Жаңа бастамаларды жүзеге асыру жас толқын үшін баға жетпес бақ және жүгі ауыр жауапкершілік
Жолдауда айтылған жаңа бастамаларды жүзеге асыру жас толқын үшін баға жетпес бақ және жүгі ауыр жауапкершілік, дейді BNеws.kz тілшісімен сұхбаттасқан Қарағанды облысы жастар саясаты жөніндегі басқармасының бастығы Мирас Құттыбай.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында Жаңа Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамудың дара жолын айқындап берді. «Жас келсе іске»,- дейді дана халқымыз. Бірақ та әр істі өз деңгейінде аяқтау үшін, әрбір жасқа білім мен тәжірбие керек. Лайықты білімнің ақысын төлеу қазіргі заманда жастарға өз ауыртпашылығын тигізуде. Жолдауда білім ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек көрсету шаралары: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік желісін, көпсалалы оқу гранттары, мамандандырылған оқу орындары жүйелерін құру, ең қуантатыны, өндірістік тәжірбиені заңнамалық тұрғыда бекіту тасқа таңба басқандай жазылған. Ендігі кезекте лайықты білім алам деген жастарға барлық қолдау көрсетілетін болады», - дейді ол.
Мирас Құттыбай айтып өткендей, жаңа бастамаларды жүзеге асыру жастардың қолында әрі жастар үшін бұл тапсырмалардың жүзеге асырылуы жүгі ауыр жауапкершілік.
«Мемлекет басшысы «жаңа бағыттың қозғаушы күші - жастар», - деп жаңа буын қазақстандықтардың алдында үлкен міндеттер қойды. Қол жеткізген бүгінгі табыстарымызды сақтау және еселеу, жаңа бастамаларды жүзеге асыру жас толқынның еншісінде. Бұл баға жетпес бақ және жүгі ауыр жауапкершілік. Әлемдік нарықта жыл санап күшейіп келе жатқан бәсеке, жиырма бірінші ғасырдағы адамзат баласына төнген қауіп-қатерлерге төтеп беруге құлқы және еңбек етуге ынтасы жоқ, білімі таяз, рухы аласа қоғамның қолынан келмейтіні анық. Сондықтан да аталған жамандықтардан аулақ болып, керісінше, Елбасымыздың салған сара жолымен еңбекті сүйген қоғамға нық қадам басып, жаһанның жасампаз жұртымен иық тіресіп, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетсек, тарихымыз бен мәденитетімізді ұлықтасақ елуді еңгеріп, отызға оңай енеміз. Оған сенімім мол», - дей келе басқарма бастығы «Алтын ғасырға қадам басқан Алаш елінің мерейі үстем, берекесі мен мерекесі мол болсын», деп, барша отандастарын егемендік мерекесімен құттықтады.