Жаңалықтар

ӨТКЕН – ӨРЕУІЛ, ҚАЛҒАН – САЛАУАТ

Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерленген бағзы бабалар аруағына тағзым ету Уа, аруағы асқар, шарапаты шалқар ұлы піріміз! Уа, тірісінде тірек, өлісінде медет болған жарықтық Ата-баба! Уа, жамыраса келіп, қаумаласа құлақ тосқан қадірлі ағайын! Бүгін біз фәни мен бақидың, қиянат пен мақұлдың, обал мен сауаптың ара-жігін айқындап, мән-маңызына еріксіз қанығар ерекше сәтті бастан кешіп тұрмыз. Көрмегенді көріп, ұқпағанды ұғып, өкініштен өксіп тұрмыз. Сұранып келмейтін, қуанып кетпейтін жалғаншы дүниенің опырайған олқысы мен кемірейген кемшіні әлі көп екенін көріп, күйзеліп тұрмыз. Соның талайын орнына келтіру мына біздердің, қазіргі жер басып жүргендердің маңдайына жазылып, талайына тап болғанына бір жағынан пікір етіп, бір жағынан шүкір етіп тұрмыз. Бүгін, міне, мысымызды құртып, еңсемізді түсіріп, қабырғамызды қайыстырып жүрген бір жағдай: нұрлары екі дүниеде бірдей шалқып, жандары жаннаттың төрін иемденген, есімдері дүние тұрғанша ұрпақтардың жадында тұратын жарықтықтарымызды осынау дүние тұрғанша тұрмақшы киелі ғимараттағы бұйырмыс мекендеріне қайта жайғастырғанымызға тәубе деп тұрмыз. Ұйтқымалы уақыт, құбылмалы заман, жетесіз сана, жетімсіз тәрбие осынау киелі орынға да суық қолын сұққаннан болған аусар ағаттыққа, қияс қиянатқа қинала тұрып, көкте тобадан, жерде аруақтардан қиыла кешірім сұрап тұрып, орнына келтірдік. Құдай бұндайды енді көргізе көрмегей, басымызға енді қайтып келгізе көрмегей деп, жалынып-жалбарынып тұрып жүзеге асырдық. Өткен – өреуіл, қалған – салауат. Ендігі ісімізге сәт, ендігі ұрпағымызға абырой тілейік, жамағат! Ақылдары жеткенге амалдары жетпей, айнала торыған азулы дұшпандармен алысып, бармақтарын тістеп, арманда өткен ата-баба өздері кешкен шырғалаң мен шытырманға толы қилы заман, келеңсіз тірлік, кесепатты көп олардан кейін де түзеле салмағанын, қайта бұрынғысынан да бұзақыланып, өршелене өршіп, өрт қоздатып, талай бәйтеректің мәуесін күйдіріп, тамырын қырқып, таң махшарда жолығар тажал отына талай жерде тірілей үйтіліп, талай көзде талапайға ұшырап, бұл заманға шығарға жаны, тамарға қаны сарқыла жаздап, әзер иек артып отырған азабы асқан халқы мен соры арылса, енді арыла ма деп отырған ұрпақтарына жазғырса да жандары ашыр, місе тұтпаса да, мүсіркер деп ойлаймыз. «Орнында бар оңалады», – деп кеткен өздері еді ғой. Сол арттарында қалған қара орындары – жан сала қорғаған атамекендерінде бастары қарайып тірі жүрген біздерміз ғой. Өздері жоқтағы талай зобалаңнан тұздай құрып кетпей, басқыншының табанында тапталып қалған туды қайта асқақтата көтеріп, көрінген қолын сұқаңдатқан жер мен суға иелік құрып, көлденең көк аттының қанжығасына бөктеріліп бара жатқан қасиетті қазыналарымыздың жұрнағын қайта жинап, өз таңдайымызда тұрып, өз көкірегімізге өгей болып кете жаздаған ана тілімізге қайта емешек үзіп, безіп кеткен дінімізге қайта мойын ұсынып, езіліп біткен елдіктің еңсесін қайта тіктемек жолындағы таудай тәуекелімізді көріп, тәубе десер деп дәметеміз. Қаршадайымыздан мойнымызға қарғы байлап, басымызға ноқта тағып, жетім тайлақтай жетелеп әкетіп, жат қылмақ жады ниетке тартыншақтап, қалпынан шыққысы келмей қашқақтап, қақ-сұққа шыдап өскен жырық ерін, жыртық өкпе өз ұрпақтарымыз болмаса, күндердің күнінде бұған да жете алуымыз неғайбыл еді ғой. Зарыққанымызды көріп демер, тарыққанымызды көріп жебер деп дәметеміз. Өткенімізді көріп безінсе де, ертеңімізге сеніп елжірер деп дәметеміз. Біз Астанадан осында жол жүрер алдында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «құдай тек ендігі жерде өлінің үрейін, тірінің мерейін ұшырмайтындай қып, қай ісімізді де оңға бастыра көргей. Қиянатты пейіл, қияметті мейір тоқтады деген. Мейір оңалса берекет, пейіл оңалса әрекет өрге басар деген. Жаратқан тек берекеміз молайып бірлігіміздің, әрекетіміз молайып тірлігіміздің оңға басқанын көруге жазғай!» – деген тілек білдіріп, баршаңызға дұғай сәлем жолдады. Басымыз өскей, бағымыз тасқай, еліміздің еңсесін биік, ұл-қызымыздың ырыс-несібесін мол қылғай! О дүниелік ата-бабаның жолығар орны – жаннат, бұ дүниелік жамағаттың жолығар орны – жақсылық болғай! Осынау киелі орында қасиетті ата-бабаның алдындағы перзенттік қарызын түгендесе келген осы қауымның бұл тілегін көкте Алла, жерде аруақтар құп көргей! «Әумин», – дейік, ағайын! Маусым, 1999 жыл.  
08.12.2012 05:49 4879

Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жерленген бағзы бабалар аруағына тағзым ету

Уа, аруағы асқар, шарапаты шалқар ұлы піріміз!

Уа, тірісінде тірек, өлісінде медет болған жарықтық Ата-баба!

Уа, жамыраса келіп, қаумаласа құлақ тосқан қадірлі ағайын!

Бүгін біз фәни мен бақидың, қиянат пен мақұлдың, обал мен сауаптың ара-жігін айқындап, мән-маңызына еріксіз қанығар ерекше сәтті бастан кешіп тұрмыз.

Көрмегенді көріп, ұқпағанды ұғып, өкініштен өксіп тұрмыз.

Сұранып келмейтін, қуанып кетпейтін жалғаншы дүниенің опырайған олқысы мен кемірейген кемшіні әлі көп екенін көріп, күйзеліп тұрмыз.

Соның талайын орнына келтіру мына біздердің, қазіргі жер басып жүргендердің маңдайына жазылып, талайына тап болғанына бір жағынан пікір етіп, бір жағынан шүкір етіп тұрмыз.

Бүгін, міне, мысымызды құртып, еңсемізді түсіріп, қабырғамызды қайыстырып жүрген бір жағдай: нұрлары екі дүниеде бірдей шалқып, жандары жаннаттың төрін иемденген, есімдері дүние тұрғанша ұрпақтардың жадында тұратын жарықтықтарымызды осынау дүние тұрғанша тұрмақшы киелі ғимараттағы бұйырмыс мекендеріне қайта жайғастырғанымызға тәубе деп тұрмыз.

Ұйтқымалы уақыт, құбылмалы заман, жетесіз сана, жетімсіз тәрбие осынау киелі орынға да суық қолын сұққаннан болған аусар ағаттыққа, қияс қиянатқа қинала тұрып, көкте тобадан, жерде аруақтардан қиыла кешірім сұрап тұрып, орнына келтірдік.

Құдай бұндайды енді көргізе көрмегей, басымызға енді қайтып келгізе көрмегей деп, жалынып-жалбарынып тұрып жүзеге асырдық. Өткен – өреуіл, қалған – салауат. Ендігі ісімізге сәт, ендігі ұрпағымызға абырой тілейік, жамағат!

Ақылдары жеткенге амалдары жетпей, айнала торыған азулы дұшпандармен алысып, бармақтарын тістеп, арманда өткен ата-баба өздері кешкен шырғалаң мен шытырманға толы қилы заман, келеңсіз тірлік, кесепатты көп олардан кейін де түзеле салмағанын, қайта бұрынғысынан да бұзақыланып, өршелене өршіп, өрт қоздатып, талай бәйтеректің мәуесін күйдіріп, тамырын қырқып, таң махшарда жолығар тажал отына талай жерде тірілей үйтіліп, талай көзде талапайға ұшырап, бұл заманға шығарға жаны, тамарға қаны сарқыла жаздап, әзер иек артып отырған азабы асқан халқы мен соры арылса, енді арыла ма деп отырған ұрпақтарына жазғырса да жандары ашыр, місе тұтпаса да, мүсіркер деп ойлаймыз.

«Орнында бар оңалады», – деп кеткен өздері еді ғой. Сол арттарында қалған қара орындары – жан сала қорғаған атамекендерінде бастары қарайып тірі жүрген біздерміз ғой. Өздері жоқтағы талай зобалаңнан тұздай құрып кетпей, басқыншының табанында тапталып қалған туды қайта асқақтата көтеріп, көрінген қолын сұқаңдатқан жер мен суға иелік құрып, көлденең көк аттының қанжығасына бөктеріліп бара жатқан қасиетті қазыналарымыздың жұрнағын қайта жинап, өз таңдайымызда тұрып, өз көкірегімізге өгей болып кете жаздаған ана тілімізге қайта емешек үзіп, безіп кеткен дінімізге қайта мойын ұсынып, езіліп біткен елдіктің еңсесін қайта тіктемек жолындағы таудай тәуекелімізді көріп, тәубе десер деп дәметеміз. Қаршадайымыздан мойнымызға қарғы байлап, басымызға ноқта тағып, жетім тайлақтай жетелеп әкетіп, жат қылмақ жады ниетке тартыншақтап, қалпынан шыққысы келмей қашқақтап, қақ-сұққа шыдап өскен жырық ерін, жыртық өкпе өз ұрпақтарымыз болмаса, күндердің күнінде бұған да жете алуымыз неғайбыл еді ғой. Зарыққанымызды көріп демер, тарыққанымызды көріп жебер деп дәметеміз. Өткенімізді көріп безінсе де, ертеңімізге сеніп елжірер деп дәметеміз.

Біз Астанадан осында жол жүрер алдында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «құдай тек ендігі жерде өлінің үрейін, тірінің мерейін ұшырмайтындай қып, қай ісімізді де оңға бастыра көргей. Қиянатты пейіл, қияметті мейір тоқтады деген. Мейір оңалса берекет, пейіл оңалса әрекет өрге басар деген. Жаратқан тек берекеміз молайып бірлігіміздің, әрекетіміз молайып тірлігіміздің оңға басқанын көруге жазғай!» – деген тілек білдіріп, баршаңызға дұғай сәлем жолдады.

Басымыз өскей, бағымыз тасқай, еліміздің еңсесін биік, ұл-қызымыздың ырыс-несібесін мол қылғай!

О дүниелік ата-бабаның жолығар орны – жаннат, бұ дүниелік жамағаттың жолығар орны – жақсылық болғай!

Осынау киелі орында қасиетті ата-бабаның алдындағы перзенттік қарызын түгендесе келген осы қауымның бұл тілегін көкте Алла, жерде аруақтар құп көргей!

«Әумин», – дейік, ағайын!

Маусым, 1999 жыл.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға