Жаңалықтар

Оралхан

                                                                             Оралхан О, Бөкей еске түскендегі елес пен ойлар. Өр Алтайдың Қатон қарағайына бардым. Бірінші рет барсам да бәрі маған бұрыннан таныс сияқты көрінді: асқар таулар, жан - жағын қоршаған ойпаңды қақ жарып, ақ көбік шашып, арқырап  асау  өзен ағып жатыр. Биіктен биікке өрмелеген самырсық, балқарағайлар. Сен кімсің,қайдан жүрсің?» — дегендей,төбеден қайта-қайта айналып ұшқан тас түлек қыран. Қарағайлардың арасын сатырлатып, үрке қашқан бұғылар. Қия бетте текшеленген пішен маялар. Мұның бәрі маған бұрыннан таныс. Бірақ көріп тұрғаным тұңғыш рет. Басына сәлде ораған Мұзтау. Алыстан сұсты көрінеді. Ол кейде .адамға ұқсайды. Әлдекімге, маған таныс адамға ұқсайды. Мұзтау қимылдағандай, басын кекжиткендей болады. Кесірлене, кекірейе қалады. Кейде шалқып, шалқалап, сақ-сақ күледі. Лезде жаңбыр жауып, лезде ашылады. Дүркірей өскен зүмірет шөп біткен, қарағай қылқандары гауһар тамшыдан моншақ тағып, бұлт арасынан шыға келген күн нұрына шағылысқан тамшы - моншақтар сансыз түрлі бояумен , құлпырып, құбылып, сәулелі музыка сыңсып тұрады. Осыдан кейін ақыл-ойың қалыпты әдетінен өзгеріп, өзің - өзін. емес,өзге адамға айналып кеткендей шалық сезімге бөленесің. Сонда Хақ тағала, Шын Құдірет мекені осы екен деп қаласың. Aл әлгi Қыран әрі-сәрі болып тұрған сенің төбеңнен зау биікте асықпай айналып ұшып, ар жағыңнан бір қарап, бер жағыңнан бір қарап: «Сен қайдан жүрсің? Не іздеп жүрсің?» — дегендей, жалықпай қалықтайды. — Оралханның елу жасқа толған торқалы тойына келдім, — дедім аспанға қарап. — Оралханға арнап ас беріледі. Ол елуге сәл-пәл жеткен жоқ, — деді аспан. *** Өзім басқаратын газетте оқта-текте «О. Бөкеев» деп қол қойған очерктер жарияланады. Ә дегеннен назар аудардым. Автор аз ба, тәйірі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті басқа республикалардан, тіпті шет елдерден жазып жататын қаптаған авторлар. Кейде бөлімге айтып, поштаны өзім шолып шығамын. «О. Бөкеев» деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым. Қолы қисықтау, қияңқылау көрінеді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында мінез бар. Жазуына қарап, сөзіне, сөйлеміне қарап, бүл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым. Алдымен өзім бұрын бірде-бір рет көрмеген Алтай тауы келді көз алдыма. Бұрын көрмеген дүние көз алдыңа қалай елестейді? Сөйтсем, аты, даңқы жер жарған Алтай тауын автор мына конверттің ішіне сыйдырып жіберген екен. Бірақ автордың өзін елестете алмадым. Корейін дедім. Орынбасарым Тельман Жанұзақты шақырып алып, конвертті ұсындым: — Мынау адамды шақырт. Келсін. Командировка редакцияның есебінен, — дедім. Тельман көркем жігіт еді. Ентігіп демалатын. Сұлулана жымиды. — Байқаған екенсің ғой, — деді. Арада шамасы жарты ай өткенде Тельман кабинетке бір жап - жас жігітті ертіп келді. Сұлулана жымиып: — Мынау өзің айтқан... — дей бергенде, — Айтпай-ақ қой, таныдым, — деппін. Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын - толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен. Мен қашан: —Отыр. дегенше, кекірейіп тұрды да қойды. *** Мойынқұмда мен де болғанмын. Малшылардың арасында апталап жүргенім бар. Әсіресе бір көрініс көз алдымнан кетпейді. Қойшының үйіне бір «Уазик» жын қаққандай құтырына келіп, үйдің көлеңкесінде жатқан ақ ешкі қашып үлгергенше басты да кетті.Жамбасы қираған ешкі пышаққа ілінді. Жаңа туған лағы ». жылады да қалды. Келген ферма бастық екен. Управляющий. Удай мас. Рульде өзі. Осы оқиғадан бастап, қойшы тұрмысынан, құм өмірінен повесть жазбақшы болдым. Бастадым да... «Лениншіл жасқа» кызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім. Газет жұмысы— бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады. Өл тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері.таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе басың кетеді. Сөйтіп жүріп, мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым. Ал Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң — осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп – білмеген жердің тамырын басып танып, сол кұмдағы адамдардың мінез - құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс – тұрысын ең бастысы — жанын ұғып - білу — жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған. Әйтпесе сол кұмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы, шопан үйі, қойы, иті т.б. Ал Оралханның көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені түңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құм дүлей екен. Құм әнші екен. Құм күйші екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен. Әдебиет пен әуен — егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры жоқ, музыкасы жоқ әдебиет — көркем әдебиет емес. Әттең, мен қалай байқамағанмын. Ауданнан, совхоз орталығынан ілесе келген үлкен-кіші бастықтармен ет жеп, коньяк ішіп, карта ойнап, қырғауыл атып жүріп, қалай байқамағанмын. Сөйтсем, құмның іші жақсылыққа да, жамандыққа да, адалдыққа да, арамдыққа да толы екен. Оралханның Барханы (қойшы) өмір бойы әділетсіздікке ұшырап, өз ісіне пәруана берілген өлермендігімен совхоз малын бір қылшығын түсірмей, жылда-жылда өсірген үстіне өсіре берсе де, тым болмаса аудандық газетте аты бір аталмапты ғой. Бір жайдақ медаль де бұйырмапты. Ал Сейтқұл (қоңсы қойшы) жылда бұдан жылу сұрап, қозысына қозы қосып алады да, озат шопан атанып, республикалық газеттердің бетінен түспейді. Жел құйын журналистер кімнің кім екенінің паркын білмей, бастық кімді мақта десе, көбік сөзді көпіртеді - ай келіп. Сонда Бархан есі ауысқан біреу емес, есі - басы бәрі сау. Қанағатшыл. Адал. Тәубашыл. Бірақ әділдік бар емес пе? Ол қайда? Шортанбай бабасы айтқан жоқ па: Сұғанақ болып ұрынба, Сыбағаң болса — тұрып ал! — деп. Сыбаға қайда?! Ол мұны біледі. Кейде кеудесін ыза кернеп, тіпті құмның үстінен зау биікте ұшып бара жатқан зымыран ұшаққа тас лақтырғысы келеді. Аспанда ұшып бара жатқан ұшаққа ызадан тас лақтыру тек Оралханның ғана ойына келуі мүмкін. Он мың метр биіктікте кетіп бара жатқан ұшаққа дені дұрыс кісі тас лақтыра ма. Сөйтсе. мұнда мән бар екен. Бархан үшін упрдан (управляющий) бастап,. зоотехник, директор, парторг, аудан, облыс, Республика, Одақ басшыларының бәрі биік. Бәрі зау биікте. | Оралхан: « Биіктен қараса не нәрседе кемшіліксіз,әдемі болып көрінеді білем.Сондықтан да мені  да мені байқамайды екен-ау». («Құм мінезі»). Барханның аузына осы сөзді салады. Міне, мәселе қайда жатыр. Басшы болсаң, әділ болсаң, нағыз еңбекшінің жанында жүр. Көр өз көзіңмен: кім пәруана, кім жалқау.Кім ауырдың үстімен, кім жеңілдің астымен жүретінін. Көр.Біл.Әділеттілік сонда орнайды. Әйтпесе Сейтқұл қойшы сияқты  бастық атаулыға қой сойып, арақ беріп, пара беріп, өтірік өсіп жатқандар аз ба? Ал бұл арамдық Барханның мінезінде жоқ. Болмайды да. Ондайды басшылар жақтырмайды, қаламайды, өсірмейді. Оралханның осыны жазғанына отыз жылға таяп қалса да, бұл сұмдық дәл қазір де бар емес пе? Қайта дами түскен жоқ па? Өлмейтін сөз осылай өрбиді. Жазушы — халықтың ар-ожданы дегенде, міне, осындай жазушыны айтады. Жата қалып, жанталасып көсемдерді мақтай беретін жазушы — жазушы емес, күнбағар. Ертең көсемдер тағынан тайған кезде сол күнбағар.олардың артынан тас лақтырып,жамандап шыға келеді. Ақылды басшы осыны ойлайды, құр мақтауға күмпия  бермейді.Ақылды басшы көпшілікті соңымнан ертем десе,көпшіліктің арасында,күнбағардан аулақ жүреді. Қайран Орекем осы философияны айтып отыр.Әттең дәл осы заманда тірі болса,жанға дәру сөздердің көкесін айтар еді. Шындықты жазған жазушының шығармасы—қоғамның шипагері.Маман дәрігер  жеке-жеке адамды аурудан сауықтырса, шын жазушы қоғам ауруын таниды. Жазады, таниды дегенде қолма қол емес адамдардың жүрегіне — жігер, көзіне — нұр, көкірегіне — сәуле қосу арқылы эсер етеді. Оралхан бүл жағынан шебер еді. * * * Алматыдан сонау Қатон қарағайдың Шыңғыстай ауылына жетудің қаншалықты машақат екенін өзім көрдім. Екі-үш жеңіл машинамен, Лепсі асып, Аягөз асып, Бұқтырманың теңізінен пароммсн өтіп, Үлкен Нарынды аралап, Шыңғыстайға әрең жеткенбіз. Тағы да болса, бір қора жанбыз. Оралханмен тұстас, туыстас, бауыр болып кеткен, «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») бірге қызметтес болған, бір кездегі кілең жас өрім, қазіргі белді - белсенді жазушылар: Кәрібай Ахметбек, Бексұлтан Нұржеке, Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбай, Қуанышбай Құрманғали, Серік Әбдірайым, Әлібек Асқар, Дидахмет Әшімхан, кекселерден кәдімгі Қалихан Ысқақ және мен. Ептесіп - септесіп жеткенбіз. 1994 жылы жазда. Сапар себебі: бір жағы — Оралханның 50 жылдығы, бір жағы — ас. Ал енді жалғыз ұлдың, зарығып жүріп, төрт қыздан кейін көрген жалғыз ұлдың ат жалын тартып мініп, Алматыда қызмет етіп, атақты жазушының үйі атанған мекеніне бір бару әке мен шешеге бір арман еді. Сол арманға әке жетті, анасы жете алмады. Себебі жол — ахирет, ұшақпен ұша алмайды... Әкесі Бөкейді мен Оралханның Алматыдағы үйінен көрдім. Сәлемдесуге бардым. Шап-шағын шақар кісі екен. Көп сөйлемейді, ал сөйлесе сөзі алтын жалатқан қорғасындай: әрі сұлу, әрі салмақты. Сөйлемінде қауыз қылпық жоқ. Ал анасы Гүлия одан да шешен көрінеді. Бірақ өзім кездесе алмадым. Міне, осындай дүлдүлдерден туған Орекем нағыз оратор еді. Бойында баяғы би-шешендерден қалған аруақты, арқалы болмыс бар еді. Бөкей қарт «трудармия» дегенде болған екен. Әрине, соғыс жылдарында. Оралтау бойында болыпты. Ал «трудармияға» алынғаннан гөрі қан майданда қарша жауған оқтың өтінде жүрген әлдеқайда артық болған деседі. Мұнда да адамдар тозақтың төрінде жүреді екен. Бұл туралы О. Бөкей өзінің «Бәрі де майдан» атты повесінде айтқан - ақ. Соғыста болғандар, сөз жоқ, аса ардақты. Ал тылдағылар өліп-тіріліп жанкешті жұмыс істемесе Жеңіс қайдан келер еді?! Міне, осы арада үлкен әділетсіздік бар. «Трудармияны» көрмесек те, соғыс жылдарындағы ауылды көрдік. Ауыл ысырат көпірінен кем болған жоқ. Ер-азаматы соғыстағы оқтың ортасында жүрсе, жап-жас әйелі ауылдағы оттың ортасында жүріп, ерте қартаяды. Әлі бұғанасы қатпаған жас баланың енді-енді үрпектеніп келе жатқан қанатын жалын шарпып, ерте есейді. Ал бірақ олар соғысқа қатыспаған. Еңбек ше? Еленбейді. Міне. шындықтың бар тұрпаты «Бәрі де майдан» хикаясында раушан гүліндей әдемі жазылған. Раушан гүлдің барқыттай жұмсақ жапырағын рақаттана иіскей берсең, қолыңды кірш етіп  тікен теседі. Алақанның ауырғаны жүрегіңді сыздатады. Сиқырлы сөз, аруларды жазатын сез. Қоғам дерті осындай сөзден емделеді. Оралханның Мәншүк есімді қарындасы бар еді. Алматыдағы ЖенПИ - ді бітіріп, ауылға барып мұғалім болған. Ал енді сол Мәншүк қазақтың қасиетті қара сөзіне келгенде Оралханның өзін ән орап алғандай еді. Ғұмыры қысқа екен. Орекеме көңіл айтуға сонда   бір бардық. Артынша Айман атты әпкесі қайтыс болды. Тағы бардық. Тағдыр шіркін бір айналдырғанды шыр айналдырады.Әкесі, одан кейін анасы... Қара дауыл дүлейленіп тұрып алды. Оралханның оқуы да өзгеше. Университетегі сырттай оқып бітірді - ау деймін. Сырттай оқитындардың, құдай ықыласын салған Оралхан сияқты бірен - сараны болмаса, көбінің сырын білеміз ғой. Көбі мұғалім ағайлардың жемі ғой. Дипломды білімсіздер көбінесе солар. Ал  Оралханның білімі «қызыл дипломмен» бітіргендерден көп ілгері тұратын, Бір әңгімеде Лермонтовты жақсы көретінін айтып еді:өйткені өзі соған ұқсайтын. Что без страданий жизнь поэта? И что без бури океан? — Деп тақпақтағанда орыстың майталман әртістерінше, бірақ  өзінше ерекше акцентпен, шабытпен саңқылдар еді. Ол мұхиттағы дауылға көп ұшырады. Майысса да сынбауға  тырысты.Бірақ қайғыдан ауыр зілмауыр жоқ. Дімкәсі болушы еді. Сол үдеп өкпе ауруханасында жатқанда Әбіш Кекілбай екеуміз барып, сүйінші сұрадық: Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болғаны үшін Әбіш екеуміз сыйлық Комитетінің мүшесі едік. Хабарды алғаш бізден естіді. *** Атақ - данқ Оралханның ауылын жағалап жүрді. Кітаптары, пьесалары орысшаға аударылып, Мәскеуден де, шетелдерден де  шыға бастады. Қyанбай ма?Әрине, қуанады. Дос-жарандары, құрбы - құрдастары сондайда Оралханның, үйіне жиналып, аяулы жары Айман жасаған мол дастарқанның басында отырады. Орекем сондайда шешіліп, көсіліп, түйдек - түйдегімен сан алуан әңгіме тиегін ағытады. Шағын ғана кабинеттің іші — музей. Неше түрлі ескі қанжар, қылыш, әр жерден алған сыйлық ескерткіштер, баяғы бабалар дулығасы мен сауыты... Төрде керіскедей болып Алтай аюының терісі жатады. «Лениншіл жаста» («Жас Алашта») тек қалам ұстағандар ғана емес, домбыра ұстағандар да, тәп-тәуір ән салатындар да бар. Ақселеу—домбырашы, күйші, Кәдірбек — әнші. Өзгелер де құралақан емес. Оралхан да ән салады. Бірақ әні көбінесе мұң сарындас болып келеді. Ал енді көркемсөз айтқанда жандырады. Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» оқығанда арқасы ұстап, аруақ қысқандай, орнынан атып тұрып, диванның үстіне шығып кетер еді: «... Әуре боп неге біткен ажар - көрік...» — деп сыңсыта, баяулата бастап: — Әне, — деді жолдасым, — әне, Шұғаның белгісі көрінді. Шұғаның белгісі! — деп оң қолын қамшы ұстағандай алысқа - алысқа, қиянға сермеп, түр-түсі бұзылып: «Әй, өзі де Шұға десе — шұға еді-ау!.. — деп аяғын мұңды сазбен, өкінішпен, өксігендей болып барып бітіретін. Әуелде Оралхан театр институтына түспекші екен, кейін ауылдағы жағдайға байланысты ма, әйтеуір, сәті түспеген. Егер әртіс болғанда да, ол сол ортаны да жанартаудай жарып шығар еді-ау деп ойлаймын ғой, оның мына «Шұғадағы» кескінін көріп. Ән-күйлі, әңгіме-дүкенді әдемі отырыс та аяқталады. Қуанышқа жиналғандар үйді-үйіне тарайды. Сонда ол Айман екеуі ғана қалады. Екеуі ғана. Отасқалы қанша жыл болды: екеуден-екеу. Бала жоқ. Әлгінде ғана театрдағыдай жаз жайнаған үй енді жадау тартады. Сондайда Оралхан әлгінде аздап қана ұрттаған коньяктің әсерінен бе екен, әлде үйдің қоңылтақсып қалғанынан ба екен: Жалғыз ұлы бардың, Шығар - шықпас жаны бар. Екі ұлы бардың, Өкпе, бауыр, жалы бар. Үш ұлы бардын, Бұхарада малы бар. Төрт ұлы бардың, Аспанға салған жолы бар, — дейді де,алақандарын аспанға жайып жіберіп: Құдай-ау, мен саған төрт ұл, үш ұл, тіпті екі ұл бер деген жоқпын ғой. Жалғыз ұлды да аядың ба? Жалғыз ұлым болып, соның  тілеуін тілеп, жолында садағасы кетіп, шығар-шықпас жаным жүрсе болмас па еді Құдай! Дегенде,Айман үн-түнсіз жылайды екен. Ашуланбайды, айқайламайды. Оның. Құдайға  айтар арызы — тек көз жасы. Ақыры опат болды. Жайын жанаттан берсін. Оралханның әкесі мен шешесі де төрт қыз өсіріп отырса да, жалғыз ұлды армандайды екен. «Бәрі де майданды» оқыған адам мұны түсінеді. Бір кезде «за бездетность» деген салық болды. Әрине, ондай дуапайт салықты Оралханнан ұстайды. Сонда Оралхан салықтан қалған ақшаны ұстап тұрып: «О, сығыр үкімет! Баласын қоқысқа лақтырып тастайтындарды жазаламай, мені жазалағаның неткенің Мен балалы болмайын деп жүрме екенмін!»—деп ызаланушы еді. Жылда-жылда кітаптарың шығады, әрбір кітабың бір-бір бала емес пе, — деп жұбатқысы келеді сырлас досы Оралханды. Кітапты менің ақыл - ойым, сезімім, енбегім береді. Ал баланы Құдай береді. Құдайдың құр қалдырғаны қиянат емес пе? — дейді.екен Оралхан. Ақыры Құдай оның наласына назар салып, аяса керек, кейін қосылған әйелінен бір ұл, бір қыз сүйді: Айхан, Айжан. Алла аман қойса, олар да өсіп қалды. Алды мектепке барды. Әттең, не керек бала аңсап армандаған Оралхан олардың өзін көрді, қызығын көpe алмады. Ал Оралханның арманына көз салыңыз: «Жұмыр жердің бетін төрт миллиардтан астам адамның аяғы таптап, дүниені өз айқайларымен күңірентіп жүр. Тек жердің астындағыларда үн жоқ. Егер Құдайдың құдіретімен сол елілер қайтып оралса, бүл жалғаннан үн-түнсіз жым-жырт өтуді тірілерге үйретер ме еді... Бір-біріне қатты сез айтпай, бірінің тыныштығын екіншісі бұзбай, жылқының жусағанындай, бейбіт те берекелі өмір орнатар ма еді, қайтер еді, егер аруақтар зәуде қайтып оралса... (шіркін - ай, қайтып оралса). Дүниедегі сансыз сұмдықтың бет пердесі ашылып, БІЗДЕР ұяттың отына өртеніп кетер едік - ау... («Сайтан көпір»). Біздер, тірілер, қазір: «О, Сартр! О, Камю! О, ФрейдЮ, Кафка! О!О!» — деп қалпағымызды бүктеп ұстап, бүк түсе қаламыз. Қазақтың кез келген қасиетті қара өлеңінде терең философия жатыр. Сол қазақтан туған Оралхан ой тұңғиығына сүнгігенде інжу-маржанды уыстап - уыстап алып шығады. Шетелдік саңлақтарды сыйлау керек. Ал табыну артық. Ал біз барымызды бағалай алмаймыз. Оралхан дүниеден озғалы, міне, тура бес жыл болды. Кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар: жасқа — ақыл, кәріге — қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады. Оралхан өлгеннен кейін таңдамалы екі томдығы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Соны қолға алып, зер сала оқып, саралап, әлгі жатқан інжу-маржанды кітап бетінен іздеген бір ғалым, бір сыншы бар ма? Егер, өзі жазып кеткендей, о дүниеден Оралхан ғайыптан оралар болса, «ұяттың отына өртеніп кетер» жеріміз осы. Обалы нешік, там-тұм, тиіп - қашып жазғандар бар. Мен бұл жерде академиялық, әдеби - философиялық терең зерттеуді айтып отырмын. Әне-міне дегенше, енді төрт жылдан соң Оралхан Бөкейдің туғанына 60 жыл толады. «Жазушы» баспасының таңдамалы екі томдығын мына қиыншылықта шығарғаны имандылық. Ал бірақ, мұнын сыртында Оралхан қаламынан туған талай дүниелер жатыр. Олар да таңдамалы. Мысалы, «Қамшыгер» қайда, «Қасқа құлын» т.б. қайда; пьесалары, от - найзағайлы публицистикасы, очерктері қайда? Мына екі томдықты жалғастырса, әлі екі том болар. Оралхан ылғи күңіреніп өткен жоқ. Жайма-шуақ жарқылдап жүретін күндері де болатын. Бірақ тағдыр тарандығын, жарық дүние сараңдығын әлдеқалай сезетін сияқты, кейде ән салатын.  Оны мен басқа ешкімнен, не радиодан, не концерттерден естіген емеспін. Тек Оралхан ғана айтар еді: Дүние ойлап тұрсам – о – о - у, шолақ екен – а – а - й, Қарағай басын кесе а – а – е - ей, молақ екен, ахау, аха – хай. Он бес пен жиырма бес – о – о - у, қайран отыз – а – а - ай, Үшеуі - үш күн қонған – е – е - ей, қонақ екен - ахау, аха – ха - ай. Елімнің, бір жайлауы – о – о - оу, Құрымбай саз – а – а - ай, Жайлаған алты - ай жазға – е - е- ей, Сарыала қаз, ахау, аха – ха - ай. Шолпандай таң алдында – о - ооу, туып – батқан – а – а - ай, Қайтейін, о дариға – е – е - ей, ҒҰМЫРЫМ аз, ахау, аха – ха –ха – а - ай. *** Оралханның өлі денесін мырыш саркофагқа салып, сонау .алыстағы Үндістаннан Алматыға алып келгелі бері, міне, тура бес жыл да зулап өте шықты. Сол аруаққа арнап оқыған дұғам осы. Басқа не дейін. Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші - ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің де (28-кыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екем?» (1992 ж.) Соңғы сөйлем... Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын: енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып - батты». Сонда... Қатон қарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқара көк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар...  
08.12.2012 05:47 6410

                                                                             Оралхан

О, Бөкей еске түскендегі елес пен ойлар.

Өр Алтайдың Қатон қарағайына бардым. Бірінші рет барсам да бәрі маған бұрыннан таныс сияқты көрінді: асқар таулар, жан - жағын қоршаған ойпаңды қақ жарып, ақ көбік шашып, арқырап  асау  өзен ағып жатыр. Биіктен биікке өрмелеген самырсық, балқарағайлар.

Сен кімсің,қайдан жүрсің?» — дегендей,төбеден қайта-қайта айналып ұшқан тас түлек қыран.

Қарағайлардың арасын сатырлатып, үрке қашқан бұғылар.

Қия бетте текшеленген пішен маялар.

Мұның бәрі маған бұрыннан таныс. Бірақ көріп тұрғаным тұңғыш рет.

Басына сәлде ораған Мұзтау. Алыстан сұсты көрінеді. Ол кейде .адамға ұқсайды. Әлдекімге, маған таныс адамға ұқсайды. Мұзтау қимылдағандай, басын кекжиткендей болады. Кесірлене, кекірейе қалады. Кейде шалқып, шалқалап, сақ-сақ күледі.

Лезде жаңбыр жауып, лезде ашылады.

Дүркірей өскен зүмірет шөп біткен, қарағай қылқандары гауһар тамшыдан моншақ тағып, бұлт арасынан шыға келген күн нұрына шағылысқан тамшы - моншақтар сансыз түрлі бояумен , құлпырып, құбылып, сәулелі музыка сыңсып тұрады.

Осыдан кейін ақыл-ойың қалыпты әдетінен өзгеріп, өзің - өзін. емес,өзге адамға айналып кеткендей шалық сезімге бөленесің. Сонда Хақ тағала, Шын Құдірет мекені осы екен деп қаласың.

Aл әлгi Қыран әрі-сәрі болып тұрған сенің төбеңнен зау биікте асықпай айналып ұшып, ар жағыңнан бір қарап, бер жағыңнан бір қарап: «Сен қайдан жүрсің? Не іздеп жүрсің?» — дегендей, жалықпай қалықтайды.

— Оралханның елу жасқа толған торқалы тойына келдім, — дедім аспанға қарап.

— Оралханға арнап ас беріледі. Ол елуге сәл-пәл жеткен жоқ, — деді аспан.

***

Өзім басқаратын газетте оқта-текте «О. Бөкеев» деп қол қойған очерктер жарияланады. Ә дегеннен назар аудардым. Автор аз ба, тәйірі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті басқа республикалардан, тіпті шет елдерден жазып жататын қаптаған авторлар.

Кейде бөлімге айтып, поштаны өзім шолып шығамын. «О. Бөкеев» деген қолы бар семіздеу конвертті бөлек алып, ішіндегіні оқып шықтым.

Қолы қисықтау, қияңқылау көрінеді. Жазуын айтамын. Адамның жазуында мінез бар. Жазуына қарап, сөзіне, сөйлеміне қарап, бүл хаттың авторын көз алдыма келтірмекші болдым.

Алдымен өзім бұрын бірде-бір рет көрмеген Алтай тауы келді көз алдыма. Бұрын көрмеген дүние көз алдыңа қалай елестейді? Сөйтсем, аты, даңқы жер жарған Алтай тауын автор мына конверттің ішіне сыйдырып жіберген екен.

Бірақ автордың өзін елестете алмадым. Корейін дедім. Орынбасарым Тельман Жанұзақты шақырып алып, конвертті ұсындым:

— Мынау адамды шақырт. Келсін. Командировка редакцияның есебінен, — дедім.

Тельман көркем жігіт еді. Ентігіп демалатын. Сұлулана жымиды.

— Байқаған екенсің ғой, — деді.

Арада шамасы жарты ай өткенде Тельман кабинетке бір жап - жас жігітті ертіп келді. Сұлулана жымиып:

— Мынау өзің айтқан... — дей бергенде,

— Айтпай-ақ қой, таныдым, — деппін.

Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын - толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен.

Мен қашан:

—Отыр. дегенше, кекірейіп тұрды да қойды.

***

Мойынқұмда мен де болғанмын. Малшылардың арасында апталап жүргенім бар. Әсіресе бір көрініс көз алдымнан кетпейді. Қойшының үйіне бір «Уазик» жын қаққандай құтырына келіп, үйдің көлеңкесінде жатқан ақ ешкі қашып үлгергенше басты да кетті.Жамбасы қираған ешкі пышаққа ілінді. Жаңа туған лағы ». жылады да қалды.

Келген ферма бастық екен. Управляющий. Удай мас. Рульде өзі.

Осы оқиғадан бастап, қойшы тұрмысынан, құм өмірінен повесть жазбақшы болдым. Бастадым да...

«Лениншіл жасқа» кызметке жаңадан келген Оралханды Мойынқұмға командировкаға жібердім.

Газет жұмысы— бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады.

Газет бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады. Өл тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері.таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе басың кетеді. Сөйтіп жүріп, мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым.

Ал Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң — осылай жаз. Әйтпесе, кінәсі жоқ ақ қағазды шимайлап былғама. Он күндік сапарда бұрын өзі көріп – білмеген жердің тамырын басып танып, сол кұмдағы адамдардың мінез - құлқын, психологиясын, тұрмысын, жүріс – тұрысын ең бастысы — жанын ұғып - білу — жаратылыстан дарын иесіне ғана дарыған.

Әйтпесе сол кұмда мен де талай рет болдым ғой. Иә, кәдімгі бұйығы бұғып жатқан бұйра құм. Сексеуілі, шөбі, қояны, қырғауылы, шопан үйі, қойы, иті т.б.

Ал Оралханның көзімен қарағанда, мен бұл құмды өлкені түңғыш рет көргендеймін. Құмға жан біткен. Құмға мінез біткен. Құм момақан екен. Құм дүлей екен. Құм әнші екен. Құм күйші екен. Құмда да қуаныш, құмда да мұң болады екен.

Әдебиет пен әуен — егіз. Әуені жоқ, жүрегінде жыры жоқ, музыкасы жоқ әдебиет — көркем әдебиет емес.

Әттең, мен қалай байқамағанмын. Ауданнан, совхоз орталығынан ілесе келген үлкен-кіші бастықтармен ет жеп, коньяк ішіп, карта ойнап, қырғауыл атып жүріп, қалай байқамағанмын.

Сөйтсем, құмның іші жақсылыққа да, жамандыққа да, адалдыққа да, арамдыққа да толы екен.

Оралханның Барханы (қойшы) өмір бойы әділетсіздікке ұшырап, өз ісіне пәруана берілген өлермендігімен совхоз малын бір қылшығын түсірмей, жылда-жылда өсірген үстіне өсіре берсе де, тым болмаса аудандық газетте аты бір аталмапты ғой. Бір жайдақ медаль де бұйырмапты.

Ал Сейтқұл (қоңсы қойшы) жылда бұдан жылу сұрап, қозысына қозы қосып алады да, озат шопан атанып, республикалық газеттердің бетінен түспейді. Жел құйын журналистер кімнің кім екенінің паркын білмей, бастық кімді мақта десе, көбік сөзді көпіртеді - ай келіп.

Сонда Бархан есі ауысқан біреу емес, есі - басы бәрі сау. Қанағатшыл. Адал. Тәубашыл. Бірақ әділдік бар емес пе? Ол қайда? Шортанбай бабасы айтқан жоқ па:

Сұғанақ болып ұрынба,

Сыбағаң болса — тұрып ал! —

деп.

Сыбаға қайда?! Ол мұны біледі. Кейде кеудесін ыза кернеп, тіпті құмның үстінен зау биікте ұшып бара жатқан зымыран ұшаққа тас лақтырғысы келеді.

Аспанда ұшып бара жатқан ұшаққа ызадан тас лақтыру тек Оралханның ғана ойына келуі мүмкін.

Он мың метр биіктікте кетіп бара жатқан ұшаққа дені дұрыс кісі тас лақтыра ма.

Сөйтсе. мұнда мән бар екен. Бархан үшін упрдан (управляющий) бастап,. зоотехник, директор, парторг, аудан, облыс, Республика, Одақ басшыларының бәрі биік. Бәрі зау биікте. |

Оралхан:

« Биіктен қараса не нәрседе кемшіліксіз,әдемі болып көрінеді білем.Сондықтан да мені  да мені байқамайды екен-ау». («Құм мінезі»).

Барханның аузына осы сөзді салады.

Міне, мәселе қайда жатыр. Басшы болсаң, әділ болсаң, нағыз еңбекшінің жанында жүр. Көр өз көзіңмен: кім пәруана, кім жалқау.Кім ауырдың үстімен, кім жеңілдің астымен жүретінін. Көр.Біл.Әділеттілік сонда орнайды. Әйтпесе Сейтқұл қойшы сияқты  бастық атаулыға қой сойып, арақ беріп, пара беріп, өтірік өсіп жатқандар аз ба?

Ал бұл арамдық Барханның мінезінде жоқ. Болмайды да. Ондайды басшылар жақтырмайды, қаламайды, өсірмейді.

Оралханның осыны жазғанына отыз жылға таяп қалса да, бұл сұмдық дәл қазір де бар емес пе? Қайта дами түскен жоқ па? Өлмейтін сөз осылай өрбиді.

Жазушы — халықтың ар-ожданы дегенде, міне, осындай жазушыны айтады. Жата қалып, жанталасып көсемдерді мақтай беретін жазушы — жазушы емес, күнбағар. Ертең көсемдер тағынан тайған кезде сол күнбағар.олардың артынан тас лақтырып,жамандап шыға келеді. Ақылды басшы осыны ойлайды, құр мақтауға күмпия  бермейді.Ақылды басшы көпшілікті соңымнан ертем десе,көпшіліктің арасында,күнбағардан аулақ жүреді.

Қайран Орекем осы философияны айтып отыр.Әттең дәл осы заманда тірі болса,жанға дәру сөздердің көкесін айтар еді. Шындықты жазған жазушының шығармасы—қоғамның шипагері.Маман дәрігер  жеке-жеке адамды аурудан сауықтырса, шын жазушы қоғам ауруын таниды. Жазады, таниды дегенде қолма қол емес адамдардың жүрегіне — жігер, көзіне — нұр, көкірегіне — сәуле қосу арқылы эсер етеді. Оралхан бүл жағынан шебер еді.

* * *

Алматыдан сонау Қатон қарағайдың Шыңғыстай ауылына жетудің қаншалықты машақат екенін өзім көрдім. Екі-үш жеңіл машинамен, Лепсі асып, Аягөз асып, Бұқтырманың теңізінен пароммсн өтіп, Үлкен Нарынды аралап, Шыңғыстайға әрең жеткенбіз. Тағы да болса, бір қора жанбыз. Оралханмен тұстас, туыстас, бауыр болып кеткен, «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») бірге қызметтес болған, бір кездегі кілең жас өрім, қазіргі белді - белсенді жазушылар: Кәрібай Ахметбек, Бексұлтан Нұржеке, Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбай, Қуанышбай Құрманғали, Серік Әбдірайым, Әлібек Асқар, Дидахмет Әшімхан, кекселерден кәдімгі Қалихан Ысқақ және мен. Ептесіп - септесіп жеткенбіз. 1994 жылы жазда. Сапар себебі: бір жағы — Оралханның 50 жылдығы, бір жағы — ас.

Ал енді жалғыз ұлдың, зарығып жүріп, төрт қыздан кейін көрген жалғыз ұлдың ат жалын тартып мініп, Алматыда қызмет етіп, атақты жазушының үйі атанған мекеніне бір бару әке мен шешеге бір арман еді. Сол арманға әке жетті, анасы жете алмады. Себебі жол — ахирет, ұшақпен ұша алмайды...

Әкесі Бөкейді мен Оралханның Алматыдағы үйінен көрдім. Сәлемдесуге бардым. Шап-шағын шақар кісі екен. Көп сөйлемейді, ал сөйлесе сөзі алтын жалатқан қорғасындай: әрі сұлу, әрі салмақты. Сөйлемінде қауыз қылпық жоқ.

Ал анасы Гүлия одан да шешен көрінеді. Бірақ өзім кездесе алмадым.

Міне, осындай дүлдүлдерден туған Орекем нағыз оратор еді. Бойында баяғы би-шешендерден қалған аруақты, арқалы болмыс бар еді.

Бөкей қарт «трудармия» дегенде болған екен. Әрине, соғыс жылдарында. Оралтау бойында болыпты. Ал «трудармияға» алынғаннан гөрі қан майданда қарша жауған оқтың өтінде жүрген әлдеқайда артық болған деседі. Мұнда да адамдар тозақтың төрінде жүреді екен. Бұл туралы О. Бөкей өзінің «Бәрі де майдан» атты повесінде айтқан - ақ. Соғыста болғандар, сөз жоқ, аса ардақты. Ал тылдағылар өліп-тіріліп жанкешті жұмыс істемесе Жеңіс қайдан келер еді?!

Міне, осы арада үлкен әділетсіздік бар.

«Трудармияны» көрмесек те, соғыс жылдарындағы ауылды көрдік. Ауыл ысырат көпірінен кем болған жоқ. Ер-азаматы соғыстағы оқтың ортасында жүрсе, жап-жас әйелі ауылдағы оттың ортасында жүріп, ерте қартаяды. Әлі бұғанасы қатпаған жас баланың енді-енді үрпектеніп келе жатқан қанатын жалын шарпып, ерте есейді. Ал бірақ олар соғысқа қатыспаған. Еңбек ше? Еленбейді.

Міне. шындықтың бар тұрпаты «Бәрі де майдан» хикаясында раушан гүліндей әдемі жазылған. Раушан гүлдің барқыттай жұмсақ жапырағын рақаттана иіскей берсең, қолыңды кірш етіп  тікен теседі.

Алақанның ауырғаны жүрегіңді сыздатады. Сиқырлы сөз, аруларды жазатын сез. Қоғам дерті осындай сөзден емделеді.

Оралханның Мәншүк есімді қарындасы бар еді. Алматыдағы ЖенПИ - ді бітіріп, ауылға барып мұғалім болған. Ал енді сол Мәншүк қазақтың қасиетті қара сөзіне келгенде Оралханның өзін ән орап алғандай еді. Ғұмыры қысқа екен. Орекеме көңіл айтуға сонда   бір бардық. Артынша Айман атты әпкесі қайтыс болды. Тағы бардық. Тағдыр шіркін бір айналдырғанды шыр айналдырады.Әкесі, одан кейін анасы...

Қара дауыл дүлейленіп тұрып алды.

Оралханның оқуы да өзгеше. Университетегі сырттай оқып бітірді - ау деймін. Сырттай оқитындардың, құдай ықыласын салған Оралхан сияқты бірен - сараны болмаса, көбінің сырын білеміз ғой. Көбі мұғалім ағайлардың жемі ғой. Дипломды білімсіздер көбінесе солар.

Ал  Оралханның білімі «қызыл дипломмен» бітіргендерден көп ілгері тұратын, Бір әңгімеде Лермонтовты жақсы көретінін айтып еді:өйткені өзі соған ұқсайтын.

Что без страданий жизнь поэта?

И что без бури океан? —

Деп тақпақтағанда орыстың майталман әртістерінше, бірақ  өзінше ерекше акцентпен, шабытпен саңқылдар еді.

Ол мұхиттағы дауылға көп ұшырады. Майысса да сынбауға  тырысты.Бірақ қайғыдан ауыр зілмауыр жоқ. Дімкәсі болушы еді. Сол үдеп өкпе ауруханасында жатқанда Әбіш Кекілбай екеуміз барып, сүйінші сұрадық: Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болғаны үшін Әбіш екеуміз сыйлық Комитетінің мүшесі едік.

Хабарды алғаш бізден естіді.

***

Атақ - данқ Оралханның ауылын жағалап жүрді. Кітаптары, пьесалары орысшаға аударылып, Мәскеуден де, шетелдерден де  шыға бастады.

Қyанбай ма?Әрине, қуанады. Дос-жарандары, құрбы - құрдастары сондайда Оралханның, үйіне жиналып, аяулы жары Айман жасаған мол дастарқанның басында отырады. Орекем сондайда шешіліп, көсіліп, түйдек - түйдегімен сан алуан әңгіме тиегін ағытады.

Шағын ғана кабинеттің іші — музей. Неше түрлі ескі қанжар, қылыш, әр жерден алған сыйлық ескерткіштер, баяғы бабалар дулығасы мен сауыты... Төрде керіскедей болып Алтай аюының терісі жатады.

«Лениншіл жаста» («Жас Алашта») тек қалам ұстағандар ғана емес, домбыра ұстағандар да, тәп-тәуір ән салатындар да бар. Ақселеу—домбырашы, күйші, Кәдірбек — әнші. Өзгелер де құралақан емес.

Оралхан да ән салады. Бірақ әні көбінесе мұң сарындас болып келеді. Ал енді көркемсөз айтқанда жандырады. Бейімбет Майлиннің «Шұғасын» оқығанда арқасы ұстап, аруақ қысқандай, орнынан атып тұрып, диванның үстіне шығып кетер еді:

«... Әуре боп неге біткен ажар - көрік...» — деп сыңсыта, баяулата бастап:

— Әне, — деді жолдасым, — әне, Шұғаның белгісі көрінді. Шұғаның белгісі! — деп оң қолын қамшы ұстағандай алысқа - алысқа, қиянға сермеп, түр-түсі бұзылып: «Әй, өзі де Шұға десе — шұға еді-ау!.. — деп аяғын мұңды сазбен, өкінішпен, өксігендей болып барып бітіретін.

Әуелде Оралхан театр институтына түспекші екен, кейін ауылдағы жағдайға байланысты ма, әйтеуір, сәті түспеген. Егер әртіс болғанда да, ол сол ортаны да жанартаудай жарып шығар еді-ау деп ойлаймын ғой, оның мына «Шұғадағы» кескінін көріп.

Ән-күйлі, әңгіме-дүкенді әдемі отырыс та аяқталады. Қуанышқа жиналғандар үйді-үйіне тарайды.

Сонда ол Айман екеуі ғана қалады. Екеуі ғана. Отасқалы қанша жыл болды: екеуден-екеу. Бала жоқ. Әлгінде ғана театрдағыдай жаз жайнаған үй енді жадау тартады. Сондайда Оралхан әлгінде аздап қана ұрттаған коньяктің әсерінен бе екен, әлде үйдің қоңылтақсып қалғанынан ба екен:

Жалғыз ұлы бардың,

Шығар - шықпас жаны бар.

Екі ұлы бардың,

Өкпе, бауыр, жалы бар.

Үш ұлы бардын,

Бұхарада малы бар.

Төрт ұлы бардың,

Аспанға салған жолы бар, —

дейді де,алақандарын аспанға жайып жіберіп:

Құдай-ау, мен саған төрт ұл, үш ұл, тіпті екі ұл бер деген жоқпын ғой. Жалғыз ұлды да аядың ба? Жалғыз ұлым болып, соның  тілеуін тілеп, жолында садағасы кетіп, шығар-шықпас жаным жүрсе болмас па еді Құдай! Дегенде,Айман үн-түнсіз жылайды екен. Ашуланбайды, айқайламайды. Оның. Құдайға  айтар арызы — тек көз жасы.

Ақыры опат болды. Жайын жанаттан берсін.

Оралханның әкесі мен шешесі де төрт қыз өсіріп отырса да, жалғыз ұлды армандайды екен. «Бәрі де майданды» оқыған адам мұны түсінеді.

Бір кезде «за бездетность» деген салық болды. Әрине, ондай дуапайт салықты Оралханнан ұстайды. Сонда Оралхан салықтан қалған ақшаны ұстап тұрып: «О, сығыр үкімет! Баласын қоқысқа лақтырып тастайтындарды жазаламай, мені жазалағаның неткенің Мен балалы болмайын деп жүрме екенмін!»—деп ызаланушы еді.

Жылда-жылда кітаптарың шығады, әрбір кітабың бір-бір бала емес пе, — деп жұбатқысы келеді сырлас досы Оралханды. Кітапты менің ақыл - ойым, сезімім, енбегім береді. Ал баланы Құдай береді. Құдайдың құр қалдырғаны қиянат емес пе? — дейді.екен Оралхан.

Ақыры Құдай оның наласына назар салып, аяса керек, кейін қосылған әйелінен бір ұл, бір қыз сүйді: Айхан, Айжан. Алла аман қойса, олар да өсіп қалды. Алды мектепке барды. Әттең, не керек бала аңсап армандаған Оралхан олардың өзін көрді, қызығын көpe алмады.

Ал Оралханның арманына көз салыңыз:

«Жұмыр жердің бетін төрт миллиардтан астам адамның аяғы таптап, дүниені өз айқайларымен күңірентіп жүр.

Тек жердің астындағыларда үн жоқ. Егер Құдайдың құдіретімен сол елілер қайтып оралса, бүл жалғаннан үн-түнсіз жым-жырт өтуді тірілерге үйретер ме еді...

Бір-біріне қатты сез айтпай, бірінің тыныштығын екіншісі бұзбай, жылқының жусағанындай, бейбіт те берекелі өмір орнатар ма еді, қайтер еді, егер аруақтар зәуде қайтып оралса... (шіркін - ай, қайтып оралса). Дүниедегі сансыз сұмдықтың бет пердесі ашылып, БІЗДЕР ұяттың отына өртеніп кетер едік - ау... («Сайтан көпір»).

Біздер, тірілер, қазір: «О, Сартр! О, Камю! О, ФрейдЮ, Кафка! О!О!» — деп қалпағымызды бүктеп ұстап, бүк түсе қаламыз. Қазақтың кез келген қасиетті қара өлеңінде терең философия жатыр. Сол қазақтан туған Оралхан ой тұңғиығына сүнгігенде інжу-маржанды уыстап - уыстап алып шығады. Шетелдік саңлақтарды сыйлау керек. Ал табыну артық.

Ал біз барымызды бағалай алмаймыз.

Оралхан дүниеден озғалы, міне, тура бес жыл болды. Кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар: жасқа — ақыл, кәріге — қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады.

Оралхан өлгеннен кейін таңдамалы екі томдығы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Соны қолға алып, зер сала оқып, саралап, әлгі жатқан інжу-маржанды кітап бетінен іздеген бір ғалым, бір сыншы бар ма? Егер, өзі жазып кеткендей, о дүниеден Оралхан ғайыптан оралар болса, «ұяттың отына өртеніп кетер» жеріміз осы.

Обалы нешік, там-тұм, тиіп - қашып жазғандар бар. Мен бұл жерде академиялық, әдеби - философиялық терең зерттеуді айтып отырмын.

Әне-міне дегенше, енді төрт жылдан соң Оралхан Бөкейдің туғанына 60 жыл толады. «Жазушы» баспасының таңдамалы екі томдығын мына қиыншылықта шығарғаны имандылық. Ал бірақ, мұнын сыртында Оралхан қаламынан туған талай дүниелер жатыр. Олар да таңдамалы. Мысалы, «Қамшыгер» қайда, «Қасқа құлын» т.б. қайда; пьесалары, от - найзағайлы публицистикасы, очерктері қайда? Мына екі томдықты жалғастырса, әлі екі том болар.

Оралхан ылғи күңіреніп өткен жоқ. Жайма-шуақ жарқылдап жүретін күндері де болатын. Бірақ тағдыр тарандығын, жарық дүние сараңдығын әлдеқалай сезетін сияқты, кейде ән салатын.  Оны мен басқа ешкімнен, не радиодан, не концерттерден естіген емеспін. Тек Оралхан ғана айтар еді:

Дүние ойлап тұрсам – о – о - у, шолақ екен – а – а - й,

Қарағай басын кесе а – а – е - ей, молақ екен, ахау, аха – хай.

Он бес пен жиырма бес – о – о - у, қайран отыз – а – а - ай,

Үшеуі - үш күн қонған – е – е - ей, қонақ екен - ахау, аха – ха - ай.

Елімнің, бір жайлауы – о – о - оу, Құрымбай саз – а – а - ай,

Жайлаған алты - ай жазға – е - е- ей, Сарыала қаз, ахау, аха – ха - ай.

Шолпандай таң алдында – о - ооу, туып – батқан – а – а - ай,

Қайтейін, о дариға – е – е - ей, ҒҰМЫРЫМ аз, ахау, аха – ха –ха – а - ай.

***

Оралханның өлі денесін мырыш саркофагқа салып, сонау .алыстағы Үндістаннан Алматыға алып келгелі бері, міне, тура бес жыл да зулап өте шықты. Сол аруаққа арнап оқыған дұғам осы. Басқа не дейін.

Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз.

Университеттің үшінші - ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің де (28-кыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екем?» (1992 ж.)

Соңғы сөйлем... Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын: енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып - батты».

Сонда... Қатон қарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқара көк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар...

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға