Жаңалықтар

ТҰЛА БОЙЫ ТҰНҒАН ЖҰМБАҚ ТҰЛҒА

«Бейбарыс» романына алғы сөз Бейбарыс... Осы бір есім аталғанда менің есіме 1968 жылдың күзі түседі. «Төңірегіміз – жота-жота көк ала бұйраттар. Кешкі ымыртта сия төгіп тастағандай көк нілденіп көрінеді... Жер Орта теңізінің жақындығы ашық терезеден лүп ете қалған майса самалдан білініп тұр. Сонадайдан сәңкиген бір тұмсықтың басына иреңдеген тар жолмен көтеріліп келеміз... Алдымызда – мұхит деңгейінен жеті жүз елу метр биік шоқының басына салынған абажадай көне қамал қарауытты... Расын айтсақ, Сирия мен Ливанда біз көрген әскери қамалдардың ең үлкені де, көп қирамай-бүлінбей дұрыс сақталғаны да сол екен. Оған төрт мың атты рыцарлар жайғаса алады... Ең әуелі астыңғы қабатта екі жаққа екі тосқауыл коридор тарайды. Онда атты әскер тұрады. Сосын түпте ең соңғы үшінші тосқауыл коридор бар. Қорғанның ортасында, қамалды жау ала қалса, ат-матымен құлап өлсін деп жасалған, қашан ернеуіне тірелгенше көзге көрінбейтін ұшпа көл жатыр. Ол әлі күнге дейін сол күйінде сақталыпты. Қапелімде байқамай қалып, аңғырттау туристердің талайы ұшып өліпті. Қамалдың бұрыш-бұрышындағы мұнаралармен екінші қабатқа көтерілесің. Онда әскерлердің жатақханасы, сауық залы, мінәжат залы орналасқан. Бір кезде үстеріне талай қан, талай шарап төгілген қара тастар баяғы күйінен мызғымапты. Одан жоғары қақ төбеде Ханшайым мұнарасы тұр. Одан төңіректегі отыз-қырық шақырым жердің бәрі көрінеді. Терістік батыста Жерорта теңізінің қойнаулары мұнартады... Византия императоры Ираклий арабтардан жеңіліп, Константинопольге қашқанда: «Қайран, Сирия, жауға қияр жер ме едің?» – деп тап осы көк қойнауларда бара жатып айтқандай. Тас қорған төңірегінде дұшпанды тұтқиылдан төбеден түсіріп, қапы қалдыратын, қалтарысы жоқ нағыз найза биіктің басында... Алайда, жау дарытпас қорған, оқ дарытпас батыр бар ма? Ол да тізе бүгіпті. Биіктің басындағы тас қорғанға жете бергенде, қақпаның астында тұрған екі-үш араб жігіттері, біздерді көріп естеріне түсті ме, қамалдың маңдайындағы мәрмәр тақтаны көрсетіп: «Сұлтан Бейбарыс. Мамлюк», – дей берді. Профессор Ақжан Машанов тақтаға үңіліп еді, расында да, Сұлтан Бейбарыстың аты жазулы болып шықты... Мәрмәр тақта Сұлтан Бейбарыстың бұл қамалды 1271 жылы алғанын мәлімдейді». Бұл менің осыдан дәл отыз бір жыл бұрын, 1968 жылдың күзінде Ливан, Сирия сапарынан оралған соң «Лениншіл жас» газетіне жариялатқан «Жебе мен жұмыртқа» атты сапарнамамнан үзінді. Ол кезде Мысыр мамлюктерінің көсемі Бейбарыс сұлтан қазақ оқырмандарына кеңінен мәлім емес еді. Сондықтан аталмыш жазбада ол туралы естіген-білген мәліметтерімді ортаға салыппын. Одан бері талай қаламгер осы бір жұмбақ тұлға төңірегінде сөз қозғады. Солардың көпшілігінің соқпай өте алмайтын бірден бір дерегі бұдан әлденеше ғасыр бұрын дүниеге келген «Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың ғұмырнамасы» еді. Ол мысырлық тарихшы Ибн Иайстың (1448-1524) айтуынша, XVI ғасырға жатқызылса керек. Белгілі ағылшын мысыртанушысы Лэннің (1801-1876) деректеуінше, бұл XIX ғасырдың ортасына дейін арабтардың бұқаралық әдебиетіндегі ең мәшһүр шығарма болыпты. Осы заманғы мысырлық прозашы Таха Хусейн бала көзінде ауылдық жерлерде бұл шығарманы өз құлағымен талай тыңдап тәнті болыпты. Шығарма тек тақырыбымен, кейіпкерімен ғана емес, жанры бойынша да әлемдік әдеби үрдістердің ерекше бір құнды ескерткіші болып табылады. Таяу Шығыстағы мұсылман қалаларында мейрамдар мен жәрмеңке күндері базарлар мен алаңдарда, дәмханалар мен шайханаларда жиналған жұрттың алдында әңгіме соғып тұрған мұхаддистерді көруге болатын еді. Олар әңгімені жанынан шығармай, алдында жатқан қағаздарға қарап айтатын. Оқта-текте сөзді қоя қойып, ән салатын, би билейтін, саз шалатын немесе анадай жерде бөлек отырған сазшылар мен әнші-бишілерге кезек беретін. Осындай «халық сауықханасында» баяндалатын ұзақ «әлқиссаларды» шығыстанушы әдебиетшілер «халық романы» деп атап кетті. Ол Батыс Европа жұрттарындағы «авантюралық романдарды», «жылпостық романдарды», «куртизандық романдарды» еске салатын. Шым-шытырық оқиғалы «ғашықтық хикаяларын», «ерлік хикаяларын», «сайқы-мазақтық» немесе «сиқыршылық хикаяларын» шығыс жұрты сүйіп тыңдайтын. Олар кейін батыс оқырмандарына да танымал бола бастады. Солардың ішіндегі ең көп тарағандары» «Мың бір түн», «Антараның ғұмырнамасы», «әз-Захир Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы». Қалмақан Әбдіқадыров, Қалтай Мұхамеджановтың аудармалары арқылы «Мың бір түнмен» жақсы таныс қазақ оқырманы енді, міне, Сауытбек Абдрахмановтың аудармасында «Әз-Захир Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасымен» танысқалы отыр. Талантты қаламгер, зерделі білімпаз Сауытбек Абдрахманов шығармада баяндалатын ортаның бояунәшін, шығыс халық романының тектік-түрлік сипатын қапысыз жеткізе білген. Шығыс қиссаларымен көптен таныс қазақ оқырманының қолына тигелі отырған жаңа кітаптың әдеби түстемелігін бұдан көбірек ежіктей түсіндірудің қажеті шамалы деп білеміз. Алайда, оның талай ғасыр, талай ұрпақтың құлағын елеңдетіп келе жатқан әйгілі тарихи тұлға мен оның заманы жайлы шындықты молынан білуге тырысары түсінікті. Ондай оқырманға алдын-ала айтарымыз: сұлтан Бейбарыстың егжей-тегжейлі өмірбаянын бұл шығармадан сол қалпында көздестіре алмайсыз. Ал, бірақ ол бастан кешкен оқиғалардың ұзын-ырғасымен ұшыраса аласыз. Ол, біріншіден, шығарманың негізгі төсегі болып есептелетін мамлюктер сұлтанының жеке хатшысы Мухи ад-Дин ибн Абд әз-Захирдің (1223-1292) өз қожайынының бастан кешкен оқиғаларының барлық қыр-сырын түгел білмейтіндігінен; білгендерінің өзінде толығымен ақтарыла салмайтындығынан; билікке төңкеріс жолымен келіп, төңкеріс жолымен кеткен әмірші болмысының жай-жапсары ішкі-сыртқы дұшпандармен ұдайы тартыс тұсында жария болуы еш мүмкін еместігінен, әрдайым бір енін ішінде ұстап өтуге мәжбүр ғұмырды баяндайтын ғұмырнамашыға да бір енін үнемі ішінде ұстап өтуге тура келетіндігінен; екіншіден, бұл шығармаға қосымша деректемелік болып табылатын әл-Макризи (1364-1442) және Ибн Таг-ри-Бирди (1409-1470) сынды тарихшылардың еңбектерінің де біздің заманымызға дейін үзік-үзік болып, толық қалпында, жүйелі түрінде жетпегендігінен; үшіншіден, оқиға болып өткен заманның әлеуметтік-психологиялық-идеологиялық-дүниетанымдық сипатынан; төртіншіден, қағазға түскенімен, ауыз әдебиетінің эстетикасына лайықталып, тыңдаушы құлаққа ұғынықтылыққа бағышталатын халық романының жанрлық табиғатынан; бесіншіден, айтушыдан айтушыға көшкен сайын әсерлілігі артқанмен, деректік нақтылығы кеми беретін ауызша ақпараттың өзіндік өзгешелігінен. Қысқасы, бұл туындыдан әр кейіпкердің, соның ішінде басты кейіпкердің де тарихи нақты деректік кейіптемесін таба алмағанмен, ол кешкен дәуір мен дәуреннің сипатына қапысыз қанығуға болады. Шығарма, негізінен, XIII ғасыр оқиғаларын қамтиды, Ол жаппай бүліншілік ғасыры еді. Азия түкпірінде асқындаған демографиялық өсім мен көшпенді тіршілік айыру үрдісі арасындағы қарама-қайшылықтар ушықтыратын кезекті жаппай көшу алғашқы мың жылдықтар тоғысында Рим империясын күйретті. Екінші мыңжылдықтар тоғысында оған мұрагер болып қалған Шығыс Рим империясының басына күн туды. Батыс әлемінің идеологиялық дәнекері – христиан діні екіге жарылып, бір-бірімен бітіспес күштерге айналды. Жаңа әлемдік дін Исламды ту еткен жаңа әлемдік империя – Араб халифаты да тоз-тоз болып, оның орнына пайда болған мұсылман мемлекеттері одан әрі ыдырауға ұшырады. Идеологиялық негізде емес, тұрмыстық-экономикалық үрдіс ыңғайластығымен ынтымақтасқан жаңа көшпенді империя-монғол астамдығы да алғашқы екпінінен айырылып, сыртты қойып, өз ішілік айқасқа бой ұрды. Қай елде де, тіпті жалпақ әлемде де глобальды ағымдардан гөрі локальды ағымдар, бірігушілік пиғылдан гөрі ыдыраушылық пиғылдар үстем түсе бастады, Батыс Европадағы игілік бастауында қолда бар ырзық қоры мен артық ауыздардың арасындағы кикілжің өршіп, тұрғындардың бойындағы басы артық күш-жігер клерикалдық авантюраларға жұмсалды. Кіші балалар мен ортаншы балалар атақонысты ағаларына тастап, католик шіркеуінің жұмсауымен Ғайса пайғамбар жерленген Құдысты (Иерусалимді) босатып алу үшін Араб елдеріне қарай ағыла бастады. Бір кезде қоныс тарлығы мен сыртқы қысымнан дүрбелеңге ұшыраған Орталық Азия халықтары үстемдікке таласты, сосын әуелі ес жинап, етек жабу үшін бас біріктірді, сол тұста белсенділік көрсеткен бес қару, әрине, алдымен, төңірегін тақымға басуға жұмсалды; одан әлемдік үстемдікке жетіп, әуелі масайрау, сосын тоқырау кезеңдерін бастан кеше бастады. Шектен тыс билік пен байлыққа ие болған үстем күштер өзді-өзді қырқысып кетті. Өзді-өзді билікке таласушылардың қай-қайсысы да әскери күшке сүйенді. Бұл кейінгілердің әлеуметтік беделі мен қоғамдық ықпалын күшейтті. Саяси элита алауыздығын әскери элита пайдалана бастады. Саяси-этникалық сепаратизм әлеуметтік-қауымдық сепаратизмге ұласа бастады. Бұрын геосаяси экспансия құралы ретінде пайдаланылған әскери қару енді әлеуметтік-саяси экспансияның құралы ретінде жұмсала бастады. Ол бірте-бірте саяси үстемдік құралы болуды місе тұтпай, өзі үстемдік иесіне айнала бастады. Шағатай ұлысында барластар, Жошы ұлысында маңғыттар билікке солай келді. Басқыншылық бүлікшілікпен алмасты. Бүлікші мен заңсыз билікке келетін оспадарлық әлемдік дәрежеде үйреншікті құбылысқа айналып, легитимдікке ие болды. Империялық доктриналар түпкілікті күйремегенмен, бұрынғы әлеуетінен айырылып қалды. Оны қайтадан тірілтпекші болған үстем күштер жеңіске жете алмады. Мәселен, Алтын Орданы қалпына келтірмекке ұмытылған Тоқтамыстың, Шыңғысхан үстемдігін тірілтпек болған жоңғар қонтайшыларының есек дәмесінен ештеңе шықпады. Қайта басқыншылар арасындағы алауыздықты өз халықтарының ұлт-азаттық мүддесіне пайдалана білген Александр Невский, Екінші Фридрихтер болашақ империялардың негізін салған аса ірі мемлекеттік бірліктер құра алды. Араб халифаты иелігіндегі аймақтардағы сеператистік ағымдарды орынды пайдалана білген сельджуктер бұрынғы жалпы исламдық империяның орнына өз империясын құрды. Таза клерикальдық идеология мен байырғы аграрлық-шаруашылық қатынастар дәуіріндегі қағидалар аумағында қалған Әмір Темір, Тоқтамыс, Едіге, соңғы монғол хандары, жоңғар қонтайшылары, «Ақ Орда», «Көк Орда» билеушілері, ұлы Моғол билеушілерінің империяны қайта күшейту пиғылдарынан нәтиже шықпады. Ұлттық-аумақтық сипаттағы мемлекеттермен шектелуге тура келді. Тіршілік айыруда ежелгі аграрлық-шаруашылық үрдістерінің аумағында қалмай, жаңа өркениеттік үрдістермен қол жалғаса білген Батыс, Шығыс Европа мен Оңтүстік-Батыс Азияда киелі Рим, Осман, Австро-Венгрия, Ресей сынды империялық құрылымдар түзілді. Кейінгі тарихи даму мен саяси ара салмаққа мұрындық болған ХІІ-ХІІІ ғасыр бір кездегі қуатымен жер тітіренткен Араб халифатын да айналып өткен жоқ. Пайғамбар көз жұма сала өршіген билікке талас исламдық идеологияның тұтастығына қауіп туғыза бастады, Пайғамбардың өз әулеті мен тізерлес серіктерінің арасындағы бақталастық мұсылман қауымын екіге бөліп, кейін әлденеше бұтақтарға бұтарлап жібергені белгілі. Солардың ең ірілерінің және ең ықпалдыларының бірі – фатимашылдар. Мұхаммед пайғамбардың қызы мен оның күйеуі Әзірет Әліні айырықша қадір тұтқандар қозғалысы. Олар әуелі Мысырдың әл Каһира қаласында үстемдік құрды. X ғасырдың аяқ тұсында Палестина мен Сирияны өз ықпалына қаратты. Фатима әулеті билейтін халифат (910-1171) солай дүниеге келді. Олар шиизмді ұстанды. Ортодокстік суннизмді мойындамай, Әзірет Әлі мен оның балаларын ғана пайғамбардың бірден бір рухани мұрагері санады. Бұл қағиданың негізін салушы Исмаилды жақтайтындар астыртын ұйым құрып, Бағдат халифаты ықпалына қарсы ұйымдасқан күрес жүргізді. XI ғасырда олардың «хаш-шашин» («хашиш» есірткісінің атынан шыққан) ордені жан-пидалық жолға түсіп, террористік әрекеттерді құдай жолындағы күрес деп заңдастырды. Бұл Араб еліндегі бүлікшілік әуенді күшейтті. Оның үстіне, Әзірет Әлі мен балалары тұсында, оның жолын қуушылар ықпалындағы елдерде ежелгі Бабылдың магияға әуестігі кеңінен етек жайғанды. Бұл жағдай да айтылмыш аймақтағы айтылмыш дәуірдің саяси-әлеуметтік ауа райына айта қаларлық ықпалын тигізді. Сөз болып отырған шығарманың сюжеттік-фабулалық жүйесіндегі кейде тіпті адам нанғысыз оқыс бұлтарыстар мен кейіпкерлер іс-әрекетіндегі төбеден түскендей тұтқиылдық түсініктемелер мен сиқыршылық сипаттарды осымен түсіндіруге болады. Күш көрсету, төтен ерлік, айла-шарғы ол тұста айырықша қасиет саналды. Күш пен айла ол тұста айырықша бағаланды. Әсіресе, бір жағынан Құдысты қайта тартып алуға күш салған крест ұстаушылардың, бір жағынан монғол басқыншыларының қысымына ұшыраған қысталаң тұста әскери-саяси авантюра романтикалық сипат алып, жүрек жұтқандық санала бастады. Ондай жағдайда әрбір дәулетті адам өз жасағын ұстауға мәжбүр болды. Құл базарында да жұмыс істейтін емес, шайқас салып сайысатын «жанды табарлар» сатылды. Күні етіп, күші әлсіреп бара жатқан Фатима әулеті де тек сондай күштерге иек арту арқылы өз ғұмырларын ұзартқысы келді. Халық бұқарасынан қол үзіп қалған немесе онымен тіл табысқысы келмей, бойларын аулаққа салған, билікті қауымның әлгіндей жалдамалы күштерге арқа сүйейтіндігі ежелгі әдет. Бірақ, ешқашан опа таптырмаған қатерлі әдет. Әуелі «қара африкалықтарға», әсіресе, Судан зұлыстарына сүйенген Фатима әулеті бірте-бірте жалдамалы әскерді ұлғайтып, соған иек артты. Ондай жалдамалылар әуелі билікке таласқан топтардың ұпайын түгендесіп жүріп, кейін дербес күш ретінде саясат сахнасына шыға бастады. Мысырдың атақты қолбасшысы курд Салах ад-Дин 1171 жылы Фатима әулетінен шыққан соңғы халиф Әдідті тақтан құлатты. Әскери аристократияның Айюб әулеті (1171-1250) билікке келді. Салахатдин тұсындағы қайтадан қалпына келген суннизм үстемдігі, крест ұстаушыларға қарсы күрес ол өлген соң қожырап кетті. Айюб әулетінің өз ішінен алауыздық шықты. Соны пайдаланған Екінші Фридрих есебін тауып Құдысты қайтып алды. Крест ұстаушылар Жер Орта теңізінің шығыс бетінен әлденеше қамалдар тұрғызып, Мысырға да әлденеше рет ауыз салды. Сондай әрекеттердің бірін 1249 жылы француз королі IX Людовик өзі басқарып келді. Ол 1250 жылғы Мансұр маңындағы соғыста тас-талқан боп жеңіліп, өзі қолға түсті. Бұл жәйт бір кездегі ең ықпалды әскери күш мамлюктерді ерекше күшейтіп жіберді. Тап сол жылы олар билік басына өз қолбасшылары Айбекті отырғызды. Сөйтіп, Ніл бойындағы мамлюктер орналасқан аралдың атынан шыққан бахрлықтар әулеті үстемдігі орнады. Негізінен көшпелі түрік тайпаларынан шыққандар басымдық ететін бұл әулет бұрынғы күрдтер ықпалын әлсіретіп, әскерде де, мемлекет билігінде де өз ықпалдарын күшейтті. Сол тұста ерекше көзге түскендердің бірі 1260 жылы монғолдарға тойтарыс берген аз-Захир Рухи ад-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари еді. Мысыр тарихын зерттеушілердің айтуы бойынша, ол 1223 жылы туып, бала көзінде сатылып алынып, Айюб әулетінен шыққан сұлтан Салих Нәжім әд-Диннің жеке ұланына қабылданыпты. Сирияда әскери оқуда болып, мамлюк әскерінде көзге түсе бастапты. Мансұр соғысында ерлік көрсетіп, сұлтан атағын иеленіпті. Тұран-шахқа қарсы бүлікті басқарысыпты. Өз бәсекелесі мамлюк сұлтаны Құтыздың да түбіне жетіпті. Монғолдар 1258 жылы Бағдатты алған соң, халиф жанұясын түгел дарға асыпты. Содан аман қалған бір ханзаданы Бейбарыс Каирға алдырып, 1261 жылы халиф әл-Мустансир деп жариялапты. Соның қолымен өзін «ислам елдері мен ол бағындырған елдердің билеушісі» деп жариялатып, сұлтан атағын иемденіпті. Мысырдың хал-жағдайын жақсартып, онда он жеті жыл тыныштық орнатыпты. Жер аумағын кеңейтіпті. Батыс пен Шығыс арасындағы сауда жолының бірден бір қожасына айналыпты. Жер иеленуді жетілдіріп, жер суландыруды жолға қойыпты. Тоғандар, каналдар қаздырып, бөгеттер тұрғызыпты. Крест ұстағандардан елді тазартып, монғол шапқыншылығын тежепті. Жаужүрек қолбасшы болумен қоса, айлакер саясатшылығымен де танылыпты. Ел арасындағы беделін де нығайта біліпті. Сөйтіп, тек мысырлықтардың ғана емес, күллі мұсылман халықтарының мақтанышына айналыпты. Оған сөз болып отырған шығарма да куә. Онда Бейбарыстың атағы мен абыройына көлеңке түсіретіндей ештеңе жоқ. Оның істеген әр әрекеті, ол айтқан әр сөз ерекше ерлік пен данышпандық ретінде дәріптеледі. Бұл, бір жағынан, тарих топалаңына молынан ұшырап, көп зардап кешкен елдің Бейбарысқа деген шын ризашылығынан туса, екінші жағынан, оның тұсындағы мұсылман дүниесіне ортақ жетістіктер болып танылған жеңістерді ерекше бағалағандық еді. Оның үстіне өз елдерінің беделін қайтадан қалпына келтірген тарихи тұлғаның өмір жолының көлеңкелі беттерін қазбалау мысырлықтардың ұлттық санасының мүдделерімен сиыспайтын еді. Бұл жағдай өз тұсында да, кейінгі ғасырларда да атышулы болған тарихи тұлғаның жеке басының тағдырын қалған дүние үшін тылсым жұмбақ күйінде қалдырып келеді. Оның шыққан тегін, бала шағын, мансаптық жолын біржақты аңызға айналдырып, әскери ерліктерінен басқаны қалың қауым назарынан қағыс қалдырады. Соншама бұлыңғыр өмірбаянда басы ашық айтылған даусыз дерек – Бейбарыстың мамлюк екендігі. Романның айтуынша, ол ағаларының қастандығына ұшырап, тешіренді дәруіш құтқарып ап, құлдыққа сатып жіберген Хорезм билеушісінің баласы. Бұл расында да солай ма? Әлде өз елдерін жиырма жылға жуық билеген адамды тегі күмәнді құл деуге арланған Мысыр қауымы әдейі ойлап тапқан қаңқу ма? Ол арасы әлі де жете анықтауды талап етеді. Романда Бейбарыстың тегін Бану Исмаил тайпасының бәдәуилері айтып береді. Ал расында бұндай тайпа болмаған. Мамандардың айтуынша, белгісіз авторлар Исмаил жолын жақтаушыларды тұспалдап отырса керек. Біздіңше, олар айтқан Бейбарыс өмірбаянында нақтылықтан гөрі тұспал басым жатқан сияқты. Олардың айтуынша, Бейбарыстың атасы Хорасанның билеушісі болыпты. Оның Тала, Лама, Жамақ деген үш ұлы болыпты. Кәрі әкей тағын кімге қалдырғаны лайық екендігін білу үшін балаларын бір-бір күннен таққа отырғызып сынап көріпті. Тала мен Лама өздерінің өркөкіректіктерін, Жамақ әділдігін көрсетіпті. Тақ кенжеге бұйырыпты. Ол екі ағасына елді бірігіп билеуді ұсыныпты. Бірақ екі ағасы іштарлық қылып інісін қашып кетуге мәжбүр етіпті. Қашқын Жамақ жолда келе жатып арыстанға жем болғалы жатқан бір шалды құтқарыпты. Сөйтсе, ол аң аулай шығып, серіктерінен адасып қалған Хорезм билеушісі екен. Ол Жамақты көзі тірісінде бас уәзір қып ұстап, өлгесін тағына мұрагер етіпті. Хорасанда қалған екі зорлықшы ағасына елі қарсы шығып, елден қуып жіберіпті. Екі қашқын інісіне келіп паналайды. Бір күні олар Жамақтың ұлы Махмұдты ертіп, аңға шығыпты. Сонда қастарындағы Махмұдтың қол-аяғын буып, үңгірге тығып, кетіп қалыпты. Ыңырсыған дауысты естіп барған бір дәруіш баланы босатып алып, Бурса шаһарына әкеліп құлдыққа сатып жіберіпті. Сөйтіп ол болашақта мамлюк болатын балалар жинап жүрген Әли ибн әл-Барак деген саудагердің қолынан бір-ақ шығыпты. Ол Дамаскіге келгенде шаһар бегі Әлі әл-Акбаси деген адам Махмұдты Али ибн әл-Баракқа берген қарызының өтеуіне алып қалыпты. Одан оның апасы Фатима әл-Акбаси ханым бала қылып асырап алып, өлген ұлының құрметіне Бейбарыс деген ат беріпті. Сол Бейбарыс айдыны асып, Мысырға билеуші болып тұрғанда бір күні бейтаныс жолаушы келіпті. Ол әкесі Жамақтың тірі екенін, Хорезм мен Дербентті билеп тұрғанын айтыпты. Қажыға келген біреулер Каирға соғып, әл-АзҺар мешітінде Бейбарысты көріп, өз билеушісі Жамаққа қатты ұқсайтындығын аңғарыпты. Елдеріне айтып барса, Жамақ баяғыда жоғалып кеткен баласының тірі екеніне қуанып, өз көзімен көріп, біліп қайтуға жаушы жұмсапты. Бұны естіген Бейбарыс сұлтан уәзірлерімен ақылдасып, әуелі ата-анасына хат жіберіп, артынан өзі барып қайтуға бел байлапты. Солай етеді де. Оны көрген әкесі Жамақ, анасы Әйек естері шыға қуанады. Әкесі Тебриз билеушісі Қалауыннан көріп отырған зорлығын айтады. Бейбарыс Ибрагим деген серігінен хат беріп жібереді. Ол хатты Тебриз сарайына жасырынып кіріп, ұйықтап жатқан Қалауынның бас жағына Қояды. Оянғасын оқып көрген Қалауын әуелі апшығанмен, артынан уәзірлерімен ақылдасып, сабарына түсіп, Жамаққа ендігәрі зорлық жасамайтынын айтып, кешірім сұрап жаушы жібереді. Әкесіне теңдік алып берген Бейбарыс аман-есен Каирға қайтады. Бірақ, арада біраз уақыт өткен соң, мұсылман тақуасы боп келген, іріткі салып жүретін католик жансызы «ант ұрған Хуан» Тебризге барып, отқа табынушылардың әміршісі Қалауынды Бейбарысқа қарсы айдап салады. Бірақ, Қалауын дегеніне жете алмайды. Жеңілгенін мойындап, сұлтанның қарауына өтуге пейіл болады. Алайда, әбжілдіктің соңына түседі. Кезекті қажы айында Меккеге бара жатқан Бейбарысқа ере кетіп, жолда Дамаск әкімімен бірлесіп, сұлтанның тамағына у салып өлтіреді. Бейбарыс Дамаскідегі Таб әл-Барид зиратына жерленеді. Таққа отырған Қалауын Бейбарыстың балаларын өлтіріп, әйелі Тәжі Бақытты қуғынға түсіреді. Сұлтан Бейбарысты қолдап келген Бану Исмаил тайпасының адамдары Қалауынның ұлы Халелмен барып, Каирдегі Хусейін мешітіне жұма намазға келе жатқан жерінде Қалауынды өлтіреді. Халел таққа отырады. Жеті жылдан кейін мамлюктер оны да қастандықпен өлтіреді. Оның орнына Қалауынның Мұхамед ән-Нәсір деген екінші баласы таққа отырады. Ол елді қырық үш жыл билейді. Романда келтірілген бұл деректер шындыққа қаншалықты саяды? Ол тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Қазіргі қолда бар деректер ақи-тақи тұжырымдар жасауға аздық етеді. Біздің бүгін таңда білетініміз: Бейбарыс сұлтан дүниеге келген көзде Хорезмнің соңғы шахы Жалал әд-Дин әлі тірі еді. Ал, Хорезм мен Хорасанның байырғы аймақтарын әлдеқашан монғолдар жаулап алған-ды. Жәлел-әл Дин Солтүстік Индияда, Иранда, Әзірбайжанда ұрыс салып жүрген-ді. Ол 1231 жылдың 17-і мен 20-ы тамызы арасында қашып-пысып жүрген кезде ұйықтап жатқан жерінде Хорезмдіктер туысқанын өлтірген бір ызалы курдтың қанжарынан қаза тапты. Одан кейін Хорезмдіктердің босқын әскерін Мұхам-мед Баракат-хан ибн Дәулет-Мәлік деген әмір басқарды. Айюбтардың сұлтаны әл-Мәлік әс-Салих оған ағайын қарындасын беріп туыстасты. Хорезм әскері алауыздыққа ұшыраған Айюб сұлтандарының біресе анауына, біресе мынауына болысып, бүлікші жаугершілікпен шұғылданды. Сол тұста Дамаск билеушісі Крест ұстаушылармен одақтасып, Мысырға шабуыл жасауға әзірленіп жатты. Мысыр сұлтаны әл Мәлік әс-Салих Хорезмдіктерді көмекке шақырып, Сирияға Руки әд-Дин Бейбарыстың басқаруында жер қайысқан әскер аттандырды. Дамаск қолы мен Мысыр әскері 1244 жылғы 17 қарашада Газа түбінде шайқас салды. Мысырлықтар жауын тас-талқан қып жеңді. Мысырлықтар мен Хорезмдіктер Газаны, Палестинаны, Құдысты, 1245 жылы Дамаскіні басып алды. Сол жерде Хорезмдіктер мен айюбтықтар арасында жерге талас туды. Өкпелеген Хорезмдіктер қарсы жаққа шығып кетті. Сол кезде Хорезмдіктерге одақтас болып жүрген Рухи ад-Дин Бейбарыс шұғыл түрде Каирға шақыртылып, тұтқынға алынып, қамал ішінде өлтірілді. Өйткені, ол Хорезм қызына үйленген-ді. Хорезмдіктер арасында өте беделді еді. Әл-Макризи, Абу-л Фида, Ибн Тагри-Берди деректерінде айтылатын бұл тұлғаның біз сөз етіп отырған кейіпкерімізге ешқандай байланысы жоқ сияқты. Өйткені, әңгіме болып отырған кезеңде сұлтан Бейбарыс қаза тапқан жоқ-ты. Қайта оның бақыт жұлдызы жаңа жарқырап келе жатқан-ды. Сондай-ақ, В. Г. Тйзенгаузен жинақтарында келтірілген Руккедин Бейбарыс атты араб жазушысын да бұл қолбасшымен де, әйгілі Мысыр билеушісімен де шатыстыруға болмайтындай. Мәселен, ол 1282 жылы өлген Мөңке-Темір, одан кейінгі Тоқты мен Ноғайдың ара-қатынастары туралы да жазады. Ал бұл кезде сұлтан Бейбарыс әлдеқашан дүние салған-ды. Бірақ, бір-бірімен шатыстыруға болмайтын осы бір үш Бейбарыстың арасындағы дәнекер сынды Рухи-ад-Дин нені білдіреді? Бәлкім, бұл бір кезде Махмұд аталған баланы сатып алған әулеттің даңқтамасы (титулы) шығар. Үшеуі де сол әулетке жататын шығар. Фатима ханымның: «Менің саған ұқсайтын балам өлген. Сенің атың да сол сияқты Бейбарыс болсын», – деуінде осындай мән бар шығар. Бұл біз үшін әлі жұмбақ. Алайда, Сирия мен Мысырдағы Хорезмдіктер тарихынан да біз сөз етіп отырған әл Мәлік әз-Заүир Рухи әд-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әс-СәлаҺидің тегін анықтайтындай айқын дерек ұшыраспайды. Мысырды билеген Бейбарыс 1260 жылы таққа отырып, 1277 жылы қастандықтан қаза тапты. Билік басына келісімен Крест жорығына қарсы шабуылға әзірленді. 1265 жылдан бастап Крест ұстанғандар бекінген қамалдарды бірінен соң бірін ала бастады. 1267 жылы Кіші Армения патшалығына, 1275 жылы Кіші Азия сельджуктарына қарсы жорықтар жасады. Хулағу әулетінің үстемдігіне қарсы Алтын Ордамен одақ жасасты. 1262 жылы оған Византия арқылы бірінші елшісін жіберді. Каир мен Сарай екі ғасырлық уақыт ішінде елуге жуық елшілік алмасыпты. Кейін Тоқтамыс тұсында Мысыр, Османия, Алтын Орда арасындағы қайта өрбіген одақтастық байланысын бір кезде Бейбарыс сұлтан бастап беріп еді. Ол Алтын Орданың исламға көшуін жақтады. Ибн-Абдөзаххир мен Руккедин Бейбарыстың айтуынша, Мысыр сұлтаны әл-Мәлік әз-ЗәҺер Беркені Хулағуға қарсы айдап салып, маңғолдар арасында алауыздық туғызуды көздеді. (Тизенгаузен, I т. 53-98 беттер) Ибн-Уәсіл мен әл-Муффадділдің айтуынша, Берке: «біз батыстан, сен шығыстан тиісіп, Хулағу әскерін қыспаққа алып, бір адамын қалдырмай қырып жіберейік», – деп елші салды, оны әл-Мәлік әз-ЗәҺер қостады». (Тизенгаузен, I т. 53-98 беттер). Қайткен күнде де, бұл одақтастыққа екі жақ бірдей мүдделі болды. Берке өз қызын сұлтан Бейбарысқа ұзатты. Одан аталмыш романда сөз болатын Сейіт хан Мұхамед атты тұңғыш ұлы туады. Кейде ол Нәсір әд-Дин Берке хан деп те аталады. Ол 1279 жылы анасымен бірге Дамаск қаласына келеді. Көп ұзамай Сирияда ереуіл басталады. Ереуілшілерді бітімге шақыруға жас сұлтан анасын жұмсайды. Қала ақсүйектері алдынан шығып, ханшаның жолына жібек төсеп, жата қалып өзін сүйіп, құрмет көрсетеді. Бірақ, ханшаға еріп барғандардың кінәсінен келіссөз көздеген мақсатына жете алмайды. Сұлтан анасын Қарақ қамалына қамауға мәжбүр болады. Кейін сол қамалға өзі де қамалады. Мысыр тарихшысы Кутбидің айтуынша, ол аса рахымды, аса сахи адам болыпты. Таққа ие болған қайын атасы Қалауын 1280 жылы сұлтанды у беріп өлтіреді. Оған ыза болған туған қызы Ғазия-қатын әкесін сегіз жыл бойы қарғап сілеп, дауыс салып жүріп өледі. Сейітті анасы 1281 жылы Дамаскідегі әкесінің күмбезіне әкеліп жерлейді. Кутбидің айтуынша, Берке ханның ұлы, әмір Бедр әд-Дин Мұхаммед те Каирде тұрып, қайтыс болыпты. Арабша өлең жазыпты. Екі том кітабын шығарыпты. Осы азғантай деректің өзі-ақ романда Бейбарысқа телінетін Хорезмге, Дербентке, Тебризге байланысты деректердің ар жағында өмірбаяндық мән жатпағанмен, аса үлкен саяси мән жатқанын аңғартады. Оған өмірбаяндық сипат беру Бейбарыстың Хулағудың қоластындағы Кавказ, Кіші Азия, Иран аймағына деген геосаяси мүдделері мен мақсаттарынан сес бергендей. Аталмыш аумақтарға қол созуға моральдік құқы барлығына негіз салуға тырысқандық сияқты. Қайткенде де, сұлтан Бейбарыстың түпкілікті мысырлық еместігі, мамлюк екендігі даусыз. Ол аталмыш романда айтылғандай маңғолдар жаулап алған соң Таяу Шығысқа ауа көшкен Хорезмдік түрік тайпаларының арасынан шығуының да жаны жоқ емес. Бірде шабуылдап, бірде қаша қорғанып жүрген босқын әскердің талай бөлігінің мамлюктерді молықтырғаны да рас. Мәселен, түрікмен Айбектің жасағы тап сондай көпті бастан кешкендігі белгілі. Сондай-ақ, маңғолдар жаулап алған аймақтардың босқын жұртының да талай боздағы жол-жөнекей қолды боп, құлдыққа сатылып, ақыр аяғында мамлюктер қатарынан шыққан-ды. Әсіресе, кавказдықтар мен одан арғы далалықтар мұндай көпті көп кешкен-ді. Солардың ең көбі бұрынғы Қара теңіз, Азау бойын жайлаған қыпшақтар болды. Олардың бір бөлігі 1241 жылы Көтен ханның басқаруымен Дунай асып, Паннония далаларына көп орнықты. Олардан қалып қойғандар немесе маңғол қолдарынан қашып келе жатқан босқын тайпалар да барар жер, басар тау таба алмай, құл базарларда сатылып кете барды. Бату мен оның әулеті бір кездегі қарсыластарын одан әрмен қуалап Таяу Шығыс асып кетуге мәжбүр етті. Олар негізінен Қытай қоқан-лоққысынан жеңіліс тапқан, Алтайдан ауып келген бұрынғы Түрік қағанатын құрағандар мен кейін Шыңғысханға қарсы шығып, жер ауа көшуге мәжбүр болған тайпалар еді. Ондай тайпалар көбіне-көп қыпшақтар деп аталды. Бейбарыс тұсындағы Мысыр мамлюктері көбіне-көп қыпшақтардан тұрғаны белгілі. Каирда сондай қыпшақтар тұратын махаллалар Орда деп аталды. Олар араб дәстүрлерін жақтырмай, өз дәстүрлерін ұстанды. Мамлюктен шыққан шонжарлар көшеде күймелерге мініп жүретін. Алдарына қыпшақша киінген үш жүз музыкашыны шығарып, өз саздарын ойнатты. Ағыл-тегіл тойлар жасады. Жылқы сойып, қазы, қарта жеп, қымыз ішті. Лаврентий жылнамасында Бейбарысты «бурчевич» деп жазса, араб жазушысы әл-Айни оны да, оны өлтіріп, тағына отыратын Қалауынды да «қыпшақтардың берж әулетінен шықты», дейді. Мұхамеджан Тынышбаев Алаш этнонимінің арғы төркінін Алшындармен байланыстырып, оған кіретін беріш тайпасын Алтай, Сібір мен Оңтүстік орыс жазығындағы гидроним, топонимдермен байланыстырып, маңғол шапқыншылығынан көп бұрын Шығыс Европаға ауып келген тайпа ретінде сипаттағаны мәлім. Ал Әлкей Марғұлан хазарлар ортасында «Хазаруғ», «беріштек» деген екі қауым болғанына сүйеніп, оларды аталмыш өлкеде арабтар келместен бұрынғы бір тайпа деп есептейді. Тарихшы С. А. Плетнева VI ғасырдың екінші жартысында пайда болған Түрік қағанаты абдалдар (эфталиттер) мемлекетімен жауласып, Византиямен, Иранмен байланысқа шыққанын айтады. Абдалдарды жеңген қаған Ираннан алым сұрайды. Иран бас тартады. Оған қарсы жорыққа шыққан түріктер Дербентке келіп тіреледі. Естеми хан болгарларды, хазарларды, беленжірлерді бағындырып, Дербентті қамайды. Бірақ, арада түріктердің өз арасында алауыздық туып, Кавказды жаулап алу жорығы он бес жылға кешеуілдейді. Тек VII ғасырдың басында ғана қайта жанданып, Дербент, Албания, Иберия бағындырылып, Тбилисиді қоршауға аттанады. 630 жылы Арменияға шабуыл басталған көзде қайтадан алауыздық туады. Түрік державасы түпкілікті құлайды. Ұсақ мемлекеттерге бытырап кетеді. Дуло (Дулу) Кубрат басқарған болгарлар өз алдына мемлекет құрайды. Олар Түрік қағанатында Ашин руымен билікке таласып келіп еді. Кубрат өлген соң ордасы екіге бөлінеді. Аспарухтың қол астындағылар Дунай асады. Ботбайдың қол астындағылар Хазар қағанына бағынады. Хазарияны Ашин руы билейтін. Олар VIII ғасырда Теріскей Кавказ бен Қара теңіз маңына дейін билеп, Византиямен одақ құрып, араб шапқыншылығына қарсы шықты. Талайды бастан кешкен Хазария 965 жылғы орыс-печенег одағының соққысына ұшырады. Хазарлар Маңғыстауға, Еділ сағасына қашты. Иудаизмді тастап, мұсылмандыққа көшті. Хорезмдіктермен одақтасты. Хазарларды Ашин руының билегені анық. Ашиндердің көсемі Білге қағанның қайын атасы әрі саяси ұстазы Тоныкөк болғаны аян. Қытай тарихшысы Ма Шацшудың айтуынша: «Түниқұқ – Алтайдағы Қара Ертісті мекен еткен Қарлық елінің Себек тайпасынан шыққан адам» («Қазақтың көне тарихы». Алматы. 1993. 116-бет). Себек – қазір беріш руының бір бұтағы. Сондай-ақ, қытай жылнамасына түскен Айбас тайпасы да Ашин руының құрамдас бөлігі. Оның көсемі Айбас батыр – қытайға қарсы соғыста көзге түскен адам. Оның елінің бір бөлігі қытай жерінде қалып, бір бөлігі ұйғырлар құрамына өтіп, бір бөлігі батысқа жылысып, Жайық бойынан шығады. Жазушы Әнес Сарай Византия патшасы Багрянародныйдың аталмыш өзенді X ғасырдың бірінші ширегінде жазылған еңбегінде Гейх деп атағандығын ескеріп, Жайық беріштер бұл қонысқа IX ғасырға дейін келіп болған деп есептейді. Орыс жылнамасына «бурчевичтердің» енуінде де бұл тайпаның орыс-хазар шайқастарына араласы себепші болған шығар. М. Тынышбаев, Ә. Марғұлан пайымдамалары да соған меңзейтіндей. Олай болса, беріштер маңғолдар жағында болмай, оларға қарсы күресті. Олардың қуғындауына ұшырап, ел асып, жер ауды. Олардың Қалқа бойындағы шайқасқа қатысуы әбден мүмкін. Қыпшақ ханы Көтеннің Ашин руынан болуы әбден заңды. Ашиндердің құрамында беріштер де болғанын ескерсек, Көтенге еріп, Паннонияға барған қыпшақтар арасында беріш деген ру бары, ал қазақтағы беріштердің құрамында Көтен деген тармақ бары тегіннен-тегін емес. Атақты Жәлел ад-Дин бастапқы әскерін Маңғыстауда жинағаны белгілі. Мұхаммед Хорезмшах тұсында Маңғыстауда оғуз тайпаларымен қоса қыпшақ тайпалары да көп тұрды. Олардың басым көпшілігі монғолдардан бұрын көп орнығып, оларға қарсы күрескен тайпалар еді. Бұрын хазарлармен бірге болып, Хорезммен одақтасқан тайпалар еді. Олардың арасында беріштердің де болмағы ақылға сыйымды. Кейін Әз-Захир Бейбарыс сұлтан атанған Махмұд деген бала Бурсаға Хорезм жағынан келсін мейлі, Дербент жағынан келсін мейлі, Қаратеңіз бен Азау маңында не Атырау тұсында тусын мейлі – оның ата-бабаларының қыпшақтардың беріш тайпасынан тарауы қай жағынан да қисынға келеді. Егер оны өлтірген Қалауынның да «берж оғлы» екендігі рас болса, Мысырда 1250 жылы билікті өз қолдарына алған қыпшақ мамлюктерінің сұлтанының соңғы төресі – Бейбарыс, Сейіт, Ахмет Шаламыш, Қалауын, Халел, Мұхамед ән-Нәсір беріш қыпшақтар болып шығады. Бір кездегі ұлы Түрік қағанатын билеген Ашиндер әулеті билік сахнасынан XIV ғасырдың алғашқы ширегінде кеткен болып шығады. Иә, әу баста сарай жылнамасынан бастау алған «Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың ғұмырнамасының» ашылмаған жұмбағы әлі де көп. Бір жағынан, ол бағзы ғасырлардың кейінгі ұрпақтарға тастап кеткен цифрограммасы сияқты. Оның сиқыр жұмбақтарын шешіп, тылсым сырларына қанығу үшін әлі талай ұрпақтардың талай ізденістері талап етілетіні даусыз. Дегенмен, қалай болғанда да, мына жайдың басы ашық: ол – жат жерде жүріп құлдықтан хандыққа жеткен, Мысырдай ұлы мемлекеттің, араб дүниесінің тарихында ғана емес, жалпы адамзат шежіресінде өзінің өшпес ізін қалдырған Бейбарыс сұлтанның қыпшақ ұлысының, кейіннен қазақ атты ұлттың туының астына біріккен елдің ұланы болғаны; тұла бойы тұнған жұмбақ бабамыздың, баршамыз мақтан етер осынау таңғажайып тұлғаның асқан ақылы мен ерен ерлігі, өмір бойы туған жерін аңсап өткен перзенттік сағынышы ұрпақтарымыздың ардақ тұтуына әбден лайықты екендігі. Мұнан біраз жыл бұрын қазақ кино шеберлері екі сериялы «Бейбарыс сұлтан» фильмін түсіріп, онда басты рөлдегі өрен жүйрік актеріміз Нұрмұқан Жантөрин ұлы әміршінің ұмытылмас бейнесін сомдап кеткен болатын. Қазақ оқырманының қолына тигелі отырған «Бейбарыс» романы – біздің ұлы бабамызға тағзымымыздың тағы бір келісті көрінісі. 1999 жыл, 26 қыркүйек.  
08.12.2012 05:56 8051

«Бейбарыс» романына алғы сөз

Бейбарыс... Осы бір есім аталғанда менің есіме 1968 жылдың күзі түседі.

«Төңірегіміз – жота-жота көк ала бұйраттар. Кешкі ымыртта сия төгіп тастағандай көк нілденіп көрінеді... Жер Орта теңізінің жақындығы ашық терезеден лүп ете қалған майса самалдан білініп тұр. Сонадайдан сәңкиген бір тұмсықтың басына иреңдеген тар жолмен көтеріліп келеміз... Алдымызда – мұхит деңгейінен жеті жүз елу метр биік шоқының басына салынған абажадай көне қамал қарауытты...

Расын айтсақ, Сирия мен Ливанда біз көрген әскери қамалдардың ең үлкені де, көп қирамай-бүлінбей дұрыс сақталғаны да сол екен. Оған төрт мың атты рыцарлар жайғаса алады... Ең әуелі астыңғы қабатта екі жаққа екі тосқауыл коридор тарайды. Онда атты әскер тұрады. Сосын түпте ең соңғы үшінші тосқауыл коридор бар. Қорғанның ортасында, қамалды жау ала қалса, ат-матымен құлап өлсін деп жасалған, қашан ернеуіне тірелгенше көзге көрінбейтін ұшпа көл жатыр. Ол әлі күнге дейін сол күйінде сақталыпты. Қапелімде байқамай қалып, аңғырттау туристердің талайы ұшып өліпті. Қамалдың бұрыш-бұрышындағы мұнаралармен екінші қабатқа көтерілесің. Онда әскерлердің жатақханасы, сауық залы, мінәжат залы орналасқан. Бір кезде үстеріне талай қан, талай шарап төгілген қара тастар баяғы күйінен мызғымапты. Одан жоғары қақ төбеде Ханшайым мұнарасы тұр. Одан төңіректегі отыз-қырық шақырым жердің бәрі көрінеді. Терістік батыста Жерорта теңізінің қойнаулары мұнартады... Византия императоры Ираклий арабтардан жеңіліп, Константинопольге қашқанда: «Қайран, Сирия, жауға қияр жер ме едің?» – деп тап осы көк қойнауларда бара жатып айтқандай. Тас қорған төңірегінде дұшпанды тұтқиылдан төбеден түсіріп, қапы қалдыратын, қалтарысы жоқ нағыз найза биіктің басында... Алайда, жау дарытпас қорған, оқ дарытпас батыр бар ма? Ол да тізе бүгіпті. Биіктің басындағы тас қорғанға жете бергенде, қақпаның астында тұрған екі-үш араб жігіттері, біздерді көріп естеріне түсті ме, қамалдың маңдайындағы мәрмәр тақтаны көрсетіп: «Сұлтан Бейбарыс. Мамлюк», – дей берді. Профессор Ақжан Машанов тақтаға үңіліп еді, расында да, Сұлтан Бейбарыстың аты жазулы болып шықты... Мәрмәр тақта Сұлтан Бейбарыстың бұл қамалды 1271 жылы алғанын мәлімдейді».

Бұл менің осыдан дәл отыз бір жыл бұрын, 1968 жылдың күзінде Ливан, Сирия сапарынан оралған соң «Лениншіл жас» газетіне жариялатқан «Жебе мен жұмыртқа» атты сапарнамамнан үзінді. Ол кезде Мысыр мамлюктерінің көсемі Бейбарыс сұлтан қазақ оқырмандарына кеңінен мәлім емес еді. Сондықтан аталмыш жазбада ол туралы естіген-білген мәліметтерімді ортаға салыппын.

Одан бері талай қаламгер осы бір жұмбақ тұлға төңірегінде сөз қозғады. Солардың көпшілігінің соқпай өте алмайтын бірден бір дерегі бұдан әлденеше ғасыр бұрын дүниеге келген «Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың ғұмырнамасы» еді. Ол мысырлық тарихшы Ибн Иайстың (1448-1524) айтуынша, XVI ғасырға жатқызылса керек. Белгілі ағылшын мысыртанушысы Лэннің (1801-1876) деректеуінше, бұл XIX ғасырдың ортасына дейін арабтардың бұқаралық әдебиетіндегі ең мәшһүр шығарма болыпты. Осы заманғы мысырлық прозашы Таха Хусейн бала көзінде ауылдық жерлерде бұл шығарманы өз құлағымен талай тыңдап тәнті болыпты.

Шығарма тек тақырыбымен, кейіпкерімен ғана емес, жанры бойынша да әлемдік әдеби үрдістердің ерекше бір құнды ескерткіші болып табылады.

Таяу Шығыстағы мұсылман қалаларында мейрамдар мен жәрмеңке күндері базарлар мен алаңдарда, дәмханалар мен шайханаларда жиналған жұрттың алдында әңгіме соғып тұрған мұхаддистерді көруге болатын еді. Олар әңгімені жанынан шығармай, алдында жатқан қағаздарға қарап айтатын. Оқта-текте сөзді қоя қойып, ән салатын, би билейтін, саз шалатын немесе анадай жерде бөлек отырған сазшылар мен әнші-бишілерге кезек беретін.

Осындай «халық сауықханасында» баяндалатын ұзақ «әлқиссаларды» шығыстанушы әдебиетшілер «халық романы» деп атап кетті. Ол Батыс Европа жұрттарындағы «авантюралық романдарды», «жылпостық романдарды», «куртизандық романдарды» еске салатын. Шым-шытырық оқиғалы «ғашықтық хикаяларын», «ерлік хикаяларын», «сайқы-мазақтық» немесе «сиқыршылық хикаяларын» шығыс жұрты сүйіп тыңдайтын. Олар кейін батыс оқырмандарына да танымал бола бастады. Солардың ішіндегі ең көп тарағандары» «Мың бір түн», «Антараның ғұмырнамасы», «әз-Захир Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы».

Қалмақан Әбдіқадыров, Қалтай Мұхамеджановтың аудармалары арқылы «Мың бір түнмен» жақсы таныс қазақ оқырманы енді, міне, Сауытбек Абдрахмановтың аудармасында «Әз-Захир Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасымен» танысқалы отыр. Талантты қаламгер, зерделі білімпаз Сауытбек Абдрахманов шығармада баяндалатын ортаның бояунәшін, шығыс халық романының тектік-түрлік сипатын қапысыз жеткізе білген.

Шығыс қиссаларымен көптен таныс қазақ оқырманының қолына тигелі отырған жаңа кітаптың әдеби түстемелігін бұдан көбірек ежіктей түсіндірудің қажеті шамалы деп білеміз. Алайда, оның талай ғасыр, талай ұрпақтың құлағын елеңдетіп келе жатқан әйгілі тарихи тұлға мен оның заманы жайлы шындықты молынан білуге тырысары түсінікті.

Ондай оқырманға алдын-ала айтарымыз: сұлтан Бейбарыстың егжей-тегжейлі өмірбаянын бұл шығармадан сол қалпында көздестіре алмайсыз. Ал, бірақ ол бастан кешкен оқиғалардың ұзын-ырғасымен ұшыраса аласыз.

Ол, біріншіден, шығарманың негізгі төсегі болып есептелетін мамлюктер сұлтанының жеке хатшысы Мухи ад-Дин ибн Абд әз-Захирдің (1223-1292) өз қожайынының бастан кешкен оқиғаларының барлық қыр-сырын түгел білмейтіндігінен; білгендерінің өзінде толығымен ақтарыла салмайтындығынан; билікке төңкеріс жолымен келіп, төңкеріс жолымен кеткен әмірші болмысының жай-жапсары ішкі-сыртқы дұшпандармен ұдайы тартыс тұсында жария болуы еш мүмкін еместігінен, әрдайым бір енін ішінде ұстап өтуге мәжбүр ғұмырды баяндайтын ғұмырнамашыға да бір енін үнемі ішінде ұстап өтуге тура келетіндігінен;

екіншіден, бұл шығармаға қосымша деректемелік болып табылатын әл-Макризи (1364-1442) және Ибн Таг-ри-Бирди (1409-1470) сынды тарихшылардың еңбектерінің де біздің заманымызға дейін үзік-үзік болып, толық қалпында, жүйелі түрінде жетпегендігінен;

үшіншіден, оқиға болып өткен заманның әлеуметтік-психологиялық-идеологиялық-дүниетанымдық сипатынан;

төртіншіден, қағазға түскенімен, ауыз әдебиетінің эстетикасына лайықталып, тыңдаушы құлаққа ұғынықтылыққа бағышталатын халық романының жанрлық табиғатынан;

бесіншіден, айтушыдан айтушыға көшкен сайын әсерлілігі артқанмен, деректік нақтылығы кеми беретін ауызша ақпараттың өзіндік өзгешелігінен.

Қысқасы, бұл туындыдан әр кейіпкердің, соның ішінде басты кейіпкердің де тарихи нақты деректік кейіптемесін таба алмағанмен, ол кешкен дәуір мен дәуреннің сипатына қапысыз қанығуға болады.

Шығарма, негізінен, XIII ғасыр оқиғаларын қамтиды, Ол жаппай бүліншілік ғасыры еді. Азия түкпірінде асқындаған демографиялық өсім мен көшпенді тіршілік айыру үрдісі арасындағы қарама-қайшылықтар ушықтыратын кезекті жаппай көшу алғашқы мың жылдықтар тоғысында Рим империясын күйретті. Екінші мыңжылдықтар тоғысында оған мұрагер болып қалған Шығыс Рим империясының басына күн туды. Батыс әлемінің идеологиялық дәнекері – христиан діні екіге жарылып, бір-бірімен бітіспес күштерге айналды. Жаңа әлемдік дін Исламды ту еткен жаңа әлемдік империя – Араб халифаты да тоз-тоз болып, оның орнына пайда болған мұсылман мемлекеттері одан әрі ыдырауға ұшырады. Идеологиялық негізде емес, тұрмыстық-экономикалық үрдіс ыңғайластығымен ынтымақтасқан жаңа көшпенді империя-монғол астамдығы да алғашқы екпінінен айырылып, сыртты қойып, өз ішілік айқасқа бой ұрды. Қай елде де, тіпті жалпақ әлемде де глобальды ағымдардан гөрі локальды ағымдар, бірігушілік пиғылдан гөрі ыдыраушылық пиғылдар үстем түсе бастады, Батыс Европадағы игілік бастауында қолда бар ырзық қоры мен артық ауыздардың арасындағы кикілжің өршіп, тұрғындардың бойындағы басы артық күш-жігер клерикалдық авантюраларға жұмсалды. Кіші балалар мен ортаншы балалар атақонысты ағаларына тастап, католик шіркеуінің жұмсауымен Ғайса пайғамбар жерленген Құдысты (Иерусалимді) босатып алу үшін Араб елдеріне қарай ағыла бастады. Бір кезде қоныс тарлығы мен сыртқы қысымнан дүрбелеңге ұшыраған Орталық Азия халықтары үстемдікке таласты, сосын әуелі ес жинап, етек жабу үшін бас біріктірді, сол тұста белсенділік көрсеткен бес қару, әрине, алдымен, төңірегін тақымға басуға жұмсалды; одан әлемдік үстемдікке жетіп, әуелі масайрау, сосын тоқырау кезеңдерін бастан кеше бастады. Шектен тыс билік пен байлыққа ие болған үстем күштер өзді-өзді қырқысып кетті. Өзді-өзді билікке таласушылардың қай-қайсысы да әскери күшке сүйенді. Бұл кейінгілердің әлеуметтік беделі мен қоғамдық ықпалын күшейтті. Саяси элита алауыздығын әскери элита пайдалана бастады. Саяси-этникалық сепаратизм әлеуметтік-қауымдық сепаратизмге ұласа бастады. Бұрын геосаяси экспансия құралы ретінде пайдаланылған әскери қару енді әлеуметтік-саяси экспансияның құралы ретінде жұмсала бастады. Ол бірте-бірте саяси үстемдік құралы болуды місе тұтпай, өзі үстемдік иесіне айнала бастады. Шағатай ұлысында барластар, Жошы ұлысында маңғыттар билікке солай келді. Басқыншылық бүлікшілікпен алмасты. Бүлікші мен заңсыз билікке келетін оспадарлық әлемдік дәрежеде үйреншікті құбылысқа айналып, легитимдікке ие болды. Империялық доктриналар түпкілікті күйремегенмен, бұрынғы әлеуетінен айырылып қалды. Оны қайтадан тірілтпекші болған үстем күштер жеңіске жете алмады. Мәселен, Алтын Орданы қалпына келтірмекке ұмытылған Тоқтамыстың, Шыңғысхан үстемдігін тірілтпек болған жоңғар қонтайшыларының есек дәмесінен ештеңе шықпады. Қайта басқыншылар арасындағы алауыздықты өз халықтарының ұлт-азаттық мүддесіне пайдалана білген Александр Невский, Екінші Фридрихтер болашақ империялардың негізін салған аса ірі мемлекеттік бірліктер құра алды. Араб халифаты иелігіндегі аймақтардағы сеператистік ағымдарды орынды пайдалана білген сельджуктер бұрынғы жалпы исламдық империяның орнына өз империясын құрды. Таза клерикальдық идеология мен байырғы аграрлық-шаруашылық қатынастар дәуіріндегі қағидалар аумағында қалған Әмір Темір, Тоқтамыс, Едіге, соңғы монғол хандары, жоңғар қонтайшылары, «Ақ Орда», «Көк Орда» билеушілері, ұлы Моғол билеушілерінің империяны қайта күшейту пиғылдарынан нәтиже шықпады. Ұлттық-аумақтық сипаттағы мемлекеттермен шектелуге тура келді. Тіршілік айыруда ежелгі аграрлық-шаруашылық үрдістерінің аумағында қалмай, жаңа өркениеттік үрдістермен қол жалғаса білген Батыс, Шығыс Европа мен Оңтүстік-Батыс Азияда киелі Рим, Осман, Австро-Венгрия, Ресей сынды империялық құрылымдар түзілді.

Кейінгі тарихи даму мен саяси ара салмаққа мұрындық болған ХІІ-ХІІІ ғасыр бір кездегі қуатымен жер тітіренткен Араб халифатын да айналып өткен жоқ. Пайғамбар көз жұма сала өршіген билікке талас исламдық идеологияның тұтастығына қауіп туғыза бастады, Пайғамбардың өз әулеті мен тізерлес серіктерінің арасындағы бақталастық мұсылман қауымын екіге бөліп, кейін әлденеше бұтақтарға бұтарлап жібергені белгілі. Солардың ең ірілерінің және ең ықпалдыларының бірі – фатимашылдар. Мұхаммед пайғамбардың қызы мен оның күйеуі Әзірет Әліні айырықша қадір тұтқандар қозғалысы. Олар әуелі Мысырдың әл Каһира қаласында үстемдік құрды. X ғасырдың аяқ тұсында Палестина мен Сирияны өз ықпалына қаратты. Фатима әулеті билейтін халифат (910-1171) солай дүниеге келді. Олар шиизмді ұстанды. Ортодокстік суннизмді мойындамай, Әзірет Әлі мен оның балаларын ғана пайғамбардың бірден бір рухани мұрагері санады. Бұл қағиданың негізін салушы Исмаилды жақтайтындар астыртын ұйым құрып, Бағдат халифаты ықпалына қарсы ұйымдасқан күрес жүргізді. XI ғасырда олардың «хаш-шашин» («хашиш» есірткісінің атынан шыққан) ордені жан-пидалық жолға түсіп, террористік әрекеттерді құдай жолындағы күрес деп заңдастырды. Бұл Араб еліндегі бүлікшілік әуенді күшейтті. Оның үстіне, Әзірет Әлі мен балалары тұсында, оның жолын қуушылар ықпалындағы елдерде ежелгі Бабылдың магияға әуестігі кеңінен етек жайғанды. Бұл жағдай да айтылмыш аймақтағы айтылмыш дәуірдің саяси-әлеуметтік ауа райына айта қаларлық ықпалын тигізді. Сөз болып отырған шығарманың сюжеттік-фабулалық жүйесіндегі кейде тіпті адам нанғысыз оқыс бұлтарыстар мен кейіпкерлер іс-әрекетіндегі төбеден түскендей тұтқиылдық түсініктемелер мен сиқыршылық сипаттарды осымен түсіндіруге болады.

Күш көрсету, төтен ерлік, айла-шарғы ол тұста айырықша қасиет саналды. Күш пен айла ол тұста айырықша бағаланды. Әсіресе, бір жағынан Құдысты қайта тартып алуға күш салған крест ұстаушылардың, бір жағынан монғол басқыншыларының қысымына ұшыраған қысталаң тұста әскери-саяси авантюра романтикалық сипат алып, жүрек жұтқандық санала бастады. Ондай жағдайда әрбір дәулетті адам өз жасағын ұстауға мәжбүр болды. Құл базарында да жұмыс істейтін емес, шайқас салып сайысатын «жанды табарлар» сатылды. Күні етіп, күші әлсіреп бара жатқан Фатима әулеті де тек сондай күштерге иек арту арқылы өз ғұмырларын ұзартқысы келді. Халық бұқарасынан қол үзіп қалған немесе онымен тіл табысқысы келмей, бойларын аулаққа салған, билікті қауымның әлгіндей жалдамалы күштерге арқа сүйейтіндігі ежелгі әдет. Бірақ, ешқашан опа таптырмаған қатерлі әдет. Әуелі «қара африкалықтарға», әсіресе, Судан зұлыстарына сүйенген Фатима әулеті бірте-бірте жалдамалы әскерді ұлғайтып, соған иек артты. Ондай жалдамалылар әуелі билікке таласқан топтардың ұпайын түгендесіп жүріп, кейін дербес күш ретінде саясат сахнасына шыға бастады. Мысырдың атақты қолбасшысы курд Салах ад-Дин 1171 жылы Фатима әулетінен шыққан соңғы халиф Әдідті тақтан құлатты. Әскери аристократияның Айюб әулеті (1171-1250) билікке келді.

Салахатдин тұсындағы қайтадан қалпына келген суннизм үстемдігі, крест ұстаушыларға қарсы күрес ол өлген соң қожырап кетті. Айюб әулетінің өз ішінен алауыздық шықты. Соны пайдаланған Екінші Фридрих есебін тауып Құдысты қайтып алды. Крест ұстаушылар Жер Орта теңізінің шығыс бетінен әлденеше қамалдар тұрғызып, Мысырға да әлденеше рет ауыз салды. Сондай әрекеттердің бірін 1249 жылы француз королі IX Людовик өзі басқарып келді. Ол 1250 жылғы Мансұр маңындағы соғыста тас-талқан боп жеңіліп, өзі қолға түсті. Бұл жәйт бір кездегі ең ықпалды әскери күш мамлюктерді ерекше күшейтіп жіберді. Тап сол жылы олар билік басына өз қолбасшылары Айбекті отырғызды. Сөйтіп, Ніл бойындағы мамлюктер орналасқан аралдың атынан шыққан бахрлықтар әулеті үстемдігі орнады. Негізінен көшпелі түрік тайпаларынан шыққандар басымдық ететін бұл әулет бұрынғы күрдтер ықпалын әлсіретіп, әскерде де, мемлекет билігінде де өз ықпалдарын күшейтті. Сол тұста ерекше көзге түскендердің бірі 1260 жылы монғолдарға тойтарыс берген аз-Захир Рухи ад-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари еді.

Мысыр тарихын зерттеушілердің айтуы бойынша, ол 1223 жылы туып, бала көзінде сатылып алынып, Айюб әулетінен шыққан сұлтан Салих Нәжім әд-Диннің жеке ұланына қабылданыпты. Сирияда әскери оқуда болып, мамлюк әскерінде көзге түсе бастапты. Мансұр соғысында ерлік көрсетіп, сұлтан атағын иеленіпті. Тұран-шахқа қарсы бүлікті басқарысыпты. Өз бәсекелесі мамлюк сұлтаны Құтыздың да түбіне жетіпті. Монғолдар 1258 жылы Бағдатты алған соң, халиф жанұясын түгел дарға асыпты. Содан аман қалған бір ханзаданы Бейбарыс Каирға алдырып, 1261 жылы халиф әл-Мустансир деп жариялапты. Соның қолымен өзін «ислам елдері мен ол бағындырған елдердің билеушісі» деп жариялатып, сұлтан атағын иемденіпті. Мысырдың хал-жағдайын жақсартып, онда он жеті жыл тыныштық орнатыпты. Жер аумағын кеңейтіпті. Батыс пен Шығыс арасындағы сауда жолының бірден бір қожасына айналыпты. Жер иеленуді жетілдіріп, жер суландыруды жолға қойыпты. Тоғандар, каналдар қаздырып, бөгеттер тұрғызыпты. Крест ұстағандардан елді тазартып, монғол шапқыншылығын тежепті. Жаужүрек қолбасшы болумен қоса, айлакер саясатшылығымен де танылыпты. Ел арасындағы беделін де нығайта біліпті. Сөйтіп, тек мысырлықтардың ғана емес, күллі мұсылман халықтарының мақтанышына айналыпты. Оған сөз болып отырған шығарма да куә. Онда Бейбарыстың атағы мен абыройына көлеңке түсіретіндей ештеңе жоқ. Оның істеген әр әрекеті, ол айтқан әр сөз ерекше ерлік пен данышпандық ретінде дәріптеледі. Бұл, бір жағынан, тарих топалаңына молынан ұшырап, көп зардап кешкен елдің Бейбарысқа деген шын ризашылығынан туса, екінші жағынан, оның тұсындағы мұсылман дүниесіне ортақ жетістіктер болып танылған жеңістерді ерекше бағалағандық еді. Оның үстіне өз елдерінің беделін қайтадан қалпына келтірген тарихи тұлғаның өмір жолының көлеңкелі беттерін қазбалау мысырлықтардың ұлттық санасының мүдделерімен сиыспайтын еді.

Бұл жағдай өз тұсында да, кейінгі ғасырларда да атышулы болған тарихи тұлғаның жеке басының тағдырын қалған дүние үшін тылсым жұмбақ күйінде қалдырып келеді. Оның шыққан тегін, бала шағын, мансаптық жолын біржақты аңызға айналдырып, әскери ерліктерінен басқаны қалың қауым назарынан қағыс қалдырады.

Соншама бұлыңғыр өмірбаянда басы ашық айтылған даусыз дерек – Бейбарыстың мамлюк екендігі. Романның айтуынша, ол ағаларының қастандығына ұшырап, тешіренді дәруіш құтқарып ап, құлдыққа сатып жіберген Хорезм билеушісінің баласы. Бұл расында да солай ма? Әлде өз елдерін жиырма жылға жуық билеген адамды тегі күмәнді құл деуге арланған Мысыр қауымы әдейі ойлап тапқан қаңқу ма? Ол арасы әлі де жете анықтауды талап етеді.

Романда Бейбарыстың тегін Бану Исмаил тайпасының бәдәуилері айтып береді. Ал расында бұндай тайпа болмаған. Мамандардың айтуынша, белгісіз авторлар Исмаил жолын жақтаушыларды тұспалдап отырса керек. Біздіңше, олар айтқан Бейбарыс өмірбаянында нақтылықтан гөрі тұспал басым жатқан сияқты. Олардың айтуынша, Бейбарыстың атасы Хорасанның билеушісі болыпты. Оның Тала, Лама, Жамақ деген үш ұлы болыпты. Кәрі әкей тағын кімге қалдырғаны лайық екендігін білу үшін балаларын бір-бір күннен таққа отырғызып сынап көріпті. Тала мен Лама өздерінің өркөкіректіктерін, Жамақ әділдігін көрсетіпті. Тақ кенжеге бұйырыпты. Ол екі ағасына елді бірігіп билеуді ұсыныпты. Бірақ екі ағасы іштарлық қылып інісін қашып кетуге мәжбүр етіпті. Қашқын Жамақ жолда келе жатып арыстанға жем болғалы жатқан бір шалды құтқарыпты. Сөйтсе, ол аң аулай шығып, серіктерінен адасып қалған Хорезм билеушісі екен. Ол Жамақты көзі тірісінде бас уәзір қып ұстап, өлгесін тағына мұрагер етіпті. Хорасанда қалған екі зорлықшы ағасына елі қарсы шығып, елден қуып жіберіпті. Екі қашқын інісіне келіп паналайды. Бір күні олар Жамақтың ұлы Махмұдты ертіп, аңға шығыпты. Сонда қастарындағы Махмұдтың қол-аяғын буып, үңгірге тығып, кетіп қалыпты. Ыңырсыған дауысты естіп барған бір дәруіш баланы босатып алып, Бурса шаһарына әкеліп құлдыққа сатып жіберіпті. Сөйтіп ол болашақта мамлюк болатын балалар жинап жүрген Әли ибн әл-Барак деген саудагердің қолынан бір-ақ шығыпты. Ол Дамаскіге келгенде шаһар бегі Әлі әл-Акбаси деген адам Махмұдты Али ибн әл-Баракқа берген қарызының өтеуіне алып қалыпты. Одан оның апасы Фатима әл-Акбаси ханым бала қылып асырап алып, өлген ұлының құрметіне Бейбарыс деген ат беріпті.

Сол Бейбарыс айдыны асып, Мысырға билеуші болып тұрғанда бір күні бейтаныс жолаушы келіпті. Ол әкесі Жамақтың тірі екенін, Хорезм мен Дербентті билеп тұрғанын айтыпты. Қажыға келген біреулер Каирға соғып, әл-АзҺар мешітінде Бейбарысты көріп, өз билеушісі Жамаққа қатты ұқсайтындығын аңғарыпты. Елдеріне айтып барса, Жамақ баяғыда жоғалып кеткен баласының тірі екеніне қуанып, өз көзімен көріп, біліп қайтуға жаушы жұмсапты. Бұны естіген Бейбарыс сұлтан уәзірлерімен ақылдасып, әуелі ата-анасына хат жіберіп, артынан өзі барып қайтуға бел байлапты. Солай етеді де. Оны көрген әкесі Жамақ, анасы Әйек естері шыға қуанады. Әкесі Тебриз билеушісі Қалауыннан көріп отырған зорлығын айтады. Бейбарыс Ибрагим деген серігінен хат беріп жібереді. Ол хатты Тебриз сарайына жасырынып кіріп, ұйықтап жатқан Қалауынның бас жағына Қояды. Оянғасын оқып көрген Қалауын әуелі апшығанмен, артынан уәзірлерімен ақылдасып, сабарына түсіп, Жамаққа ендігәрі зорлық жасамайтынын айтып, кешірім сұрап жаушы жібереді. Әкесіне теңдік алып берген Бейбарыс аман-есен Каирға қайтады. Бірақ, арада біраз уақыт өткен соң, мұсылман тақуасы боп келген, іріткі салып жүретін католик жансызы «ант ұрған Хуан» Тебризге барып, отқа табынушылардың әміршісі Қалауынды Бейбарысқа қарсы айдап салады. Бірақ, Қалауын дегеніне жете алмайды. Жеңілгенін мойындап, сұлтанның қарауына өтуге пейіл болады. Алайда, әбжілдіктің соңына түседі. Кезекті қажы айында Меккеге бара жатқан Бейбарысқа ере кетіп, жолда Дамаск әкімімен бірлесіп, сұлтанның тамағына у салып өлтіреді. Бейбарыс Дамаскідегі Таб әл-Барид зиратына жерленеді.

Таққа отырған Қалауын Бейбарыстың балаларын өлтіріп, әйелі Тәжі Бақытты қуғынға түсіреді. Сұлтан Бейбарысты қолдап келген Бану Исмаил тайпасының адамдары Қалауынның ұлы Халелмен барып, Каирдегі Хусейін мешітіне жұма намазға келе жатқан жерінде Қалауынды өлтіреді. Халел таққа отырады. Жеті жылдан кейін мамлюктер оны да қастандықпен өлтіреді. Оның орнына Қалауынның Мұхамед ән-Нәсір деген екінші баласы таққа отырады. Ол елді қырық үш жыл билейді.

Романда келтірілген бұл деректер шындыққа қаншалықты саяды? Ол тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Қазіргі қолда бар деректер ақи-тақи тұжырымдар жасауға аздық етеді. Біздің бүгін таңда білетініміз: Бейбарыс сұлтан дүниеге келген көзде Хорезмнің соңғы шахы Жалал әд-Дин әлі тірі еді. Ал, Хорезм мен Хорасанның байырғы аймақтарын әлдеқашан монғолдар жаулап алған-ды. Жәлел-әл Дин Солтүстік Индияда, Иранда, Әзірбайжанда ұрыс салып жүрген-ді. Ол 1231 жылдың 17-і мен 20-ы тамызы арасында қашып-пысып жүрген кезде ұйықтап жатқан жерінде Хорезмдіктер туысқанын өлтірген бір ызалы курдтың қанжарынан қаза тапты. Одан кейін Хорезмдіктердің босқын әскерін Мұхам-мед Баракат-хан ибн Дәулет-Мәлік деген әмір басқарды. Айюбтардың сұлтаны әл-Мәлік әс-Салих оған ағайын қарындасын беріп туыстасты. Хорезм әскері алауыздыққа ұшыраған Айюб сұлтандарының біресе анауына, біресе мынауына болысып, бүлікші жаугершілікпен шұғылданды. Сол тұста Дамаск билеушісі Крест ұстаушылармен одақтасып, Мысырға шабуыл жасауға әзірленіп жатты. Мысыр сұлтаны әл Мәлік әс-Салих Хорезмдіктерді көмекке шақырып, Сирияға Руки әд-Дин Бейбарыстың басқаруында жер қайысқан әскер аттандырды. Дамаск қолы мен Мысыр әскері 1244 жылғы 17 қарашада Газа түбінде шайқас салды. Мысырлықтар жауын тас-талқан қып жеңді. Мысырлықтар мен Хорезмдіктер Газаны, Палестинаны, Құдысты, 1245 жылы Дамаскіні басып алды. Сол жерде Хорезмдіктер мен айюбтықтар арасында жерге талас туды. Өкпелеген Хорезмдіктер қарсы жаққа шығып кетті. Сол кезде Хорезмдіктерге одақтас болып жүрген Рухи ад-Дин Бейбарыс шұғыл түрде Каирға шақыртылып, тұтқынға алынып, қамал ішінде өлтірілді. Өйткені, ол Хорезм қызына үйленген-ді. Хорезмдіктер арасында өте беделді еді. Әл-Макризи, Абу-л Фида, Ибн Тагри-Берди деректерінде айтылатын бұл тұлғаның біз сөз етіп отырған кейіпкерімізге ешқандай байланысы жоқ сияқты. Өйткені, әңгіме болып отырған кезеңде сұлтан Бейбарыс қаза тапқан жоқ-ты. Қайта оның бақыт жұлдызы жаңа жарқырап келе жатқан-ды. Сондай-ақ, В. Г. Тйзенгаузен жинақтарында келтірілген Руккедин Бейбарыс атты араб жазушысын да бұл қолбасшымен де, әйгілі Мысыр билеушісімен де шатыстыруға болмайтындай. Мәселен, ол 1282 жылы өлген Мөңке-Темір, одан кейінгі Тоқты мен Ноғайдың ара-қатынастары туралы да жазады. Ал бұл кезде сұлтан Бейбарыс әлдеқашан дүние салған-ды. Бірақ, бір-бірімен шатыстыруға болмайтын осы бір үш Бейбарыстың арасындағы дәнекер сынды Рухи-ад-Дин нені білдіреді? Бәлкім, бұл бір кезде Махмұд аталған баланы сатып алған әулеттің даңқтамасы (титулы) шығар. Үшеуі де сол әулетке жататын шығар. Фатима ханымның: «Менің саған ұқсайтын балам өлген. Сенің атың да сол сияқты Бейбарыс болсын», – деуінде осындай мән бар шығар. Бұл біз үшін әлі жұмбақ. Алайда, Сирия мен Мысырдағы Хорезмдіктер тарихынан да біз сөз етіп отырған әл Мәлік әз-Заүир Рухи әд-Дин Бейбарыс әл-Бундукдари әс-СәлаҺидің тегін анықтайтындай айқын дерек ұшыраспайды.

Мысырды билеген Бейбарыс 1260 жылы таққа отырып, 1277 жылы қастандықтан қаза тапты. Билік басына келісімен Крест жорығына қарсы шабуылға әзірленді. 1265 жылдан бастап Крест ұстанғандар бекінген қамалдарды бірінен соң бірін ала бастады. 1267 жылы Кіші Армения патшалығына, 1275 жылы Кіші Азия сельджуктарына қарсы жорықтар жасады. Хулағу әулетінің үстемдігіне қарсы Алтын Ордамен одақ жасасты. 1262 жылы оған Византия арқылы бірінші елшісін жіберді. Каир мен Сарай екі ғасырлық уақыт ішінде елуге жуық елшілік алмасыпты. Кейін Тоқтамыс тұсында Мысыр, Османия, Алтын Орда арасындағы қайта өрбіген одақтастық байланысын бір кезде Бейбарыс сұлтан бастап беріп еді. Ол Алтын Орданың исламға көшуін жақтады. Ибн-Абдөзаххир мен Руккедин Бейбарыстың айтуынша, Мысыр сұлтаны әл-Мәлік әз-ЗәҺер Беркені Хулағуға қарсы айдап салып, маңғолдар арасында алауыздық туғызуды көздеді. (Тизенгаузен, I т. 53-98 беттер) Ибн-Уәсіл мен әл-Муффадділдің айтуынша, Берке: «біз батыстан, сен шығыстан тиісіп, Хулағу әскерін қыспаққа алып, бір адамын қалдырмай қырып жіберейік», – деп елші салды, оны әл-Мәлік әз-ЗәҺер қостады». (Тизенгаузен, I т. 53-98 беттер).

Қайткен күнде де, бұл одақтастыққа екі жақ бірдей мүдделі болды. Берке өз қызын сұлтан Бейбарысқа ұзатты. Одан аталмыш романда сөз болатын Сейіт хан Мұхамед атты тұңғыш ұлы туады. Кейде ол Нәсір әд-Дин Берке хан деп те аталады. Ол 1279 жылы анасымен бірге Дамаск қаласына келеді. Көп ұзамай Сирияда ереуіл басталады. Ереуілшілерді бітімге шақыруға жас сұлтан анасын жұмсайды. Қала ақсүйектері алдынан шығып, ханшаның жолына жібек төсеп, жата қалып өзін сүйіп, құрмет көрсетеді. Бірақ, ханшаға еріп барғандардың кінәсінен келіссөз көздеген мақсатына жете алмайды. Сұлтан анасын Қарақ қамалына қамауға мәжбүр болады. Кейін сол қамалға өзі де қамалады. Мысыр тарихшысы Кутбидің айтуынша, ол аса рахымды, аса сахи адам болыпты. Таққа ие болған қайын атасы Қалауын 1280 жылы сұлтанды у беріп өлтіреді. Оған ыза болған туған қызы Ғазия-қатын әкесін сегіз жыл бойы қарғап сілеп, дауыс салып жүріп өледі. Сейітті анасы 1281 жылы Дамаскідегі әкесінің күмбезіне әкеліп жерлейді.

Кутбидің айтуынша, Берке ханның ұлы, әмір Бедр әд-Дин Мұхаммед те Каирде тұрып, қайтыс болыпты. Арабша өлең жазыпты. Екі том кітабын шығарыпты.

Осы азғантай деректің өзі-ақ романда Бейбарысқа телінетін Хорезмге, Дербентке, Тебризге байланысты деректердің ар жағында өмірбаяндық мән жатпағанмен, аса үлкен саяси мән жатқанын аңғартады. Оған өмірбаяндық сипат беру Бейбарыстың Хулағудың қоластындағы Кавказ, Кіші Азия, Иран аймағына деген геосаяси мүдделері мен мақсаттарынан сес бергендей. Аталмыш аумақтарға қол созуға моральдік құқы барлығына негіз салуға тырысқандық сияқты. Қайткенде де, сұлтан Бейбарыстың түпкілікті мысырлық еместігі, мамлюк екендігі даусыз. Ол аталмыш романда айтылғандай маңғолдар жаулап алған соң Таяу Шығысқа ауа көшкен Хорезмдік түрік тайпаларының арасынан шығуының да жаны жоқ емес. Бірде шабуылдап, бірде қаша қорғанып жүрген босқын әскердің талай бөлігінің мамлюктерді молықтырғаны да рас. Мәселен, түрікмен Айбектің жасағы тап сондай көпті бастан кешкендігі белгілі. Сондай-ақ, маңғолдар жаулап алған аймақтардың босқын жұртының да талай боздағы жол-жөнекей қолды боп, құлдыққа сатылып, ақыр аяғында мамлюктер қатарынан шыққан-ды. Әсіресе, кавказдықтар мен одан арғы далалықтар мұндай көпті көп кешкен-ді. Солардың ең көбі бұрынғы Қара теңіз, Азау бойын жайлаған қыпшақтар болды. Олардың бір бөлігі 1241 жылы Көтен ханның басқаруымен Дунай асып, Паннония далаларына көп орнықты. Олардан қалып қойғандар немесе маңғол қолдарынан қашып келе жатқан босқын тайпалар да барар жер, басар тау таба алмай, құл базарларда сатылып кете барды. Бату мен оның әулеті бір кездегі қарсыластарын одан әрмен қуалап Таяу Шығыс асып кетуге мәжбүр етті. Олар негізінен Қытай қоқан-лоққысынан жеңіліс тапқан, Алтайдан ауып келген бұрынғы Түрік қағанатын құрағандар мен кейін Шыңғысханға қарсы шығып, жер ауа көшуге мәжбүр болған тайпалар еді. Ондай тайпалар көбіне-көп қыпшақтар деп аталды. Бейбарыс тұсындағы Мысыр мамлюктері көбіне-көп қыпшақтардан тұрғаны белгілі. Каирда сондай қыпшақтар тұратын махаллалар Орда деп аталды. Олар араб дәстүрлерін жақтырмай, өз дәстүрлерін ұстанды. Мамлюктен шыққан шонжарлар көшеде күймелерге мініп жүретін. Алдарына қыпшақша киінген үш жүз музыкашыны шығарып, өз саздарын ойнатты. Ағыл-тегіл тойлар жасады. Жылқы сойып, қазы, қарта жеп, қымыз ішті. Лаврентий жылнамасында Бейбарысты «бурчевич» деп жазса, араб жазушысы әл-Айни оны да, оны өлтіріп, тағына отыратын Қалауынды да «қыпшақтардың берж әулетінен шықты», дейді. Мұхамеджан Тынышбаев Алаш этнонимінің арғы төркінін Алшындармен байланыстырып, оған кіретін беріш тайпасын Алтай, Сібір мен Оңтүстік орыс жазығындағы гидроним, топонимдермен байланыстырып, маңғол шапқыншылығынан көп бұрын Шығыс Европаға ауып келген тайпа ретінде сипаттағаны мәлім. Ал Әлкей Марғұлан хазарлар ортасында «Хазаруғ», «беріштек» деген екі қауым болғанына сүйеніп, оларды аталмыш өлкеде арабтар келместен бұрынғы бір тайпа деп есептейді. Тарихшы С. А. Плетнева VI ғасырдың екінші жартысында пайда болған Түрік қағанаты абдалдар (эфталиттер) мемлекетімен жауласып, Византиямен, Иранмен байланысқа шыққанын айтады. Абдалдарды жеңген қаған Ираннан алым сұрайды. Иран бас тартады. Оған қарсы жорыққа шыққан түріктер Дербентке келіп тіреледі. Естеми хан болгарларды, хазарларды, беленжірлерді бағындырып, Дербентті қамайды. Бірақ, арада түріктердің өз арасында алауыздық туып, Кавказды жаулап алу жорығы он бес жылға кешеуілдейді. Тек VII ғасырдың басында ғана қайта жанданып, Дербент, Албания, Иберия бағындырылып, Тбилисиді қоршауға аттанады. 630 жылы Арменияға шабуыл басталған көзде қайтадан алауыздық туады. Түрік державасы түпкілікті құлайды. Ұсақ мемлекеттерге бытырап кетеді. Дуло (Дулу) Кубрат басқарған болгарлар өз алдына мемлекет құрайды. Олар Түрік қағанатында Ашин руымен билікке таласып келіп еді. Кубрат өлген соң ордасы екіге бөлінеді. Аспарухтың қол астындағылар Дунай асады. Ботбайдың қол астындағылар Хазар қағанына бағынады. Хазарияны Ашин руы билейтін. Олар VIII ғасырда Теріскей Кавказ бен Қара теңіз маңына дейін билеп, Византиямен одақ құрып, араб шапқыншылығына қарсы шықты. Талайды бастан кешкен Хазария 965 жылғы орыс-печенег одағының соққысына ұшырады. Хазарлар Маңғыстауға, Еділ сағасына қашты. Иудаизмді тастап, мұсылмандыққа көшті. Хорезмдіктермен одақтасты.

Хазарларды Ашин руының билегені анық. Ашиндердің көсемі Білге қағанның қайын атасы әрі саяси ұстазы Тоныкөк болғаны аян. Қытай тарихшысы Ма Шацшудың айтуынша: «Түниқұқ – Алтайдағы Қара Ертісті мекен еткен Қарлық елінің Себек тайпасынан шыққан адам» («Қазақтың көне тарихы». Алматы. 1993. 116-бет). Себек – қазір беріш руының бір бұтағы. Сондай-ақ, қытай жылнамасына түскен Айбас тайпасы да Ашин руының құрамдас бөлігі. Оның көсемі Айбас батыр – қытайға қарсы соғыста көзге түскен адам. Оның елінің бір бөлігі қытай жерінде қалып, бір бөлігі ұйғырлар құрамына өтіп, бір бөлігі батысқа жылысып, Жайық бойынан шығады. Жазушы Әнес Сарай Византия патшасы Багрянародныйдың аталмыш өзенді X ғасырдың бірінші ширегінде жазылған еңбегінде Гейх деп атағандығын ескеріп, Жайық беріштер бұл қонысқа IX ғасырға дейін келіп болған деп есептейді. Орыс жылнамасына «бурчевичтердің» енуінде де бұл тайпаның орыс-хазар шайқастарына араласы себепші болған шығар.

М. Тынышбаев, Ә. Марғұлан пайымдамалары да соған меңзейтіндей. Олай болса, беріштер маңғолдар жағында болмай, оларға қарсы күресті. Олардың қуғындауына ұшырап, ел асып, жер ауды. Олардың Қалқа бойындағы шайқасқа қатысуы әбден мүмкін. Қыпшақ ханы Көтеннің Ашин руынан болуы әбден заңды. Ашиндердің құрамында беріштер де болғанын ескерсек, Көтенге еріп, Паннонияға барған қыпшақтар арасында беріш деген ру бары, ал қазақтағы беріштердің құрамында Көтен деген тармақ бары тегіннен-тегін емес. Атақты Жәлел ад-Дин бастапқы әскерін Маңғыстауда жинағаны белгілі. Мұхаммед Хорезмшах тұсында Маңғыстауда оғуз тайпаларымен қоса қыпшақ тайпалары да көп тұрды. Олардың басым көпшілігі монғолдардан бұрын көп орнығып, оларға қарсы күрескен тайпалар еді. Бұрын хазарлармен бірге болып, Хорезммен одақтасқан тайпалар еді. Олардың арасында беріштердің де болмағы ақылға сыйымды.

Кейін Әз-Захир Бейбарыс сұлтан атанған Махмұд деген бала Бурсаға Хорезм жағынан келсін мейлі, Дербент жағынан келсін мейлі, Қаратеңіз бен Азау маңында не Атырау тұсында тусын мейлі – оның ата-бабаларының қыпшақтардың беріш тайпасынан тарауы қай жағынан да қисынға келеді.

Егер оны өлтірген Қалауынның да «берж оғлы» екендігі рас болса, Мысырда 1250 жылы билікті өз қолдарына алған қыпшақ мамлюктерінің сұлтанының соңғы төресі – Бейбарыс, Сейіт, Ахмет Шаламыш, Қалауын, Халел, Мұхамед ән-Нәсір беріш қыпшақтар болып шығады. Бір кездегі ұлы Түрік қағанатын билеген Ашиндер әулеті билік сахнасынан XIV ғасырдың алғашқы ширегінде кеткен болып шығады.

Иә, әу баста сарай жылнамасынан бастау алған «Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың ғұмырнамасының» ашылмаған жұмбағы әлі де көп. Бір жағынан, ол бағзы ғасырлардың кейінгі ұрпақтарға тастап кеткен цифрограммасы сияқты. Оның сиқыр жұмбақтарын шешіп, тылсым сырларына қанығу үшін әлі талай ұрпақтардың талай ізденістері талап етілетіні даусыз.

Дегенмен, қалай болғанда да, мына жайдың басы ашық: ол – жат жерде жүріп құлдықтан хандыққа жеткен, Мысырдай ұлы мемлекеттің, араб дүниесінің тарихында ғана емес, жалпы адамзат шежіресінде өзінің өшпес ізін қалдырған Бейбарыс сұлтанның қыпшақ ұлысының, кейіннен қазақ атты ұлттың туының астына біріккен елдің ұланы болғаны; тұла бойы тұнған жұмбақ бабамыздың, баршамыз мақтан етер осынау таңғажайып тұлғаның асқан ақылы мен ерен ерлігі, өмір бойы туған жерін аңсап өткен перзенттік сағынышы ұрпақтарымыздың ардақ тұтуына әбден лайықты екендігі.

Мұнан біраз жыл бұрын қазақ кино шеберлері екі сериялы «Бейбарыс сұлтан» фильмін түсіріп, онда басты рөлдегі өрен жүйрік актеріміз Нұрмұқан Жантөрин ұлы әміршінің ұмытылмас бейнесін сомдап кеткен болатын. Қазақ оқырманының қолына тигелі отырған «Бейбарыс» романы – біздің ұлы бабамызға тағзымымыздың тағы бір келісті көрінісі.

1999 жыл, 26 қыркүйек.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға