Менің есімдегі
Онда Жетісу облысы, дуанымыз - Қапал. Ояздық начальник Голецев деген неміс. Қазақ мұны «ояз» дейтін. Мұның тілмашы — Нұртай Қожатайұлы. Нұртай руы - Жалайыр. Участковой, пристав Конев деген орыс. Бұл да Қапал қаласында тұрады. Бейсембі — стражник. Ия, ол сарыала мойнында қылышты салақтатып шауып жүреді. Мұқаш деген ояздың начальнигінің шабарманы. Мұны қазақ «бір кез жасауыл» дейді. Мұндай бір кез жасауыл көп. Мінгендері лау. Болыс-болыста бір-бір қазақуар казак- орыс «песір» бар.
Оязбен араласы бар қаланың саудагер байлары, молда, қазіреттер, даланың жуан аулынан шыққан жуан кісілері; жуан ауылдан тұрған болыстар — бұлар оязбен ауыз жаласады. Әсіресе Маман, Тұрысбек тұқымы. Ол бұларды «Көк үй» дейді. Бұлар өздері әрі далаша — бай, әрі қалаша — саудагер. Жоғарғы отағасы өзін, оязды және оның орынбасарын (Киров), тілмаштарын су-суанымен сыйласып... Жалайырды — Қожақан, Матайды — «Көк үйлер» басқарып, ұлықтар үлестірген «шенін» қолынан таратады. Өйткені Қапал оязындағы Маман ауылы өзге қазақтан көзі ашықсымал болатын. Олар жергілікті орыс ұлықтарымен таныстығының үстіне қазақтың ол уақыттағы ұлтшыл оқығандарымен де байланысы бар еді. «Қазақ» газетін әрқайсысы алдырып оқитын. Қазақ оқығандарының «Қазақ» газетінің ондағы ел көтерілісін жақтырмағаны ма, һәм осы себептерден біздің Қапал оязындағы «Көк үйлердің» де көңілі жігіт беруде болды. Бірақ жергілікті әкімдер «Көк үйге» де сенген жоқ. Жұртқа «сен жігіт бер деп айтпапсың», — деп Тұрысбекұлы Құдайбергенді Қапалға шақырып алып қамап... Тұрысбекұлы Сұлтанғұлдан болыстығын кандидаты Қожахмет Сейітбатталға (алып берді).
Қазақтан солдат алады-мыс; ол Думада сөз болыпты- мыс; оны «Көк үйлер» біледі-міс» деген ел ішінде ызың бар. Бірақ әлі анықталмаған құры «мыс». Ояз болыстарды бір көзбен жасауыл шығып, дуанға шақырды. Heгe шақырғанын жалпақ ел білген жоқ. Ай сайын шақырып, жарлық айтып, елге салық сала беретін. Соның бірі шығар деді де қойысты. Болыстар дуанға барған соң ояз ақ патшаның «жұмысшы жігіт алынады» деген жарлығын жариялапты. Оны ел өзінше алып қашып, «солдат сұрапты» деген суық хабар ел ішіне дүңк ете түсті. Ел тасқаяқтай қағысты, Халықтың төбесінен суық су сорғалатқандай ел құлағы елең ете түсті. Шырт ұйқыдан оқ оятқандай жетіден жетпістегісіне шейін серги кетті. Шаруа, күй-жай, әзіл жайына қалып, әңгіме «Солдат алу» қалай, қайда апарады? Болыстар не айтыпты, қай ел қалай екен, түбі не болады?» Міне, жұрттың баққаны, айтқаны осы.
Болыстар, елдегі беделді ақсақалдарды ояз өз алдына шақырып, сұрауға байлап тарқасыпты. Кешікпей беделді адамдар дуанға шақырылды. Мұнда «Көк үйлер», Бекіш Былшықұлы секілді оязға жақын адамдар «бала беруді» ыңғайлап, аузы қисайыпты. Нұрлан, Қиял, Дубек секілді жалпақ елге беделді ескі ақсақалдар бұл күнге шейін мұндай «сұмдықты» жұрттың естімегендігін, елдің бұл «солдат алудан» шошитындығын, толқитындығын, аяғы елдің қолынан бала бере алмайтындығын айтып, ояздың көлгір жұбарына илікпей отырып алыпты. Көлдей-Жұмай елінің Қиял деген ақсақалы: «Басында уада бар. Қазақтан өмір- өмірге солдат алмаймыз деп берген ақ патшаның өз хат- мөрі бар. Бұл уададан тайғаны, хат-мөрден қайтқаны—ұлықтың әділетінің кеткендігі», — деп қасқиыпты. Ояз Қиялға ашуланып, «тақтай тепкілепті». Қиялды жағасынан сүйретіп, үйден шығартыпты. Қиял: «Атқаныңнан да, асқаныңнан да қорықпаймын. Жасым сексенге келді. Аяр жаным жоқ. Жұрт құрмандығына кетсем, арманым жоқ», — депті. Сонымен Қиялды абақтыға қамамақшы екен, өзге Жалайыр, Найманның игі жақсысы жалынып жатып сұрап алыпты. Сонымен сөз орнықпай, тарапты.
Ауылға барып, жұртпен ақылдасып, 10 күн ішінде жұбабын бер деп болыстар бұйырыпты дегенді жұрт гу-гу еткізеді. Жұрт толқи бастады. Балапан басына, тұрымтай тұсына қам қылатынға түсті. Біреуге біреу сыр айтпай, бас қосып сөйлеспей, әр рудың өз ой, өз болжалы болғандай болды. Қапал оязындағы әр аталықтардың (Тәуке, Әйтеке, Еменлі, Қонақбай, Шоқпар деген елдер) Қытаймен шектес рулары жаяу-жалпы шұбап «арғы бетке» аса бастады. Қаптағай, Кенже, Төменгі аталық төмен тартты (құмға). Арғы бетке асатын елдің ұрылары қалатын елден қамти кетуге айналды. Ел іші апалаң-топалаң боп ұйтқи бұзылып, ортасы шайқалғандығы айқындалды. «Бала беремізге» аузы қисайған «Көк үй» ел көкейіне найзадай тиді. «Көк үй» және «болыстарды» ел орыстан арман көріп, жауыға бастады.
Алатаудың әсем жайлауынан ел етекке қайтты. Жайлау жақты. Мал оңалды. Бірақ соңғы жұманың ішіндегі қоқалақтан құры аттар ұсталып, ысылып қалды. Елде үрей жоқ. Қоқалақ қопақ. Біреуге біреу сенбейді. Әр ауыл өзіне қоғам. Әр ру өзіне икем. Не болыпты? Не хабар? «Солдат алады» рас болды ма? — Міне, ел аузы осы, ел аңызы осы.
Біздің ауыл ойға тартқан елде. Көшіп келеміз. Тәуке деген рудың қонысына келіп қонып жатқанымызда жаяу- жалпы шұбап, сиыр көшпен қақтығып, Тәуке «арғы бетке» ауып, кейін көшіп барады екен. Өздері жаман құты шайқалып, қоныстан ауған ел аршалы, тастақты жолда шулап, шұбырып келеді. Аспаннан «алдасы» бөле тастағандай мең-зең, бала-шағасы шулап, шұбап барады. Бір шал торы шолақ байталдың белінде. Балтасын беліне қыстырып, көшінің алдында күшік өңгеріп келеді. Желке шашы бұрқырап жыртық жаулықтан шыққан жалаңаяқ қара қатын «шүу, арамқатқырлап» уық қомдаған, үстіне қазанын салған қара сиырды жетелеп келеді. Оның арқасында бір бала, қолтығында емшектегі баласы. Бұл сиырды үсті шиедей қотыр, балағы жыртылған, қара тұтқыш ескі дабын дамбалдан басқа үстінде лыпасы жоқ 10—11-дегі қара қыз тау асып, тас басып, ақ сабаумен айдап барады. Бұлардың бара жатқан беті белгісіз. Қайда барарын, қайда бұрарын «бір құдайға тапсырған». Ежелден іргесі аумаған құтты қоныс, құтты тауына көш айтысқан. Бұларды үркіткен орыс, «солдат». Орысқа мейжен тұтты боп, кәпірге пенде болғанша асқар Алатаудың қойнында қаңғырып өлмек. Баз бір азаматың «солдаттан» сақтап қалып, үркіп жүріп, өлгенін көзінше көмбек, топырақты қолдан салмақ. Мұны көрген бізде үрей қалған жоқ. Олардың басына түскен мынау үркіншілік біздің басымызға да төніп тұрғандығы айтпай ашық тұр.
Үріккен ел иу-қиу боп ауыл үстінен өтіп жатқанда осы бөлек көштің арт жағынан астында қатып жүрген оқтаудай темір қара көк аты бар абажадай қара кісі көштен бұрылып, екі жолдасымен біздің ауылға тартты. Атын ұстап түсіріп, үлкендер амандасып жатыр. Бұл кісі жайлаудың шалғынына жая төсеген текеметке отырып, қорлен кесемен қымыз ішіп отыр. Басында қоңыр елтіріден құба төбел бөркі бар. Көнетоз сұр мал ескен шапанды көк елтірі ішіктің сыртынан баса киген. Қап қаз қанжарының болыскей сабы, ақынай қолы күміс белдіктің беліне қыстырылып, ішіктің ішінен көрінеді. Отқа пісірген бүйректей талауратқан тарғыл қара бетінің құлақ шықшытынан құлай біткен қоңыр айғырдың құйрығындай қою сақал қымызға қылғынған батамен бір сипалды. Қоңыр бөріктің астынан құдия біткен құлама қабақ, күнінде арғы бет пен бергі беттің жортуылшысы, ала тудың алыбы болғандығын айтып-ақ тұр. Ойнақтаған оты бар, қабақ астындағы шыңырауда жатқан өткір көз оқтай қадалады. Даусы күзгі бабына кеп отырған бүркіттің сәске саңқылында. Мәнін тежеп қайырып отырған қарасөз ел көшіріп, ел аттандырып жатыр. Бұл — Есбер еді. Есбер Тәуке еді. Тәуке жаңағы жаяу шұбырып бара жатқан кедей ел, барлығы бір-ақ старшын. 300 үйге тартады. Қонысы Қоңыр тау. Бұл елге егін салып, диқаншылық қылғалы көп болған. Бірлі-жарым адамы болмаса, көпшілігі нашар.Әсіресе орыстың ығын-шығынымен құрыған елдің бірі — Тәуке (жайлауының жақсы жері жақсы тұқым мал өсіруге, қыстауы омарталы орысқа кесілген). Есбер — Тәукенің ескі ері. Өздері оны «батыр» дейді. Жасында қан ағызған ұры болған адам. Өзгеге арғы беттің малын бергі бетке тасуды үйреткен Есбер. Қуғыншы қалмақты Бұра-Тарахманың асуында тосып алып түсіріп, алып ұрып қойша басып отырып сапымен қырқырата талай бауыздаған «батыр». Бұл күнгі қалмақ, қазақ қоныстап жүрген жердің ұңғыл-шұңғылын Есбер тегіс біледі. Аспан сөйлескен Тянь-Шань асқарларының тармағы мұның жортқан жері. Қай жерде қыс болмайды, қай жерде қар жатпайды, мұны Есбер естен шығармайды. Мына елді Мыңшұқыр деген жерменен Бұратар өзеніне асыруға Есбер бастаушы.
— «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер». Сондай күн туып, су ішіп, су кешіп барамыз. Орыс-орманның олжасына жас-жайнақты ұстағанша деп Тәуке іргесін тәуекелге сүйеніп көтерттім. Тәуке құтсыз қонысқа көш айтты. Пісіп тұрған егініміз тамылжыған күйінде қалды. Астықты алғанмен ақыры артар көлік жоқ. Жиған мүлік, мал, қара орман қалып барады. Жаяу-жалпы шұбадық. Алла алдымыздан жарылқасын. «Қанжығада көріселік» деген қоянның қоштасуындай болған күн көп басына туып тұр. Көшпеген көп Матай, көрісерге күн жақсы, көш!» — деп Есбер атына мінді.
Бұдан кейін осы Тәукелер секілді Емелелі, Қонақбай, Шоқпар, Әйтек деген елдер қара орын, үй-сайман, астық, қонысын тастап, үркіп жатыр еді. Біздің ауыл төменгі құмға тартты. Кеудедегі елден жанды қарға жоқ. Сары өзеннің қамысындай пісіп қалған тары тұр. Жердің жүзін алған сұлы-бидай, ақ астық қурап, құс шоқып, жел түсіріп, қирап жатыр. Қыстау-қыстаудың бәрі шаншып тастай салған кереге, кебеже, сандық, жүкаяқ, төсек ағаш, үзік, туырлық секілді үй-сайманы көк соққан далада қаран, қалыпты. Бұл күнде қалада малай қалмаған. Барлығы да қашып қырға кеткен. Ондап, жиырмалап малай жалдайтын орыс жұдырықтарының егіндері ол да «иесіз». Қалаға қатынап жататын тыныштықтағы қазақ жоқ. Қазақтан шығып қалаға қатынаспайды. Қала мен дала барымта жау секілді. Арғы беттен асуға айналған елдер бірлі-жарым қолына түскен орыс, қазақ малын қымқыра кетіп барады.
II
...Біздің ел көшіп, төменгі Ақсу бойындағы құмға келді. Айтжан деген кісі баласына ас беретін болды. Үш Матайға сауын айтып, үш жүз үй тігіп, Ақсудың бойынан жерошағын қазды. Жапсар Шұбар ағаш дуанының Садыры мен Қапалдағы Матай бас қосты.
Дәл осы кезде елдің беті белгіленбеген. Көңілі ұйқы-тұйқы. Ойда болыс-болысқа «баратын жігіттердің іспүснүгін бер» деп жатыр. Болыстар елдің тауқыметінен шыға алмай «береміз» деп орысқа айтып, «қайтеміз» деп көпке айтып жүр. Бірақ көп бермеуге жұмылулы. Қарсаңда «игі жақсыны» ояз тағы жинап алып, бала сұраған.
Мұнда Нұрлан ақсақал (жоғарғы) Қиял ақсақал айтқан сөзін айтып шыққан. Сонымен орыс та мең-зең. Болыстың да «кызмет бітіре алмайтын жаман болыс» атағын алып, тәкір естуден қауіптеніп, жар құлағы жастыққа тимей, шабуылда. Ел де не боларына, немен тынарына, суық сөздің арты неге соғарына көзі жетпейді.Сел соққандай тұнуда.
Жіңішке көгеріш сазды қуалай қаз-қатар тігілген қалың қазақ үйінің бел асар жерінде ас иесі Айтжанның Әкімбек деген' үлкен баласының оюлаған ақ отауы бар. Күн шілгер ыстық. Отаудың айналасына күреп үйген құмалақтай жиналған кісі бірін-бірі басып отыр. Киіз керегенің кесер басына шейін түріп тасталған. Отаудың іші исі Садыр, Матайдың «мен» деген жақсылары. Бұқа мойын, қалжалы қарын ақсақалдар. Жамылған туырлықтай жейделерінің жеңі мен омырауын қамбаз ыстықтан жеделдетіп, желпіседі. Ескі кемболат шолақ жеңді сүмілте киген, қолдан илеген ешкі тері қыржық қонышты байпағы бар, домбыра ұстаған ақынның дағдылы даусы әлгі ақ үйден аспанға тырмысқандай талып шығады.
Ақын басты майлық орамалдай қара кір шытпен таңып тастаған. Домбыраны баурай ұстап, арсиған арық қатпа қара шұбар шал аңыратып отыр:
Алты ауыз қылып қазақты
Басында орыс ел алды.
Енді орысқа қаратып,
Төре мен сұлтан шен алды.
Түтінге төрт теңгеден
Шаңырақ, ақша һәм алды.
«Терісіндей өгіздің»
Деп қана сұрап жер алды.
Сол жеріне кент салды.
«Қазақтан салдат алман» деп
Хат-мер қылып ақ патша
О баста үде бере алды.
Түйенің мұрнын тестіртпей,
Мұсылманнан кек алды.
«Мектепке сурет қойсын» деп
Дінімізге қол салды.
«Үй бер» деді, үй алды,
Үй артуға түйе алды.
«Ат бер» деді, ат алды,
«Қап бер» деді, қап алды.
Елтірі, арқан, ақ киіз,
Ат кежім, байпақ, текемет,
Салдатқа керек деп алды.
Аяғында мінекей, аузын салды балаңа,
Енді алмаған не қалды... —
деп домбыраны сыңсып қайырады. Бұл — жасы 70-ке келген ескі жүйрік, дағдылы даңғыл Матайдың соқыр