Жаңалықтар

«Хабар» арнасында өңірлердің өнерлі сайысы – «Аймақтар аламаны»

Тәуелсіздік күні эфирге жаңа жоба шығады. Ол – «Хабар» агенттігі ұсынып отырған бірегей бағдарлама «Аймақтар аламаны». «Аймақтар аламаны» – еліміздің 14 облысының өнерпаздары, дарын иелері және спортшылары бір шаңырақ астына жиналып, бағын сынайтын республикалық телебайқау. Ұлттық құндылықтарымыз бен жер жердегі өнер иелерін халыққа таныту мен дәріптеуді мақсат тұтқан «Хабар» агенттігінің төл туындысы барша облыс жанашырларын дүр сілкіндіретін ерекше бағдарлама болмақ. «Ән сайысы», «Би жарысы», «Дарындылар додасы» және «Қазақ күресі» атты төрт бөлімнен тұратын бұл байқауда «Кемедегінің жаны бір» дегендей, бір облыстың мүшелері өз өңірі үшін ортақ ұпай жинап, соның нәтижесі бойынша келесі айналымға өтіп отырады. Мың бұралған бишілер, күміс көмей әншілер өз аймағының намысын жыртып, өнер додасында жасындай жарқырап жатса, отқа оранған, қылышпен таранған ерекше дарын иелері өзінің тың қойылымдарымен қазылар алқасы мен көрермен қауымды тәнті етті. Екі жүзден астам өнерпаз жиналған бұл дода әр командадан бірлікті, намысты талап етті. «Біздің көптеген телеарналар шетелде жасалған дайын пакеттерді біздің жергілікті жерге ыңғайлап, түрлі шоу-бағдарламалар жасап жатады. Оның кейбірі сәтті шықса, кейбірі біздің менталитетке сай келмей жататыны да жасырын емес. Осы себептен алғанда біз «Аймақтар аламанын» таза Қазақстанның, таза «Хабардың» жеке шығармашылық өнімі ретінде көпшілік көрерменге ұсынуды жөн көрдік», - дейді «Хабар» Агенттігінің бас продюсері Ринат Кертаев. Байқау 4 турдан тұрады. Олар: іріктеу туры, ширек финал, жартылай финал және финал. Іріктеу туры өте тартысты өтті. Бірінші турдан өткен Батыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облысы және Қызылорда облысы жоғары ұпай жинай алған сегіз команда ретінде ширек финалда өнер көрсетті. Ал одан кейін жағдай қалай болғанын қалың көрермен бағдарлама барысында біле алады. Бұл – әзірге құпия. Қазылар алқасының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығай, Парламент депутаты Светлана Жалмағамбетова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, педагог-хореограф Тойған Ізім, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Қарақат Әбілдина, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы, Астана қаласы «Қазақ күресі» федерациясының вице-президенті Ғалым Құлекешовтер болды. Олардың пікірінше, бұл жоба ең алдымен ел жастарын патриоттыққа тәрбиелейтін, сондай-ақ жер-жердегі өнерпаздарды қалың жұртшылыққа танытатын дара бағдарлама болмақ. Айтулы доданың жүргізушілері – қазақ эстардасының сүйкімді әншісі Әйкерім Қалаубаева және әзілдің түбін түсіретін майталман шоумен Тұрсынбек Қабатов. Қалың көрермен бұл қызықты бағдарламаны 16 желтоқсаннан бастап наурыз айының соңына дейін әр жексенбінің кешінде «Хабар» арнасынан тамашалай алады. Сонымен қатар, өзі жанкүйер болған облыс үшін дауыс беріп, «Халық таңдауы» номинациясын иеленетін облысты анықтауға атсалыса алады. «Хабар» агенттігі бұл маңызды жобаны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуге ниеттеніп отыр. BNews.kz
13.12.2012 05:33 4043

Тәуелсіздік күні эфирге жаңа жоба шығады. Ол – «Хабар» агенттігі ұсынып отырған бірегей бағдарлама «Аймақтар аламаны». «Аймақтар аламаны» – еліміздің 14 облысының өнерпаздары, дарын иелері және спортшылары бір шаңырақ астына жиналып, бағын сынайтын республикалық телебайқау. Ұлттық құндылықтарымыз бен жер жердегі өнер иелерін халыққа таныту мен дәріптеуді мақсат тұтқан «Хабар» агенттігінің төл туындысы барша облыс жанашырларын дүр сілкіндіретін ерекше бағдарлама болмақ.

«Ән сайысы», «Би жарысы», «Дарындылар додасы» және «Қазақ күресі» атты төрт бөлімнен тұратын бұл байқауда «Кемедегінің жаны бір» дегендей, бір облыстың мүшелері өз өңірі үшін ортақ ұпай жинап, соның нәтижесі бойынша келесі айналымға өтіп отырады. Мың бұралған бишілер, күміс көмей әншілер өз аймағының намысын жыртып, өнер додасында жасындай жарқырап жатса, отқа оранған, қылышпен таранған ерекше дарын иелері өзінің тың қойылымдарымен қазылар алқасы мен көрермен қауымды тәнті етті. Екі жүзден астам өнерпаз жиналған бұл дода әр командадан бірлікті, намысты талап етті.

«Біздің көптеген телеарналар шетелде жасалған дайын пакеттерді біздің жергілікті жерге ыңғайлап, түрлі шоу-бағдарламалар жасап жатады. Оның кейбірі сәтті шықса, кейбірі біздің менталитетке сай келмей жататыны да жасырын емес. Осы себептен алғанда біз «Аймақтар аламанын» таза Қазақстанның, таза «Хабардың» жеке шығармашылық өнімі ретінде көпшілік көрерменге ұсынуды жөн көрдік», - дейді «Хабар» Агенттігінің бас продюсері Ринат Кертаев.

Байқау 4 турдан тұрады. Олар: іріктеу туры, ширек финал, жартылай финал және финал. Іріктеу туры өте тартысты өтті. Бірінші турдан өткен Батыс Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облысы және Қызылорда облысы жоғары ұпай жинай алған сегіз команда ретінде ширек финалда өнер көрсетті. Ал одан кейін жағдай қалай болғанын қалың көрермен бағдарлама барысында біле алады. Бұл – әзірге құпия.

Қазылар алқасының құрамында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығай, Парламент депутаты Светлана Жалмағамбетова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, педагог-хореограф Тойған Ізім, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Қарақат Әбілдина, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы, Астана қаласы «Қазақ күресі» федерациясының вице-президенті Ғалым Құлекешовтер болды. Олардың пікірінше, бұл жоба ең алдымен ел жастарын патриоттыққа тәрбиелейтін, сондай-ақ жер-жердегі өнерпаздарды қалың жұртшылыққа танытатын дара бағдарлама болмақ. Айтулы доданың жүргізушілері – қазақ эстардасының сүйкімді әншісі Әйкерім Қалаубаева және әзілдің түбін түсіретін майталман шоумен Тұрсынбек Қабатов.

Қалың көрермен бұл қызықты бағдарламаны 16 желтоқсаннан бастап наурыз айының соңына дейін әр жексенбінің кешінде «Хабар» арнасынан тамашалай алады. Сонымен қатар, өзі жанкүйер болған облыс үшін дауыс беріп, «Халық таңдауы» номинациясын иеленетін облысты анықтауға атсалыса алады. «Хабар» агенттігі бұл маңызды жобаны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізуге ниеттеніп отыр.

BNews.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға