Жаңалықтар

Раушан Салова

Раушан Салова  (Акмола облысынан) Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында 1972 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы уақытқа дейін жүзден астам рөлдерді ойнап, мазмұнды образ жасаған, «Сахна шебері» дәрежелі майталман актриса. 1972 жылы дипломдық жұмысында Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» пьесасындағы Марфуға рөлінде жарқырай көрінген өнер иесі Шымкент театрына шақырылады. 1972 жылдан Р.Салованың шығармашылық қызметі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрмен үзіліссіз байланыста.
11.12.2012 10:34 3836

Раушан Салова  (Акмола облысынан)

 Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында 1972 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді. Осы уақытқа дейін жүзден астам рөлдерді ойнап, мазмұнды образ жасаған, «Сахна шебері» дәрежелі майталман актриса.

1972 жылы дипломдық жұмысында Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» пьесасындағы Марфуға рөлінде жарқырай көрінген өнер иесі Шымкент театрына шақырылады. 1972 жылдан Р.Салованың шығармашылық қызметі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрмен үзіліссіз байланыста.

Театрдың өндірістік шығармашылық жоспарына сәйкес жас актриса О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді» (1974 ж), С.Шамхаловтың «Қайын ене мен келін» пьесаларында (1975 ж)  - Ләйлә, Афет рөлдерін сомдап, көрермен назарына ілігеді.

1977 жылы қойылған Н.В.Гогольдің «Үйлену» (режиссері – Т.Өтебаев) пьесасындағы – Агафья Тихоновнаның бейнесін бедерлеуі жас сахнагердің шығармашылық өнер жолындағы бағындырған алғашқы белесі болды. Республикалық басылымдарда Л.Богатенкова, Б.Құндақбаев сынды театр сыншылары актрисаның жанр табиғатын, спектакль стилін, актерлік ансамбль талаптарын шебер меңгергенін атады.

Айрықша сахналық пластика, үн тазалығы, рөл табиғатын терең түсініп, режиссура тұжырымдамасына сай кейіпкерді сомдау дарыны Р.Салованы 1979 жылы қойылған А.Арбузовтың «Қынжылмасқа не шара», 1982 жылы сахналанған Ә.Әбішевтің «Мәди» спектакльдерінде – Сашенька, Келбет рөлдерінде бар болмысымен кестеленіп көрінді.

Зерек актриса, көп қырлы дарын иесі Раушан Серекбайқызы бар өмірін, өнерін халықтың мәдениетін, руханиятын өркендетуге арнап келеді. Тек театр сахнасында ғана емес, облыс, Республика көлемінде атқарылған концерттер, мерекелік іс-шаралар, театрландырылған бағдарламалар Р.Салованың қолтаңбасымен жарқын сахналық шуағымен жарқырай шығады. 15 жылдай Шымкент қаласының орталық алаңында облыстық, қалалық мерекелік іс-шараларда өзінің ерекше жағымды үнімен дикторлық қызмет атқарды.

Замана тынысын терең сезіне білетін актриса белгілі жазушы, драматург Д.Исабековтың пьесаларында бірнеше тұлғаларды өз деңгейінде нақышына келтіріп, бейнеледі. Олар: «Әпкедегі» - Нәзилә (1982 ж), «Анасын аңсаған қыздағы» - Перизат (1992 ж), «Ескі үйдегі екі кездесудегі» - Зейнеп (1997 ж), «Мұңлық-Зарлық» лиро-эпостық драмасындағы – Зәрипа (2009ж).

Актрисаның ерекше сахналық қыры - әншілігі. Осы қабілеті 1997 жылы қойылған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясында Айман, 2004 жылы сахналанған З.Исмагиловтың «Құдашасында»  оперетта сипаттағы шығармаласында Шамсия рөлдерді барынша жарқырай көрінді. Р.Салованың Айманы – қазақ сахарасын ән мен күйге бөлеген, ерке мінезді, сыршыл да сыпайы қыздарының романтикалық жиынтығы. Сыңғырлаған үнімен, әуезді әнімен не бір содыр мен маңғазға жөн көрсете алатын, Маманбайдың ерке тотай сұлуы Айман – актрисаның сахналық қызметіндегі үлкен белес, ерекше шабытпен орындайтын өнер стихиясы.

Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерлісі» (1977 ж) спектакліндегі Бостон, М.Баяджиевтің «Жекпе-жегіндегі» - Назы, М.Шолоховтың «Көтерілген тыңында» - Лукерья және басқа образдар Салова Раушанның талғамына ілігіп қана қоймай, шебердің орындауында мазмұндала, жарқырай шыққан құбылыс бола білді.

Актрисаның репертуарында әлем классикасынан сомдаған бейнелері өз алдына бір төбе. Айталық,  В.Шекспирдің «Юли Цезаріндегі» - Кальпурния (1976 ж), Ж.Мольердің «Сараңындағы» - Марианна (1976 ж), Б.Брехттің «Кавказдың бор шеңберіндегі» - Груше (2002 ж), Т.Джудженоглының «Көшкінідегі» - Әжесі      (2008 ж), тағы да басқа сахнагер сахналаған бейнелер Шымкент қазақ драма театрының табысы, шығармашылық хрестоматиясы болды.

1986-1992 жылдары театр репертуарында С.Шәймерденовтың «Марғау» спектаклі үлкен табыспен жүрді. Аталмыш шығармаға актриса Ұмсындық бейнесі арқылы қойылымға ерекше рең, байып пен байсалдылық, нәзіктік пен тереңдік берді. Сомдаушының кісілік тәжірибесі, дауыс үндестігі, қимыл-әрекетіннің ырғағы, көзқараспен астарлап білдіретін мақсат-мүддесі спектакльге ерекше сыршылдық, халықтық сипат дарытты.

Шеберлігі толысқан, ұлт репертуары мен әлем классикалық дүниелерін танып меңгерген Р.Салованың өзгеше, ала бөтен кеңістігі – қазақ драматургиясы. Олар: Ж.Шаниннің «Арқалық батырындағы» - Қаракөзі (1992ж), С.Мұқановтың «Шоқан Уалихановындағы» - Елизаветасы (1983ж), М.Әуезовтың «Қаракөзіндегі» - Ақбаласы (1980ж), «Абайындағы» - Қарлығашы (1995ж), Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Корпеш – Баян сұлуындағы» - Мақпалы – актрисаның алтын қоры.

Акртисаның шырқау биігі 2002 жылы А.П.Чеховтың «Шие бауындағы» - Л.А.Раневская рөлі. Суреткердің Раневскаясы спектакль діңгегі, оның әулеттік шие бауымен қоштасу процессі әрі, адами тұрғыдан, жан ашу, ортақтасу сезімін тудырса, енді бірде А.Чеховқа тән астарлы күлкі үйіретін епетейсіз әрекеттерге дейін барады. Бірақ барлық сәтте де актриса Раневскаяны Париждың салондарында, зайырлы қоғамында шыңдалған орыс аристократтарының өкілі етуден жаңылмайды. 

Театр ұжымымен бірге Раушан Серікбайқызы барлық өтіп жатқан халықаралық, республикалық театрлар фестивальдеріне қатысып келеді. Рига, Москва қалаларында тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру курстарында болды. Театрдан тыс уақытта актриса университет студенттерімен театр өнері туралы сұхбат жүргізіп, тәлімгерлік қызмет атқарып жүр.

Р.Салова Қазақстан Республикасы Мәдениет Министрлігі Мәдениет Комитеті, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрмет Грамоталарымен (1994ж), (2001ж) марапатталған. 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің «Зерде» стипендиясының иегері атанған. Суреткердің шығармашылық қызметі жайында «Оңтүстік Қазақстан шығармашыл зиялылары» кітап альбомында сипатталған.

Театр ұжымының шешімімен еткен еңбегін ескеріп жоғары атаққа бірнеше рет (1993, 1998, 2004, 2010 жылдары)   ұсынылған.                    

Дарын иесінің сан салалы сомдалған образдары туралы республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жиі ұшырасады. Актриса Раушан Салова қазір нағыз кемел, шығармашылық толысқан шағында.

Дереккөзі: ОҚО әкімдігі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға