Ұлу жылының үздіктері...
2013 жыл есік қағып тұр. Ұлу жылы қазақ елі үшін берекелі жыл болды. Ал қазақ телевизиясында бірқатар жаңалықтар орын алды. Биыл тәулік бойына ақпарат тарататын «24 kz» телеарнасы мен «Білім» телеарнасы көпшілік көрерменге жол тартты. Кей телеарналар ел ордасы - Астанадан бой көтерген медиа орталықтан хабар тарата бастады
Биылғы жылы отандық телеарналардан бірқатар сапалы һәм қызықты бағдарламалар назарға ұсынылып, өз көрерменін тапты. Өткен жылғы дәстүрді жалғап, 2013 жылдың қарсаңында «Айқынның «Дидар ТV» қосымшасы Ұлу жылының үздіктерін анықтады. Сонымен, газетіміздің оқырмандары үздіктерді қалай саралады?
Биыл отандық телеарналардан бірқатар ойын-сауықтық, сараптамалық, салмақты бағдарламалар, ток-шоулар һәм телехикаялар көрерменмен қауышты. Өзгенің өнімі емес, төл өнімдеріміздің саны толықты. Бұл - қазақ көрермендерін қуантарлық басты жаңалық болса керек. Жылдағы дәстүрді жалғап, биыл да отандық телеэкрандардың үздіктерін саралауды жөн көрдік. Мақсат - әрбір телеарнаның жақсысын айтып, жаманын жасыру.
«Үздік ойын-сауықтық бағдарлама»
Толассыз шоудан құлақ тұнса да, отандық телеарналар шоу-бағдарламаларға көбірек ден қояды. Себебі рейтингтің негізгі бөлігін шоу-бағдарламалар қамтиды. Өткен жылы «Ел арнаның» «Саз әлемі» ұлттық музыкалық байқауы Қоян жылының үздік шоу-бағдарламасы атанып еді. Аталмыш жоба биыл көрерменге тағы жол тартты. Әйтсе де, «Саз әлемі - 2» көрерменнің көңілін дөп баспаған сыңайлы. Айтпақшы, өткен жылы үздіктердің қатарынан көрінген «КТК» телеарнасының «Мәссаған» бағдарламасы биыл жабылып қалды. Қазақ аудиториясын әдемі әзілмен баураған бағдарламаның орнына «Мамма мия» жобасы эфирге жол тартқан еді. Әйткенмен Баян Есентаеваның тағы бір тележобасы көрерменге ұнай қоймаған сыңайлы. Ғұмыры таусылған шоу-бағдарламалардың ішінде «Ел арнаның» «Шіркін, лайф» бағдарламасы, Ұлттық арнаның «Екі жұлдыз» бағдарламасы да бар.
Биыл көрерменнің көзайымына айналған ойын-сауықтық бағдарламалар аз болған жоқ. Есесіне, «Хабар» арнасының төл туындысы «Ду-думан» бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығыпты. «Ду-думан» - үздік әзіл-сықақ театрларын анықтайтын тұңғыш жоба. «31 арнаның» «Қазақша концерті» де көпшілік көрерменнің көңілін баураса, «Қазақстан» телеарнасының «Жайдарман» КВН ойындары жастардың сүйіп көретін бағдарламасына айналды. Сонымен қатар «Елім менің» тележобасы, «ОРТ Еуразия» телеарнасының «Ду қол шоколад» бағдарламасы да үздіктер қатарына ілікті.
«Үздік ток-шоу»
Биыл отандық телеарналардан бірқатар ток-шоулар жарық көрді. Әрине, әр ток-шоудың қамтитын тақырыбы мен көрермендер аудиториясы әрқилы. Ток-шоудың болғаны коғамдық пікірді қалыптастырып, халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алуға мол мүмкіндік берді. Биыл «КТК» телеарнасы орыс тіліндегі «Наша правда» ток-шоуының тұсауын кессе, ұлттық арнадан «Айтуға оңай» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Ал «Хабар» телеарнасының «Сонымен, солай дейік» бағдарламасы «Біз» деген жаңа атауға ие болды. Жасыратыны жоқ, ток-шоуларға сын тағып, мін айтушылар көп болды биыл. Әйтсе де, бағдарламаны түсіру тобы һәм тележүргізушілер сыннан дұрыс сабақ алды деген сеніміміз де жоқ емес.
Сонымен, көрермендер үшін Ұлттық арнаның «Айтуға оңай» тұрмыстық-әлеуметтік ток-шоуы үздік деп тапса, өзекті де өткір проблема көтеретін «Ел арнаның» «Мүмкін емес» бағдарламасы да көпшіліктің көңілінен орын алыпты.
«Үздік сараптамалық бағдарлама»
Отандық телеарналардан сараптамалық бағдарламалар әлі де жетіспейді. Халықтың талғамын оятып, саяси тұрғыда сауаттандыратын сараптамалық бағдарламалардың саны көп болғаны жақсы. Үздіксіз шоу-бағдарламалар көрерменнің сауатын арттырмасы тағы анық. Былтыр көрермен қауым «КТК» телеарнасының «Астарлы ақиқатын» Қоян жылының «үздік сараптамалық бағдарламасы» деп таныған еді. Биыл «Астарлы ақиқаттың» қарқыны бәсеңдеген сыңайлы. Бағдарлама ақиқаттың ауылынан алыстап, сәнге, өсек-аяңға ден қойған ба дерсіз, тіпті. Жұрт «Астарлы ақиқаттан» сауатты сараптама күтеді. Әйткенмен ақиқаттың астарының орнына апта бойы «Жаңалықтардан» көрінген сюжеттерді ғана тамашалайтын болдық.
Есесіне, Ұлттық арнаның «Апта kz», «Хабардың» «Жеті күні» әлі де үздіктер қатарында. Айтпақшы, «КТК» телеарнасының «Портрет недели» бағдарламасы да үздіктер қатарын толықтырып отыр.
«Үздік жаңалықтар қызметі»
Жалпы, телеарна атаулының алғашқы мақсаты - көрерменнің көңілін көтеру емес, халықты дер кезінде ақпараттандыру. Айта, айта шаршадық, әйтсе де кей телеарналар рейтинг қуып, жаңалықтарды түрлі сипатта шығарады. Бұл да көрермен жинаудың тағы бір тәсілі болар. Телеарналардың рейтингтік көрсеткішіне зер салсақ, «ОРТ Еуразия», «КТК», «31-арнаның» жаңалықтар қызметінің үздік екенін аңғарамыз. Осы тұрғыда көрерменнің пікірі рейтингпен тұспа-тұс келеді. Бір айта кетерлігі, биыл «31 арнаның» «Информбюросы» жаңа сипатта көрерменге жол тартты. Танымал журналист Жүсіпбек Қорғасбек апта жаңалықтарын қорытындыласа, «Сөздің шыны керек» айдарында халықтың көкейінде жүрген ащы шындықтың беті ашылады. «КТК» телеарнасының жаңалықтар қызметіне «халықтық» деп айдар тақсақ та болар. Себебі қарашаның басына түскен мәселе «КТК» телеарнасының жаңалықтар қызметі арқылы көпшілікке мәлім болады. Биыл елімізде бірқатар елеулі оқиғалар орын алды. Жасыратын несі бар, «Арқанкергендегі» дау, Іле Алатауындағы қайғылы оқиға, жуырда ғана Оңтүстік Қазақстанда орын алған апат қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырды. Атаулы оқиғалардан уақтылы ақпарат таратып, халықты дер кезінде нақты ақпаратпен құлақтандырған да телеарналардың жаңалықтар қызметі. Сонымен, «31-арнаның» «Информбюросы», «КТК», «7-арнаның» жаңалықтары Ұлу жылының «үздік жаңалықтар қызметі» атанып отыр.
«Үздік тележүргізуші»
Бағдарламаның рейтингтік көрсеткішінің жоғары болуы ең алдымен тележүргізушіге байланысты. Шынын айту керек, кей көрерменнің отандық тележүргізушілерге көңілі тола бермейді. Жасыратын несі бар, «дайын асқа - тік қасық» боп, алдындағы мәтінін ғана оқып беретін қуыршақ-тележүргізушілердің де қатары әлі азаяр емес.
«Астана» телеарнасының «Сырласу Әйгерім Сейфолламен бірге» бағдарламасы көпшіліктің көңілін баурағаны анық. Бағдарламаның сәтті шығуы ең алдымен жүргізуші Әйгерім Сейфолланың қитұрқы сұрақтарына да байланысты шығар. Биік мінберден сөз сөйлейтін саясаткерлерден бастап, халық арасына әннен шашу шашып жүрген әншілер де Әйгерімнің бағдарламасында толықтай ашылып, сырын жайып салады. Әйгерім Сейфолла биылғы жылдың «Үздік тележүргізушісі» атанды. Сонымен қатар «Қазақстан» телеарнасының «Апта kz» бағдарламасының сөзұстары Есболат Айдабосын да Ұлу жылының үздіктерінің қатарына енді.
«Үздік жаңалықтар жүргізушісі»
Диктор - телеарнаның айнасы іспеттес. Себебі күн сайын кешкі уақытта халық жаңалықтар көру үшін көгілдір экранның алдына жайғасады. «31 арна» мен «КТК» телеарнасының жаңалықтар қызметі көрермендердің ойынан шыққандықтан, дикторлардың да үздік атанатыны заңды. Дегенмен төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі оқиғалар, еліміздегі ақпараттар легін таныстыратын дикторларға көрермен жоғары талап қояды. Жаңалықтардың сәтті шығуы да диктордың мәтінді қалай жеткізгеніне байланысты. Сонымен, Ұлу жылының үздік дикторларының тізімі төмендегідей:
1. Нұриддин Бидосов, «7-арна»;
2. Жанат Бақыт, «КТК» телеарнасы;
3. Әйгерім Шаймерден, «Астана» телеарнасы;
4. Жайнагүл Төлеміс, «Қазақстан» Ұлттық арнасы.
«Үздік телеарна»
Шүкір дейік, жыл сайын отандық телеарналардың саны артып барады. Бұл қазақ телевизиясының даму сатысындағы тағы бір белесі болса керек. Күн сайын қазақстандықтар оннан аса отандық телеарна тұрақты көрермені атанады. Әрине, әлемдік һәм ресейлік телеарналармен бәсекеге түсіп, көрерменнің көңілін баурау оңай емес. Десе де қазақ телеарналары осы уақытқа дейін бірқатар ірі жетістіктерге қол жеткізді. Осы ретте, Ұлу жылының үздік телеарнасы атап өткен де жөн болар. «Қазақстан» телеарнасы биыл «Жаныңда жүр, жақсы адам», «Алаш алыптары», «Тұңғыш» атты үш бірдей деректі фильмді көрерменнің назарына ұсынды. Ал «Хабар» агенттігі отандық төл өнімнің санын көбейтуді алдына жан салмай келеді. «31-арнаның» «Базарбаевтар» ситкомы көпшіліктің сүйіп көрер телехикаясына айналды. Аталмыш үш телеарнаны биылғы жылдың «Үздік телеарнасы» десек, артық болмас.
Ұлу жылының үздіктерін «Айқынның «ДИДАР TV» қосымшасы осылай қорытындылап отыр. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтер үмітіміз мол, әрине. 2013 жылы отандық телеарналардың қарқыны үдеп, тың һәм төл өнімнің саны арта түседі деген үмітіміз де жоқ емес. Шынын айту керек, биыл газет бетінде отандық телебағдарламаларға бірқатар сын айтылып, мін тағылды. Мұндағы мақсат - телеарнаның немесе телебағдарламаны жасаушылардың абыройына нұқсан келтіру емес, көзіқарақты көрерменнің пікірін көпшіліктің назарына ұсыну. Жаңа жыл құт-береке әкелсін, әрбір үйдің төріндегі көк жәшіктен отандық телеарнаның төл өнімі көрсетілсін!
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
Айқын
BAQ.kz