұлттық табиғи паркіндегі қайғылы жайттармен, «Арқанкергендегі» қанды қырғынмен, «ҚазТрансОйл» жалдаған Ми-8 тікұшағының апатқа ұшырауымен және Медеу аңғарындағы Мохнатка тауында шыққан ірі өртпен шықты. Ал Алматының өзінде KEGOC стансаларындағы апаттарға байанысты бірнеше рет жарық сөніп, қала тұрғындары жылудың уақытылы берілмеуінің және аяқ асты тап болған қалың қар мен сапасыз құбырлардың зардабын көрді.
Қоштасқалы тұрған 2012 жылдың градусы аса мықты болды. Қазақстандықтар үшін қаңтардың соңы мен ақпанның басы, сондай-ақ Тәуелсіздік мерекесіне берілген төрт күндік демалыс -45 градус аязбен, ал жаз +45 градустық аптап ыстықпен есте қалды.
Жыл акциясы. Қазақстанда 2012 жылы «Халықтық ІРО» бағдарламасы сәтті іске қосылды. Сыни көзқарастағы сарапшылардың бұлыңғыр болжамдарына қарамастан, бағдарламаның «алғашқы қарлығашы» - «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акциясын шамамен 34 мың қазақстандық сатып алған. 6 қараша мен 5 желтоқсан аралығында жалпы сомасы 59 млрд теңгені құрайтын 34 687 өтініш қабылданыпты, ол «ҚазТрансОйл» компаниясының шығарған акциясының көлемінен екі есе асып түсті.
Қазақстандағы «жыл тағайындауы» - үкімет басшысының ауысуы. Кәрім Мәсімов 6 жылдық қызметінен кейін Премьер-министр тағын босатып, Президент Әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындалды. Ал оның орнына Серік Ахметов келді. Министрлер кабинеті басшысының ауысуымен үкімет ішінде де бірнеше кадрлық ауыс-түйістер орын алды.
«Жыл құрылысы» деп Астана төрінде бой көтерген Орталық Азиядағы ең ірі Әзірет Сұлтан мешітінің құрылысын айта аламыз. Елбасы ғимараттың құрылысын Елорда күніне орай аяқтауды тапсырып, сол тапсырмаға сәйкес 6 шілде, қасиетті жұма күні, мешітті салтанатты түрде ашу рәсімі өтті.
«Жыл сөзін» 14 желтоқсанда Елбасы жариялады. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында Президент жыл басында жарияланатын Жолдау әдеттегі мерзімінен бұрын жасалатынын айтып, бір жаңалық жасады. Екінші жаңалық Жолдаудың көлеміне байланысты – Жаңа жолдау еліміздің бір жылғы емес, 2050 жылға дейінгі іс-әрекет жоспарын айқындап берді.
«Жыл сыны» атағына құқық қорғау органдарының қызметкерлерін біраз әбігерге салған кезектен тыс аттестаттау лайық деп танып отымыз. Жыл басында Елбасы үш деңгейлі жүйе бойынша кезектен тыс аттестаттау өткізуді тапсырды. Қазақстанның күштік құрылым қызметкерлері сымбаттылық, төзімділік, біліктілік пен психологиялық тұрақтылық деңгейіне қарай іріктелді. Нәтижесінде әрбір бесінші жетекші комиссия сынынан сүрініп, қаржы полициясының басшылық құрамы 85%-ға қайта жаңарды.
Қазақстанның мәдени өмірінде «Жыл премьерасы» атағын Ақан Сатаевтың «Жаужүрек Мың баласы» жеңіп алды. Тұңғыш рет отандық «Жаужүрек Мың бала» лентасы прокатқа шыққан алғашқы аптада-ақ (3 мен 6 мамыр аралығында) Қазақстан бойынша шамамен бір миллион доллар (147 млн 600 мың теңге) табыс әкелді. Оған қоса Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» картинасы «Оскар 2013» киносыйлығы номинанттарының лонг-тізіміне енген болатын, алайда жақында жарияланған «Оскар» сыйлығына үміткерлердің ақырғы тізіміне іліге алмады. Соған қарамастан, прокатқа шықпай тұрып-ақ фильмге әлемнің 30-ға тарта дистрибьюторлары қызығушылық танытқан.
«Жыл некесі» деп олимпиада чемпионы Илья Ильиннің тойын айтуға болады. Ауыр атлет азаматтық некедегі жары гандболшы Наталья Кулаковамен заңды түрде отауласып, тарихта қаларлық той өткізді. Тойға тек спортшының туғандары мен жақындары шақырылғанына қарамастан, жылдың басты некесі BNews.kz тілшілерінің назарынан тыс қалмады.
Өткелі тұрған жылда «Жыл жанжалы» да болды. Бұл жолы шу шығарған аймақтағы саясаткерлеріміз: Ақмола облысының мәслихат депутаты мен аудан әкімі алғашқыда бірін-бірі балағат сөздің астына алып, соңыра жұдырықтасуға көшті. Шоуды жанжалдың кейіпкерлері республикалық деңгейде жалғастыруды жөн санап, олардың бірі тіпті Астанада баспасөз мәжілісін өткізіп үлгерді.
«Жыл қалжыңы» деп қазақстандықтардың үрейлене 21 желтоқсанда болуы тиіс ақырзаманға дайындалуын айтуға болады. Балгерлердің сәтсіз болжамына, адамзаттың бақытына орай 21.12.2012 деген сиқырлы датада жер қарс айырылмады, жерді қара түн баспады, ғаламшарлар бір тізімге бой түзеген жоқ, тіпті балауыз іздеген азаматтар да құр бос әуре болды (әрине, кей өңірлердегі бірер жағдайларды ескермегенде). Бір сөзбен айтқанда, балауыз бен сіріңке өндірушілер де, «ақырзаман» кештерін ұйымдастырған көңіл көтеру орындары да бұл шудан ұтылып қалмады.
BNews.kz тілшілерінің көзқарасы бойынша жылды осылай қорытындылауға болады. Жаңа жылда баршаңызға татулық, армандарыңыздың орындалуы мен көтеріңкі көңіл күй тілейміз!