Ән, әншілер жайында
Ән-күйімізді сөз қылуды бүгінгі өмір тілейді. Неге десеңіз, ән-күй тіршілік басқышында аңның аз-ақ алдында тұрған халық пен мәдениеттің жоғары сатысында тұрған халықтың екеуіне бірдей. Бірақ екеуінде бірдей емес. Әркімнің ән-күйі өзінше, «сабасына қарай — піспегі, сақалына қарай — іскегі» болады. Ұлт мәдениеті, ұлт өнері, ұлт әні дегендеріңіз сол ұлттың шаруа, қоғам, мәдени шарқына шағын келеді.
Ән-күйді сөз қылудың бүгінгі бір керектігі — біздің жаңа жасалып жатқан шаруамыз, еліміз, мәдениетіміз, өнеріміз бар. Сол жаңа жасалып жатқан көп жұмысымыздың бірі — мәдениет майданындағы өркешті орынның бірі — қазақ театры болса — оның бүгінгі бір сүбесі — ән-күй болып келеді. Театр өскен сайын, қанатын жайып, өрісін кеңіткен сайын ән-күй де өседі, өзгереді. түрленеді. Үйткені елдің шаруа жұртшылығы есеюмен бірте мәдени тілегі, өнер байлығы да өседі, тілек білекті тудырады. Мәдениет енерді тудырады. Театр халықты, театр сан күй сауықтың түрлерін тудырады. Біздің осы күнгі жалғыз театрымыз қала-қаланың бәрінде де болады. Бір қаланың өзінде ұлт театрының әлденеше түрлері болады. Театр мазмұнға, түрге қарай — драма театры, сықақ театры, ән-күй театры деген сияқты әр сала өзді-өзімен кететін заман болады. Бүгінгі басталып жатқан құрылысымызда жаңадан орналасып жатқан зауыт, фабрик, колхоз, совхоз, жаңа қала, поселкелерімізде жаңа клубтр, жұмысшы театрлары, сауық орындары болады. Міне, осының бәрінде он-күй көрнекті орын алады.
Міне, ән-күйіміздің ендігі келешегі осындай болса, жаңа жұрттың жаңа заманның тілегі ескі жұртшылықтан ескі заманнан өзге өзекті, басқа арналы болатын болса, біздің ескіден қалған шикі өнеріміз, жаңа дүкенге түсіп, қайта істелетін болса, бұрынғы ескі жұртшылықтан қалған байшылдық, жекешілдік жан тілектері өзгеріп, өнеріміз көптің қолына, коллектив жолына, ұлт еңбекшілерінің таптық жолына, ұлт мәдениеті, ұлт өнерінің сыртқы сауыты ұлттық, ішкі сарайы пролетариаттық жолға түсіп есейетін болсақ, ән-күйімізді сөз қылудың мәні тіпті айқындалады емес пе?
Біздің ән-күй — тың жанды нәрсе. Бұл туралы шөптің басын сындырған кісі бола алмай келеді. Оның себебі, мұның жайын білетін білімді маман өзімізде жоқ. Шеттің адамы еркін араласа алмай келеді. Ән-күй өнері білімді, тәжірибені тексеруді керек қылады. Әсіресе әр ұлттың өз маманын керек қылады. Қысқасы, кісі керек қылады. Ондай кісі бізде жоқ. Біз тек осы мәселені қозғаудың керектігін, ән-күй жасаудың, ән-күй иелерін шығарудың керектігіне пікір алысуды қолға алудың мезгілі жеткендігін айтпақшымыз. Сондықтан ән-күй туралы тепшілеп тігісін cөгe айтпай, әр жерін түрткілей, тұспалдай тартпақпыз. Кектеп өтпекпіз. Және осы жолы күйден әнді айырып алып, соны ғана айналдырмақпыз. Күй өз алдына бір сөз.
Әнді айтқанда, әзірге бізде үлгілі ән, өнерлі ән, жаңа ән жоқ. Қолдағы бар мәзіріміз — елдікі. Ендеше, біздің сөзіміздің басы ел әнінен басталады. Ең әндері қандай, қалай туған, осы күнде не күйде, осы күнгі жұртшылыққа жанаса ма, заманға үйлесе ме, келешегі бар ма, осыны жұрт алдына салмақпыз.
Біздің «әніміз — елдікі» дедік. Ал ел қайдан атаған? Ән надан елдің ішіндегі әуез сықылды көктен келген бе? Желден қалған ба? Қамыстан шыққан ба? Құстан алған ба? Осы толып жатқан әннің шығарушысы кім? — дегендерге келсек, әнді әнші шығарған. Әнші сол елдің ішіндегі адамдар, бірақ әңгіме әншінің шығуында болады. Бір елдің шаруа түрі, қоғам құрылысы өзінше күйді, әнді, ырғақты тілейді. Ән-күй сол елдің әлеумет-шаруа (социал. эконом.) тұқым (антропол) жүйесінің жемісі болады. Ән-күйді тудыруға осы екеуі себеп болады. Осы екі жүйе әр елдің ән-күйіне өзінше таңба салады. Мөр басады. Екінші сөзбен айтсақ, ән-күй сол екі ұлы саланың сарыны болады. Бірақ ол екі саланың өзі мықтап қайнасып жатқан болады. Айталық, тұқым өзгешелігі адамда жасықтық, жігерлілігі, енбекке икемділік, бошалаңдық, ақылдылық, ақымақтықты тудыруға бірқатар қолқабыс ететін болса, сол сықылды шаруашылық фактілерінің ықпалынан барып мына санап өткен мінездер де қолдаса туатыны болады. Сондықтан шаруашылық, қоғам, тұқым түрлерінің жемісі болып келіп «халықтың рухы» деген ескі атау, шартты атау келіп туады. Мұндай көңіл тілегі жаңағы шаруашылық, әлеумет, тұқым жүйелерінің туындысы болып келіп әр елде, әр ұлтта, оның ішінде әр тапта, әр топта әртүрлі болып келеді. Осыдан келіп, әр елде, әр ұлтта, әр тапта, әрбір жеке адамда сезім сезгірлігінің (типы чувствования) дәрежесі түрліше болады. Олай болса, әр халық, әр ұлт, оның ішіндегі әр тап, әр топтар өзінің ән-күйін, музыкасын көксейді. Оны тудырады. Әр елдің өз музыкасы, өнері өзіне жақын, өз құлағына анық болады. Өзгенікін тосырқайды. Жатырқайды. Бұл музыканың тұқымдық, ұлттық қасиеті.
Орыстың, жүкшілерінің жырынан помещиктің жүрегі оянбайды. Біздегі қойшының әнінен байдың, мырзаның құлағы әсер алмайды. Орыс ақсүйектерінің көңілін тербеткен ән жұмысшыға жақпайды. Біздің хан, бай, ақсүйек төре тұқымының жүрегін жалғайтын ән кедейдің жүрегіне жақпайды. Міне бұл — музыканың таптық қасиеті. Бірақ біз қай ән кімдікі екенін, қазақ ішіндегі таптардың, топтардың әнінде қандай із, қандай сарын болатындығын аша алғанымыз жоқ. Бұл — марксшіл музыка маманының жұмысы.
Ән туу үшін алдымен әнші туады. Әнді шығарушыны әнді тыңдаушы тудырады. Тыңдаушы дегеніміз әр дәуірдегі ел, ұлт, соның ішінде ара табы, тобы болады.
Ел музыкасының түрі көп болады. Мұны қамсыз жіктеу, қатыссыз тәптіштеу де қиын. Сүйтсе де долбармен басты үш салаға бөлуге болады. Онда мұның бірі — ой музыкасы болмақ.
Біздің осы күнгі ел әндеріміздің көбі-ақ ой музыкасына жатуы керек. Мұнда ән не зар, не қуаныш сарынды болып, ырғағымен, толқынымен тыңдаған құлаққа ой салады.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй... —
деген Абай осы ой салатын музыканы айтқан. Бұл әндердің өзіне лайықты сөздері, өлеңдері болады. Өлеңдері сол әннің негізгі сарынына бағынып айтылған болады. Сөз көмекші ретінде ғана болады. Әнді сол сөзімен айтқанда, әншілер өзі әсерленіп салады. Әнді сөзсіз ыңыранып айтса да сарынды ой салады. Біздің бүгінгі қолда қалған әншілеріміз Қали, Әміре, Манарбек, басқалар осы ой әнінің атқарушылары.
Сез музыкасын екінші сала демекпіз. Бұл да он, бұл да ырғақ. Мұнда ән сарыны тұйықтау, үн мен ой салатын ырғақтан көрі сөз салмағы басым болады. Ән сөзге еріп, сөз әнге жетекші болады. Біздің ел әніндегі жыраулардың, ел ақындарының қолданысы осы үлгі болады. Өткен жырау, ақындардың әндері, бүгінгі Исаның «желдірмесі» осы саланың сарыны болмақ керек.
Қимыл музыкасын — үші